Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет жәНЕ



бет6/26
Дата18.11.2023
өлшемі1,65 Mb.
#124343
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
treatise175829

Аудармасы:
«Мен – жыланмын алтын басты,
Мына алтын терілі құрсақ маған жарасты.
Сол керемет кейпімді аямай о бастағы,
Қылышпен қақ жарып тастады.
Енді маған жорғалауды жазбаған,
Енді маған үй болуды жазбаған.
Бұны, білесіздер – жақсылық емес»[5,128].
Жылан ордасы, хан ордасы деген ұғымдар бір мағына берген. Түркілер айдаһарды «лу, ұлу» деп атаған. «Ұлы орда» сөзі де айдаһар ордасы дегенді білдіреді яғни, ұлы қаған отыратын тақты айтқан. Жалпы түркілер жылан мен айдаһарды өздерінің киесі санаған. Ол туралы айтылған деректер де көп. Соның бірі Л.Гумилевтің тұжырымы: «Осы пікірді айтуға Гумилевтің мына бір сөздері мүмкіндік береді. «И если у иранцев свяшенным животным была собака, то туранцы почитали змей»[6, 67-68].
Демек жыланға табыну культі Түрік қағанаты кезінде де сақталған. Ұйғыр қағанаты кезінен бастап жылан өз киелілігінен айырыла бастағандығы байқалады. Бұл жолдардан түріктер кезінде қасиетті орындарға мүсіні салынған алтын жыландардың кейінгі уақытта қылышпен туралғандығын аңғаруға болады. Демек, жыланға табыну дәстүрі ортадан аластатылған, бұрынғы кие деп саналған тотем-бабалардың орнын манихейзм дініндегі құдайлар алмастыра бастаса керек. Ұйғыр қағанаты тұсында айдаһарға, арыстанға табыну етек алды. Алайда түркі жұрты табынған жылан мен айдаһар арасында айырмашылықтар көп еді.
Ертедегі халықтар монотеистік санаға дейін көтерілгенше магиялық, анимистік, тотемдік, бабалар культі сияқты көптеген мифологиялық сенімдерде болған. Бұл жәйттарды түркі халықтары да басынан өткерген. Тотемдік және бабалар культі рулық деңгейдегі тайпаларға тән дүниелер. Түрік қағанаты кезінде одан бір сатыға көтерілген еді, көптеген тайпалардың басын біріктірген түріктер тайпалық бірлестіктен мемлекеттік деңгейге көтеріле бастады. Елде түрлі діни ағымдар өз ілімін ел ішіне таратты, тайпаларды бір орталықтан басқару жүйесі де орнықты. Әрине, түркілер Түркі қағанаты тұсында бір Тәңірі ұғымы айналасына ұйыса бастаған. Оның өзі де ұзақ тарихи кезеңдердің жемісі еді.
Байырғы түркі халқы 1200-1500 жыл бұрын аспан тектес көк Тәңіріге табына бастағандығы дәлелденіп отыр. Түркі қағанаты тұсында тасқа қашап жазылған «Күлтегін» ескерткішінде былай басталады: «Үсті көк Тәңірі, аста (төменде) баран жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған». Тәңірінің түркі халықтарына ортақ құдайдың атауы ретінде қолдана бастауы да осы Түрік қағанаты тұсына сәйкес келеді, сол тұста Тәңірі құдайы басқа құдайларға қарағанда биіктеп, жеке дара ұлық құдай дәрежесіне дейін көтерілген болатын. Ол турасында академик С.Қасқабасов та атап өтеді: «Тәңірі аспанның әміршісі саналған. Яғни, Тәңір – ең жоғарғы құдай, ол аспан мен жердегі тылсым мен тіршіліктің иесі. Адамды да, жер бетіндегі нәрселердің бәрін де, аспанды да, ондағы жұлдыздарды да жаратушы – Тәңір деп саналған. Міне, мұның бәрі – көне мифтік ілкі ата – демиургтың, жасампаз қаһарманның атқарған істері. Бұл қызмет түркілер заманында Тәңірге, ал ислам келгенде Аллаға таңылған»[7, 90].
Түркі халықтары көк Тәңірі деп бір тәңіріге сыйынғанымен шамандық нанымдағы ұсақ құдайларды да жоққа шығармады. Түрік қағанаты тұсында түркі тайпалары арасында әртүрлі діни ағымдар мен сенімдер өмір сүрді. Орхон жазбаларының зерттеуші Қ.Сартқожа түркілердің арасына тарай бастаған ағымдар жайлы былай дейді: «Бізге жеткен Орхон, Сэленгі, Тоғула бойында қалдырған мұраларын ғана атасақ, олар: Орду-балық, Бай-балық, Қатын-балық, Тоғула-балық, Езгенті-қадаз сияқты бес қала, 100-ден астам тәу етіп, тасаттық беретін киелі орындар, 1000-нан астам мүсінтастар, балбалдар, қорымдар: брахми, соғды, ұйғыр, моңғол, кидан, манчжур, араб, қытай, байырғы түркі алфавиті, манихей алфавитімен жазып қалдырған жүздеген жәдігерліктер. Бұл тарихи-мәдени жәдігерлікте көшпелілер әулетінің ел басқару жүйесі, адам және қоғам қажеттілігінен туындайтын шаруашылықты басқару жүйесі, шаруашылықтың мәдени типтері, оның салт-дәстүрлеріне байланысты мол деректер сақталған[2, 52-53].
Тарихтың атасы Геродот парсылардың шабуылына қарсы тұратын түркілік массагет тайпаларының күн құдайына табынатындығын жазады. Бірақ түркі тайпалары арасында күн құдайына қарағанда ай құдайына табыну басымырақ болғанға ұқсайды. Түркі қағанаты барлық ұсақ құдайлардан жоғары тұратын жаратушының бар екендігін, оның мекені көк аспан, әрі аспан мен жерді жаратушы жалғыз - Тәңірі деген ұғым қалыптасты. Кезінде күн құдайына сенушілердің көбі қыпшақ рулары болса, олармен бірге одақ құрған тоғуз-оғуз бірлестігін құрған тайпалар конфедерациясы керісінше аналық құдайға табынды. «Тоғыз-оғуз бірлестігі (конфедерация) Хунну империясы билік құрудан қалғаннан кейін Орталық Азияның Моңғол үстіртіндегі қыпшақ пен Тоғуз-оғуз тайпалық бірлестігі (конфедерация) үстемдік етті. Қыпшақтар аталық әулет атанып (ашина) билеуші тайпаға айналады да, тоғуз-оғуздар аналық (ашидэ) әулеті атанады. Бұл екі үлкен конфедерацияның арасында бір қарағанда билік үшін мәңгілік бәсекелестік жүріп жатса, екінші жағынан бірін-бірі толықтыру, даму, өсу процесі жүріп жатты» [2, 74].
Айға табыну сенімі түркілерде шаманизм кезінен келе жатқан дәстүр. Алғашқы шамандардың әйелзатынан шыға бастауының және билік пен басқару ісінде әйелдердің салмағы басым болуының өзі матриархат кезеңіндегі ай құдайын әйел бейнесінде сипаттауынан басталады. Түркілердің арғы бабалары ғұндарда айға құлшылық жасау сенімдері күшті болғандығы турасында С.Жолдасбаев өз кітабында жазады: «Ғұндар жыл сайын көктемде өздерінің ата-бабаларына, аспан мен жерге, аруақтарға құрбандық шалған. Тәңірқұт, күн сайын, таңертең шығып келе жатқан күнге, кешқұрым айға тағзым еткен. Әсіресе жаңа туған айдың бірінші күні ерекше құрметтелген. Қазақтарда да сондай ырым бар. Олар жаңа туған айды көргенде ай көрдім, аман көрдім, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке деп бас иіп тағзым етеді. Ғұндар істі бастаудан бұрын айға қарап, ай толық болса бастаған. Соғыста да айдың толық кезінде шабуылға шығатын болған. Егер ай орталанып бара жатса, соғысты дереу тоқтататын. Ай мен күнге табыну бүгінгі қазақтарда да орын алып келеді. Міне, бұл нанымдар ғұндар мен қазақтардың мерзімі жағынан орасан алшақ жатса да, олардың этникалық жағынан туыс екенін байқатады. Жаңа айдың алғашқы тууында мемлекет басшылары, кіші хандар мен уәзірлер Тәңірқұт ордасы жанындағы ғибадатханаға барып, кіші жиын өткізетін болған. Ал айдың бесінші жаңасында барлығы Луң-чыңға (Айдаһар қалаға) барып үлкен жиын өткізген. Күзде, жылқы семірген кезде, Дәйлин тауына барып, бүкіл халықтық жиын өткізіп, көкке, жерге, ата-баба аруағына арнап құрбандық шалған, мал жанның есебін алған» [8, 66].
Тек қазақта емес, оғыз тайпасының дүниеге келуі туралы аңызда да ай құдайының тікелей себебімен пайда болғандығы айтылады. Оғыз хан Ай құдайынан туылады. Осы «Оғыз-наме» жәдігері бізге дейін ұйғыр жазуымен жеткен. Оғыз қағанның дүниеге келуіне Ай құдайы тікелей ықпал еткендігі былайша суреттеледі: «Болсыншы деді олар, оның сиқы осылай. Енді мұнан соң сүйініш тапты. Тағы күндерде бір күн Ай қағанның көзі жарқ етіп [ашылып], ер бала туды. Осы ұлдың өңі шырайы көк еді, ауызы оттай қызыл еді, көздері қызғылт, шаштары, көріктірек еді. Осы ұл анасының көкірегінен татып көріп, одан кейін ембеді; шикі ет, ас, шарап сұрады. Тілге келе бастады. Қырық күннен соң өсті, жүрді, ойнады. Аяғы өгіздің аяғындай, белі бөрінің беліндей, жауырыны бұлғынның жауырынындай, кеудесі аюдың кеудесіндей еді. Тұла бойын түгел қалың түк басқан еді.» [9, 36].
«Оғыз-намеде» Оғыз қағанды Ай қаған дүниеге әкелгендігі айтылады және оның ер жетуі мен жорыққа шыққан кезде алдында бөрі тотемінің жүріп отыруы мұның барлығы шамандық наным аясындағы адамды жебеп жүретін киелі рухтар болғандығы анық. Батырдың тез ер жетуі мен оны киелі аңдарға ұқсап туылуы шамандық сенімдегі аналық культінің басым кездегі дүниеге келген аңыз екендігін көрсетеді. Аналық тап билік құрған тұстағы Ай құдайынан туған Оғыздың үйленуі турасында Х.Короглы былай деп жазады: «Своеобразную генеалогическую легенду представляет собой экспозиция уйгурской рукописи «Огузнаме». Здесь Огуз проходит почти все этапы формирования эпического героя: он родился от небесой женщины Ай-хан (Луна-царица), избавляет людей от носорога, в результате чего фактически получает инициацию. Дважды вступает в брачные отношения (сначала с мифическим существом, затем с земной женщиной), ведет завоевательные походы» [10, 102].
Оғыз хан өз балаларының атын да Күн, Ай, Жұлдыз қоюы да осы шамандық нанымдағы табынатын құдай атаулары болғандығын байқатады. Матриархат кезеңіндегі қалыпты ұғымда Ай құдайының алатын орны айрықша болғандығын айттық. Матриархат дәуіріндегі Ана-құдайлар кейінгі дәуірлерде қатты өзгеріске ұшыраған. Кейін уақыт өте келе аналық культтың орнын аталық кие басады да, түркі халықтары арасында әйел елтілер (бақсылар) өз орнын ер бақсыларға босатып берген. Оның басында Қорқыт бақсы тұрғандығы анық. Себебі, Тәңірі ер бейнесінде көрініс тапқандықтан оған табынушылар мен онымен экстаздық тылсым дүниеге кіре алатын бақсылар да ер адам болуы қадағаланған.
Алғашқы діндер пайда болған тұста да ер құдайлар дәріптелген. Кейінгі монотеистік дінді таратушы пайғамбарлар да ер адамдардан таңдалған. Бұл патриархат дәуірінің толық үстемдік орнатқандығын дәлелдейді.
Түркі қағанатына дейін де біршама діни ағымдар жайылған болатын. Олардың қатарына зороастризм, будда, нестоиандық, христиан ағымы мен манихейзмді де айтуға болады. Бұлардың көпшілігі сауда-саттық кезінде сырттан келген керуеншілер, миссионерлік бағыттағы саяхатшылар таратып отырды. Діни ағымдардың таралуына ешқандай қысымшылық жасалмады. Бұл діни ағымдар Түркі қағанаты тұсында қатты белең алып, дін жолындағы қақтығыстарға ұласпағанымен, кейін Ұйғыр қағанаты тұсында біршама күшейді. Әсіресе Манихейзм діні күшейіп қағанаттың ресми дініне айналғаны белгілі. Манихейзм дінінің өкілдері түркі тайпалары арасына өзінің ілімімен қатар жазу емлесін де ала келді.
Манидің таратқан ілімін басқа діннің өкілдері мойындай бермеген. Ол өзін пайғамбармын деп жариялағанымен оның басқа пайғамбарлар сияқты мұғжиза көрсететіндей қабілеті болмаған. Сондықтан да христиандар мен мұсылмандар оны мойындаған жоқ. Манидің еңбектері жайында алғаш жазған адам Бируни болатын. Бируни «Шапуракан» кітабын тарихи деректерді анықтау үшін ғана пайдаланған. Оны пайғамбар деп мойындамаған, кезінде кеңінен тараған сиқырлықты жақсы игерген, әрі сол дәуірде тараған діндерден ұрлап өзін пайғамбармын деп жариялаған, сондықтан да Маниді жалған пайғамбар дейді. Бируни Манидің өзіне жаратушы тарапынан уахи келді дегеніне күмәнмен қарайды, ел ішінде жүріп қандай да бір мұғжиза көрсеткендігіне сенбейді.
Мани өз ілімін Шапур патша тұсында жая бастағандықтан өз еңбегін «Шапуракан» деп атаған. Бұл кітап кейінгі кезеңдерге толықтай жетпеді. Өзі Иран жерінде зардушт дінінің өкілдері тарапынан қысымға ұшырай бастады. Бахрам патша тұсында зардушт діні өкілдерінің қарсылығы негізінде патша оны өлімге кеседі. Мани өлген соң оның ісін шәкірттері Сисин, кейін Иннай жалғастырады. Батыс шіркеуінің насихатшылары мани ілімін копт тілінде жазса, шығыстағы ресми шіркеу тілі – соғды тілі болған. Вавилон кезінде манихейзм дінінің орталығы болған. Түркі тайпалары ішінен ұйғырлар осы мани дінін Түркі қағанаты тұсында қабылдай бастайды. Түркі қағанаты ыдыраған соң 747 жылғы ұйғырлар ішінде болған қырқыс кезінде манихей мен несториан ағымдағылар да бір-бірімен жауласып кетеді. 763 жылы Мойыншор хан жеңіске жеткен соң манихейзмді қолдап, оны мемлекеттік деңгейге шейін көтереді. Осы кезден бастап Ұйғыр қағанаты діни мемлекетке айналады, билік мани дінінің өкілдеріне беріледі. Хан тек әскери істермен ғана айналысатын билігі шектеулі жанға айналады. Қағанатты емін-еркін билеген манихейшілер басқа діни ағымдарға қарсы күресті бастайды.
Түркі қағанаты тұсында ата-баба сенімімен еркін жүрген түркі тайпаларына ет жеуге, кісі өлтіруге, шабуыл ұйымдастыруға тиым салады. Бұл тиымдар ат үстінде өмір сүрген, жауынгерлік рухта тәрбиеленген түркілердің санасына сыймайтын әрекеттер еді. Бар олжасын ат үстінде жүріп аңшылықпен, жаугершілікпен табуға дағдыланған түркілер үшін манихейзм діні әсерімен қабылданған бұл жарлық өте ауыр тиді. Халық еттен бас тартып, жер өнімін тұтынуға мәжбүр болды. 840-847 жылы қырғыздар манихейзм дінінің өкілдерінің шектен шығуына наразы болып Ұйғыр қағанатына шабуыл жасайды. Қырғыздардың соққысынан есін жимаған мани дінінің өкілдері оныншы ғасырға дейін Самарқанд жерінде ғана өз ағымын сақтап қалады. Кезінде Қытай жерінен бастап Еуропаға шейін, Солтүстік Африка аралығына дейінгі жерлерге жайылған дін ислам діні күшейген тұста жер бетінен біржола жойылып кетеді.
Мани дінінің өзі жойылғанымен кейін ортағасырлық шығыс әдебиеті мен батыстың әдебиетінде өз әсерін қалдыра білді. Соның бірі шығыстың фольклорына, ортағасырлық прозалық шығармаларына кеңінен жайылған суретке ғашық болу мотиві болғандығын айтуымыз керек. Мани өз дәуірінің аса дарынды суретшісі әрі көркем жазудың теңдессіз шебері болған адам. Мұсылмандық ұғымда Маниді парсы көркемсурет өнерінің атасы деп есептеген. Өзінің діни ілімін тарату жолында арамей жазуын негізге ала отырып өзінің жазу үлгісін де ойлап табады. Кейін түркі халықтары арасына кең тараған тарихта «ұйғыр жазуы» деген атпен қалған осы жазу үлгісінде көптеген түркілік шығармалар дүниеге келді. Ұйғыр қағанаты тұсында сурет салу өнері мен тасқа бейнелеу өнері айрықша дамиды. Батыс елдері «Шын-машын» елінің өнері деп ерекше тамсанған бейнелеу өнері халық әдебиетінен орын алғандығын көреміз.
Түркі халықтары ішінде бейнелеу өнерімен қатар жазба жәдігерлердің біразы осы ұйғыр жазумен бізге жетті. Сол дәуірлерде дүниеге келген жазба жәдігерлер турасында өзбек ғалымы Н.Рахмонов былай деп жазады: «Көне түркі әдебиеті туралы сөз қозғалса, әдетте көбіне орхон-енисей жазу жәдігерлері тілге алынады. Бірақ көне түркі әдебиеті тек қана осы жәдігерлермен шектелген емес, бәлкім оның қолдану аясының одан да кең болғандығын көрсетеді. Көне түркі әдебиеттің басталуынан бүгінгі күнге дейін жеткен мәтіндерді қарастырғанда орхон-енисей жазулары көне түркілік әдебиеттің бір саласы екендігін көрсетеді. Орта Азияда қарқынды дамуда болған зәрдушттік, шамандық, манилік, будда секілді діни ағымдары да кезең-кезеңімен ағымдағы түркі әдебиетін қалыптастырды.» [11, 12].
Зәрдушт діні ирандықтардың ең ежелгі діні болғандығы және оның көрші отырған елдерге тигізген әсерін жоққа шығара алмаймыз. Осы діндегі мейірімділік құдайы Ахура Мазданың бейнесі түркі, моңғол, алтай халықтарының фольклорында да өзіне лайық орын алғандығын көреміз.
Бір жағы Орта Азия, екінші жағынан будда діні арқылы түркілер арасына тараған ізгілік құдайы Ахура Мазда ұғымы кейін моңғол және алтай халықтарының санасына біртіндеп сіңіп, олардың фольклорынан да өзіне лайық орын алады. Моңғол, Сібір халықтарында кездесетін осы зәрдушт дінінің элементтері турасында айта келе, оның таралу кезеңдері жайында А.М.Сагалаев былай дейді: «У ряда центрально-азиатских народов произошла контаминация верховного небесного божества Хормусты с «ураническим божеством государственных шаманских культов...Вечным синим небом». В среде тюрко-монгольских народов судьба иранизма «Хормузда-Хормуста» было во многом связана с распространением буддизма. В монгольской летописи ХҮІІ в. «Алтан Тобчи» говорится о том, что Чингизхан был перерождением Хормуста-тэнгри, а также рассказывается, как «могущественный Хормуста-тэнгри пожаловал августейшему владыке за прежние добродетельные дияния драгоценную нефритовую чашу...» Под воздействием буддизма, которому чужда идея монотеизма, и шаманства, адаптирующего все нововведения, образ Хормусты претерпевает серъезные изменения»[12, 49].
Түрік қағанаты мен Ұйғыр қағанаты тұсында жазба әдебиеті дами бастады, кейін отырықшы түркілерде жазба әдебиеті өркендеді, ал көшпелі түркі тайпаларында фольклор ерекше дамыды. Фольклорда өзге діннің әсері негізінде енген персонаждар уақыт өте келе көптеген өзгерістерге де ұшырап отырған. Мысалы алтай халықтарындағы Хормуста тәңірінің бейнесі уақыт өте келе солғынданып, идеалдық бейнесіне көлеңке түсе бастайды. Ендігі жерде Хормуста-тәңірінің бейнесі жаман жағынан көрініс табады. Мысалы, алтайлықтардың «Курбустан» эпосында Хормуста-тәңірі отыз үш дінсіздердің (кәпір) жаратушысы ретінде суреттелуі зәрдушт діні мен будданың ұғымдарынан алшақ жатқандығын көрсетеді.
Батыс моңғолдар мен оңтүстік алтайлықтар және бірқатар Сібір халықтарының фольклорында Хормуста-тәңірі жамандық рухқа айналып, енді алтайлықтарда «көрмес», моңғолдарда «Хормукчин» болып адамдарға қастық ойлаушы қаскөй бейнеге ауысып кеткендігін көруге болады. Бұдан кезінде ирандықтардан кірген діни элементтердің шамандықты ұстанған халықтардың санасынан өзіне тиесілі орынды өз деңгейінде дұрыс таппағандығын, көшпелі халықтың болмысына орай көптеген өзгерістерге ұшырап отырғандығын байқаймыз.
Мұндай өзгерістердің алтай халықтарының фольклорында да орын алғандығы турасында Сагалаев та айтып өтеді. Оның айтуынша Юч-Курбустан алтайлықтардың мифологиясы мен эпостарында негізінен монғолдардан алтайлықтарға ауысқан Хормуста бейнесінің ұлттық түрлену нәтижесінде пайда болғандығымен түсіндіреді. Хормустаның буддалық бейнесі және шаманданған Хормуста-тәңірінің алтайлықтардың дәстүрлі сеніміне өз әсерін тигізгенімен, бұл құдай бейнесінің мейлінше өзгергендігін көрсетеді. Кейінгі уақыттардағы алтайлықтардың нанымдық жүйесіне Хормустаның кіргендігі олардың эпостары мен мифтерінде аты аталатындығынан да көруге болады, алайда шамандық нанымдарда оның бейнесі мүлде кездеспейді дейді[12, 57].
Шыңғыс ханның туылуы туралы айтылатын аңыздардың көпшілігінде оның Хормуста-тәңірінің қолдауымен туылғандығы, оның шексіз билікке де сол тәңірінің арқасында қол жеткізгендігі айтылады. Бұл бір жағы сол кезеңде буддалық ілімнің түркілер арасында кеңірек тарала бастағанынан болса керек. Қанша дегенмен шамандық сенімде табиғатпен байланысты сенімдер көп еді, бұл буддаға ұқсас болғандықтан шаман нанымында қалған тайпалар кейін будданың ықпалында кетті. Оның мысалы, қалмақ, моңғол, тыва, хакас секілді шамандықта қалған халықтар кейін будда дініне өтіп кетті. Бұл жерде де А.М.Сагалаевтің тұжырымына сүйенер болсақ: «У ряда центрально-азиатских народов произошла контоминация верховного небесного божества Хормусты с «ураническим божеством государственных шаманских культов...Вечным синим небом». В среде тюрко-монгольских народов судьба иранизма «Хормусда-Хормуста» была во многом связана с распространением буддизма. В монгольской летописи ХҮІІ в. «Алтан тобчи» говорится о том, что Чингизхан был перерождением Хормуста-тэнгри, а также рассказывается как могушественный Хормуста-тэнгри пожаловал августейшему владык за прежние добродетельные деяния драгоценную нефритовую чашу» [12, 49].
Ә.Қоңыратбаев өз еңбегінде шамандықтың будда іліміне жақындығын дұрыс пайымдаған. Ол өз еңбегінде көшпелі ғұн тайпалары Моде хандығының тұсында әлі шамандық сенімде болмағандығы турасында жазады. Шамандық сенімнің Тибет арқылы көшпелілерге келгендігін айтады: «Хун патшасы Мо-Дэ күндіз күнге, түнде «ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп айға табынған. Шаман культі ол кезде туа қойған жоқ еді. Егер туа қалған болса, күнге табынып, соның құрметіне жылқы шалатын сақ тайпалары да, бәнуге (күнге) табынатын тибет елі де, Шамаш деп күнге сыйынатын үнді-бабыл елдері де өздерін шаман дінінде түсінуі мүмкін ғой. Ал шаманизм көбіне тек тибет, моңғол, түркі тайпаларында ғана бар. Рас, шаманизм буддизмнің бір мазхабы болған. Ол ҮІ-ҮІІ ғасырларда Үнді елінен Тибет пен Қытайға, содан соң түрік-моңғолдарға өткен. Үнді жұрты бақсыны «бхихшу» деген. Айырмашылығы – Қытай, Тибет, Моңғолдар лама арқылы бұтқа табынса, түріктер аруаққа (онгонға) табынған»[13, 116].
Қазақтар арасына тараған Шыңғысхан туралы айтылатын аңыздар сол шаманизм нанымы тұсында дүниеге келгендігі анық. Дегенмен Шыңғысханның дүниеге келуі туралы осы аңыз зороастризм дініндегі аңызға өте жақын келеді. «Динкард» кітабында пайғамбар Зәрдушттің дүниеге келуі туралы баяндайтын тұсын мынадай жолдармен береді: «Әлемді жаратушы Жаббар құдірет жердегі Фраһим әулетіне аташгаһ (отқа сиынатын ғибадат орны) тұрғызып, оны ешқандай құралсыз-ақ өз құдіретімен тұтандырып, от жағып қояды. Отты көрген соң Фраһимнің әйелі жүкті болады да, айы-күні жеткен соң бір қыз бала дүниеге келеді. Оның атын Дуғду (Доғдуа) деп қояды. Доғду он бес жасқа толғанда Жаратушы оған сәуле жібереді де, ол от қыз жатқан жердің айналасын ерекше бір жарыққа бөлейді. Осылайша қыз Зәрдуштке жүкті болады» [14, 21].
Зороастризм дінінен тараған ғайыптан туу мотиві кейінірек түркі мен моңғол мифтеріне де ауысқан. Исламға дейінгі дүниеге келген бірқатар көне жазба деректерде қағанның күннің нұрынан жаратылғандығы айтылады. «Монғолдың құпия шежіресінде» аспаннан түскен нұрға жүкті болу мотиві кездесіп отырады. «Алұн сұлу күйеуі Добұн мерген көз жұмғаннан кейін күйеусіз үш ұл туады. Осы оқиғаға орай күмәнданған Белгінүтей мен Бүгінүтей атты ұлдарына Алұн сұлу оқиғаның мән-жайын түсіндіріп: «Бірақ сендер бұл жайдың мәнін түсінген жоқсыңдар. Түн сайын бір ақсары адам біздің үйдің шаңырағын жап-жарық қып кіріп келіп, менің құрсағымды сипағанда, оның нұры жатырыма сіңіп кететін. Ол адам (шығар) күн мен (батар) айдың арасында сары итше еркелеп шығып кететін. Бұл жайды білмей жатып, неменеге күмәнданасыңдар? Тәңірдің берген ұлдары ғой бұлар. Оларды тобырларға теңеуге бола ма? Қарапайым адам қаған болса ғана оның мәнін түсінер»[15, 57].
Шыңғысхан туралы айтылатын аңыз да осыған ұқсас болып келеді. «Есугейдің жесір қалған әйелі туралы айтылады. Сол әйел жесір отырып төрт бала туыпты, байқаса біреу түндіктен от болып түсіп, таң ата есіктен ит болып шығып кетеді екен делінеді. Осыдан келіп Шыңғысхан күн баласы екен дейтін аңыз пайда болған» [13, 202].
Жалпы қағандардың күннің нұрынан жаралуы, күн нұрының қуаты арқылы оның әлемді жаулауы сияқты ұғымдар бұрынғы кезде қағандарға байланысты көп қолданылатын болған. Шыңғысханның аңызынан бөлек Оғыз қаған туралы баяндалатын әңгімеде де күннің сәулесінен жаралған қызға үйлеуі, немесе күн нұрынан жаралған қасиетті бөрінің жол бастауы сияқты оқиғалар айтылады: «Таң ертеңгі шақта Оғыз қағанның шатырына күн сияқты бір жарық түсті. Ол жарықтан көк бурыл, көкжал әйдік бір арлан бөрі шықты. Осы бөрі Оғыз қағанға тіл қатып былай деді: Ай, ай, Оғыз, сен енді Ұрымға аттанып барасың. Ай, ай, Оғыз, мен алдыңда жүріп отырамын» [9, 41-42].
Зороастризм дінінің аңызы мен түркі-моңғол халықтарының аңыздарында да кейіпкердің ерекше жағдайда дүниеге келуіне бір ғана от құдайы Ахура Мазданың әсер етіп тұрғандығын аңғарамыз. Кейінгі дәуірлерде дүниеге келген қаһармандық эпос пен батырлық жырларда мұндай сюжеттер ұшыраспайды. Мұсылман дінінің әсерімен батырларға көбіне мұсылман әруақтар, кәміл пірлер аян беріп отырады. Демек, Шыңғысханға байланысты айтылатын аңызда будда дінінің әсері болғандығын көреміз. Тағы бір аңызда Темучинді өз тайпасының ханы етіп сайламақ болғанда, халық одан шынымен күннің ұлы екендігін дәлелдеуін сұрайды. Сонда шешесінің өтінішімен Темучин садағын күннің сәулесіне, сағымға іліп қояды.
Зоростризм діні басқа діндерге қарағанда ертерек дүниеге келген, ол Иран жеріне ғана тарамаған сонымен қатар Үндістанда да кең жайылған. Ондағы құдай аттары веда ілімінде де ұшырасады. Бұл дін көрші отырған үнділердің сеніміне де әсерін тигізген, осылайша діни аңыздар кейін будда дініне өткен болса, шамандық нанымға да будда арқылы осы зороастризм элементтерінің кіргендігін көреміз. Шыңғысхан туралы деректерге көз жібере отырып, ол жайындағы аңыздарда ата-баба аруағы (онгон) түркілік наным-сенімнен гөрі, будданың ықпалына көбірек түскендігін байқаймыз. Шыңғысхан өз дәуірінде монғолдар арасына кеңінен жайылған Хормуста-тәңіріге көбірек сенгенге ұқсайды. Шыңғысхан туралы көп зерттеген Эренжен Хара-Даван өз кітабында Шыңғысхан аузынан айтылған мынадай деректі келтіреді: «Чингиз-хан закончивал свой ближайшие завоевания на запад и юге; в 1195 г. Покорено племя сартагол (сарты), 1196 год приносит покорение Тибета; затем покоряются три провинции Кара-Тибета. Тогда Чингис-хан устроил великие торжества, вернувшись с одного похода, учредил производство и раздачу наград своим военоначальникам, раздавая народу сокровища, Чингиз-хан, как повествует Саван-Сецен, заявил тогда народу: «Согласно повелению высшего царя, Тенгри, Хормузда, отца моего, я подчинил 12 земных царств, я привел в покорность безграничное своеволие мелких князей, огромное количество людей, которые скитались в нужде и угнетении, я их собрал и соединил в одно, и так я выполнил большую часть того, что я должен был сделать. Теперь я хочу дать покой моему телу и душе» [16, 65].
Шыңғысханға байланысты айтылатын осы секілді аңыздарда зороастризм элементтері көрініс бергенімен, от құдайы Ахура Мазда бейнесі қазақ фольклорына онша көп кіре алмаған. Оған бір жағы Түрік қағанаты кезінде қалыптасқан көк тәңірі туралы діни сенім ел жадында берік орын тепкен, екіншіден ислам дінін қабылдаған соң бұрынғы наным-сенімдердің орнына жаңасы орныққан. Ислам дінінің шарттары мен салттары қабылданған соң, бұрынғы түсінікке қарсы соққы берілді. Соның өзінде қазақ арасында шамандық нанымның қалдықтары сақталып қалды, бұның өзі кезінде ұстанған қазақ халқы үшін әлемді жаратушы Көк Тәңірі мен адамды жебеп жүретін тотем-бабалар мен аруақтар туралы сенімнің күштілігінен болса керек. Алтын орда ханы Өзбек хан тұсында бақсы-балгерлер қуғынға ұшырады, ортадан аластатылды оның есесіне шариғат заңы күшейтілді. Ескі нанымға деген осындай әрекеттердің әсерінен Алтын Орда тұсынан бастап мұсылманшылыққа көше бастаған көшпелі түркі тайпалары кейін буддизм арқылы тараған аңыздарды біржолата ұмыта бастаған.
Шамандық нанымда қалып, кейін будданы ұстанған моңғол, алтай, сібір халықтарының фольклорында Ахура Мазданың өзгерген түрі Хормуста-тәңірі бейнесі көптеген уақыттар бойы сақталып қалған. Алайда, шамандық наным алтай халықтарында басымдыққа ие болғандықтан будданың көптеген элементтері де олардың наным-сенімдеріне тереңдеп ене алмағандығын көреміз. «Авеста» кітабынан тараған, будда ілімі арқылы түркі-моңғол халықтарына сіңген діни нанымдардың барлығы дәл қалпында халыққа тарап, ондағы айтылатын қайырымдылық құдайлары тек жақсы жағынан көрініс тапқан деуге келмейді. Зәрдушт дінінің құдайлары туралы айтылатын сюжеттер түркі халықтары арасында өзінің бастапқы функциясынан, толық бейнесінен айрылып, басқа формаға еніп, фольклордағы жағымсыз кейіпкердің орнын толтырып жататын жәйттер аз кездеспейді. Шамандық наным кезінде сырттан келген діни нанымдарға мейлінше қарсыласып, өз қауқарынша қарсы тұрғандығын осыдан-ақ көруімізге болады.
Түрік халықтары көне дәуірлерден бері қарай бірнеше діни ағымдардың ықпалында болып, сол діндердің кейбір көзқарастарын өз бойына сіңіре алған. Ол жайында ескіден келіп жеткен бірлі-екілі діни қолжазбалар да бар болса, сол діннің ұстанымына сай ел ішіне тараған уағыз, ғибадаттардың өзгерген түрлері фольклорымызға да ауысып отырған. Кезінде түркі халқының өз төлтума жазба мәдениеті болған, іргелі мәдениеті өзгелерге ықпал еткен, мемлекеттік құрылым жүйесі қалыптасқан әрі Еуразия аймағында ірі-ірі империялық жүйе қалыптастырып өзгелермен терезесі тең халық болған. Түркілердің жазба ескерткіштерінің даму кезеңдеріне ой жібере отырып руникалық жазбаның пайда болуы мен жазба мәдениетінің қалыптасу дәуірі ұзақ жылдарға созылғандығын көруге болады.
Б.д.дейінгі ғасырлардан бастап Түрік қағанаты тұсына дейін түркілер руникалық түркі жазуын қолданған болса, Ұйғыр қағанаты тұсынан бастап, араб емлесі кіргенге дейін тарихта «ұйғыр жазуы» деген атпен қалған жазу үлгісін қолданған болатын. Манихейзмді тарату мақсатында түркі тілінде жазылған «Хуастуанифт» секілді ұйғыр жазу үлгісімен көптеген шығармалар жарық көрді. Жазудың бұл үлгісі ХҮ ғасырға дейін қолданылғандығы туралы деректер ұшырасады. Бұл жазу үлгілерінің тілі көне түркі тіліне жатады. Ол турасында профессор Н.Рахмонов былай деп жазады: «Алтын жарық», түркі тілдерінің топтастыру кезеңінен бұрынғы, көне түрік дәуіріне (Ү-ҮІІІ ғасырларға) тиесілі. Сондай-ақ, жазба жәдігерлер тілі, әсіресе түрік-ұйғыр жазуындағы жазба жәдігерлердің тілі қай жағынан алып қарасақ та «Алтын жарық» көне түркі жазба әдеби тілге айналған кезеңге жатады. «Алтын жарықтан» басқа, түрік-ұйғыр жазуындағы манилік ағымында жазылған жазба жәдігерліктер, құқық жайлы құжаттар, буддалыққа тиесілі «Майтри смит» және басқа жанрлардағы жазба жәдігерлердің тілдік ерекшелігі де көне түркі дәуіріндегі жазба әдеби тіл негізінде қалыптасқандығын көрсетеді» [17, 17].
Бұл жазбалар белгілі бір дінді насихаттау үшін жазылғаны анық, алайда сол дәуірдің жәдігері саналатын бұл жазбалар түркі жұртының асыл қазынасына жатады. Дегенмен қазақ әдебиетінде әлі күнге дейін ұйғыр жазуымен жазылған әдебиеттер тереңінен қарастырылған емес. Тілдік құрылымы, әдеби тілдік жағы да қазақ филологиясында әлі күнге өз зерттеушілерін күтіп отырған жайы бар. Минихейзм дінінің қазақ фольклорына тигізген әсері де әлі күнге толығымен қарастырылмай, зерттелмей қалып келеді.
Манидің таратқан ілімі түркілер арасына өзімен бірге жазуын және суретшілік өнерін ала келді. Манихейзмнің күйреуінің басты себебі мұнда жаратушы бір құдайдың айтылмауы еді. Өзге діндегі құдайлардың барлығын өз дініне енгізгенімен мұның ешқайсысы жаратушының функциясын анықтай алмады. Алғашында қолдау тапқанымен кейін өзге дін өкілдері тарапынан қысымға ұшырай бастады. Өзінің іліміне қолдау көрсеткен Иран патшасы Шапур І патша тұсында ілімін елге жайды. Сондықтан да Мани өз еңбегін патшаның атымен байланыстырып «Шапуракан» деп атаған. Бұл кітап біздің дәуірге толық жетпеген. Бұған зәрдушт дінінің өкілдері өзін өлтірген соң кітабын да құртып жіберуі себеп болды. Мани ілімі отырықшы халықтар арасында тез тараған. Түркілер арасына тарауына сол кездегі отырықшы соғдылардың әсері болған еді. Орта Азиялық соғды саудагерлері мани ілімінің насихатшылары болған болса, Шығыстағы ресми шіркеу тілі – соғды тілі болу себебі де содан. Түркі халқы ол тұста жартылай көшпелі, жартылай отырықшылыққа бейімделген еді. Түрік қағанаты тұсында бірнеше қалалар болғаны тарихтан белгілі. Оның үстіне қоғам да алғашқы қоғамнан феодалдық формацияға ауысқан кез еді. «А.Н.Бернштам ежелгі түріктер феодализмге бейімделе бастады десе, Л.Н.Гумилев оларды варварлықтың ең соңғы сатынсында тұрған әскери демократия деген. Бұл сатыда темір табылып, өркениет элементі – жазу туды, ерлік рухы дамып, эпостық жырлар пайда болады, жерді меншіктеу туады, әскери көсемдердің билігі күшейді деген пікірдің негізі бар. Қоғамдық ғылымдар тарихына қарап отырсақ, ҮІ ғасырда жұбайлы неке, одан соң моногамия туған»[18, 17].
Феодалдық қоғамға қадам басқан Ұйғыр мемлекеті бір дінді уағыздаған діни бағыттағы мемлекетке айналады. Билік шын мәнінде толығымен мани дінінің көсемдері қолына өтеді, хан билігі тек қана әскери істермен айналысатын әскери басшы деңгейінде қалды, осылайша мемлекетті басқара алмайтын билігі шектеулі жанға айналады. Қағанатты емін-еркін билеп-төстеген манихейшілер сол жердегі басқа діндердің өкілдерімен қызылкеңірдек болғанымен мемлекетте қолөнер, ғылым, бейнелеу өнері жақсы жолға қойылды. Шын-Машынның қолөнер бұйымдары мен өнер туындылары Жібек жолы бойындағы қалалардың сұранысын тудыра алды. Қағазға, матаға салынған суреттер Шығыс пен Батысқа тарап жатты. Бір мәмілеге келе алмаған басқа дін өкілдерінің барлығы оппозиция жағында болды, наразы топтар күшейе бастады. 847 жылы Ұйғыр мемлекетін қырғыздар барып талқандағанда билік басында отырған дін өкілдері бірінші болып қуғынға ұшырай бастайды. Қырғыздар қағанатты өз билігіне алған соң мани ілімін бас көтертпейтіндей етіп талқандады, бұл ағым тек Самарқандта сақтап қалады.
Мани дәулетті отбасынан шыққан еді, жас кезінен бастап көптеген елдерге саяхаттап барып жүреді. Орта Азия мен Иран, Үндістан елдеріне барып жүріп, сол кезде жер бетіне кең тараған христиандық пен будда және зороастризм діндерінің қағидаларын жақсы танысып біледі. Осы үш діннің негізінде өзінің дінін дүниеге әкеледі. Өз дінінде Мани өзінен басқа Будда, Иса, Зороастрді пайғамбар деп таниды және өзін соңғы пайғамбармын деп жариялайды. Зороастризм дінінде әлем егіз ұғымнан жаралған деп қарастырылатын дуалистік миф пен әлемнің жаратылысы туралы айтылатын эсхатологиялық мифтік түсініктерді өз дініне кіргізе отырып, адам жаны туралы будда іліміндегі оның көшпелі екендігі және карма қағидаларын да қабылдайды, Иса бейнесін ала отырып, христиандықтағы сабырлылық туралы түсінікті манихейзмге енгізеді. Шамандықтағы ай құдайының орнына өзін ай құдайымын деп жариялайды. Сол кездегі діни ағымдардан өзіне ұнаған дәстүрлерді енгізіп отырды. Бұл дін бір жағынан прогрессивті еді, сондықтан да көптеген елдерге тарап үлгереді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет