Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет жәНЕ


Мани өз дәуірінің аса дарынды суретшісі әрі көркем жазудың теңдессіз шебері болған адам. Мұсылмандық ұғымда Маниді парсы көркемсурет өнерінің атасы деп есептеген



бет7/26
Дата18.11.2023
өлшемі1,65 Mb.
#124343
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26
Байланысты:
treatise175829

Мани өз дәуірінің аса дарынды суретшісі әрі көркем жазудың теңдессіз шебері болған адам. Мұсылмандық ұғымда Маниді парсы көркемсурет өнерінің атасы деп есептеген. Өз ілімін тарату жолында арамей жазуы негізінде өз жазу үлгісін ойлап табады. Түркі халықтары арасына кең тараған тарихта «Ұйғыр жазуы» деген атпен қалған осы жазу үлгісінде түркілік көптеген шығармалардың дүниеге келгендігі белгілі. Ол турасында өзбек ғалымы профессор Н.Рахмонов былай деп жазады: «Көне түркі әдебиеті туралы сөз қозғалса, әдетте көбіне орхон-енисей жазу жәдігерлері тілге алынады. Бірақ көне түркі әдебиеті тек қана осы жәдігерлермен шектелген емес, бәлкім оның қолдану аясының одан да кең болғандығын көрсетеді. Көне түркі әдебиеттің басталуынан бүгінгі күнге дейін жеткен мәтіндерді қарастырғанда орхон-енисей жазулары көне түркілік әдебиеттің бір саласы екендігін көрсетеді. Орта Азияда қарқынды дамуда болған зәрдушттік, шамандық, манилік, будда секілді діни ағымдары да кезең-кезеңімен ағымдағы түркі әдебиетін қалыптастырды. Сондықтан қазіргі кезде көне түркі әдебиетке басқаша көзқараста, оған кеңірек қарау керектігі басты назарға алынады»[11, 12].
Сол кезеңдегі түркі тайпаларының ұстанған наным-сенімдері мен діни ұғымдары туралы жазба деректердің көпшілігі осы ұйғыр жазуымен дүниеге келген болатын. Соның бірі – «Оғыз-наме» шығармасы. Бұл шығармада да манихейзм элементтері көрініс беретіні бар. Шығарма былай басталады: «Болсыншы деді олар, оның сиқы осылай. Енді мұнан соң сүйініш тапты. Тағы күндерде бір күн Ай қағанның көзі жарқ етіп [ашылып], ер бала туды. Осы ұлдың өңі шырайы көк еді, ауызы оттай қызыл еді, көздері қызғылт, шаштары, көріктірек еді. Осы ұл анасының көкірегінен татып көріп, одан кейін ембеді; шикі ет, ас, шарап сұрады. Тілге келе бастады. Қырық күннен соң өсті, жүрді, ойнады. Аяғы өгіздің аяғындай, белі бөрінің беліндей, жаурыны бұлғынның жауырынындай, кеудесі аюдың кеудесіндей еді. Тұла бойын түгел қалың түк басқан еді.» [9, 36].
Оғыз қағанның дүниеге келуіне Ай қағанның тікелей араласуы сөз болады. Ай құдайы манихейзмде ерекше маңызға ие болғаны белгілі. Алайда, Ай құдайы шамандық нанымнан келе жатқан матриархат кезеңінің басты құдайы саналған. Алғашқы бақсылар да әйелзатынан шыққан, елдің рухани көсемдері де әйелдер болған. Будда, зороастризм, христиандық діндер кезінде пайғамбарлар әйел емес, еркек адамнан шыға бастады. Осылайша әйелзатының қоғамдағы рөлі мемлекеттік деңгейден, тұрмыстық деңгейге дейін төмендетілген болатын. Алайда, манихейзм өзіне дейінгі өмір сүрген шаманизм, зороастризм, будда, христиандық сияқты діндерден өзіне қажетті жақтарын алып, өзінің ілімін жариялағандығы белгілі. Шамандық нанымдағы ай құдайы да манихейзм дініне кірігеді. Мани өзін ай құдайымын деп есептейді. Мани туралы Қытай елінде салынған суреттерде де оның тәжінің қасына ай суретін кескіндеп салатын болған. Ол турасында шығыстанушы-ғалым Ю.А.Зуев мынадай дерек келтіреді: «В манихейской доктрине Луны занимала важное место. Дева таласского медальона – антропоморфный образ Луны. Ее богом считался сам Мани. Двуязычный тюрко-тохарский гимн начинается словами: «О Могущественный бог Луны, подобный венцу бога Хормузды, подобный короне бога Зурвана, мой отец Мани – Будда!». Божественный венец Хормузды – это нимб в виде лунного диска вокруг головы Мани. Корона бога вечнего времени Зурвана (Азруа) – это Митра Мани» [19, 194].
Қазақ халқында шамандықтың қалдығы жақсы сақталып қалған. Сондықтан да олар арасында айға деген ырымдар мен сенімдер күнге қарағанда көбірек кездеседі әрі айдан қорқу, жаңа ай туған сайын оған дұға жасап, жаңа айдан тілек тілеу әлі күнге дейін халық арасында ұшырасып отырады. Көшпелі түркі халықтары арасында бұрынғы шамандық нанымды ұстанған кезінде Ай құдайының маңызы айрықша болғандығы турасында автор өз мақаласында да жазып өтеді: «Тек қазақта емес, оғыз тайпасының дүниеге келуі туралы аңызда да ай құдайының тікелей себебімен пайда болғандығы айтылады. Оғыз хан ай құдайынан туылады. Оғыз хан өз балаларының атын да күн, ай, жұлдыз қоюы да осы шамандық нанымнан шыққандығын көрсетеді». Ол жайында Х.Короглы былай деп жазады: «Своеобразную генеалогическую легенду представляет собой экспозиция уйгурской рукописи «огузнаме». Здесь огуз проходит почти все этапы формирования эпического героя: он родился от небесой женщины Ай-хан (Луна-царица), избавляет людей от носорога, в результате чего фактически получает инициацию. Дважды вступает в брачные отношения (сначала с мифическим существом, затем с земной женщиной), ведет завоевательные походы». [20, 88].
Шамандықтағы ай құдайын манихейзмге кіріккені белгілі. Алайда, манихейзмнен сіңген мотивтер де фольклорда ұшырасып отырады. Соның бірі суретке ғашық болу мотиві деуге болады. Манидің өзі сурет салудың аса шебері болғандықтан манихейзм ағымы тараған жердің көбінде сурет өнері мен кескіндеме, бейнелеу өнері айрықша дамығандығы байқалады. Түркі және парсы халықтарының фольклорында жиі ұшырасатын суретке ғашық болу мотиві әсіресе ортағасырлық парсы және түрік прозаларында айрықша көрініс табады. Арабтардың атақты «Мың бір түн» ертегісінде де бұл мотивке көп орын берілген. Бұл тек мұсылман халықтарының фольклорына ғана емес, өз кезегінде христиан және будда дінін ұстанатын халықтардың фольклорына да өз әсерін тигізгендігін айтуымыз керек. Көптеген халықтардың фольклорында сөз болатын манихейзмнен ауысқан сюжеттер мен мотивтер туралы айтқанда алдымен суретке ғашық болу мотивінің шығу төркініне үңіліп көрелік.
Көптеген шығыстық дастандар мен хикаяларда сұлу қыздың бейнесі салынған суретті көріп ғашық болады, ішіне ғашықтық дерті кіріп ауырған хан баласы, не уәзірдің жалғыз ұлы құсалықпен жатып қалады. Ақыры қасына жолдас ерітіп сол қызды іздеп сапар шегеді. Бұл сарын тек қана ғашықтық дастандарда ғана емес, сонымен қатар ортағасырлық парсы мен түрік прозаларында, арабтың «Мың бір түн» сияқты кітабында, «Төрт дәруіш» секілді тәмсілде жиі ұшырасады. Шығыстық сюжетке құрылған қазақ ертегілерінде де бұл мотивке айтарлықтай орын беріледі. Ертегілерде бұл суретшінің пірі жайлы ұшыраспайды, ал, ұлы Шығыс шайырлары бес хамса үлгісімен нәзиралық жанрда жырлаған «Хұсрау-Шырын», «Фархад-Шырын» секілді дастандарда суретшілік өнердің пірінің аты аталып өтеді. Мысалға Низами Ганджауи жырлаған «Құсрау уа Шырын» дастанында суретшінің пірі Мани екендігі дастанның бірнеше жерінде айтылған. Дастанда Маниды былайша атайды:
И некий жил Шапур, Хосрова лучший друг,
Лахор он знал, Магриб прошел он весь вокруг.

Знай: от критин его Мани была б обида,


Как рисовальщик он мог победить Эвклида[21, 51].
Деп Шапур салған суретін мақтау үшін суретшінің пірі атанған Манидан да жоғары қоя суреттейді. Суретті көрген Құсрау Шырын қызға ес-түсінен айырылып ғашық болады. Жыршы жырда салынған суреттегі қызға ғашық болу мотивімен қатар суретшінің пірі Манидің атына мадақ айтып өтуді де естен шығармаған:
Воздал хвалу Шапур – обратных слов хранитель –
И вот дает ответ: «О мир повелитель!

Когда любой узор мой делает калам,


По словою с Мани делюсь я попалам» [21, 58].
Жырда Фархад бейнесі негізгі кейіпкерге айналу үшін оның Қытайда жүріп үйренген суретшілік, тас қашау өнері жырдың негізгі динамикалық күшіне айналады. Әйтпесе, бұл дастанды Фирдоуси өзінің «Шахнаме» эпопеялық дастанында баяндап өткендігі белгілі. Алайда, Фирдоусидің әйгілі дастанында патша мен Шырынның арасындағы ғашықтық, Шырын мен Хұсрау патшаның үйленуі ғашықтық хикаяны баяндау үшін алынбаған, Фирдоуси бұл детальді Хұсраудың өмірінің соңғы жағын бейнелеу мақсатында ғана пайдаланған болатын. Фирдоуси шығармасындағы Хұсрау жас кезінде Шырынға ғашық болып үйленгенімен, кейін таққа отырып патша атанған соң Шырынды ұмытып, Византия императорының қызы Мариамға үйленеді. Мариамнан туған Шируе атты ұлы болады.
Күйеуінің өзін ұмытқанына қапалықпен жүрген Шырын күйеуін өзіне қарату ісіне кіріседі. Бір күні аңға шыққан Хұсрауға жолығу үшін жолын торыған Шырын ол жүретін жол үстіндегі тамның төбесіне шығып тұрады. Кенеттен өзінің бұрынғы әйелін көрген Хұсрау патша Шырынды қайтадан әйелдікке алады. Өзіне деген адалдығына тәнті болған патша оны бүкіл Иран жұртының ханшайымы деп жарияламақшы болады. Сарайдағы бекзадалар мен Иран ақсүйектерінің қарсы болғандығына қарамастан патша ойындағысын жүзеге асырады. Осылайша сарай ішінде болған қырқыс кезінде Шырын өзінің күндесі Мариамға у беріп өлтіреді. Шешесін өлтірген Шырынды жазалау орнына сарайға қамап ұстап отырған әкесінің ісіне наразы болған Шируе сарайда бүлік ұйымдастырып, өз әкесінен тақты тартып алады. Қала сыртындағы баққа жасырынған Хұсрауды жендет жіберіп өлтіреді. Артында қалған жесірі Шырынды Шируе өзіне әйелдікке алмақшы болады. Шырын Шируеге өзіне тиесілі дүние-мүлікке тиіспейтін болса ғана әйелдікке баратынды туралы шарт қояды. Шируе оған келісім береді. Шырын өзіне тиесілі күңдері мен құлдарының басына азаттық береді де дүние-мүлкінің барлығын кедей-кепшіктерге таратып береді. Өзі күйеуі Хұсраудың қабіріне кіріп у ішіп өледі. Көп ұзамай Шируе де ауырып қайтыс болады. Жалпы «Шахнаме» дастанындағы Хұсрау мен Шырынға байланысты айтылатын оқиғаның қысқаша мазмұны осыған саяды. Шырынның бұл әрекеті мани дінінің ұстанымдарына өте жақын келеді. Себебі манихейзм дінінде бір жылдық киім мен бір күндік тамақтан басқаны үйге жинау күнә болып есептелген. Ал Фархад бейнесін әдебиетке алып келген Низами болатын. Ол турасында шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс былай деп жазады: «Образ Фархада повидимому, впервые введен в литературу Низами. Для развития темы он, в сущности говоря, не необходим. Поэтому можно думать, что сведения о Фархаде все же имелись в тех источниках, которыми Низами пользовался (возможно в фольклоре). О происхождении Фархада поэт не сообщает ничего. Когда для Ширин понадобился искусный мастер, способный выполнить такое трудное дело, как прокладка канала в твердой каменистой почве, Шапур рекомендует ей Фархада. Он знает его давно. Они учились вместе в Китай у одного и того же мастера, который Шапура научил владеть кистью, а Фархада киркой. Потому Низами можно заключить, что Фархад – простой ремесленник, не связанный с аристократическими кругами» [22, 184].
Әлишер Науаи жырлаған «Фархад-Шырын» дастанында керісінше, оның Қытай патшасының баласы екендігін айтып, дастанды Фархадтың туылуынан өлгеніне дейінгі аралықты жырлауды өзіне мақсат етіп қояды. Осылайша Науаи дастанында Фархад жырдың басты кейіпкеріне айналады. Алайда Фархад басқа эпостардағыдай өзінің алға қойған мақсатына батырлықпен, не байлықпен жетуді мақсат етпейді. Жырдағы Фархад кез-келген қиыншылықтарды тек қана шыдаммен, қажырлы еңбекпен жеңуге тырысады. Өз сүйгеніне де бойындағы бар өнерімен, бейнетпен жетуді армандайтын ізгі жан. Ол өзінің жасында үйренген өнері арқылы қол жеткізуді мақсат етеді. Сондықтан да бұл дастанның оқиғасы новеллалық дастанға жақын келеді. Ол турасында С.Қасқабасов новеллалық ертегі туралы берген анықтамасына жүгінсек, онда былай дейді: «Новеллалық ертегілердің қаһармандары батыр да, мерген де емес. Ол хан мен қолөнерші, уәзір мен кедей, би мен ұста. Өздерінің әлеуметтік тегіне қарамастан қаһармандар қайырымдылық пен әділеттілік идеясын қорғайды. Кей жағдайларда ол өзінің аяғын шалыс басқанын түсініп, ақырында адалдық пен әділеттілік жолына түседі» [7, 22].
Ертегіге қарағанда эпос пен дастандарда кейбір тарихи оқиғалар мен тарихи адамдардың есімдері аталып отыратын жәйттер жиі кездеседі. Соның бірі жоғарыда келтірген Низами мен Науаидің дастандарында аты аталатын суретші әрі қолөнерші Манидің көрінісі. Екі жырда да Мани дастандағы басты кейіпкердің әрі ұстазы, әрі суретшінің пірі ретінде аталады. Ол Ә.Науаи дастанында мынадай жолдарда кездеседі:
Хита мулкида ирді екі ұстад,
Екеулан туаманлық бирлә хамзад.
Лақыбда бірі Бани, бірі Мани,
Мұны корган тасавур айлап аны.
Қылып мамарлық Бани ішін фаш,
Келип Мани хата мулки да нақаш.
Болуы Баниға ауал янгалиғ маһарат,
Ке шархи дин келип а’джаз ибарат[23, 408].
Ә.Науаидың «Фархад ва Шырын» дастанын қазақша эпостық үлгіде жырлаған Әбдезім Ахметовтың «Фархад-Шырын» дастанында осы жолдарды былайша сөйлетеді:
Қытайда аты шыққан екі өнерпаз,
Бұларды Шынмашында білмейтін аз.
Туғанда бір анадан түс-тұлғасы,
Шеберлер мұндай дерлік дүниеде аз.

Лақабы біреуінің ұста Бани,


Атақты біреуі еді шебер Мани.
Ісіне әрі шапшаң, әрі алғыр,
Мақтауға тұрарлықтай еді және[24, 23-24].
Демек, шығыстың атақты шайырлары суретшінің пірі Мани болғандығын және оның Қытай жақтан тарағандығын жақсы білген. Суретшілік өнердің кезінде қарқынды дамығандығы, кейін суретті көріп соған ғашық болу мотивінің о баста Қытай жақтан тарағандығын ұлы шайырлар өз заманында-ақ анық көз жеткізгендігі байқалады. Бұл мотивтің халық арасында ең алдымен дін арқылы тарап, кейін ғашықтық дастандарда сипатталған, сосын ортағасырлық халық прозасына арқау болғанға ұқсайды. Сол арқылы бұл мотив кейін қазақ ертегілеріне шығыстық проза арқылы енгендігін көреміз. Жалпы суретке ғашық болу, сол арқылы белгілі бір патша қызын іздеп сапар шегу сюжеті бүкіл шығыс эпостарына, кейінірек Батыс фольклорына да кеңінен тараған.
Енді суретшінің пірі атанған тарихтағы Мани кім болған? Қай жерде дүниеге келген, ол таратқан ілім неге кең көлемді шарпыған енді сол туралы аз-кем баяндап өтсек. Мани біздің дәуіріміздің 216 жылы Вавилонда ауқатты әулетте дүниеге келген. Жас кезінен бастап көп елдер мен шаһарларды кезген. Өз дәуірінде кең тараған будда, зороастризм және христиан діндерімен жақсы таныс болған. Осы діндер негізінде өзі негізін қалаған манихейзм дінін дүниеге келтірген. Сонымен қатар өзін-өзі жер бетіндегі соңғы пайғамбармын деп жариялаған. Манидің таратқан ілімі турасында М.Бұлұтай мынадай дерек келтіреді: «Мани өзінің жолын насихаттау жұмыстарын парфиялық король І Антабенес (262 ж.) кезінде бастаған секілді. Кейін сасани патшасы І Шапур өзінің дін уағыздауына рұқсат етеді. Манидің сенімі бойынша Иса Масих адам суретінде дүниеге келген жарық тәңір боп табылады. Алман ғалымы Хаұссиг манихейшілдердің қолында діни кітап болғандықтан, Орта Шығыс және Орта Азияда мұсылман билігі орнағанда олардың құдды христиандар мен йаһудилер құсап «Кітап елі» саналғанын және кеңшілік берілгенін ғибраттап жазады. Зороастристер авеста отханасының тілін ғана қолданып догматтарын өзгеріссіз сақтап жүргенде манихейшілдер замананың ағымына ауып, басқа мәдениеттердің элементтерін қабылдап тұрған; олардың қытай, ойғыр және соғды тілдерінде жазған есептерін мысалға келтіруге болады. Христиандар манихейшілдерге қарсы қатал шаралар қолданған, бірақ олар сүйтсе-дағы манихейшілдердің әсеріне ләжсіз ұшыраған; мысалы, христиандар манихейшілдердің шіркеуді суретке толтыру әдетін қабылдаған» [25, 126].
Мани таратқан ілімде зороастризм іліміне қайшы келетін тұстар көп еді, сондықтан да Ирандағы дін өкілдері тарапынан қуғынға ұшырайды. 274 жылы Иран патшасы І Бахрам тұсында зәрдушт дінінің көсемдері Маниді өлтіруге үкім кеседі. Өзін ұстап алып азаптап өлтіреді, терісіне сабан тығып, базаддың кіреберіс қақпасына іліп қояды. Бұл азапты оқиға Мансур Халадж атты сопының тағдырына ұқсас болғандықтан қазақтар арасына тараған «Мансұр Халаж» қиссасының сюжетіне арқау болғандығын көреміз. Бұл дастанда Мансұр сопының азапты өлімін суреттегенде оған дейінгі аңыздардың желісі де кіріккенге ұқсайды.
Манидің ізіне ерген шәкірттерінің бірі Мар Аму соғды уалаятына қашып, манихей шіркеуін ұйымдастырады. Шіркеудің орталығы Самарқанд қаласында еді. Манихейшілер Ирақтан өздерімен бірге әліппелерін әкеп түріктер арасына таратады[25, 126].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет