Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет4/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
treatise41326

Нұқ Рамазановтың «Абай Құнанбаев» (1845-1904), «Әл-Шархият» (1914) мақаласындағы «Абай шығармаларында қазақ халқының рухани өміріндегі өзгерістер айқын бейнеленген» [48], – деген бағыты айқындалған.
Абайдың 1889 жылы «Дала уалаяты», 1896 жыл Алекторов бастырған өлеңдері орыс тілінде басылғанымен Көкбай атымен шыққаны айғақталған. Орыс тілінде Абай өлеңдері 1914 жылы «әл Шархият» жинағында басылған. Абайға берілген тұңғыш пікір туралы: «Абай өзінің шығармалары туралы тұңғыш бағаны да орыс зиялыларынан алды. Бұл жайлы тұңғыш пікір де 1903 жылы Петербургте Семенов Тянь-Шанскийдің редакциялауымен басылған «Россия. Біздің отанымыздың географиялық баяны» деген көпшілікке арналған ғылыми кітапта берілді. Мұнда қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі Абай деп танып, Шортанбайды зар-зар жыршысы ретінде қарастырған. Абай туралы: «Как представителя нового в киргизской поэзии следует называть Кномбая (Кунанбаева, – М.М.)12 деп жалпы мағынада айтылса да, ақын шығармаларының басты ерекшелігін дәл басып, екшей көрсетуімен де қымбат. Автордың танытуынша: а) Абай – қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі; б) Абай шығармаларының мазмұны мен формасы үйлескен; в) Абай – орыс классиктерін қазақ тіліне шебер аударушы әрі орыс әдебиетінің қазақ сахарасындағы насихатшысы» [49].
Әрі Абайды таныту тұрғысынан қарағанда, Дж.Кеннанның Абай туралы айдаудағы орыс достарының пікірін беруі осы ретте келтірілген» [49].
Ағайынды Белослюдовтар туралы мағлұмат қана емес, олардың абайтануға қосқан үлесі де сөз етілген: «Жалпы қазақ әдебиеті, оның ішінде Абай шығармаларын аудару үшін белсене әрекет етуге атсалысқан ағайынды Белослюдовтар: Николай Николаевич (1880-1943), Виктор Николаевич (1883-1916), Федор Николаевич (1885-1944), Алексей Николаевич (1887-1939) – төртеуі де педагог, суретші, өлкетанушы, қызметкерлер ретінде революцияға дейінгі Сібір өлкесіндегі орыс зиялыларының қарапайым халықтық бағыттағы абзал азаматтары болатын. Ағайынды төртеуі де Семей қаласында туып-өсті. Өсе келе білім алып, қызмет еткен шағында өздерін ғалым, өнер, ұстаздық жолына арнап, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, Абай шығармаларын орыс тіліне аударып бастыру жөнінде көп еңбектенді. Олардан мұра ретінде қалған қазіргі күнде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми кітапханасында, Семей өлкетану музейі мен Абайдың әдеби-мемориалды музейінде сақтаулы жатқан архив материалдары өткен дәуірдегі қазақ әдебиетін біршама толығырақ тануға сүйеу боларлық бағалы деректер.
Ағайынды Белослюдовтар революцияға дейінгі Сібір мен Семейдегі зиялы топтармен, көзі ашық сауаты бар қазақ жастарымен де жақсы қарым-қатынаста болып, тікелей араласып отырған» [50].
Мына пікір де күні бүгін ғылыми негізді болып саналады: «Белослюдов Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің творчествосын негізінен самарқау бағыттың сарынында болды деп таниды да, А.Сидельниковтың Абайды қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі деген пікірін тереңдете отырып, Абай қазақ әдебиетінің негізін салушы ғана емес, «Абай поэзиясы қазақ әдебиетіне терең әсер етіп, оның болашақ даму бағытын анықтады», – деп әділ бағалаған» [64].
М.Мырзахметұлы кеңестік дәуірде Абай туралы тұңғыш пікір айтушы М.Әуезов болды деп, Абайдың ақындық мектебі туралы былай дейді: «Зерттеуші Абай дәстүрінің тікелей мұрагерлері болды деген күрделі мәселені де көтереді. Осы ретте Абайдың ақындық мектебі, Абай шәкірттері деген түсініктер төңкеріске дейін-ақ анықталғаны айғақталған. Осыған орай С.Дөнентаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин және Б.Өтетілеуов есімдері келтірілген.
М.Әуезов өзінің «Абай ақындығының айналасы» (1934 ж.) деген мақаласында Абайдың ақын шәкірттері кім? деген сұраққа: «Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім – осылар ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері»13 – деп жауап берді» [64-65].
Монографияның «Абай мұрасы 1918-1926 жылдар аралығында» тарауында бұрын-соңды айтылмаған ғылыми ақпарат келтірілген. 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналының негізгі ұстанымы айтылған: «Сондықтан да журналдың тұңғыш санында жарияланған «Журнал туралы» деген бас мақалада: «Журналды Абайға арнағандық Абайды қай жөнінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап жастар шәкірт болып соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді»14, – деп жазып, Абайды қазақ жастарына өздері ұстанған таным тұрғысынан танытпақ болды» [71-72]. Осыдан кейін абайтанушы М.Мырзахметұлы 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған «Екеудің», «Абайдың өнері мен қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» атты зерттеулерін саралаған.
Б.Күлеевтың абайтанулық істері айтылған: «Қанша әрекеттенсе де, Бернияз Абай шығармаларын толықтырып, қайта бастыру мәселесін белгілі қиыншылықтарға байланысты шеше алмай шағын ғана сөз басын жазып, 1909 жылы жинақты қайталап бастыруға мәжбүр болған» [76]. Бұл тарауда С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ғ.Сағди, М.Әуезов («Қоңыр») еңбектері осы тұрғыдан қарастырылған.
«Абай мұрасы 1926-1940 жылдар аралығында» атты тарауда Ы.Мұстанбайұлының «Жаңа әдебиет» журналының екі санында қатар жарияланған, «Абай» мақаласы абайтануға қосылған үлес ретінде талданған. Бұл жылдардағы пікірталас ішінде М.Әуезов пен Қ.Жұбанов еңбектері ерекше екені аталған: «Өйткені дәл осы жылдары Абайдың әдеби мұрасын бағалауда тұрпайы социологиялық, формалистік, компаративистік көзқарастар өріс алып отырғанда, осы қым-қуыт қайшы пікірлерден тыс ғылыми негізде жазылған еңбек М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен проф. Қ.Жұбановтың «Абай қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын зерттеу мақалаларының жазылуы – абайтану саласындағы ой-пікірде соны құбылыс ретінде қабылданды» [100].
«Дерек, мағлұматтарды жинастыру», «Абай дүниетанымы пікірталасында», «Абай мұрасы монографиялық зерттеулер желісінде», «Абайдың әдеби мектебі» тарауларында жоғарыда аталған пікірлер жүйеленген.
Теориялық негізі бар болып «Абай мұрасының әр сала бойынша зерттелуі. Текстологиялық жағынан зерттелуі», «Архив қазынасын ақтарғанда», «Рухани қазына көздері», «Абайдың шығысқа қатысы», «Абай дүниетанымы мен салалары» атты бөлімдер болып табылады.
«Абайдың қарасөздерінің зерттеле басталуы» тарауында тұңғыш рет осы мәтіндердің талдану тәжірибесі сөз етілген. Осыған орай Х.Сүйіншәлиев, М.Фетисов, Қ.Өмірәлиев зерттеулері талданған: «Абай шығармаларындағы дидактикалық сарынның белгілі дәрежеде орын алу себебін Қ.Өмірәлиев Абай өмір сүрген ортаның мәдени дәрежесі мен сол ортаның рухани талабына байланыстыра қараған. Абай афоризмдерін оның өлеңдері мен қарасөздерінен ажырата отырып, алты түрлі тақырыптың аумағында сөз етіп, оған байланысты мәтіндерді қосымша ретінде беріп отырған» [178-179].
«М.Әуезов және абайтану проблемалары» атты тарауда Әуезовтің Абай мұрасын танытудағы еңбегі тұңғыш рет жүйеленген. Оның негізі былай берілген: «Абайтанудың бірегей білгірі ретінде танылған М.Әуезовтің ұлы ақын мұрасын танып білу жолындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымы, байқап отырсақ, ғылымның өзі іштей тезистік желі ретінде ұстанған сегіз салаға бөлініп, үнемі сол сегіз саланың ауқымында жүргізіліп келген тетігі барын аңғарамыз». Осыған орай М.Әуезовтің абайтанудағы жарияланбаған архив деректеріндегі қолжазба негізге алынған: «1. Проблемы источниковедения и текстологической редакционной работы над наследием Абая. 2. Проблемы научной биографии Абая. 3. Проблемы народности Абая. 4. Проблемы отношения творчества Абая к русской литературе. 5. Проблемы отношения творчества Абая к Востоку. 6. Проблемы окружения Абая и его литературной среды. 7. Проблемы традиций Абая в казахской демократической литературе начала ХХ века. 8. Проблемы традиций Абая в казахской литературе».
М.Әуезовтің абайтанулық еңбектері туралы былай делінген: «Абайтанудың негізін салған әрі ол мұраны ғылыми тұрғыдан меңгеру жолында тарихи еңбек атқарған М.Әуезов артына ұлан-ғайыр көркем туындыларын, әсіресе, атақты «Абай жолы» эпопеясы мен ұзақ жылдарғы ізденуден туған ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырды.
Ұлы ақын мұрасы жолындағы ізденістері мен ХХ ғасырдың ұлы туындысы аталған «Абай жолы» эпопеясы – қазақ елінің өткені мен бүгінгі дәуірінің рухани көпіріне, яғни дәстүрлер жалғастығына айналуда. Енді Абай мұрасының сыры мен қырының мән-мағынасын М.Әуезовтің абайтану саласындағы ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» эпопеясы арқылы танып-білетін рухани ғажап құралға ие болудамыз», – деп бітіреді басты теориялық тұжырымын М.Мырзахметұлы» [1, 181-182].
Тәуелсіз кезде яғни 42 жылдан кейін өз ғылыми жұмысын нәтижелеген Қ.Мұхаметханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітап жарық көрді. Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханұлы көп уақытын Абай мұрасын, Абай мектебін зерттеуге арнаған ғалым. Оны мына еңбектерінен көруге болады: «Қазақ әдебиеті тарихындағы абайтану ғылымының келелі мәселелері: Абайдың әдеби мектебі, ақын шығармаларының текстологиясы, шығармаларына түсінік беру және Абайдың жаңадан табылған өлеңдері»; «Абайдың әдеби мектебі» (Семей облыстық «Екпінді» газетінің 1940 жылғы №233-239 сандарында жарияланған), Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өмірлеріне арналған мақалалары. Ғалымның мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген әдебиеттің жалпы мәселелері, әдеби үрдіс пен әдебиет қайраткерлері, әдебиеттер байланысы хақындағы ой-пікірлерді қамтитын сын-зерттеу мақалаларын былайша топтап, қарастыруға болады: 1. Қазақ әдебиеті тарихына арналған зерттеу мақалалары (Ш.Уәлиханов, Бұхар жырау, М.Әуезов, М.Өтемісов, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Сералин, Ы.Шөреков, Ы.Мұстамбаев, И.Қазанғапов, т.б.); 2. Жазба әдебиет және ауыз әдебиеті байланысы, өнер иелеріне байланысты сын-зерттеулері («Жүсіп-Зылиха» поэмасы, «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жыры, айтыс ақындары: Орынбай, Кемпірбай, Шөже, Сәдір, Сапарғали; әншілер: Әміре, Майра, т.б. туралы дерек мақалалары); 3. Ел тарихына байланысты зерттеулері (Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқандар: С.Ғаббасов, А.Көшкінбаева, Б.Байғаранова, А.Ермұхаметов, У.Жәнібеков, т.б.); 4. Туысқан елдер әдебиеті жөніндегі ғылыми пікірлері (А.С.Пушкин, И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтов, Ф.М.Достоевский, сондай-ақ татар әдебиеті өкілдері: Ғ.Тоқай, Қ.Насыйри, Ш.Камал, т.б.).
Абайдың ақын шәкірттерінің қатарына әдебиетші тұңғыш рет Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатаев, Халиолла Өскенбаев, Кәкітай Ысқақұлы, Мұхамеджан Майбасаров, Бейсембай Жәнібеков, Баймағамбет Мырзаханов, Мұқа Әділханов, Әубәкір, Әлмағамбет Сексенбаевтарды енгізді. Абайдың ақын шәкірттерін зерттеуші төмендегідей екі топқа бөле қарайды: 1. Әдеби мұрасын қалдырып, ақын дәстүрін дамытушылар; 2. Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмағандар.
Көркем шығармаларымен әдеби мұра қалдырып, ақын дәстүрін жалғастырушылар қатарына зерттеуші А.А.Құнанбаев, М.А.Құнанбаев, Ә.Найманбаев, Ә.Тәңірбергенов, Әубәкір, К.Жанатаевтарды жатқызады. Ал, Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмаған әнші шәкірттері қатарына төмендегілерді жатқызады: М.Әділханов (1857-1927), Б.Жәнібеков (1858-1917), Ә.Сексенбаев (1869-1930), М.Майбасаров (1852-1917).
М.О.Әуезовтің жетекшілігімен 1951 жылы Қайым Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты кандидаттық диссертация қорғағаны белгілі. «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі бүгінде абайтану саласындағы сирек кітаптардың бірінен саналады. 1954 жылы жарыққа шыққан Абайдың академиялық жинағындағы текстология туралы мәселе Қ.Мұхамедханов зерттеуінде мақала көлемінде сөз болып, кейіннен көлемді зерттеу еңбекке айналды.
Текстолог аталған зерттеуінде нысанаға алған 1954 жылғы жинақ пен 1909 жылы жарық көрген жинақты, Мүрсейіт, О.Уақбаев, Р.Жандыбаевтардың қолжазбаларымен салыстырып, соңғы басылымда ақын шығармаларына енген «бөтен сөздерді» нақты деректер арқылы дәлелдейді. Идеялық мазмұны, көркемдігі астасып жатқан ақын шығармаларының әр түрлі нұсқада басылуы – оны мазмұн жағынан да, өлеңдік қисын жағынан да ойсыратып тұрары сөзсіз. Қ.Мұхамедхановтың ақын шығармаларындағы текстологиялық мәселелерге арналған зерттеуі аталмыш саладағы күні бүгінге дейін құнын жоймаған бірден-бір жалғыз туынды. Ғалым айғақты деректерімен ақын өлеңдерінің бұрмаланып берілген тұстарын, арасына енгізілген сөздерін дәлелдеп берді.
Абай өлеңдеріне түсінік жайында да Қ.Мұхамедханов өз зерттеуін жүргізді. Түсіндірме сөздерге жүргізген тексерулері жайында зерттеуші мынандай толғақты мәселелерді көтереді: кездесетін түсініксіз сөздер, адам есімдері талдап көрсетілуі қажет. Өз зерттеуін осындай талап негізінде жүзеге асырған зерттеушінің ғылыми тұжырымдары бүгінде бағасын жойған жоқ. Мәселен, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген өлеңіндегі: Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда; Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда – деген жолдардағы «жыға» сөзіне 1977 жылғы жинақта: «жыға-дулығаның артынан қаптап қоятын зат» – деп түсінік берілген. Жыға дулығаның артынан қаптап қоятын зат емес, батырлардың дулығасының төбесіне шаншылта қадап қоятын зат болып табылады. Егер жауы жеңіліп қалса, жау жығасы жығылды, не жаудың жолы болмаған шақта, жау жығасы қисайды деп, жау басына түскен істі оның жығасына ауыстырып айтатын қазақтың дәстүрлі сөзі болғаны белгілі. Қ.Мұхамедхановтың талдауына сүйенсек, Абай «бастан жыға қисайғанда» деп адамның басынан бағы таюды, басына іс түсуді ақын тілімен бейнелеп беріп отырғанын түсінеміз.
Абай мұрасы жөнінде табылған соны деректердің бір саласы – ұлы ақынның жаңадан табылған өлеңдері. Бұл өлеңдер Абай мұрасын толықтыруда, кей жақтарын тереңірек танып-білуге елеулі мәні бар құнды деректер. Қ.Мұхамедханов тарапынан табылған 80 жол өлеңі, немесе 1961 жылы шыққан Абайдың бір томдығына тыңнан тағы да бес өлең қосылуы, ақын шығармаларын толықтырып, ақын өмірінің кей жақтарын айқындауға мүмкіндік берді.
Абай өлеңдері деп ел аузында жатталып қалған өлеңдерді Қ.Мұхамедханов «Қазақстан мұғалімі» газетінде (1955, 12 мамыр) және «Әдебиет және искусство» (1956, № 9) журналында жариялап, жұртшылық талқысына ұсынады.
Кеңестік идеологияның құрбаны болған «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу тек 1993 жылы ғана «Дәуір» баспасынан жеке жинақ болып шықты.
Ақын шәкірттері осылай араға 42 жыл салып оқырмандарымен қайта қауышты. «Абайдың ақын шәкірттері» туралы бұл төрт кітап Абайдың өз тәрбиесінде болған, оның өсиеттерін өз аузынан естіп, тағылым алған, ұлы ұстаз ақынның алдын көрген ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылық еңбектеріне арналады.
1-кітапқа: Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұл есімдері; 2-кітапқа: Кәкітай, Көкбай, Уәйіс есімдері; 3-кітапқа: Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір есімдері; 4-кітапқа: Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет Айтқожаұлы, Иманбазар Қазанғапұлы, Әрхам Кәкітайұлы есімдері енді. Жарты ғасырдан артық Абайдың ақын шәкірттерін ізерлей зерттеген Қайым Мұхамедханов бұл зерттеуінде ақынның шәкірттері қатарын У.Шондыбаев, Т.Жомартбаев, Ә.Кәкітайұлы, И.Қазанғапұлы, т.б. сынды жаңа есімдерімен толықтырады.
«Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінің ғылыми негізі, әрине, «…Ол кезде Көкбайдың, Мағауияның қай кезде, қайда оқығаны жөнінде де нақтылы тарихи мағлұмат жоқ болатын. Және Ақылбайдың «Зұлыс» поэмасының кейінгі табылған бір тарауын Мұхтар көре алмады. Қазір Көкбайдың бірталай шығармалары жиналып, зерттелді. Көкбай мен Мағауияның өмірбаяны жайында архивтен нақты деректер табылды. Абайдың басқа да шәкірттерінің шығармалары жиналып, өмір тарихтары туралы архив материалдары мағлұм болып отыр», – деген жолдары аталған монографияның көтерген жүгінің ауырлығын, ғылыми негізінің ауқымдылығын айғақтайды. Автор жаңадан табылған деректер деп нені айтып отыр дегенге келейік. Мағауияның өміріне қатысты табылған: «Семипалатинская мужская киргизская школа» деп аталатын мектепте 1884 жылы оқыды деген мұрағат дерегі – оның өмір тарихына қосылған тың дүние. Көкбай ақынның әдеби мұраларына қатысты, әсіресе, әншілік өнері жайлы деректердің табылуы да кейінгі жылдар жемісі. «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан» деген әнін Есентай Бердиннен жазып алғандығын айта келіп, ол кезде музыка маманы болмағандықтан Көкбайдың ақындық өнеріне баға бере алмағандығын айтып қынжылыс білдіреді. 1964 жылы А.Жұбанов «Қазақ әдебиеті тарихына» әннің авторы Көкбай деп енгізгендігі белгілі, бірақ әннің ақиқаты ашылмай, арада жиырма жылға тақау уақыт өтеді. Ақан серіге телініп келген аталмыш әннің Көкбайдікі екендігін зерттеуші архивте сақталған материалдарға және А.Жұбановтың пікірлеріне сүйене отырып, дәлелдеп береді. Тұрағұл, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп бастаған дарынды да, талантты ақындар легінің халқымен қайта қауышуы – көркемсөз өнеріндегі игі жаңалық, рухани байлық.
«Атамұра» баспасынан 1995 жылы шыққан «Абай мұрагерлері» деп аталатын кітапқа Алаш қайраткерлерінің жолында болған, Шәкәрім бастатқан Абай шәкірттері: Кәкітай, Тұрағұл, Көкбай және Абай мұрагерлері ретінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және Жүсіпбек Аймауытовтар кірді.
Қ.Мұхамедхановтың ғылыми ізденісінің бір арнасы – халық шығармашылығы, әлі де әдебиет тарихында сүрлеуге салынбаған ақын мұрасын зерттеп, оны архив деректерімен дәлелдеу. Осы мақсаттың жемісіндей зерттеуші Ақылбек Сабаловтың 48800 өлең жолы бар түпнұсқа қолжазбасын, Мәжит Дәулетбаевтың 1100 жол қолжазбасын, Ілияс Молдажановтың белгісіз болып келген поэмаларын, тарихи поэма «Бөгенбай батырдың» 1896 жолы бар жаңа нұсқасын, «Қазақ шежіресінің» (80 бет) қолжазба тізімін анықтап, Қаракерей Қабанбай батыр жыры туралы тарихи мәліметтерге ғылыми түсініктер жазды.
Бұл зерттеулер – абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедхановтың ұлттық мәдениетіміздің нағыз келелі мәселелерін көтере білгендігін көрсетеді.
Абайтанушы Ж.Ысмағұловтың «Абай: даналық дәрістері»15 (2008) атты зерттеуінде келесі мәселелер қойылған: Абай жолы – хақ жолы; Қалың елім, қазағым; Адам болам десеңіз; Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас; Өлең – сөздің патшасы; Ақындық мектеп аясында; Аударма айшықтары; Қарасөз қисындары; Даналық тағылымы; Абай дәстүрі және Алаш әдебиеті.
«Абай жолы – хақ жолы» тарауында ғалым Ә.Бөкейхан, Тұрағұл мен немере інісі К.Ысқақұлы, Н.Құлжанова, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, С.Торайғыров, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов Абайды таныту үшін не тындырды, қандай еңбектер жазды деген сауалға жауап берген.
Абай мұрасы неге мансұқталды, оны Алаш «ұлтшылдары» қалай қорғады? Бұл осы тараудың негізгі тақырыбы. Осыған байланысты І.Қабылов пен Ғ.Тоғжанов еңбектері сараланған. «Абаизм как обычный буржуазный хлам» деген І.Қабылов «Философия казахского поэта Абая и ее критика» деген мақаласында («Советская степь» газеті, 1928, 2-шілде).
Ғ.Тоқжановтың «Абай» (1935) атты әдеби сын кітабы туралы да зерттеуші назаланып жазады. ХХ ғасыр басындағы Абайды қаралау науқаны қалай болғанын айта келе Ж.Ысмағұлов былай дейді: «Осындай ызалы да зілді сын айтушылардың бірі сол кездегі идеология майданында саяси ахуал туғызып жүрген лауазым иесі І.Қабылов болды»16. Әдебиетші Қабыловтың «Философия казахского поэта Абая и ее критика» мақаласына арнайы тоқталған. Бұл еңбек Абайдың азаматтық және ақындық қызметін «Бүгінгі қоғам тіршілігіне жарамсыз, зиянды нәрсе деп жариялайды. Жариялап қана қоймайды, Абайдың атына да мұрасына да тіл тигізіп, оны неше түрлі саяси жүгенсіздік сөздермен балағаттайды», – дейді зерттеуші. Осыған орай Қабыловтан үзінді келтірілген: «одна из первоочередных задач партийной организации Казахстана на идеологическом фронте состоит в том, чтобы покончить с абаизмом как с обычным буржуазным хламом. Поэтому в кратчайший срок необходимо мобилизовать все культурные силы партийно-советской общественности Казахстана против учения Абая и его современных единомышленников» (7). Бұл тұста А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», Ә.Бөкейханның «Абай Құнанбаев», М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Мағжанның Абай туралы негізгі ойлары жарық көрген еді. Көп ұзамай 1931 жылы бірінші болып Ж.Аймауытұлы атылды.
Абайдың келесі жоққа шығарушысы туралы Ж.Ысмағұлов былай деген: «Абайдың көркемдік табиғатын біршама түсіне отырып, көрінеу бұрмалаған саяси аярлыққа не айтуға болады?» Бұл Ғаббас Тоғжановтың 1935 жылы шыққан кітабы «Абай» кітабына да байланысты айтылған. Абайтанушы замандасымыз осы тұста былай деген: «Өзіңді бір түрлі түсініксіз, қайшылықты сезім билейді. Өйткені Абай мұрасының көркемдік қасиеттерін сөз қылғандағы автордың әдеби шығарма табиғатын жап-жақсы түсінетін әзірлігін байқайсың. Ал енді Абайдың адам, азамат, қайраткер ретіндегі, тарихи тұлға ретіндегі рөлін бағалауға келгендегі автордың мейлінше қыңыр, солақай, сыңаржақ пікірлеріне бүкіл жан-жүрегіңмен қарсы тұрып, наразылық білдірмеуің тағы мүмкін емес»17. Ғ.Тоғжановтың кітабындағы І.Жансүгірұлының Абай туралы еңбегіне берілген сын пікірлері де нақты келтірілген: «Мәселен, Абайдың өлеңдер жинағына байланысты мақала жазған І.Жансүгіровтың басына осындай қауіптің қара бұлты төндіріледі. Сыншы сөзімен айтқанда, ол бұлай болып шығады: «І.Жансүгірұлы... Абайдың ұлтшыл еместігін дәлелдеуге тырысады. Осы пікірін дәлелдеймін деп, бірсыпыра шатақ сөздерге килігеді, үлкен-үлкен саяси қателер жасайды» [3, 67]. «Ілиястың бірінші шатағы – Абай мен қазақ ұлтшылдарын салыстырып, безбенге салғанда, ұлтшылдар (Әлихан, Ахмет, Міржақыптар) орыс патшасына, орыс жиһангершіліге (сірә, «орыс империализміне» деген мағынада болуы керек – Ж.Ысмағұлов) қарсы болды, байбалам салып күресті деген қорытындыға келеді. Біздіңше, бұл үлкен шатақ, үлкен саяси қате» [3:69]. «Ілиястың екінші бір шатағы – Абайға ұлтшылдықты қимауы» [3:72].
Көрдіңіз бе, автордың ойынша, «ұлтшылдық» деген ұғым саяси полиция қызметкерінің қорамсасындай дайын тұрған айып соны қалаған кезде қалаған адамға жапсыра салуға болады. Ал қазақтың бүгінгі көрнекті ақыны өткендегі ұлы ақынға соны «қимайды-мыс».
«Ұлтшылдар», – деп жалғастырады автор ойын, – Абайды ұлтшыл еді деп көтерсе, мұның еш таңданар ештеңесі жоқ, мұның таптық сыры ап-анық. Абайдың көздеген таптық жолын, саяси тілегін алып қарағанда, Абай ұлтшылдардың (Әлихандардың) атасы екендігінде және дау жоқ» [3].
Ж.Ысмағұловтың назарына Ы.Мұстанбайұлының ілігуі де тегін емес. Оның «Абай» мақаласы («Жаңа әдебиет» журналы, №7, 8, 1928) жоғарыда талданған саяси мақалаларға кәсіби, саяси тойтарыс бергенімен құнды.
Құдайберген Жұбановтың 1934 жылы ақынның қайтыс болғанына 30 жыл болуына байланысты жасалған баяндамасы «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген атаумен сол жылы «Әдебиет майданы» журналында жарық көрген (1934, № 11, 12). Жұмекең бұл еңбек туралы былай дейді: «Ғылыми және сыншылдық тұрғыдан Абай жөніндегі алғашқы жазылған әділ де білгір, толымды да тағылымды еңбек ретінде маңызын осы уақытқа дейін жойған жоқ деуге болады». Әрине, бұл ретте Жұмекең кеңестік кезіндегі абайтануды меңзегені болуы керек.
Абайтанушы – Мұхтар Әуезовке Ж.Ысмағұлов ерекше орын берген. Осы тұста Әуезовтің 1933 жылы Абай жинағында жарияланған «Абайдың туысы мен өмірі» атты еңбегімен «сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты», – дейді абайтанушы Ж.Ысмағұлов. Бұдан кейін «Абай Құнанбаев» монографиясы талданған. М.Әуезовтің кітаптағы «Абай лирикасы» және кейінірек жазылғандар – «Абай ақындығының айналасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаев», «Орыс классиктері мен Абай», «Пушкин мен Абай» абайтанудың негізгі белестері ретінде айқындалып берілген.
М.Әуезовтің «Абай жайын зерттеушілерге», «Абай мұрасы жайында», «Абай Құнанбаев творчесвосын зерттеудің маңызды мәселелері» еңбектері де ерекше талданған. Орыс тіліндегілер бөлек сараланған: «Великий поэт казахского народа Абай Кунанбаев», «Великий сын народа», «Народность и реализм Абая», «Идейно-культурные искания Абая» – бұлар кейін «Мысли разных лет» деген кітапта жарық көргені белгілі. Абайтанушы Әузов туралы былай делінген: «Міне, осының барлығын жинақтап келіп, оған студент аудиторияларында жүргізілген Абай шығармашылығы жайлы арнаулы курстарды қосқанда, М.Әуезовтің тікелей күш салуымен белгілі бір жүйеге келтіріліп, ғылыми берік іргетасқа негізделген абайтану ғылымы жасалғанын аза зор қанағатпен атап өткен абзал.
Бұл бүкіл қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының соңғы жарты ғасыр ішінде қол жеткізген үлкен табысы еді» [1, 14] .
Ғалым Абайтанушы Сәбит Мұқановқа арнайы тоқталған. Оған мынадай пікір берілген: «Ол Абай шығармаларымен ерте танысып, кеңестік дәуірде ерте пікір айтқан сыншылар қатарына жатады. Таптық ұран дәуірлеп тұрған тұста Абай жөнінде жаза басып, жаңсақ пікір айтқан кездері де болған. Бірақ кейін ол қателерінен қайтып, Абай мұрасының шын асыл қасиеттерін ашуға белсене кіріскен. Сөйтіп қырқыншы жылдардың орта шеніне таман ақын жайында үлкен монография жазып бітірген. Ол еңбек тұтас күйінде кейінірек, алпысыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген. Ал негізгі идеясы ақынның жүз жылдығына орайластыра шығарылған біртомдық толық жинағында, алғы сөзде баяндалғанын автор осы монографияның жеке басылымына берілген шағын кіріспесінде ескертіп айтады. Сол алғы сөзді ақын шығармашылығының «халықтық мәнін ашып, оның өлең өрнегі мен кестесіне ой жүгірткен еңбегім» деп бағалай келіп, автор кейін жарияланған монографиясында «Абайды өз заманымен тұтас көрсетуді көздегенін мәлімдейді» [1, 14].
Қ.Жұмалиев еңбектері де абайтанулық тұрғыдан қарастырылған. Оның «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» монографиясы талданған. Бұл еңбек ғылыми маңызы зор теориялық зерттеу ретінде анықталған.
Абайтанушы З.Ахметовтің абайтанулық еңбектері де сөз етілген. Орыс тіліндегі «Лермонтов и Абай» монографиясы абайтанулық еңбек ретінде қарастырылған. Өкінішке орай З.Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі» (1995) атты абайтануға жаңаша үлес қосқан ғылыми зерттеуі айтылмаған, талданбаған.
М.С.Сильченконың «Творческая биография Абая», Ә.Тәжібаевтың монографиясындағы Абайға арналған тарауы да келтірілген.
А.Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты (60-шы жылдар) монографиясының тараулары аталған: «Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүрлерінің арнасында», «Орыс реализмнің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы».
Тәуелсіздік кезіндегі Абайтану Қ.Мұхаметханұлының «Абайдың ақындық мектебі» негізінде 4 монография жария еткені, М.Мырзахметұлының «Абайтану тарихы», «Абайтану дәрістері», «Абайдың адамгершілік мұраттары», «Абай және Шығыс», «Восхождения Мухтара Ауэзова к Абаю» еңбектері аталған. Ы.Дүйсембаев, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Е.Ысмаилов, Тәкен Әлімқұлов еңбектері де қарастырылған.
Сонымен қатар Ж.Ысмағұлов замандастары: М.Қаратаев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиевтің, т.б. абайтануға қатысты еңбектерін атаған.
Ғалым абайтану тақырыбына қатысты өзінің де тың жаңа пікірлерін айта білген: «Ия, Абай – жаңашыл. Бірақ оның жаңашылдығы тақырып орнына пайда болған жоқ. Ол өзінен бұрынғы үлгі, үрдістердің барлығын керексіз етіп, кейін серпіп тастады десек, ұлттық әдебиетке де Абайға да қиянат болар еді» [52].
Зерттеудің «Абай дәстүрі және Алаш әдебиеті» тарауы мүлдем жаңаша жазылғанымен құнды. Бұл тараудың қорытындысы Ж.Ысмағұловтың әдебиеттанулық ұстанымын айқындап тұр: «Аллаһу-аһад» деген сияқты Алламен бірге ақиқат та жалғыз емес пе? Әр заманда өмір шындығы әртүрлі болуы мүмкін. Соны өз тұрғысынан көріп пайымдағандағы туралықтан таймайтын суреткердің айтар ақиқаты да біреу ғой. Демек, бір реализмді әр заманға теліп алаламай-ақ, бір ақиқатқа жүгіндіргеніміз жөн болмай ма?
Біздің кәміл сенуіміз бойынша барлық гәп – әр жазушының бойындағы шығармашылық күш-қуатын ағытып сыртқа шығаратын бір-ақ кілт, бір-ақ кілтипан, бір-ақ сиқыр бар. Ол – ұлттық дәстүр, ұлттық ойлау, түйсіну, қабылдау, пайымдау машығы. Біздің қазіргі сәтімізге сәйкестеп айтқанда біз үшін бір-ақ құбылнама – Абай дәстүрі.
Демек, Абай дәстүрі дегеніміз, біздің бүгінгі әдебиет үшін барлық замандардағы ұлттық рухымыздың жинақталып, аршылған, тазартылып, ешуақытта азбастай, тозбастай болып сүрленген жентегі. Ұрығы десе де болар еді» [316-317].
Абай ғасыры туралы тура осылай Алаш әдебиетшілері М.Дулатов, Ж.Аймауытов пен М.Әуезов айтқан болатын.
«Сондықтан біз сөз қылған Алаш әдебиетін қазақ көркемсөзінің әзіргі алтын ғасыры болып отырған ХХ ғасырдың ақ таңы деп атасақ, әділі сол болмақ», – дейді Ж.Ысмағұлов» [317].
Алаш әдебиетімен қатар романның бастау көздері мен дамуы арнайы теориялық зерттеуге жол ашты. Көркем мәтіндердің стильдік ерекшеліктері қарастырылды.
Р.Сыздықованың «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты зерттеуінде теориялық мәселелер қамтылған18. Монографияның «Абай тілін танудың қырлары, сөз – өлеңнің арқауы (образдың эстетикалық өрісі (зонасы); Етістік – көріктеу құралы), Сөз таңдау (Өлең және сөз; Текст түзу; Синонимдерді таңдау; Сөз – символ); Сөз құбылту (Абай фразеологиясы. Перифраздар. Фразеологизмдерді өзгертіп қолдану); Сөз үндестіру (Дыбыстар гармониясы; Аллитерация мен ассонанс; Анафора мен эпифора; Түбірлес сөздер; ішкі ұйқастар); «Қарасөздердің» тілі қалай өрілген? Абай тілінің тағылымы» атты тарауларда әдеби теориялық негіздер айқындалған. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұмалиев, З.Қабдоловтардың абайтанулық зерттеулерін негізге алған Р.Сыздықова батырлар жырларынан бастау алатын Абайға дейінгі сөз өнерін де салыстыру үшін пайдаланған. Абай өлеңдері мен қарасөзіндегі сөздер тұңғыш рет әдеби-лингвистикалық теориялық талдауға арқау болған. Зерттеушінің келесі тұжырымдарының теориялық мәні ерекше болып табылады.
А.Байтұрсынұлы анықтаған «Діндәр дәуір» әдебиетінің сөздік қоры қалай пайда болды? Оған қандай оқиғалар әсер етті? Осы ретте Абайға дейінгі дәстүр анықталған: «Ы.Алтынсарин 1884 жылы Қазанда шыққан «Шари 'ат ул-ислам» атты шағын еңбегін жазуда өзі аштырған азаматтық мектептерде міндетті түрде өтілетін дін сабағында оқушыларға (қазақ балаларына) ислам дінінің негізгі заңдарын ана тілдерінде түсіндіру мақсатын көздеген. Ыбырайдың өз сөзімен айтқанда, «кәләм шари'ат һәм үлкен ғылым кітаптар ғараб тілінде жазылулы» болғандықтан, оны көп «қара халық» түсінбейтіндіктен, бірақ «ғарабтан басқа тілмен намаз оқығандардың имам болуы да дұрыс» болғандықтан, «Шари'ат ул-исламды» жазғанын білеміз. Зерттеушілердің талдауына қарағанда, Ы.Алтынсарин осы кітапшасы арқылы қазақ тілінде теология саласында жазуға болатындығын танытқан яғни «Шари 'ат ул-исламның» арқауы – қазақ тілі, қазақ лексикасы мен грамматикасы екенін көрсетеді».
Абай қарасөзінің ішкі мазмұны туралы былай делінген: «Ал Абайдың 38-сөзін жазудағы мақсаты мұндай нақты практикалық, болу-болмауы жөнінде өз пікірімізді жоғарыда айттық. Дегенмен қайткен күнде де «жүрегінің қуаты – перзенттеріне адам ұғлының, мінездері туралы» ойларын жазуды көздеп, ол әңгіменің негізіне «Алла тағаланы танымақты» алады, өйткені «Алланы танымақтық – дүниені тану, адам өзін тану, адамшылықты жетілдіру, Алланың бір сипаты – ғылым-білімді тану» деп бастаған автор әрі қарай «иманның хақиқатын» сөз етеді, Алла тағаланың сегіз сипатын атайды, ол сипаттарды айырып білу керек дейді, сол сегіз сипаттың екеуі – ғылым мен құдіретті түсіндіреді, оларды кеңінен сөз етеді. Одан әрі қарай ислам дінінің дұрыс түсіндірілуге тиісті канондарын «бұл заманның молдалары мен ишандары өздері дұрыс түсінбейтінін, өзгелерге дұрыс түсіндірмейтінін айтып, сондықтан олар «хаким атына дұспан» дей келіп, «Құдай тағаланың ниһаятсыз (шексіз, өлшеусіз) жолында жүруді өзіне шарт қылған адамның қандай қылғанда «таза мұсылман, толық адам» болатынын айтады» (179-180).
«Ең алдымен, Ыбырай мен Абай қазақ тілінде теологиялық әдебиетті дүниеге келтірудің бастамасын көрсетті, ислам діні негіздерін, мазмұнын, қағидаларын қазақша айтуға, түсіндіруге әбден болатынын танытты. Міне, 38-сөз деп аталған орны ерекше шығарманың стильдік, тілдік сыр-сипаты осындай...
Зерттеуші проза мен поэзия айырмашылығын ажыратуды да нақты теориялық талдау арқылы берген: «Әр шығарманың тақырыбы мен жанрына қарай сөз саптауы (стилі) бір-бірінен өзгеше болып келуге тиісті екендігін Абай бұл жерде де тап басқан. Сірә, ол Пушкиннің проза тіліне көзқарасы туралы айтқандарын оқыды ма, жоқ па («У нас употребляют прозу как стихотворство... для приятного проявления форм... Проза не может довольствоваться блестящими играми воображения и гармонии... Слово «прозаический» должно совмещать понятия «спокойный, умный, рассудительный» дегендерін), бірақ ол да, Пушкин сияқты, өлең сөз бен қарасөздің тілдік-көркемдік тұрғыдан айырмасы болатынын принцип етіп ұстаған. Әсіресе теологиялық трактаттар мен тарихи очерк сияқты «метафизикалық» шығармалардың тілін «өлеңдетпей» (поэтизацияламай), айшықты сөздермен ажарламай, әр сөзге нақты мағына беріп, анық, айқын етіп жазуды Абай да жақсы сезгенін оның біз талдаған соңғы екі шығармасы дәлел бола алады. Бұл тұста Абайдың тілдің функционалдық стильдерін, яғни әдебиеттің әрбір жанрына лайық қолданылу мәнерін аңғарған шеберлігін танимыз.
Шеберлік, көркемдік сияқты, Абайдың тіліндегі кестенің бізі, өткірдің жүзімен салынған сөз өрнектерінің бір нақышы. Міне, поэзиясы мен прозасында осындай шеберлік пен көркемдік көрсеткен ұлы Абайдың поэтикалық сөз кестесі, толғауы тоқсан қызыл тілінің өрнегі осындай» (183-184).
«Абай тілінің тағылымы» атты соңғы тарауда ғалым Абай мен Шәкәрім стилін салыстыра талдаған. Зерттеуші келесі теориялық тұжырым жасаған. «Абайды ұлы деп танытып отырған белгі – оның поэтикалық дәстүрінің, рухани қазынасының, көркем тілінің жалғастық тапқандығынан, өзінен кейінгілерге үлгі-эталон болғандығынан көрінеді. Бұл жайында жиі айтылып, көп жазылып келеді, дегенмен бұл концепцияны жоғарғы талдауларымыз бен түйіндерімізге жанастыра дәлелдей түспекпіз». Осы мақсатпен зерттеуші Абайдың ізбасары Ш.Құдайбердіұлының стиліне талдау жасаған: «Жастарға» деген өлеңінде Абайды ұстаз тұтуға жастарды шақырады. Ол «мыңмен жалғыз алысқан», «өзі ермей, ерік бермей қор еткен жұртын» айтқан, «сөзді ұғарлық бозбаланы көре алмай, үзілмес үмітпенен бос қуарған» Абайды да жақсы таниды...
Абайды Шәкәрім барлық тұрғыдан ұстаз тұтады: Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп; алсын деп керектісін өзі теріп – деп, өзінің алдына ұстазынан өзіне керектіні алу мақсатын қойғанын білдіреді. Сөз өнеріндегі керегін теріп алады».
Зерттеуші М.Әуезов пен Қ,Мұхамедхан пікірін жалғастырып, поэзиялық мектеп ұғымын нақтылай түседі: «Ал Шәкәрімнің көркемдік өрнегін, яғни поэтикалық тілін Абайдың сөз кестесімен ұштастырмай әңгімелеу мүмкін емес, өйткені Шәкәрім – Абайдың поэтикалық мектебінің өкілі, жалғастырушысы. «Демек, Шәкәрім тілін сөз етпес бұрын Абайдың тілдік поэтикасын жан-жақты талдап, танып алу қажет болды. Ұлы ақынның поэтикалық өресін лингвостилистикалық тұрғыдан жүйелі түрде арнайы зерттеулер осылай тек тәуелсіз кезде іске асырылды. Р.Сыздықова «пән сөздері» арқылы бұл түсінікті айқындай түседі: «Осы қазына мен жаңалықтардың тілдік негізін (механизмін) танытуды кешеуілдетіп келе жатқан жайымыз болды. Лингвистикалық стилистика (тілдік стилистика, лингвостилистика) дегеніміз әртүрлі эмоционалдық, экспрессивтік қосымша мағыналарды білдірудегі тілдік құбылыстарды зерттейтін ғылым саласы болса, осы сала бойынша Абай тілі кеңінен әңгіме өзегіне айналмай келгені мәлім. Көрсетілген талапты көздейтін жұмыс енді жазылып отырғандықтан, белгілі бір шамада Шәкәрім тілін де сөз етуге мүмкіндік алдық» [?].
Шәкәрімнің ерекшелігі неде? Оған былай делінген: «Алайда бұдан Шәкәрім тілінде ешбір жаңалық жоқ, ізденіс жоқ деген тұжырым шықпайды. Керісінше, кәнігі фонда Шәкәрімнің Абайша тапқан соны дүниесі көріне түседі....
Бұл ерекшелікті танытатын белгілердің бірі – поэзия тілінде соны сөз-образдардың молынан орын алуы. Соны образдар жасауда Абай жандандырған тәсілдердің бірі – мағына жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді тіркестіру екенін көрсеттік, осы амал Шәкәрімде де кеңінен қолданылған. Мысалы, оның: Улы журек, долы тіл сөйлеп отыр, / Ыза қысып, тісімді байлаулымын – деген өлең жолдарындағы улы жүрек, долы тіл, тіс байлау деген тіркестер мағыналары жуыспайтын сөздерден жасалған: улы болатын тамақ, ішімдік, дәрі сияқты нақты заттар, ал жүрек сөзіне тіркескенде, улы компоненті мағынасын ауыстырып, «әділетсіздік көрген, ызаға толы» деген ұғымға ие болып тұр, долы тіл де сондай: долы болатын нақты адам болса керек (долы қатын деген сияқты), ал адамның өзі емес, тілін долы деп бейнелегенде және тісімді байлаулымын дегенінде тағы да жанаспайтын сөздердің тіркесуінен жаңа ұшқын – тың экспрессия пайда болып тұр. Тағы бір өлеңінде Шәкәрім: Қайсыбірі қайғы айтып; үміттің үйін құлатты – дейді. Үй – нақты зат атауы, үміт – дерексіз есім. Деректі, дерексіз есім атаулары тіркеспеуге тиісті, ақын осы «заңсыз тіркес» арқылы жаңа ассоциация туғызып тұр, оның үстіне осы үйді құлатып, бұл тың образды одан сайын күшейткен. Бұрынғы «үміт үзілу» деген образды үміттің үйін құлатты деп жаңаша ұсынуы – Абай үлгісі» (189-190).
Зерттеуші осыған орай «Әдебиет танытқыштағы» шендестірудің түрлерін қарастырған: «Шәкәрімнен, Абай сияқты, образдар дүниесін теңеу, шендестіру арқылы беруде де жасалу моделі бұрынғы болғанымен, күтпеген соны қолданыстарды табамыз. Мысалы, Шәкәрімде өлең – әскер (Әскерім – өлеңім мен сөздерім), ән – өлшеуіш, ашу – келіншек, ынсап кәрі адам, өлең – күміс, қағазы – жолдасы, қаламы – сырласы, сөз сөйлеу – ер қосу (Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек) тәрізді мысалдар ақынның образдар дүниесіне тың үлгілер енгізіп тұр...
Образдың эстетикалық өрісін кеңейтуде Абай тосын эпитеттерді қолдануды жүйелі тәсілге айналдырса, Шәкәрім мұны да іліп әкетеді. Жоғарыда аталған ноқтасыз ой, бояулы дін, улы жүрек, долы: тіл дегендері сияқты, жүрек, тіл, көңіл, ой сөздерінің эпитеттерін сан құбылтып отырады. Мысалы, толқынды көңіл, өлген көңіл, жаралы жүрек, от жүрек, аптыққан жүрек, жарық жүрек, таза жүрек, ақ, жүрек, жылы жүрек т. т.».
Поэзияның басты кейіпкері кім? Ол туралы: «Жоғарыда айттық, Абай шығармашылығының негізгі объектісі – адам, оның ішкі жан дүниесі. Сондықтан ол жүрек, көңіл, ой деген сөздерді адамның символы етіп алып, оларға «жан бітіріп», көп өлеңдерін соларға қарата айтады. Шәкәрімде де бұл атаулар – автордың жан сарайының көрсеткіштері. Сондықтан бұлар қаратпа сөз болып келеді. Мысалы: Шошыма, ойым, шошыма... Қажыма, ойым, қажыма... Шарлайсың, ойым, шарлайсың, Алыстан мені барлайсың... Қой, жүрегім, қайғырма...» (191-192).
Зерттеуші өзіне дейінгі әдеби талдауларды да негізге алған. «Бұрынғы қазақ өлең-жырларымен салыстырғанда, Шәкәрім поэзиясында көзге түсетін ең үлкен ерекшелік өлең архитектоникасы мен өлеңнің ырғақтық-әуендік бітімінде көрінеді».
Зерттеуші архитектоника түсінігін анықтап береді: «Ілгергі тарауларда айтылды, архитектоника дегеніміз шығарманың, айталық өлеңнің, композициялық кұрылымы, екінші сөзбен айтсақ, шығарма құрылымының сыртқы пішіні және оны құрайтын бөліктердің бір-бірімен байланысуы. Абай қазақ өлеңінін сыртқы кұрылымына мүлде тың жаңалықтар әкелді, бұл ретте қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосты. Ұлы жаңашылдың бұл еңбегін үстіміздегі ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар тұңғыш рет танып, атаған болатын. Одан кейін Абайдың ақындық шеберлігін арнайы зерттеген Қажым Жұмалиев пен қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған Зәки Ахметов Абай өлеңдерінің архитектоникасын кеңінен сөз етті» (192, 193).
Шәкәрімнің стилінің ерекшелігі мына талдауда анықталған: «Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін біз Абайдың «Сегізаяғы» сияқты қазақ өлеңі техникасына тыңнан қосылған жаңалық дер едік. Оның жаңалығы кейбір шумақтарының тіпті Абайда жоқ «бесаяқ» болып кұрылуында ғана емес, немесе бір тармақтың екі-ақ буынды болып келетіндігінде де емес, ең алдымен, бұл жаңалық өлеңнің бұрын кездеспеген интонациясында (әуенінде) және Абайдан бұрынғы қазақ өлеңінде қолданылмаған, үлгісін Абай салған өлең, тасымалы дегеннің орын алуында және сөйлем түзілісінің проза синтаксисіне жақын келуінде, сондай-ақ инверсияның (сөздердің орын алмасып жұмсалуының) стильдік мақсатта қолданылуында. Бұл көрсетілген белгілердің барлығы да күшті жетілген жазба поэзияны сипаттайтын құбылыстар» (196).
Мұнда жаңа ырғақ жасап тұрған алдыңғы тармақтар емес, олар Абайдың: «Көзімнің қарасы, көңілімнің санасы» деп басталатын өлеңімен ырғақтас, ал соңғы екі тармағының бірін 11 буынды, екіншісін 12 буынды етіп ұсыну – мүлде тың құрылым, оның үстіне бұл жердегі 11 буынды тармақтың бунақтары 4 + 3 + 4, ал келесі тармақтың бунақтары 6 + 3+3 болып келгенінде. Бұл екі тармақ өзара ұйқаспайды (бұл ұйқаспаушылық осы екі тармақтың буын санын әртүрлі етіп ұсынуға мүмкіндік беріп тұр). Соңғы 6-тармақ 2, 4-тармақтармен ұйқас құрайды, яғни өлең шумақтарының ұйқас формуласы аб аб вб. Соңғы екі тармақ көбінесе құрмалас сөйлем болып келіп, прозалық ырғаққа жуықтайды: Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр, бәрі сені ойлап мас болып сандалып...» (197).
Абай дәстүрі, Абайға еріксіз еліктеу туралы ойды зерттеуші былай деп дамытқан: «Бұл үлгі-өнегені тек Шәкәрім емес, Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы жақсы қабылдағанын және құр еліктеу түрінде емес, Абайша мазмұн мен түрді, яғни поэтикалық идея мен оның тілдік көрінісін сәйкес келтіру мақсатында қолданғанын байқаймыз. Мысалы, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров сияқты ақындар жан толғанысын поэзия тілімен айтуға келгенде, сегізаяққа жүгінеді. Абай «Сегізаяғында» өзінің философиялық, азаматтық, суреткерлік ой-толғамдарын білдірсе, Ахмет Байтұрсынов та үстіміздегі ғасырдың басында елдік, ұлттық тәуелсіздігінен айрылып, отар жұрттық күн кешіп отырған, ғылым-білімнен де құр қалған халқына: Қазағым, елім, қайқайып белің сынуға тұр таянып. Талауда малың, қамауда жаның аш көзіңді оянып. Қанған жоқ па әлі ұйқың, ұйықтайтын бар не сиқың?! – деп, қазақ қоғамының ұлттық намысын оятпақ болады. Бұл идея Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл ақындық, ағартушылық қызметінің лейт-мотиві болса, оны білдірудегі ең бір ұтымды деп тапқаны – осы ойын айтатын өлеңін сегізаяқтың үлгісімен жазу. Мұнда ақын ұстаз тұтқан Абайдың үлгісімен алғашқы екі жұпты алты тармақта айтылмақ идеяның тезисін (баяндауды) береді де, соңғы екі тармақта сол тезистен шығатын түйінді, яғни антитезисті ұсынады» (197-198).
Зерттеуші бұл дәстүрді Сұлтанмахмұттан да тауып, теориялық талдау арқылы дәлелдеп берген: «Солардың бірі – С.Торайғыров. Ол да Абайды, оның ақындығын пір тұтқан жан. 1913 жылы «Айқап» журналында жариялаған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында сол кезеңде, үстіміздегі ғасырдың алғашқы 10-15 жылдығына, қазақ тілінде деп жарық көріп жатқан поэзия дүниесінің алдымен тақырыбы мен мазмұнын, сонан соң, идеясы («рухы») мен түрін («тілін») қатты сынап, «марқұм Абай өлеңдері басқаларға қарағанда Пайғамбардың жүрегінен құйылған Құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұрады» дейді де, оның «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас... саудырсыз сары қамқа... сөзімде жаз бар шыбынсыз» деген қолданыстарын мысалға келтіреді.
Зерттеушінің теориялық талдаулары ерекше: «Сұлтанмахмұттың бұл сияқты семантикасы жағынан бір-біріне жуыспайтын сөздерді Абай үлгісімен қиюластырып жасаған жаңа образдары тұрмыстың құрығы (Тұрмыстың ұзын құрығы бұрды да түсіп мойынды), надандықты тебу (Тебем деп тірі болсам надандықты, серт етіп өзіме өзім еткем егес), надандық теңізі (надандық теңізі тартылар), шындықтың ауылы (Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға), үміттің көгі, тағдырдың тасқыны, тағдырдың кермесі (Тағдырдың кездестім ғой кермесіне), сияқты соны тіркестерімен келеді.
Перифраздарды Абайдай молынан келтірген ешбір ақын жоқ, бірақ сөз құдіретін тани білген Сұлтанмахмұт сияқты тума талант оны да сезіп, аз да болса, Абай үлгісімен жаңа өспірім жас шілік (жас ұрпақ, замана жастары), Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары, (ұрпағы) сияқты тұспалды фразеологизмдерді (перифраздарды) ұсынады».
Сұлтанмахмұттың стилі туралы былай делінген: «Сұлтанмахмұттың ақындық таланты поэзиядағы сөз-символ дегендерді де тапқызған. Ол жапырақ сөзін жеке адамның символы ретінде келтіреді: балғын жас адам (сірә, қыз) «бұтақтары салбырап... көз тартарлық балбырап, лебіне де аз желдің ұялып бұққан қалтырап... тұратын гүлдеген, біткен жапырақ болса, одан кейінгі жас – «жұмақты кіріп көргендей, сайран етіп жүргендей халге түсіретін жапырақ болып сыбдырлайды, сол жастардың (қыздардың) ішінде бақытсыздары бар екенін «солған, сарғайған, дірілдеп жерге караған жапыраққа көзім түсті» деп астарлайды. Қысқасы, «Жапырақтар» деп өзі атаған бұл өлеңі түгел символмен берілген. Сарыарқаның жаңбыры дегені де символ, ол 1917 жылғы патшаны кұлатып, бостандық әкелген Ақпан төңкерісі, бұл символды ақынның өзі-ақ ашып береді: Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң сен, келген заман – бостандық жаңбырмен тең – дейді. Біздің байқауымызша, бұл фактілердің барлығы, бір жағынан, мұсылманша, орысша оқып, көзі ашылған, көп нәрседен, оның ішінде жалпы поэзия сырынан білген-түйгені бар ізденгіш суреткердін өз таланты болса, екінші жағынан, Абай өнегесі деп табамыз» (199-200).
Р.Сыздықованың келесі теориялық тұжырымдары әдебиет теориясына да қатысты болып табылады: «1) Поэтикалық көп (үлкен) ойды – «идеяны» аз сөзбен берудің үлгісін салды, ол үшін бұрынғы ақын-жыраулар тіліндегі көп сөзді шаблондардан, қызыл сөзді риторикадан, дидактикалық параллельдерден бас тартты. Қ.Жұбанов көрсеткендей, халық жырлары мен ақын-жырауларда елін сағынғандықтың идеясын айту үшін, арғымақтың үйірін, сұңқардың ұясын, қараша қаздың көлін қайсысы қалай сағынатынын айтып алып барып, «ниет қылдым еліме» деген өлең жолын келтіретін тәсілге Абай бармайды, айтпақ ойын дәл әрі жинақы етіп беру үшін әсерлі, тың сөз-образдарға иек артады, мұндай образдары молынан жасайды» (203-204).
Мазмұн мен түрдің – поэтикалық идея мен оны білдіретін тілдік механизмнің сай түсуіне мән беру Абай қолтаңбасы болып табылады. Сонымен қатар Абай стиліндегі фразеологизмдер де сөз етілген: «Сөз – өлең тілінің арқауы. «Поэтикалық өрнек сөзден өріледі. Абайдың алдындағы Шөже ақын «қызыл тілден өрдім өрім» деп әдемілеп айтқан-ды. Бұл өрнекті салатын өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей қызыл тіл болса, оның сол жүзі мен бізі – сөз, сөз тіркесі, сөздердің бір-бірін сүйеуі, бір-бірімен «ұжымдасуы», бірін-бірі «итеруі» түрінде көрінеді...
Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі фразеология саласында болды. Мұнда да Абай қазақтын, көркем тіліне жаңа үлгілер ұсынды. Фразеологизмдер дегеніміз тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі. Сондықтан бұл қазына Абайға дейінгі қазақ көркемсөзінде де мол болатын» (205).
А.Байтұрсынұлы, З.Ахметовтер айтқан Абайдың өлең құрылымы туралы зерттеуші өз ойын былай деп берген: «Бұдан да үлкен «төңкерісті» Абай қазақ өлеңінің архитектоникасында (құрылымында) жасады: мүлде тың өлшемдер мен ырғақтар әкелді, бұрын жоқ шумақ түрлерін ұсынды, шумақ пен шоғырдың құрылымын құбылтты: атақты «Сегізаяқтан» бастап, алты тармақты шумақтан тұратын өлең – «алтыаяқтардың» неше түрін, жеті, тоғыз, он төрт «аяқты» өлең құрылымын дүниеге келтірді. Бұл құрылымдар қазақ өлеңінің синтаксисіне, интонациясына жаңалықтар әкелді: қазақ өлеңі жазба поэзия статусына көтерілді; жазба поэзияға тән «өлең тасымалы», ауыз-екі сөйлеу интонациясы дегендерді көрсетті... (206).
Тәуелсіздік кезеңінде Абайдың қарасөздері жаңаша тұрғыдан қайта зерттелді. Ж.А.Шойынбеттің «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері» (2004) атты зерттеуінде Х.Сүйіншәлиевтен (1952) кейін Абайдың «Ғақлиясының» жанрлық, стильдік, рухани-танымдық арналары арнайы зерттелді. Кеңес кезінде тыйым салынған діни түсініктер де осы еңбекте тұңғыш рет қайта қарастырылды.
Зерттеудің «Абай қарасөздерінің зерттелуі», «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері», «Абайдың дүниетанымы және оның қарасөздеріндегі көрінісі» атты тарауларында тәуелсіздік талаптары тұрғысынан жаңаша талдаулар жасалған. Әдебиеттанушы Ж.А.Шойынбет Х.Сүйіншәлиев, Ә.Марғұлан, А.Машани, Қ.Өмірәлиев, М.Мырзахметовтың, Р.Бердібайдың тұжырымдарын қазіргі әдебиеттану тұрғысынан жалғастырды. Әдебиеттанушы «Ғақлияны» «Кабуснамамен» салыстыра талдаған. Бұл да тек тәуелсіздік әдебиеттануында іске асқан зерттеу болып табылады. Сонымен қатар, Ж.А.Шойынбет соңғы кезде Абайға ревизия жасаған миссионерлік зерттеулерге батыл тойтарыс беріп жүрген абайтанушы ғалым. Тәуелсіз кезеңнің абайтанушы ғалымы Ж.Шойынбет Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауға тиістіміз. Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», – деген пікірін ұстанған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет