КӨНЕ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТИПОЛОГИЯСЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ
ӨНЕР ИНСТИТУТЫ
КӨНЕ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТИПОЛОГИЯСЫ
Алматы, 2014
ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған
УДК
ББК
Редакциялық алқа:
Қалижанов У.Қ. (төраға), Әлібекұлы А. (төрағаның орынбасары), Қалиева А.Қ. (жауапты хатшы), Ананьева С.В., Әзібаева Б.У., Әлбеков Т., Елеукенов Ш.Р., Ерғалиева Р.Ә., Күзембай С.Ә., Қасқабасов С.А., Қирабаев С.С., Қонаев Д.А., Қорабай С.С., Қосан С.Қ., Мұқан А.О., Ісімақова А.С.
Жауапты редактор: филология ғылымдарының кандидаты
С.Қосан
Жауапты шығарушылар: Б.Тоекина
Пікір жазғандар:
Қорабай С. С – филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Сағындықов Н.Б. – филология ғылымдарының кандидаты
Көне түркі әдебиетінің типологиясы. Ұжымдық зерттеу. – Алматы: ?, 2014. – ? б.
ISBN
Монография түркітанушыларға, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттеріне, магистранттарға және қазақ әдебиеті тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Ұжымдық еңбекте түркі халықтарының көне, орта ғасыр және ұлттық қалыптасу дәуірлерінде туған әдеби мұраларының жанрлық, тақырыптық, образдық жүйесіндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктері анықталады. Әдебиеттанудағы «түркі ренессансы», «қайта өрлеу дәуірінің әдебиеті» сынды кезеңдік ұғымдардың мәні тарихи-салыстырмалы, әдеби-ғылыми тұрғыдан дәйектеледі.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институты, 2014
КІРІСПЕ
Типология – салыстырмалы әдебиеттанудың негізгі әдістерінің бірі. Бұл әдіс бұрынғы уақытта көбінесе фольклор саласында қолданылып келді. Дегенмен, соңғы кездері әдеби мәтіндерді зерттеу барысында типология әдісін қолдану кең өріс тапқаны белгілі. Түркі халықтары әдебиетінің тарихын зеттеуде де тарихи-салыстырмалы және типология әдістерінің берер жемісі мол. Себебі, есте жоқ ескі замандардан бері діні мен ділі, әдебиеті мен мәдениеті бір арнадан бастау алып, көп жағдайда қатар дамыған туыс халықтардың рухани әлемінде ортақ құбылыстар жетерлік. Бұған ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, алшын, қыпшақ, оғыз, қарлұқ, ұйғыр, қырғыз т.б. ұлыс-тайпалардың фольклоры мен этнографиясындағы ұқсастықтар айқын айғақ.
Көркем туындылардың типологиялық әдістер арқылы зерттелуі барысында бірінші орында сюжеттік желілер назарға ілігеді. Мысалы, түркі халықтар фольклоры мен әдебиетін зерттеуші белгілі ғалым Вилгельм Гриммнің «Қорқыт Ата» жырындағы Төбекөз туралы оқиғаға халықаралық сюжеттер қатарынан орын берген еді1. Мұның өзі «Қорқыт Ата кітабының» ерте заманнан жазба түрде жеткен дүниежүзілік атақты эпостардың алтын қорынан маңызды орын алатынын дәлелдейді. Ал, «Оғыз-нама» эпосын ғылыми айналымға енгізген шетелдік және отандық зерттеушілердің қай-қайсысы да алдымен типологиялық сараптауларға ден қойды. Зерттеушілер «Оғыз-нама» және «Қорқыт жырларын» халқымыздың батырлық жырларынан бастап, ежелгі кезеңдер мен орта ғасырларда дүниеге келген әлемдік эпостардың басты қаһармандарымен салыстыра талдауға ұмтылды.
Әрине, ұлттық әдебиеттердің типологиялық байланыстарымен бірге, қайталанбайтын ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, әдеби байланыстар мен әлемдік ауқымдағы «дәстүршілдік» Батыс және Шығыс мәдениеті арасындағы байырғы түсініктерге өз ерекшеліктерін әкелуі анық. Типологиялық талдау, салыстырулар әлемдік әдебиеттегі көркем даму заңдылықтарының сырын ашуға септігін тигізбек.
«Көне түркі әдебиетінің типологиясы» – түркітанудағы маңызды және күрделі мәселелердің бірі. Түркі тілдес елдердің көне әдеби мұраларында бірінен-біріне ауысып жүрген көшпелі сюжеттер мен ортақ мотивтердің шығу негіздерін айқындау да тарихи-типологиялық зерттеу әдісінің еншісінде. Ғалымдардың пікірінше, бұл әдіс әлеуметтік дамудың әр сатысында тұрған халықтардың мәдени тарихын анықтау үшін де тиімді тәсілдердің бірі. Бұл орайда зерттеуші Б.Путилов: «Тарихи-типология зерттеулерінің басты мәні біркелкілік, ұқсастық және айырмашылық нышандарын іздеп тауып, түсіндіру емес, ол тарихи үдерістің даму арнасын белгілеген ортақ заңдылықтардың төркінін іздестіру болып табылады»2 – деп, дәл тұжырымдаған.
Типологиялық тұрғыдағы зерттеу әдістерінің басты ерекшелігі оның синкреттік сипатында жатыр. Себебі, ол филология (әдебиеттану мен тілтану) ғылымының ғана емес, фольклористер мен археологтардың, этнографтар мен генетиктердің де ең тиімді зерттеу әдістерінің біріне айналды. Алайда, бұдан салыстырмалы типология әдісі ылғи да жемісті болады деген ой тумаса керек. Осы тұрғыдан келгенде әр саладағы зерттеушілер, яғни типологиялық зерттеулерге басымдық беретін ғалымдардың елеулі қиындықтарға тап болуы да мүмкін.
Фольклортанушы Е.Тұрсынов: «...Типология әдісінің де осал жері бар. Ол туралы кейінгі жылдары фольклористер ғана емес, археологтар да айта бастады. Тарихи мектеп әдісінің кемшілігі – оның арнасының тарлығы болса, тарихи-типология әдісінің кемшілігі – зерттеуге алынатын мағлұматтардың географиялық ауқымының тым кең екендігінде болып жатыр. Зерттеушінің Азия, Африка, Австралия, Америка халықтары фольклорынан келтіретін мағлұматтарының көлемі жеткіліксіз болса, салыстырылатын мағлұматтардан шын мәніндегі ортақ заңдылықты табуы қиынға соғады. Ондай заңдылықтың нышандары аз материалдың негізінде анық бой көрсеткен күннің өзінде автордың жасаған қорытындасына негіз болған фактілердің бір-біріне сәйкес келуі кездейсоқ болмағанына күмән келтіруге болады»,3 – дей келе, әр топқа кіретін мағлұматтарды концентр (тұрақты шеңбер) құрамында қарастыру керектігін, бірінші шеңберге қазақ, қырғыз, ноғай, түрікмен, қарақалпақ, алтай, тува сияқты генетикалық жағынан туыс халықтар фольклорының материалдарын іріктеп алу керектін атап көрсетеді.
Зерттеушілердің бірқатары, әсіресе фольклордағы типология мәселесін қарастырып келген ғалымдардың көпшілігі эпикалық шығармалардың ішкі құрылысын, типологиялық белгілерін ажыратуда мотивтің атқарар ролін ерекше атайды. Б.Н.Путиловтың пайымдауынша мотивтер біріншіден, сюжетті жасауға қатысатын болса, екіншіден, поэтикалық формалар мен көркемдік бейнелеу құралдарын топтастыруда да негізгі міндеттерді атқарады.4 Жалпы қалыптасқан зерттеу әдістері бойынша мотивтер (сарындар) көркем шығармалардың сюжеттік желісінің қарапайым бірлігі ретінде қарастырылып келеді.
Мотив [motif] - француз тілінде «себепке түрткі болу» деген мағынаны береді. Ал оның әдебиетке қатыстылығы А.Н.Веселовский пайымдауы боынша сюжеттен бір елі де ажырамайтын шағын ғана «жасуша», қарапайым ғана баяндаушы бірлік. Дегенмен, олар стилистикалық формулалар сияқты айқын образдар жүйесі арқылы жанасып кеткенде адам санасын оятатын жүйке жүйесі іспеттес.5 Мысалы, «Қорқыт ата кітабының» негізгі бөлімдері, «Оғызнама» жырындағы мотивтер мен сюжеттер, олардың композициялық құрылымы мен оқиғалардың дамуы, сондай-ақ қаһармандарының сипаттамасы да «Алпамыс батыр» жырымен мейлінше ұқсас. Тіпті, эпостағы кісі аттарына дейін ұқсастық байқалады. Мысалы Бөрібек – Байбөрі, Бамсы – Алпамыс, Банушешек – Гүлбаршын т.б. Бұл мәселе В.М.Жирмунский, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев т.б. зерттеушілердің еңбектерінде де жазылды.
Профессор Ш.Ыбыраев осы мәселе жайында былайша пікір білдірген: «Алпамыс батыр» жырының түп-төркінін, эволюциясын тексеру үшін «Қорқыт ата кітабы» үлкен сенімді тірек екенін көреміз. Бұл желілер «Қорқыттың» бір тарауы болып кітапқа түскенінің өзіне көп ғасырлар өтсе де, оның арғы жағында қанша заман ауызша айтылып келгенін болжау қиын емес. Осының өзі-ақ «Алпамыс батыр» жырының ең көне эпостың бірі дегізеді. Қалай болған күнде де қазақ эпосының генезисін арнайы зерттеп, оның жасалу жолдарын анықтай түсу – алдағы міндеттердің бірі»6
В.М.Жирмунский «Тюркский героический эпос» деген еңбегінде «Алпамыс батыр» жырына негіз болған оқиғалық желілердің төркінін, олардың Алтайдан Орта Азияға дейінгі таралу географиясын шолып өтіп, өзара ұқсастықтарына тоқталып өтеді.
Көне тарихқа көз салсақ, көшпелі түріктердің өзіне тән жазу мәдениеті қалыптасқан және бұл жазу өте ерте замандарда пайда болуы да мүмкін. Еуропа ғалымдары «руна жазуы» деп атаған түрік әліпбиі ІХ-Х ғасырларға шейін түркі тайпалары арасында кеңінен қолданылды. Көк түріктер қағанаты ыдырай бастаған тұста бұл жазу Ұйғыр қағанатында да жалғасын тапты. Ұйғыр қағаны манихейзмді ресми дін ретінде қабылдаған кезде байырғы түркі жазуымен қатар соғдылық жазуға негізделген «ұйғыр әліпбиі» дейтін жазу үлгісі де дүниеге келді және ол руна жазуымен қатар қолданыла бастады. Бұл жазу үлгісінде де көптеген мұралар қазіргі күнге жетіп отыр, бұл да түркі халықтары мәдениетінің жаңа бір кезеңін көрсетеді.
Ү ғасырлардан бастап түркі тайпалары арасында көптеген діни ағымдар пайда бола бастады. Бұл діни ағымдар өзімен бірге әлемнің жаратылысы туралы өздерінің түсініктерін де ала келді. Сол тұста таралған ағымдар уақыт өте келе түркілік дүниетанымда өз іздерін қалдырып отырған. Ол діндердің барлығын түркі жұрты бірдей қабылдай бермеген, мысалы будда ілімінің адамды нәзіктікке тәрбиелейтін қағидалары, мани дініндегі ет жеуге тиым салу секілді көшпелілер табиғатына жат дүниелерді қабылдауға ел ішіндегі дана басшылар қарсы болған, оның елге тигізер зиянын алдын ала болжаған. Дегенмен түркілер арасына жайылған бұл діни сенімдер мен діни аңыздар уақыт өте келе ұмытылғанымен, кейбір сенімдердің іздері өзгеріске түссе де реликті түрде мифтік әңгімелер мен қиял-ғажайып ертегілерде орын алды. Буддалық және зороастризм, манихейзм діндеріндегі құдай аттары, әсіресе шамандық нанымда көбірек болған алтайлықтарда, монғол тектес тайпалар мен сібір халықтарының ауыз әдебиеті мен фольклорында жақсы сақталып қалған.
Әлемнің жаратылысы туралы түркі тектес тайпалардың байырғы шамандық нанымдарымен қатар қалыптасқан нанымдары ендігі кезекте буддалық, христиандық, манихейлік ағымдар таратқан діни аңыздармен де толыға бастаған еді. Дегенмен көк түріктердің сол тұстағы түсінігі бойынша әлемнің жаратылысы мен алғашқы адам баласының пайда болуы, Тәңірінің ғаламдық рөлі секілді маңызды мифтік пайымдар тым тереңге бармаған сияқты. Белгілі түркітанушы Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» атты еңбегінде былайша толғанады: «Түріктер өздерінің өмір сүре бастағанын әлемнің жаратылуынан бері қарай есептеп келді, бірақ олар дүние оншалықты көне емес деп ойлады. Күлтегін жазуы тарихи шолымадан басталады: «Жоғарыда көк аспан және төменде құба жер жаратылғанда [немесе пайда болғанда] сол екеуінің арасынан адам баласы жаратылған [немесе шыққан] болатын. Адам баласы үстінен менің ата-бабаларым Бумын қаған мен Истеми-қаған салтанатты отырды». Сонымен, дүниенің басталуы дәл біздің жыл санауымыздың ҮІ ғ. деп белгіленген. Демек, оның тұсында дүниенің жаратылғанына не бары 200 жыл ғана болған. [1, 340].
Жалпы ел басын біріктіріп, қуатты мемлекетке айналдырған көсем кейін өзге жұрттарды өзіне қаратқан соң хан атына қосып қаған атағын да иеленген. Сол кездегі түсінік бойынша оның шексіз билікке ие болуы тәңірінің қалауымен болып жатқан іс деп иланған. Өзге тайпалардың үстінен билігін жүргізген хан тұқымдары өз үстемдігін баянды ету үшін ата-бабаларының тегін еместігін, тәңірдің назарында болған киелі де бекзат тұқым екендігін айтып ол туралы аңыз тарататын болған. Оған тарихтың өзі куә, мысалы Оғыз қаған, Шыңғыс хан секілді дарынды қолбасшы, жеңімпаз қаған туралы жазылып қалған кітаптарда оның ерекше жағдайда дүниеге келгендігі айтылған. Демек сол кездегі қалыптасқан ғайыптан туу мотиві кейін фольклордағы тұрақты мотивке айналған. Бұл түсініктер қиял-ғажайып ертегідегі басты кейіпкердің дүниеге келуі секілді оқиға қаһармандық эпосқа да тән, батыр ерекше жағдайда дүниеге келеді. Демек ол тегін адам емес. Ол адам қайтыс болған соң да оның киелі рухы ұрпақтарын желеп-жебеп отырады деп түсінген.
Түрік қағанатын құрған Естеми, Бумын қағандар кейін аңызға айналғанға ұқсайды, осылайша бұрын құрбандық беріп келген киелі мекендер сияқты уақыт өте келе түрік қағандарының ата-бабаларының басына орнатқан тас кешендер де киелі орынға айналады. Оған дейінгі киелі мекендер замандар өткенде ұмытылып, ескі киенің орнын жаңа кие ауыстыра бастаған.
Расында мәдениетке қарағанда әдебиет қоғамдық-этникалық, тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты біршама ұлттық сипаттарға ие. Осындай жағдайда діннің де атқаратын рөлі маңызды. Мәселен, кейбір тайпалар тәңірлік немесе шамандық, енді біреулері будда, манихей, христиан дінін тұтынса, тағы бір халықтар зорастра сенімінде болуы олардың рухани өмірінде терең із қалдыруында шүбә жоқ. Қазірдің өзінде ислам дінінен басқа христиан, будда дінін ұстанатын бірсыпыра түркі этностары бар. Ал, сенім көзқарасының алуандығы олардың мәдениеті мен әдебиетіне де түрліше сипат дарытары сөзсіз. Алайда, біз қарастырып отырған Орта ғасырлардағы Алтынорда, Шағатай (Мәуренәһр), Хорезм мемлекеттерінің негізгі тұрғындары ислам дінін ұстанғандықтан, олардың фольклоры мен әдебиеті бірыңғай идеологиялық кеңістікте қалыптасқанын көреміз. Олардың бір-біріне іргелес, яки өзара бағыныштылық жағдайда өмір сүруі де әдеби-мәдени ықпалдастықтың тарихи алғышартын жасады. Әлбетте, Османлы, Мәмлүктер тұсындағы әдебиет туралы да осыны айтуға болар еді. Сондай-ақ, аталған мемлекеттердің ежелгі қытай, грек, үнді, парсы, араб елдерімен тарихи-саяси, сауда-саттық, діни қарым-қатынастары да түркілердің мәдениетіне, әдебиетіне, тіпті, тіліне де едәуір әсер етті дей аламыз.
Түркі жазбагерлігі, әсіресе, парсы әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Мұның саяси-әлеуметтік және мәдени-тарихи алғы шарттары да болғандығын ескерген жөн. Көне тарихқа көз салсақ, Х-ХІҮ ғасырларда ежелгі Иран жері түркі қағандары мен сұлтандарының иелігіне қарады. Осы дәуірлерде атақты парсы эпосы «Шаһнама» туғаны да мәлім. Арабтың «Мың бір түні», үндінің «Тотынамасы» да парсы тілі арқылы түркі далаларына тарап жатты. Ирандық «Шаһнамаға» жауап ретінде Жүсіп Баласағұнның түркі тіліндегі тұңғыш дастаны – «Құтадғу білік» жазылды. М. Қашқари, А. Йасауи, А. Йүгінеки сынды ойшылдар мен шайырлар да соңдарына көптеген құнды мұра қалдырды. Сопылық поэзия рухани өмірге өз өрнектерін ала келді. Қалай дегенмен, араб-парсы классикалық әдебиеті мен оның көрнекті өкілдерінің поэзиясы түркі әлемінде терең із қалдырғаны аян.
Орта ғасырда Ә.Фирдауси, Х.Деһлеуи, Ә.Жәми, Хафиз, Сағди, Низами секілді парсы тілді шайырлар батырлық және ғашықтық жырларын төгілте жырлады. Ұзамай, олардың таңдаулы шығармалары түркі тілінде сөйлеп, нәзирашылдық әдісі кең өріс алғаны белгілі. Мәселен, «Гүлістан би-т-түрки», «Хұсрау мен Шырын», «Қисса-и Йусуф», «Нехджу-л-фарадис», «Жұмжұма сұлтан», т.б. парсы шайырларының дастандары мен Шығыс сюжеттері – түркі тілін еркін сөйлеткен нәзирашыл әдебиеттің жемісі. Бір ғажабы, аталған шығармалардың басым көпшілігі қыпшақ тілді ортада туындаған екен. Оны әр бір жазба мұраның тілдік ерекшеліктері де, түркі ғалымдарының зерттеулері де толық дәлелдейді.
Әрине, Орта ғасырдың әдеби сюжеттері тек өз дәуірімен, түркі-мұсылман әлемінің оқиғаларын қамтумен шектелмеген. Нәзира дәстүрінде дамыған түркі-қыпшақ әдебиетінде ежелгі үнді, грек аңыз-әпсаналарынан бөлек Інжіл, Құран сияқты қасиетті діни кітаптар арқылы енген көне сарындар да ұшырасып қалады. Әдебиет пен фольклорда әлемдік мифтер деп аталатын ежелгі дәуір сюжеттері мен көне түркі топырағында туған аңыздық мотивтер, қала берді тарихи оқиғалардың сілемдері – ескі қыпшақ әдебиетінен кең көрініс тапқан. Сондай-ақ, түркілердің жазба әдебиеті мен олардың ауыз әдебиеті арасындағы сарындастық, сабақтастық жайында да арнайы зерттеуге тұрарлық қадау-қадау мәселелер баршылық. Әлбетте, «Түркі халықтары әдебиетінің типологиясы» дегенде біз ең алдымен, қазақ әдебиетіне тарихи-мәдени және тілдік тұрғыдан етене жақын ескі қыпшақ әдеби мирасына көбірек назар аударуға ұмтыламыз. Бұл түсінікті де. Өз ұлтының этномәдени және әдеби құндылықтарын үйреніп, игеріп қана қоймай, оларды ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуге, айғақты түрде дәйектеуге бел буған әрбір түркітанушы осындай қадамға еріксіз барады. Алайда, салыстырмалы әдебиеттану немесе тарихи-типологиялық сараптау әдістемесі түркі халықтары әдебиетін оқшаулағаннан гөрі, керісінше, олардың мәдени-рухани жақындықтарын айқындай түсетіндігін де ескеру абзал.
Әлем әдебиетіндегі сияқты ортағасырлық түркі әдебиетінің сюжеттерін жалпы адамзатқа ортақ мәңгілік тақырыптар мен мотивтер құрайды. Әдетте, айталық, дүние жүзінің көптеген халықтары басынан өткерген ежелгі классикалық әдебиет, қайта өрлеу немесе ояну дәуірі әдебиеті делінетін шығармаларда діни сюжеттерден басқа негізінен, ғашықтық, батырлық, кемел қоғам, қайырымды билеуші, әділ немесе жеңімпаз патша сарындары басты арқау болған. Ал, ол тақырыптық сюжеттердің өзін көптеген композициялық және іс-әрекет мотивтері құрайтыны тағы бар.
Ертедегі Тұран және Иран даласында туып-өскен ерекше дарын иелерінің әлем әдебиеті мен ғылымға қосқан үлестері негізгі үш арнада көрініс берді. Бірінші арна – М.Хорезми, Әл-Бозжани, Әл-Бухари, Әл-Фараби, Әбу-Райхан Әл-Бируни, Әбу Әли Ибн-Сина т.б. зиялылар шығармаларын араб тілінде, екінші арнадағы – Низами, Жәми, Рудаки, Фердоуси, М.Х.Дулатилар туындыларын парсы тілінде, ал үшінші арнадағы – Ж.Баласағұн, А.Иүгінеки, М.Қашқари, С.Сараи, Құтыб, М.Атаи, Ә.Науаи, О.Иманилар өз туындыларын түркі тілінде жазып қалдырды. Зерттеушілер атағандай, «Түркі мәдениетінің өркендей түсуіне араб, парсы жазба әдебиеті ерекше әсер бере отырып, орта ғасыр тұсында Араб халифатының қол астына түркілер түгелге жуық қарап, оның дінін ғана қабылдап қоймай, жазуында қабылдап т.б., жетісткітерге қол жеткізді. Орта Азия түркілері ішінен талантты ғалымдар, философтар, кемеңгер әдебиетшілер дүниеге келді. Олар араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгеріп кейін сол тілдерде жазды»7.[13,10]
ҮІІІ-ІХ ғасырлардағы Тұран халықтарына ортақ әдеби мұралар адамзат қоғамының рухани, мәдени дамуына әсер етіп, түркі жазба әдебиетінің өркендеуіне, ілгері дамуына көп септігін тигізді. Бұл ретте академик Р.Бердібаев: «Шығыстың көне даңқты әдебиеттерінің ішінде тәжік-парсы классикалық әдебиетінің орны ерекше. Парсы тілінде сөз маржанын терген, атағы әлемге мәшһүр болған даңғайыр ақын-шайырлардың түркі халықтарының рухани қазынасы болып табылады. Арғы жағы Рудакиден басталатын, Фердоуси, Омар, Сағди, Хафиз, Жәмилермен жалғасқан ғажайып көркемдік әлем мұрагері бола білген халықтың қалай мақтаныш етуге толық хақы бар. Шығыс поэзиясындағы Гүлстанның бұлбұлдары өз шығармаларымен адамзаттың тіршілік мұратын, өмір сұлулығын жырлауға арнады»,8 – деп пайымдаса, шығыстанушы ғалым Ө.Күмісбаев: «Шығыс халықтарының ішінде ең бай, ең көне әдебиет парсы-тәжік әдебиеті болып саналады. ХҮ–ХХ ғасырлары арасы Иран мәдениеті мен жалпы шығыс әдебиеті үшін «алтын ғасырлар» санатына жатады. Ежелгі заманда Орта Азия және Иран халықтарының түп-төркіні, тарихы бір болған, бірге дамыған» –деп жазады9. Осы тұрғыдан келгенде, парсы мен түркі халықтары әдебиетінің тарихи даму үдерісінде ұқсас мәселелер де жетерлік.
Түркі жазба әдебиетінің бастауында М.Қашқари, М.Х.Дулати, А.Иүгінеки, Қ.Йасауи, М.Атаи, Ә.Науаи, О.Имани айтулы тұлғалар тұрғаны белгілі. Ә.Фирдоуси, Ә.Жәми, Сағди, Физули, Рудаки, т.б. классиктердің ақындық дәстүрін жалғастыра отырып, жаңашылдық таныту – Саккаки, Лутфи, Ә.Науаи, М.Атаи, О.Имани секілді шайырларға тән құбылыс. Аталған шайырлар шығармаларының тақырыптық-идеялық ізденістері, стильдік табиғаты, шығыстық сарындағы бағыттары бір арнаға тоғысып жатады.
Белгілі түркітанушы В.М.Жирмунский: «Батыс пен Шығыс әдеби байланыстарында ортағасырлық әдебиет үлгілері маңызды роль атқарады, біз сол қоғамдық, тарихи процесстің дамуындағы фольклор мен поэзияны аналогиялық бағытпен, салыстырмалы тұрғыдан зерттеуіміз қажет» –деген болатын.10 Дегенмен, осы салыстырулар арқылы жоғарыда айтылған ортағасырлық түркі қаламгерлерінің әдеби мұраларын жаңаша зерттеу талабы әлі де күн тәртібінде тұр.
Бұл күнде белгілі бір этностар мен жеке халықтар әдебиетін әлемдік руханият кеңістігінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Осы орайда белгілі шығыстанушы В.И.Брагинскийдің: «Шығыста ортағасырлық әдебиет негізгі үш бағытта жетілді. Біріншіден, араб-мұсылмандық (араб, парсы, түрік, урду) соған қоса, үнді, малай және индонезия мұсылмандық әдебиеті жатады, екіншіден, үнді, оңтүстік шығыстағы үндістік бағыттағы әдебиет, үшіншіден, қытайлық, қиыршығыстық бағытта – қытай, жапон, кәріс және вьетнам әдебиеті кіреді»11 – деп жазуы да орынды. Ғалым Шығыс әдебиетін үш бағытқа бөліп қарастыру арқылы, оның әлемдік әдебиетке тигізген ықпалы мен әсерін айқындауды ұсынады.
Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, әдебиет пен фольклордағы типологиялық құбылыстар ортақ тақырып, идея, образ, сюжет, мотивтер арқылы қарастырылады. Ауыз әдебиеті, жазба әдебиет пен ежелгі мифтердің мазмұндық құрылымдарында елеулі ұқсастықтар орын алып жатады. Тіпті, бергі дәуірдегі жыраулар шығармашылығындағы типтік образдардың, тұрақты сарындардың көп кездесетінін айтып жатудың өзі артық. Белгілі фольклортанушы, академик С.Қасқабасовтың: «Жырау-шайырлар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады. Өздерінің монолог түріндегі айтылатын толғауларында олар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайырымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмір сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырады»12, –дейтін пікірлері де осыған дәлел. Ғалым жазғандай, қай дәуір, қай заман болмасын оның өз жаршысы болады. Өздері өмір сүрген ғасыр мен дәуір тынысын: ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты, мейірім пен қатыгездікті, адам мен қоғам, табиғат пен жаратылыс болмыстарын терең танып, биік образдар туғызып, өмірді гуманистік көзқараспен жырлауда көне түркі әдебиетінің өкілдері де елеулі еңбек сіңірді.
Түркітанудағы типология мәселелерін зерттеуде поэзиядағы өлең уәзіндері, ырғақ, ұйқас, дыбыс ерекшеліктері мен басқа да заңдылықтарды салыстыра талдаудың мәні зор. Академик В. М. Жирмунский «тіл мен өлеңнің өзара байланысының» маңыздылығы мен өзектілігі жөнінде мәселені қарастырады, ол орыс және неміс тілдеріндегі ямбикалық өлең формаларының ұлттық ерекшеліктерін салыстыру арқылы тіл мен өлеңнің өзара құрылымдық жағынан біртұтас және ұқсас екендігін нақтылы фактілермен дәлелдеген. Ғалым: «орыс және неміс ямбтерінің мысалдары негізінде әр түрлі тілдерде ямбикалық өлеңнің өлшемдері бірдей болған жағдайда, ондағы метрикалық екпін нақтылы буынға түссе, түрлі тілдердегі бинарлық альтернация принципі тілдік материалдың фонетикалық сипаттарына байланысты түрліше жүзеге асырылады», – деп орынды атап өтеді13. Яғни, көне түркі поэзиясының өзара және араб, парсы классикалық әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен уәзіндік және құрылымдық ұқсастықтарын зерделеу – күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірінен саналады.
Орта ғасырлардығы түркі әдебиетінің сюжеттік арнасы сан-алуан тақырыптарды қамтығанымен, ондағы басты сарындар әлемге кең тараған ежелгі миф, аңыз, ертегі, өзге де эпикалық мотивтермен үндестігі анық аңғарылады. Кейде көне дәуір мұраларының мазмұнынан арғы-бергі кезеңдердің тарихи оқиғалары да елес беріп қалады. Біз ерте замандарда туған ғұн, сақ, түркі аңыздары мен тасқа қашалған жыр үлгілерінен де осы заңдылықты көре аламыз. Тіпті, мұның жарқын дәлелін Қарахандар тұсындағы әдеби шығармалардан, оғыз тайпалары өмірінен сыр шертетін «Қорқыт ата кітабынан», Алтын Орда дәуірінің атақты шайырлары М.Хорезми, С.Сараи туындыларынан да байқау қиын емес. Ілгеріде сөз болғандай, Орта ғасырлардағы түркі поэзиясының сюжеттік сарындары байырғы киелі кітаптардан да арна тауып отырған. Бұл діни мазмұнды мотивтер түркі халықтары арасында Ислам орныққан мезгілде тұрақты құбылысқа айналғаны мәлім. Аллаға айту, Пайғамбарлар өмірін үлгі ету, имандылық шарттарын уағыздау – қазақ әдебиеті тарихында ХХ ғасыр басына дейін ортаймаған рухани бастау. Сол имани бұлақтан қанып ішкен Абай, Ыбырай, Ақмолла, Ахмет, Мәшһүр Жүсіп, Шәді, Шәкәрім, Ақан сері, Майлы, Тұрмағамбет, Омар, Ерімбет сынды ақындар қазақтың ұлттық ояну дәуіріндегі әдебиетінде өнегелі із қалдырды. Еске салар жайт, бұл еңбекте қазақ поэзиясындағы Орта ғасырлардан тамыр тартқан діни-дидактикалық сарындарға, әдеби стиль ұқсастықтарын, дәстүр жалғастығы мен өзге де типологиялық құбылыстарын талдауға ұмтылыс жасалды.
Жалпы, алғанда түркі әдебиетіндегі сюжет құраушы мотивтердің бірнеше негізгі арналары айқындалды. Ежелгі дәуір мифтері, шығыстық сюжеттер, түркі фольклоры және Інжіл, Құран хикаялары – бұл Орта ғасырлардағы түркі-қыпшақ әдебиетінің мазмұнын құрайтын басты сарындар. Әрине, осы аталған төрт арнадан тарайтын ондаған сюжеттік мотивтер ұшырасатындығы, олардың көп жағдайда бір шығарма аясында топтасып, кезектесе келіп, түрлі композициялық ракурстағы оқиғалар мен эпизодтардың маңызды мазмұн-бөлшегіне айналатындығы тағы аян.
Әдеби мотивтердің түп-төркіні символдық бейнелеулерге жүгінетіні де көптен белгілі. Орта ғасырлардағы астарлаудың бір белгісі – аллегория. Исламдық Шығыс әдебиетінде күрделі образдар тудырған шарап пен сұлу, гүл мен бұлбұл, көбелек пен шам секілді биік те жұмбақ сипаттағы метафоралар Құдай мен Адам арасындағы тылсым байланысты бейнелеуге ұмтылған тұрақты мотивтер саналады. Мұның өзі араб, парсы классикалық әдебиетінде, кейін түркі шайырларының поэзиясында түпкілікті орныққан астарлаудың айқын үлгісі. Ақиқатқа ұмтылу, Алламен бірігуге құлшыну, осы мақсатта өлмес образдар жасау – сопылық әдебиеттегі дәстүрлі көрініс. Поэзиядағы аллегориялық тәсілдің алуан мысалдары Хафизден Шәкәрімге шейінгі ондаған парсы, түркі ақындарының мұрасынан мол табылады.
Ең әуелі Сөз пайда болған. Сөз...тағы да Сөз... «Оқы, оқы және оқы!» – дейтін қасиетті Құран сөздері соны меңзейді. Ілгергі-кейінгі оқымыстылардың зерттеулері де Сөз құдіретінің Жаратушыдан жіберілген маңызды ақпарат екендігін жазған. Яғни бәрі де алдын ала жазылып қойылған. «Маңдайға жазылған тағдыр» сияқты әрбір сюжет-мотивтердің де тегі – біреу. Бұл орайда көрнекті әдебиет зерттеушісі және мәдениеттанушы Ю.М.Лотманның мына пікірлері маңызды көрінеді: «Отношения и содержания не произвольны и не конвенциональны: они предвечны и установлены Богом. Поэтому писатель, создавая текст, художник, рисуя картину, не являются их творцами. Они лишь посредники – через них выявляется, делается видимым то выражение, которое заложено в самом содержании. Из этого следует, что в суждения о достоинстве произведений искусства не может входить критерий оригинальности».14 Мәдениет пен мәтін семиотикасын тереңдей зерттеген ғалымның тұжырымдары абсолюттік ақиқатқа үндестіріле айтылғанмен, мәңгілік уақыт пен кеңістіктің шындығы ғасырларды көктей өтіп, кешегі және бүгінгі әдеби һәм мәдени мұралармен де сұбхат құра алатындығын мойындауға тиіспіз. «Сондықтан, – дейді ғалым, – жаңадан немесе бір мезгілде шынайы мәтіндер түзу мүмкіндігі жоқтың қасы. Жаңа мәтін – әрқашан көненің көзіндей. Суреткер тыңнан ештеңе туғызбайды, тек қана өзіне дейінгі мен мәңгілікке жүгінеді. Мәтінді түзу барысындағы оның қызметі фотографиялық кескінді қағазға шығарушының рөлін еске түсіреді».15 Алайда, бұл арадағы оның рөлі тым маңызсыз да емес, яғни, суреткер дегеніміз – өзінің рухани белсенділігіне сүйене отырып, делдалдық құқын дәлелдейді және сол арқылы мәңгілік немесе тағдырда жазылған мағыналарды дүниеге әкеледі. Осы пікірлерге қарап, Орта ғасыр түркілерінің әдеби туындыларында «әліптің артын бағу», былайша айтқанда Алланың пәрменімен аян түскендей сезілетін тылсым сарындардың мол болуы ешкімді таң қалдырмаса керек.
Зерделей қарасақ, көне сарындардың көшпелілігі, мәдени-тарихи жағынан бір-бірінен алшақ әдебиеттердегі есімдер мен мотивтердің, сюжеттер мен образдардың ұқсастығы, т.б. мәселелер бірқатар ғалымдардың ғылыми еңбектерінде қарастырылып келеді. А.Н.Веселовский, Н.И.Конрад, В.И.Жирмунский сынды белгілі әдебиеттанушылардың бірқатар зерттеулері осы тақырыппен тығыз байланысты болатын. Сондай-ақ, П.Пелльо, А.Н.Веселовский, Л.Лигетти, Ю.Немет, В.В.Бартольд, Н.С.Банарлы, В.В.Радлов, Х.Короглы, Е.Э.Бертельс, И.С. Брагинский, Н.Я.Бичурин, И.Маркварт, Н.И.Конрад, Н.Б.Путилов, В.И.Жирмунский, Ә.Х.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісәлин, М.Жармұхамедов, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, М.Жолдасбеков, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, Ө.Күмісбаев т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде түркі халықтары әдебиеті мен фольклорындағы тарихи типология әдісіне қатысты әр түрлі аспектілер бойынша құнды ой-пікірлер ұшырайды.
Дегенмен, біз нысанға алып отырған түркі халықтары әдебиетінің типологиясы тақырыбында қозғайтын, жан-жақты зерттеуді қажетсінетін проблемалар жетерлік. Отандық түркітанудың кенжелей дамуының өзі осы саладағы көптеген маңызды тақырыптардың әлі де назардан тыс қалып қоюына себепкер болғандығын несіне жасырамыз. Бұл айтылғандардың бәрі де көне түркі жазба әдебиет мұраларын зерттеуде салыстырмалы-тарихи типология әдістерін кеңінен қолданудың қажеттігін тағы бір айқындайды. Ал ойлы оқырманның назарына ұсынылып отырған ұжымдық монографиялық еңбек осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған ғылыми ізденістер қатарында бағаланғаны абзал. Монографияның тарауларында түркі халықтары әдебиетінде көрініс тапқан типологиялық құбылыстардың, ортақ әдеби мотив-сарындардың бірқатары талданып, түрлі дәуірде туған жазба мұралардың сюжеттік ерекшеліктерін тарихи-салыстырмалы тұрғыда жан-жақты тексеруге ұмтылыс жасалды. Ертедегі түркі жазба ескерткіштеріне тән ортақ әдеби сарындар мен ежелгі фольклор үлгілерінде, сондай-ақ кейінгі кезеңдердегі қазақ әдебиетінде қайта жаңғырған сюжет құраушы тұрақты мотивтердің үндестігіне назар аударылды.
Ғылыми еңбекті жазу барысында түркі халықтар әдебиетіндегі типологиялық зерттеу мәселесінің негізгі проблемалары атап өтіліп, отандық әдебиеттанушылардың зерттеу еңбектеріндегі жүйелі ой-түйіндері мен құнды тұжырымдарына назар аударылды. Сонымен қатар қазіргі таңдағы түркітану бойынша жарияланған көне және орта ғасырлық әдеби мәтіндер, хрестоматиялық, антологиялық және жеке шығармашылық жинақтар нысанға алынып, шетел компаративистерінің салыстырмалы-типологиялық зерттеулері бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
«Көне түркі әдебиетінің типологиясы» атты ұжымдық монографияны жазуға қатысқандар: «Кіріспе», «Ескі қыпшақ поэзиясындағы ғашықтық мотиві», «Қазақ поэзиясындағы шығыстық және көне түркілік сарындар» – С.Қосан, «Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі ортақ сарындар» – А.Әлібекұлы, «Көк түріктер тұсындағы мифтік және аңыздық сюжеттер» – А.Әбжат, «Оғызнама» және Қорқыт Ата кітабындағы» әдеби-фольклорлық мотивтер» – Б.Тоекина, «Х-ХІІ ғасырлар әдебиетіндегі дидактикалық сарындар» – С.Дәуітов, «Қарахан дәуірі әдебиетіндегі діни мотивтер» – А.Хаван, «Түркі поэзиясындағы өлең құрылысы жүйесінің типологиясы» – А.Хамраев, «Ұлттық қалыптасу кезеңіндегі түркі поэзиясының бейнелеу тәсілдері» – М.Шайхиев, «Түркі жазба әдебиетіндегі «қубас» сарыны» – Ж.Керімбек, «Ежелгі дәуір әдебиетіндегі қағандар образы» – Е.Ғалымов.
Монографиялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, пайдаланылған әдебиеттерден және орыс, ағылшын тілдеріндегі түйіндемеден құралған.
Достарыңызбен бөлісу: |