Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының



Pdf көрінісі
бет3/42
Дата03.03.2017
өлшемі2,34 Mb.
#6131
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
басындағы қазақ қоғамына тән көптеген қайшылықты көріністерін 
жаңашыл ой-тұжырымдар тұрғысынан бейнеленгенін байқаймыз. 
Қазақ зиялылары өз шығармашылықтарында мегзеп отырған 
Шығыс пен Батыстың өзара мәдени жақындасуы мен бәсекелестігі 
ХХ ғасырдың басында айқын көрініс бере бастады. Бір жағынан, 
халықтар  мен  мемлекеттер  арасындағы  капитализм  алып  кел-
ген  интеграция,  яғни  мәдени  ықпалдасу  жүріп  жатса,  екінші 
жағынан, елдердің дамуындағы өзара айырмашылықтар біршама 
айқын  көрініс  тапты.  Қазіргі  Батыс,  негізінен,  технологиялық 
дамуға, өмір тәртібінің динамикалық өзгерісіне, табиғатты адам 
мүддесіне  бұра  отырып,  қоғам  мен  мәдениетті  жетілдіруге 
бағдарлана бастайды, жеке тұлғаның еркіндігінің маңыздылығы, 
шығармашылық  конституциялық  формаларда  бекітілген  еді. 
Жаңашылдыққа  өту  көне  құндылықтар  жүйесін  бұзу  арқылы 
және  жаңа  сападағы  құндылықтарды  бекіту  жолымен  жүреді 
[7].  Осы  құндылықтық  бағдарлардың  қайнар  көздері  тарихта 
ертеректе-ақ қалыптаса басталғанын байқауға болады.
Ал  Шығыстағы  ерекшелік:  егер  жаңашылдық  өмірге  енгізі-
летін  болса,  ол  ескіні  толықтай  теріске  шығармайды,  ғасырлар 
бойы  маңыздылықта  болған  дәстүрге  үйлесімді  қондырылады, 
табиғатпен  де  үйлесімді  өмір  сүру,  дамудағы  тұрақтылық 
алдыңғы  орында  тұратынын  атап  өтуге  болады.  Батыстың 
мәдениеті, негізінен, сыртқы үдерістерге бағдарланған, шығыстық 
мәдениет  адамның  ішкі  әлеміне  сүңгиді,  соны  жетілдірудің, 
кемелдендірудің жолдарын іздейді. Батыс өркениетінде матери-
ализм,  дарашылдық  (индивидуализм),  философия  мен  ғылым 
үстемдік танытса, Шығыста руханилық, ұжымшылдық, діни сана 
мен мистицизм басым келеді. Сондай-ақ бұл екі әлемнің өзіндік 
этноцентризмі,  құндылықтық  иерархиясы  бар  екенін  де  мой-
ындауымыз  қажет.  Әрине,  екі  түрлі  құндылықтар  жүйесінен 
құралған дүниені пайымдау жалпы адамзаттық өркениеттің даму 
қисынын  бұзбайды.  Себебі,  жалпы  дамудың  мән-мағынасы  да 
көптүрліліктің  бірлігіне,  түйісуіне,  синтезіне  арқа  сүйейді.  Тек 
осы қырлардың озық үлгілерін синтездеу, ықпалдастыру арқылы 
пәрменді дамуға, алға жылжуға серпін аламыз. 
Қазақтардың  өзіндік  этноцентризмі,  мәдениеттанушы  Б. 
Сатершиновтің пікірінше, олардың көршілес отырықшы халықтар 
мен  төменгі  сатыдағы  әлеуметтік  топтарға  («жатақтарға») 
менсінбей, өзіндік тәкаппарлықпен қарауынан көрінеді және со-

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
22
нысымен  өз  мәдениетіндегі  көшпенділік  сипаттағы  архетиптің 
басымдылығы тағы да дәлелденеді [8]. Халық бойындағы мұндай 
көңіл-күйді,  түсініктерді,  таптаурындарды  ұлы  Абай  тереңінен 
аңғарып, өзінің «Қара сөздерінде» мысал ретінде келтіріп жазады. 
«Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе күлуші 
еді:  енеңді  ұрайын  кең  қолтық,  шүлдірлеген  тәжік,  арқадан  үй 
төбесіне  саламын  деп  қамыс  артқан,  бұтадан  қорыққан,  көз 
көргенде  «әке-үке»  десіп,  шығып  кетсе,  қызын  боқтасқан  «сарт-
сұрт деген осы деп». Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: 
«түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демін 
алады, ноғай дегенше ноқай десеңізші, түкке ыңғайы келмейтұғын 
солдат ноғай, қашқын ноғай, «бақалшік» ноғай деп». Орысқа да 
күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс. Орыс 
ойына  келгенін  қылады  деген...  не  айтса  соған  нанады,  «ұзын 
құлақты тауып бер депті» – деп» [9].
Қазақстан территориясының оңтүстігін кесіп өтетін Ұлы Жібек 
жолының  бағыттарына,  оның  бойынан  табылған  материалдық 
және рухани ескерткіштерге тарихи-мәдени талдау жасасақ, онда 
Ұлы Жібек жолы мәдениетінің өркениеттер сұхбатындағы орны 
айрықша  айқындалады.  Ұлы  Жібек  жолының  пайда  болуы  мен 
дамуы тарихына үңілсек, бұл мәдени күре жолдың көшпенді және 
отырықшы  мәдениеттердің  бірін  бірі  байытқан  сұхбатындағы 
теңдесіз  орны  анықталады.  Әрине,  капиталистік  қатынастардың 
жаңа  мағынадағы  күрделенген  үрдістері  белең  алған  заманда 
Шығыс  пен  Батыстың  түйісуі,  ықпалдасуы  ХХ  ғасырдың  басын-
да  өзіндік  кейіпте  көрініс  бере  бастайды.  Енді  күшті  мемлекет-
тер  өзара  қақтығысып,  өздеріне  жаңа  отар  болатын  аймақтарға 
ұмтылады.  Орталық  Азия  елдеріне  көздері  түскен  әлемдік  дер-
жавалар Ресейдің ықпалында болған аймақтарға қолын сұға ал-
мады.  Сондықтан  өзінің  дербестігін  заңдастаруға  құдіреті  жет-
пеген олар Кеңестік социалистік елдің құрамдас бөлігіне айнал-
ды. Міне осы саяси үдерістерге сәйкес келетін ұлттың руханияты 
ондаған  жылдар  бойы  қалыптасқаны  белгілі.  Олардың  рухани 
бастаулары  қазақтың  ақын-жыраулары  мен  би-шешендерінің 
дүниетанымдарынан бастау алады [10].
Көне заманнан жаңа заманға дейін, бүкіл ортағасырлар бойы 
Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азияны тек сауда-экономикалық 
тұрғыда  ғана  емес,  мәдени,  рухани  тұрғыда  да  байланыстырып 
тұрған  күре  тамыр  –  Ұлы  Жібек  жолы  мәдениеттердің  өзара 

23 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
әрекеті  үдерісінде  аса  маңызды  орын  алды.  Теңіз  сауда  жолы 
ашылғанға  дейін  адамзаттың  осы  маңызды  өмірлік  қажеттілігін 
осы керуен жол атқарып келді. Үнді мен Қытайдан Таяу шығыс 
пен Еуропаға және керісінше өтетін бұл жолдың бойында орталық 
азиялық көшпенділердің орналасқаны және олардың осы жолдың 
қауіпсіздігін қамтамасыз еткені белгілі. Ортағасырлардағы араб, 
парсы, үнді, қытай мәдениеттерінің қызу байланысы нәтижесінде 
орасан  зор  территорияда  түркі  өркениеті  салтанат  құрды.  ХХ 
ғасырдың  басында  қазақ  жерінде  осы  мәдени  және  өркениеттік 
байланыстар  біршама  саябырсыды  және  өткен  ғасырлардың 
саяси-әлеуметтік  дүниедегі  қайшылықтар  мен  қиындықтардың 
зардабы да әлі білініп отырғанын айта кеткен жөн. 
«Мәдени  әлемдердің»  бірін  бірі  өзара  байытушы  сұхбаты 
олардың  өздерінің  дамуының  негізін  құрайды,  коммуникация 
мен  құндылықтардың,  нормалардың,  мағыналардың  өзара  салы-
стырылу аймағында әр мәдениет өзінің ерекшелігін таниды. Даму 
үстінде  бірін  бірі  байытатын  сұхбаттың  негізі  өзара  әсерлесетін 
мәдениеттердің  аутенттілігі  мен  өзіндік  жеткіліктігі,  мәдени 
өзіндік  сананың  мәдени  болмысқа  сәйкес  келуі  болып  табылады. 
Мәдени  сұхбат  пен  қоммуникацияға  қазақ  қоғамы  ХХ  ғасырдың 
басында  барынша  зәру  болды.  Бірақ  ол  қатынастардан  қазақ 
зиялыларының түсінігі бойынша қазақ қоғамының ұлттық келбеті, 
өзіндік этникалық бірегейленуі жоғалып кетпеуі тиіс болатын.
Мәдениеттер  сұхбаты  сияқты,  «өркениеттер  сұхбаты  да 
өркениеттің өзінің онтологиясында бар дүние. Өйткені өркениет 
өркендеген мәдениет, ал өркендеу дегеніміз міндетті түрде басқа 
мәдениеттер тәжірибесін жатсынбай, басқа мәдениеттерді танып-
білу,  олармен  араласу,  олармен  бірлесе  тіршілік  құру  дегенді 
білдіреді.  Өркениет  өзінен  басқа  келесі  бір  өркениеттермен 
әрдайым  түрлі  деңгейлерде  қарым-қатынаста  болып  отыра-
ды.  Қарым-қатынас  –  өркениет  болмысының  міндетті  шарты, 
тіршілік ету көзі. Өркениет – бұл заңды нәтиже және адамдардың 
жасампаз  іс-әрекеттерінің  жемісі.  Өркениет  құндылықтары  – 
әлемдік  байланыстардың  дамуын  қамтамасыз  ететін  әмбебап 
құндылықтар» [11].
Мәдениет  өзінің  көптүрлігімен  және  мүмкіншілік 
молшылығымен  құнды.  Сөз  жоқ:  біздің  баршамыз  әртүрліміз, 
әртүрліліктің бірлігі дүниенің қалыптасуына және дамуына негіз 
болған.  Ұлттық  мәдениеттердің  алуандылығы  жойылмақ  емес. 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
24
Сөйтіп, түр өзгешелігі әлеуметтік дүниеде сұхбаттың алғышарты. 
Демек,  зерттеуші-ғалым  А.  Құлсариеваның  пікірінше,  «...
сұхбаттың  түпмақсаты  адамдар  арасында  үйлесімділікке  қол 
жеткізу,  түрлі  мәдениеттер,  ділдер,  діндердің  «ортақ»  орнының 
барлығын  көрсетіп  беру  болса,  мәдени-әлеуметтік  көптүрлілік 
жағдайындағы гуманизм, яғни адамның жеке тұлғасының шарт-
сыз  құндылық  екендігін  мойындау  әлемдегі  бірлесе  тіршілік 
етудің жалғыз ғана дұрыс жолы болып табылады» [11, 3 б.]. Кез 
келген  мәдени  сұхбаттың  құқықтық  және  моральдық  негіздері 
бар екені белгілі. Ол сонымен қатар дүниетанымдық ықпалдасу 
процесіне де зәрулі болып келетінін ескерген жөн. Осы тұрғыдан 
алғанда  қазақ  қоғамының  ХХ  ғасыр  басындағы  сұхбатқа  деген 
ұмтылысын  өрбітудегі  қазақ  зиялыларының  атқарған  рөлі  зор 
екенін атап өткен жөн.
Қазақ халқының тарихи сахнасында рухани және әлеуметтік 
дамуға  қарай  белсенді  қадамдары  негізінен  сол  халықтың 
ішінде  өмір  сүрген  данагөй,  көрнекті  тарихи  тұлғалардың  иде-
ялары  мен  іс-әрекеттері,  шығармашылығы  мен  талпыныстары 
арқылы  жүзеге  асып  отырды  десе  болады.  XX  ғасырдың  басына 
дейін өмір сүріп, халықтың рухани әлемінде терең із қалдырған 
тұлга  Абай  Құнанбаев  екенін,  мойындағанымыз  белгілі.  Абай 
шығармашылығы  туралы  топтаманың  жарық  көрген  үшінші 
томында  біршама  жақсы  айтылды.  Дегенмен,  ХХ  ғасырдың 
басындағы қазақ қоғамындағы рухани және мәдени ахуалдың си-
паттамасын бергенде данагөй ақын шығармашылығын айналып 
өту мүмкін емес. 
Әрине,  ғасыр  басталған  тарих  кезеңде  Абай  және  оның 
ізбасарлары  айтқан  терең  ойлар,  керемет  құндылықтар  жүйесі 
бірте-бірте халық санасына бойлап, қазақ зиялыларына нағыз ру-
хани  бағдар  болып,  жастарды  руханиятқа  тәрбиелеуші  құдіреті 
бар  әмбебап  күшке  айналғанын  байқаймыз.  Тіпті,  қазіргі  XXI 
ғасырдың  өзінде  оның  өмірді  руханияттандыратын  құдіретті 
әлеуеті  бар  екенін  айта  аламыз.  Әлемді  билеуші  күштің  адамға 
байланысты  сипаты,  оның  дүниеге  деген  ыстық  ықыласы,  яғни 
оған  деген  іңкәр  махаббатынан  көрініс  береді.  Осы  рухани 
қатынасты өте әсем сөздермен жеткізген рухани тұлғаның тарихи 
орны ерекше. 
Қорқыт  бастаған  ізденістер  қисыны  қазақ  жерінде  кейінгі 
ғасырларда  жалғасын  табады.  Ол  іздеген  мәңгі  тіршілік  етудің 

25 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
көзі «өнерді шыңдауда», өнерді өмірдің мәні етуде. «Өнерді үйрен 
де  жирен»  дейді  қазақ.  Демек,  адамға  бір  өнермен  шектеліп 
қалма,  өзіңнің  сан  қырлы  қасиеттеріңді  ашуға  тырыс,  өзіңнің 
әмбебаптығыңды  көрсет  дегендей.  Қожа  Ахмет  Ясауи  жырла-
рынан  қазақ  даласында  бастау  алатын  Алла  дидарына  қарай 
ұмтылушылық адамның рухани жетілуінің негізгі бағдары етіліп 
алынады. Осы рухани дәстүр Шәкәрім және М.Ж. Көпеев сынды 
ХХ басындағы ойшылдардың шығармашылығынан көрініс беріп 
отырды  [12].  Қазақты  қазақ  еткен,  оның  ұлттық  келбетін  сақтап 
қалған рухани дәстүр сабақтастығы екендігіне тағы да куә бола-
мыз.
Көрнекті  ақын  Абай  үшін  дүниені  терең  танып-білу  оны 
әрбір адам жүрекпен қабылдап, ақылмен електеп, барлық білім 
көздерінен сусындап, үлгілі мәдениеттерден үйреніп қана жүзеге 
асыруға  болатындығымен  байланысты.  Философия  негізінен 
әлемді  рационалдық  тұрғыдан  игеру  болғандықтан  ұғымдар 
мен  түсініктердің  нақтылығы  маңызды  рөл  атқарады.  Абай, 
Шәкәрімдер бастаған қазақ қоғамының рухани әлемі Шығыс пен 
Батыстың өзіндік түйісуімен ерекшеленгенін атап өту керек. 
Ал енді Абайдың ойы қазақ даласында өз заманында кең та-
рамаса  да,  оған  ұқсас  өмір  туралы  ойға  шомуы,  оның  мәні  мен 
онтологиялық негіздерін іздеуі, оның өзіндік аксиологиялық ие-
рархиясын  анықтауы  ағартушылық  жолында  жүрген  зерделі 
жандар үшін XX ғасырдың басында үлгі боларлық сипатты іске 
айнала  бастайды.  Бұл  да  қазақ  қоғамындағы  интеллектуалдық, 
философиялық құрылымдарды дәріптеп, өз қоғамдық санасында 
барынша гүлдендіре бастауының белгісі болатын. Философиялық 
ойлаудың  қоғамдағы  көрінісі  әрине  алдымен  рационалдық 
өрнектер  арқылы  бейнеленеді.  Бірақ  оның  поэтикалық  жол-
мен жеткізілу сипаты ерекше бір қыры болып табылады. Қазақ 
даналығы рационалистік пайымдаудың өнермен ұштасқан тұсы 
екенін  ескергеніміз  жөн.  Мәселен,  ойдың  адамзаттың  рухани 
әлеміне  енуіне  және  адам  болмысының  кемелденуіне  қызмет 
етуінде болып тұр. 
Әдетте кез келген ақынның өлең жолдарынан өз дәуіріндегі 
экзистенциалдық 
дүниетанымның 
кейбір 
қырларын, 
ерекшеліктерін  аңғарамыз.  «Өмір  деген  үлкен  жұмбақтың 
шешуін табамын деп әуреленбе, одан да кең қанат жайып өмір 
сүр,  пендеге  берілген  уақыттың  өзі  бекер  емес»  деген  ой  үнемі 
тұжырымдап отыратын әсер қалады. Мәселен, «Өмір» феноменін 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
26
өзінің шығармашылығына арқау еткен Ғұмар Қараш сынды ой-
шыл  қазақ  даласында  образды  түрде  бейнеленген  «бес  күндік 
өмір» деген түсінікті өз жырында қолданады [13, 122 б.].
Дегенмен,  ақын  өзінің  дүниетанымын  пессимистік, 
боркеміктік бағдарда ұстамайды және өмірді жай ғана, мағынасыз, 
жауапкершіліксіз  өткізе  салу,  тіршілікті  сүре  салу  дегеннен 
аулақ болуға шақырады. Міне, сондықтан халқымыздың мәдени 
мұраларын,  данагөй  сөздерін  зерттеу  барысында  байқалатыны: 
қазақ  ойшылдарының  бір-біріне  деген  рухани  жақындығы  осы 
мәселе  төңірегінде  айқын  аңғарылады,  яғни  олардың  көбісі 
дүниенің  ішкі  имманенттік  күші  адамды  адамгершілікке, 
руханилыққа итермелейтініне кәміл сенеді. Ал Абай болса, осы 
күшті нағыз махаббаттың, адами сүюдің белгісі ретінде айшықтап 
көрсетеді.  Махаббаттың  дүниені  ұстап  тұрған  нағыз  құдірет 
екендігіне өздері ғана сеніп қоймай, бүкіл ел-жұрттың осы ғаламат 
күштің  алдында  бас  июін,  әрбір  ісін  осы  кереметпен  астастыра 
отырып атқарғанын қалайды.
Абай  өзінің  көркем  шығармашылығында  сол  замандағы 
қазақ қауымының көкейкесті мәселелерін терең білдіре алды және 
олардың шешімін іздеді. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат 
пен  адамның  сұлулығын  нақтылап  айқындай  түсті.  Поэзияның 
көркемдігін  шыңына  жеткізе  түсуді,  мағынасын  тереңнен  толғау 
керектігін  айтты.  Абайдың  қара  сөздерінде  көрініс  тапқан 
эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге 
көтерді. Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы ақын-жазушылар за-
ман  талабын  терең  сезіну  мен  сол  жайында  толғануды,  алға  және 
алысқа  көз  тігуді,  тарих  тамырының  жанды  соғысын  суреткерлік 
және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренді.
ХХ  ғасырдың  басында  Алаш  зиялылары  еңбектерінде  әдеби-
эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еу-
ропа  және  жәдитшіл  татар  мәдениеті  арқылы  оянған  Шығыспен 
тоғысуы  нәтижесінде  қалыптасты.  Терең  эстетикалық  ойлар 
Мәшһүр  Жүсіп  Көпейұлының,  Шәкәрім  Құдайбердіұлының, 
Ғұмар Қараштың, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, 
Мағжан Жұмабайұлының, Міржақып Дулатұлының т. т. шығарма-
ларында  айтылды.  Олардың  талқылаған  басты  тақырыптарына 
қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі 
гуманизм  мен  имандылық,  фольклордағы  рәміздік  кейіпкерлер, 
ұлтжандылық пен азаматшылдық т.т. жатады.

27 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
Өткен  XX  ғасырдың  басында  гуманистік  ой-сананы  қазақ 
топырағында  барынша  биік  деңгейге  көтеруші  ойшылдардың 
қатарына  Шәкәрім  Құдайбердіұлын  жатқызамыз.  Оның  діни-
философиялық  тұжырымдары  негізгі  философиялық  еңбегі 
«Үш  анықта»  келтірілгені  ғылыми  көпшілікке  белгілі.  Діни 
философияның  шешетін  негізгі  мәселелерінің  қатарына  жан 
мен  рухтың  өзара  байланысы,  рухани  дамудың  тылсым  күшін 
байыптауға тырысу жататыны анық. Шәкәрімнің бұл сұрақтарды 
зерделеуде  төмендегідей  қортындыларға  келгенін  көруге  бо-
лады:  «Адам  ақиқатты  бас  көзімен  көрмейді,  ақыл  көзімен 
көреді... Өлімнен соң біртүрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті 
іс — ұдан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім» [14], – дей 
келіп, руханилықтың субстанциялық орталығын, оның барлығын 
біріктіруші  шынайы  өзегін  таба  біледі.  Міне,  сондықтан  осын-
дай типтегі философиялық дүниетанымды біз нағыз гуманистік 
құндылықтық жүйенің көрінісі, халық үшін болашаққа жетелер 
өзіндік рухани  мұрат пен  бағдар болатын құбылыстар деп атар 
едік.
Шәкәрімнің  ойлары  нағыз  биік  тұлғаға  тән  тұтастанған 
дүниетаным ретінде қазақ ойшылында XX ғасырдың басында-ақ 
қалыптасып  үлгергенін  білдіреді.  Ал  осындай  дүниетанымдағы 
біртұтастыққа  жеткен  көрнекті  тұлғалар,  тарих  даралары 
қай  халықта  да  болғаны  анық.  Бірақ  өкінішке  орай,  бұндай 
аксиологиялық  тұжырымдар  Шәкәрім  өмірінен  кейін  көптеген 
жылдар  өткен  соң  ғана  айтыла  бастады.  Тек  адамның  жан 
дүниесінің,  рухының  мәңгі  екендігін  айтудың  өзі  үлкен  данаға 
тән  көрегендіктің  белгісі  болатын.  Осындай  руханилыққа, 
өркениеттілікке  толы  әрекеттердің  халық  үшін  бекер  еместігін 
қазіргі  кезеңде  қоғамымызда  белсенді  ой  талқылауынан  өткізе 
бастағанымыз байқалады.
Шәкәрімнің  қазақ  мәдениетіндегі  орны  мен  философиялық 
ой тарихындағы атқаратын қызметі жайлы төмендегі пайымдау-
лар нақты берілген әділетті баға дей аламыз: Шәкәрім өзіне дейінгі 
болған рухани ұстаздары Шоқан, Ыбырай, Абайға қарағанда, грек, 
Еуропа кәсіби философиясының тарихымен тікелей шұғылданып, 
оларды  тек  танып-біліп  қана  қоймай,  ол  өз  пікірлерін,  ойла-
рын  ортаға  салып  айта  отырып,  қазақ  кәсіби  философиясының 
іргетасын  қалап,  өзі  де  нағыз  қазақтың  алғаш  кәсіби  философы 
деңгейіне жетті. Сөйтіп, қазақ халқының ХХ басындағы зиялы аза-

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
28
маты  қазақ  философиясының  деңгейін  әлемдік  философияның 
қатарына  қосуға  барынша  жақындата  түсті.  Біздіңше,  қазіргі 
кезеңнің өлшемімен «ұлттық философиялық тұғырнамамыздың 
кәсіби  сипатта  қалыптасуы  мен  өрбуі  Жаңғырған  Заманда  осы 
кемеңгер ойшыл, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлынан ба-
сталады» деп батыл айта аламыз. 
Жалпы адам өмірінің барлық құндылықтық іргетасы бекімей, 
оның  әлеуметтік  кеңістігінде  дүние  шайқалып,  мағынасыздық 
құрылымдары  өзінің  билігін  жүргізер  еді.  Қазіргі  Батыстың 
постмодернизм  бағыты  осы  мағынасыздықтың  бел  ортасында 
жүргендей  күй  кешуде  іспетті.  Жеке  бастың  даралығын  барын-
ша дәріптеу, әрбір тұрақты рухани құндылықтың өзіне күмәнмен 
қарау XX ғасырдың екінші жартысындағы Батыс философиясының 
ерекшелігіне, ішкі қасиетіне айналғанына талай жылдардың жүзі 
болды.  Міне,  сондай  жағдайды  философия  әлемінде  қанағат 
тұтынушылар көбейіп жатқандығы әлемдік рухани дағдарыстың 
белгілерін  танытады.  Әрине,  оның  бәрі  бекер  емес  болатын.  XX 
ғасырдағы  әлеуметтік  төңкерістер,  дүниежүзілік  соғыстар  әрбір 
жеке адам үшін жөнді ешнәрсе бермеді, есесіне топтық, таптық 
өзгерістерге деген сенімін жоғалтты.
Міржақып  Дулатов  сияқты  қайраткерлердің  идеялары  та-
рих қатпарларында жатқан гуманистік идеялардың жандануына 
түрткі болды. Ол қазақ халқының тарих сахнасында әлі де толық 
ашыла  қоймаған  этникалық  кодын,  шығармашылық  әлеуетін 
уақыт келгенін жария етеді. Қайраткердің мардымды әрекеті за-
манына сай келетін, қалың жұртшылыққа әсер ететін ұлттық иде-
яны іздеумен бірдей болатын. Міне, сөйтіп, екі жақтан түйіскен 
белсенділік  ұлттық  болмыстың  біршама  жетілуіне  әкеліп 
соқты, заман көптеген тарихи тұлғаларды туындатты. Бұл қазақ 
қоғамының  саяси  тұрғыда  сауаттана  түсуімен  қатар,  әлемдік 
өркениеттегі  маңыздылығы  жоғары  құндылықтар  дүниесімен 
танысуға мүмкіндіктер ашты [15].
Патшалық  Ресей  барынша  қараңғылықта  ұстамақ  болған 
өзінің  боданындағы,  тәуеліндегі  елдерде  мәдени  гүлденудің 
қажеттілігін  мойындағысы  келмеді.  Қазақ  интеллигенциясының 
буржуазиялық-демократиялық революцияға, тіптен, одан кейінгі 
социалистік  революцияға  кейбір  үмітпен  қарауының  себебі 
түпкі  қайшылықтардың  шешілмей  келуінде  еді.  Ал  Мұстафа 
Шоқай,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Әлихан  Бөкейханов,  жоғарыда 

29 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
аталған Міржақып Дулатов және т. б. көптеген қазақ қоғамының 
бетке ұстар көрнекті қайраткерлері халық үшін тәуелсіздік кел-
мей, қайшылықты мәселелер тиісті шешімін таба алмасын білді. 
Міне, сондықтан алдымен «ұлттық-мемлекеттік автономия» иде-
ясын жүзеге асыруды ойласа, оның арғы жағында егемендік алу, 
тәуелсіздікке  қол  жеткізу  сияқты  қадамдар  жасалатынына  нық 
сенімді болатын. Осындай саяси бағдарлар қазақ қоғамын барын-
ша түлете түсті, қазіргі жағдайға жетуге іргетас болды.
XX ғасырдың басында қазақ қоғамы мен қазақ мәдениетінде 
жаңа  идеологиялық  сипаттағы  заманауи  нышандар  пайда  бола 
бастайды.  Біріншіден,  Ресей  Қазақстанды  толық  отарлау  саяса-
тына  көшті.  Бұрынғы  дәстүрлі  басқару  мен  реттеу  тетіктерінің 
орнына империялық заңдар енгізілді. Билер соты өз қызметінен 
айырылып қалды. Оны әлсірету мақсатында Ресей әкімшілігі би-
лер сотының шешіміне шағым  беруді ресми түрде бекітті, яғни 
түбінде  барлық  мәселені  болыстар  мен  ояз  әкімшілігі  шешіп 
отырды. Алайда, кейінгі Кеңес өкіметіндей Ресей кезінде ұлттың 
дәстүрлік  қалыптасқан  мәдени  үрдісті  реттеу  тетіктерін  толық 
жоймады.
Екіншіден,  Ресей  өкіметі  өзінің  Қазақстан  жеріндегі 
мүдде-мұраттарына  қарсы  келмейтін,  олардың  іске  асуына 
кедергі  жасамайтын  құқықтық  «аудандардың»,  ұстындардың, 
нормалардың  өмір  сүруіне  бейтараптық  танытты,  «көнбістік» 
көрсетті.  Мүмкіндігінше  оларды  «көрмеуге»,  «байқамауға», 
не  болмаса  «айналып  өтуге»  тырысты.  Сөйтіп,  аймақтардың, 
қағида-жарғылардың тыныштығын бұзбауға, «мазасын алмауға», 
«қытығына тимеуге» ұмтылды. Тіптен, мұндай әдет-ғұрып құқығы 
нормаларын  жергілікті  халықты  «игеріп»,  басқарып  тұру  үшін, 
оны  әрдайым  «тыныштықта  ұстап  тұру»  мүддесі  тұрғысынан 
келіп,  осы  көзқарас  аясында  бағалап,  пайдалануға  тырысты. 
Яғни аталмыш әдет нормаларының мәдени-рухани, реттеушілік-
басқару,  іс-қимылдық  бағдар  беру  әлеуетін  Ресей  мемлекеті  өз 
мүддесі шеңберінде қолдап, толық қолданып отырды.
Үшіншіден,  қазақтың  дәстүрлі  мәдениетіндегі  түбегейлі 
өзгерістер табиғи жолмен емес, күштеу ұстыны арқылы жүргізіліп 
отырылды. XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басы — қазақ 
халқының отаршылдыққа қарсы толассыз көтерілістер кезеңі. Ба-
тыс зерттеушілерінің пікірі бойынша, Ресейдің отарлау тәсілдері 
басқа еуропалық ірі мемлекеттердің тәсіліне қарағанда қаталдау 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет