Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты


I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының



Pdf көрінісі
бет6/42
Дата03.03.2017
өлшемі2,34 Mb.
#6131
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
аяқталмай қалған, бірақ Сұлтанмахмұттың айтпақ болған негізгі 
ойы айтыстың жарық көрген бөлігінен айқын көрініп тұр. 
Қазақ  күрделі  өзгерістерге  қадам  басқалы  тұр.  Болашақ 
қандай  болмақ?  Білім  мен  ғылымды  дамыту  елді  өркендетуге 
жеткілікті  ме?  С.  Торайғыров  «Социализм»  мақаласындағы, 
«Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдары мен «Кедей», «Адасқан 
өмір»  поэмаларындағы  ойларына  тағы  оралады,  нықтай  түседі. 
Ел  боламын  деген  жұрт,  адам  атына  лайық  өмір  сүремін  де-
ген  адам  көңілден  арды,  беттен  ұятты  кетірмеуі  керек.  Әсіресе 
қазақ  баласы  өз  бабаларының  адамгершілік  құндылықтарын 
бір сәт те естен шығармай, жаңа қоғамға бірге ала кеткені жөн. 
Адамгершілігі, ары жоқ адамның хайуаннан еш айырмасы жоқ. 
Адамдық қасиеттерді дамыту адамның өз қолында екенін де ақын 
үнемі  ескертіп  отырады,  өзінің  арлылыққа,  білімге  ұмтылған 
өмірінің әрбір кезеңін жан-жақты жырлауы да басқа адамдарға, 
қазақ жастарына үлгі болсын, күш пен сенім берсін деген ойдан 
туындайтын  секілді.  Оның  бұл  пікірлерінің  маңызы  қазіргі  за-
манда арта түспесе, кеміген жоқ. Дамудың бұрынғы қалыптасқан 
кезеңдерінен мүлдем өзге, жаңа кезеңінің алғашқы сатыларынан 
өтіп жатқан қазақ жұртының болашағы туралы үміт пен күдікке 
толы  ойлар  саналы  адамды  мазаламай  қоймайды.  Осы  ретте 
Шәкәрімнің  «ұждан»,  Сұлтанмахмұттың  «ар  азығы»  ілімдерінің 
пайдасы  мол.  Олардағы  тоқ  етер  пікір:  ар-ұжданды  жоғары 
қойған қоғам ғана көркеймек, арын таза сақтаған адам ғана адам 
болып қалмақ.
Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың  ақиқатты  іздеу  жолы  өте 
күрделі болды, талай рет басын тасқа ұрды, тауы шағылып, ада-
сты. Бірақ ол өзі ту етіп көтерген арына кір шалдырмады, адасса 
да таңдаған жолынан таймады,
 
Бұл күнде адасудан көз ашпадым,
 Не нәрсені көздесем, тап баспадым – 
 Дүниеден басқа рақат тілемеймін,
 Кеш арым, мен білместің адасқанын,
десе де, оның қысқа ғұмыры жастар үшін мәнді өмірдің керемет 
үлгісі екендігі күмәнсіз [5]. 
Қазақ халқының санасын ояту мақсатында талмай еңбектенген 
қазақ  зиялыларының  көрнекті  өкілдерінің  бірі  Мұхтар  Әуезов 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
50
еді. Сол кезде Семей семинариясының небәрі 21 жастағы шәкірті 
Мұхтар  қазақ  жастарының  ой  өрісін,  дүние,  өмір,  ғылым  мен 
білім туралы түсінігін кеңейту үшін және қоғамды өзгерту жолын-
да  жұмыла  еңбектенуге  шақыру  мақсатында  көптеген  ғылыми-
танымдық мақалалар жазды. 
Бір  ғана  «Абай»  журналында  «Япония»,  «Білім»,  «Будда», 
«Философия  жайынан»  секілді  көлемді  де  мазмұнды  туынды-
лары  жарық  көрген  екен.  Дүниетанымдық  тұрғысынан  алғанда 
соңғы мақаланың орны ерекше. «Философия жайынан» еңбегінің 
мазмұны болашақ жазушының философия тарихын терең зерт-
теген,  өзіндік  философиялық  көзқарасы  қалыптасқан  тұлға 
екендігін дәлелдейді. Жас Мұхтарды дәл осы кезеңде философия 
ғылымы қатты қызықтырғаны сезіліп тұр. 
М.  Әуезов  мақаласын  философияның  зерттеу  объектісін 
түсіндіруден  бастайды,  философияны  «кең  ақыл,  терең  қиял 
шығарған, адамның жанын тәрбиелейтін, жүрегін ағартып, адам-
шылығын арттырып, ақтылыққа сүйрейтін ғылым» деп тамаша си-
паттап, философияның ең әуелі адам туралы ғылым екенін дұрыс 
ұғына білді. Философияның осы нағыз мәніне біз ұзақ жылдарға 
созылған адасулардан кейін енді ғана оралып отырсақ, М. Әуезов 
ғасыр  басында-ақ  философияның  негізгі  зерттеу  объектісі  адам 
екенін түсінген екен. Ол философияның даналықпен, терең ойла-
умен байланысты екенін де ерекше атайды. Терең ойлау неден ба-
сталады? Осы сұрақтың жауабын болашақ жазушы гректің атақты 
данышпаны Аристотельдің ілімінен тауып, философияның басы 
таңданудан басталатынын көрсетеді.
Таңдану  –  танымның  негізі.  Затқа,  құбылысқа,  басқа  адамға 
таңдана  білген  адам  сол  нәрсені  тереңірек  зерттеуге,  зерт-
теу  арқылы  білімге  жетуге  тырысады.  Көне  грек  философы 
Сократтың  «Мен  ештеңе  білмеймін,  басқалар  оны  да  білмейді» 
деген  әйгілі  қағидасының  негізінде  де  өзін  қоршаған  дүние  мен 
осы дүниеде өмір сүруші адамдар туралы мейлінше толық білім 
жинауға  таңданудан  туындаған  ұмтылыс  жатыр.  Ал  ештеңеге 
таңданбайтын, селт етпейтін адам өзін де, қоршаған дүниені де, 
басқа адамды да терең түсініп, философиялық ой түюге дәрменсіз.
М.  Әуезов  философияның  зерттеу  объектісін  ғана  емес, 
мақсаттарын  да  өте  дұрыс  көрсетеді,  оларды  тағы  да  адам 
өмірімен  байланысты  түсіндіреді,  «философия  дүниенің  ең 
жоғарғы  негізін  таппақ...,  адамның  жанын,  ішкі  халін  тек-

51 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
сермек...,  адамның  дүниеге  келген  мақсатын  тексермек»  деп, 
философияның  антропологиялық  және  экзистенциалдық  сипа-
тын үлкен даналықпен дөп басып түсіндіреді [6, 8 б.]. 
Біз болсақ, философия әуел бастан адамның ішкі дүниесіне 
үңілетін,  оны  не  сұрақтар  мазалайтынын,  адамның  өмірге 
келгендегі мақсаты не екенін түсіндіруге тырысатын ғылым екенін 
ұмытып, оны жаратылыстану мен қоғамтанудың еншісіне бердік, 
адамтану  ісіне  көңіл  аудармадық.  Адам  өмірінің  мәні  туралы 
экзистенциалдық толғаныстар тек «капитализм жайлаған Батыс» 
адамдарына  тән,  ал болашағы анық  социалистік жүйенің  «жан-
жақты  дамыған  адамдарын»  ондай  мәселелер  мазалауы  мүмкін 
еместігіне деген сенім біздің санамызға мықтап ұялады. Сондықтан 
да  философия  жеке  адам  мәселесін  үстіртін  ғана  қарастырды, 
өзі  негізінен  қоғамға,  мемлекетке,  билеуші  тапқа  қызмет  етуші 
ғылымға айналды, ал адам өмірінің мәні мәселесіне соңғы жыл-
дары ғана бет бұрды. Ойлап қарасақ, біздің қоғамда қазір ғана сөз 
болып отырған осы философиялық мәселелер туралы М. Әуезов 
әлдеқашан айтып кеткен екен.
Философияның  мақсаттарын  екшелей  келіп,  адам  өмірін 
зерттеу  діннің  де  мақсаты  екенін  ескертеді  де,  болашақ  жазу-
шы  философияны  діннен  жоғары  қояды,  оның  тәуелсіз  сипа-
тын ерекше бағалап, жолы жаңа, дамуы еркін болуы қажет деп 
түсіндіреді.  Ой  тежелсе,  оған  қысымшылық  көрсетілсе,  ойдың 
дамуы дағдарысқа ұшырайтындығы – ақиқат. Бұл ойымызға сек-
сен жылға жуық уақыт бір жүйеге тәуелді болған кеңестік фило-
софия мектебі дәлел бола алады. Әрине, қол жеткізген табыстар 
да жеткілікті, бірақ философия еркін дамығанда, идеология мен 
таптық көзқарастан тәуелсіз болғанда еліміздегі философиялық ой 
деңгейі, әсіресе ұлттық философиямыз ең жоғарғы биіктіктерден 
көрінер еді.
М.  Әуезов  осы  мақаласында  философия  ғылымының 
болашағына үлкен үміт артқан екен, оның бұл арманы орындалу-
да. Ұзақ жылдар бойы дамуына тосқауыл қойылған ұлттық фило-
софия мектебі тәуелсіздік алған он жыл ішінде күшті қарқынмен 
дамып, тым-тәуір жетістіктерге қол жеткізді, оның болашақ даму 
жолы да кең, жалтақсыз, тәуелсіз, яғни нағыз философия жолы 
болады деп сенеміз. 
ХХ-шы  ғасырдың  басына  дейінгі  философия  тарихын  са-
ралай  келіп,  болашақ  жазушы  неміс  философиясына  ерекше 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
52
тоқталады, жалпы философия ғылымының өрлеуін осы бағыттың 
өркендеуімен  байланыстырады.  Оның  осы  ойларын  оқығанда 
біздің есімізге дереу санамызда жатталып қалған Маркс пен Эн-
гельс түседі. Жоқ, Әуезов философияның жаңа жолы Иммануил 
Кант  философиясына  сүйенетінін  айтады.  Ал  біз  ұзақ  жылдар 
бойы  Канттан  бергі  философияны  дәріптеп,  Кант  пен  Гегельге 
идеалистік  айдар  тақтық,  олардың  ілімін  белгілі  бір  шеңберде 
ғана зерттеумен шектелдік. Немістің осы атақты ғұламаларының 
философиясы  бізге  тек  қазір  ғана  толығымен  қайта  оралды. 
Әуезовтың дүниетанымына Канттың ілімі қатты әсер еткен сияқты, 
жазушы  қаламынан  кейінірек  шыққан  ірі  дүниелеріндегі  ізгілік 
пен зұлымдық, қарыз бен парыз, адам және қоғам мәселелерінен 
неміс  философының  этикалық  ойларының  ізін  байқаймыз.  Жа-
зушы осы мақаласында да философияның адамгершілік сипаты 
туралы  көбірек  айтады.  Оны  таза  ақыл,  терең  ойдың  көмегімен 
адамның  адамшылығын  тәрбиелейтін  ғылым  ретінде  барлық 
ғылымдардың қазысы деп танып, философияға адамның жан жара-
сын жеңілдететін, «адамшылық жолында қараңғы қалтарыстарда 
қолға ұстайтын шамшырақ» деген керемет анықтама береді [6, 8 
б.]. Философия туралы осыдан артық дәл, терең, жан-жақты айту 
мүмкін  емес  сияқты,  өз  басым  философиядан  дәріс  оқу  ісінде 
философия ғылымына ұлы жазушымыз берген осы анықтаманы 
қолданып отырамын.
Жазушының басқа шығармалары секілді «Философия жайы-
нан» да тамаша теңеулерге, терең тұжырымдарға толы. Өз ойын 
көпшілікке түсінікті етіп жеткізу үшін қолданған философиялық 
категориялар тіпті ерекше. Ақтық, хақиқат, шын, шындық,бұлдыр, 
терең  тексеру,  адамшылық  және  тағы  басқа  ұғымдар  жаңа 
қалыптасып қеле жатқан қазақ философиясына аса қажет, олар 
біз  орысшадан  аударып  қолданып  жүрген  ұғымдардың  орнын 
басуы  керек.  Бір  өкініштісі,  Әуезов  философия  тақырыбына 
қайта  оралып,  арнаулы  еңбек  жазбады.  Біздің  ойымызша,  оған 
оның  заманы,  қоғамы  кінәлі.  Жаттанды  қағидаларды  насихатта-
ушы,  идеологияға  тікелей  бағынышты,  жалтақ  философия  оны 
енді қызықтырмады, жазушы жалпыфилософиялық мәселелерді 
әдеби  еңбектерінде  баяндаумен  ғана  шектелді.  Бірақ  осы 
туындысының өзі мазмұн мен ой тереңдігі және философиялық 
тілінің  шұрайлылығы  деңгейінен  алғанда  маңызы  зор,  қазіргі 
қоғам қажеттілігіне сай қайта жаңғырған дүние. 

53 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көсемдері Ах-
мет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов арнайы философиялық 
туынды  жазған  жоқ,  бірақ  қазақ  жұртының  санасын  ояту 
мақсатында  жазылған  мақалаларында  мен  өлеңдерінде  олар 
адам және қоғам мәселесін көтеріп, қазақ жұртына адам өмірінің 
шын  мақсатын  түсінуге  жол  сілтеп  отырды.  Оларды  өмір  бойы 
толғантқан  мәселе  –  ел  қамы,  ұлт  қамы  еді.  Күнделікті  күйбең 
тіршілікті қанағат тұтып, ұйқылы-ояу өмір кешкен халқын қайтсем 
өзгертемін,  мал-дәулет  жинаудан  басқа  да  құндылықтар  бар 
екеніне көзін қалай ашамын, оқу-білім жолына қалай түсіремін 
деген ойлар олардың өмірлік мақсаттары – халық игілігіне аянбай 
қызмет етуді анықтады.
Жалпы  қазақ  ұлтының  жақсы  өмірге  жетуіне  қажетті  ба-
сты  нәрсе  –  еркіндік  пен  тәуелсіздікке  жету  деп  түсінген  олар 
патшалық Ресейдің билігіндегі қазақ елін «Оян, қазақ!» деп «Маса» 
болып шағып, «Алаш» партиясы мен «Алашорданы» құрды, ұлт 
мүддесін саясаттан жоғары қойып, кеңес үкіметіне де қызмет етті. 
Өзінің Вольтерден аударған өлеңінде:
Тұрлауы жоқ, өзгерілгіш өмірдің
Өтпесіне еткен, сірә, кім хайла! [7, 83 б.]
деп  көрсеткен  өтпелі  өмір  Ахмет  Байтұрсыновтың  түсінігінше, 
оны  бостан-босқа  өткізу  үшін  берілмейді.  Адамның  өмірге 
келгендегі  мақсаты  «байға  мал,  оқығанға  шен»  болып,  «өз  ба-
сынан  артылмаған  жақсылық»  емес  [7,  75  б.].  Оның  замандаста-
ры  өмірдің  мәнін  осы  тар  шеңберде  ғана  түсінумен  шектелді. 
Олардың мінездемесін Ахмет Байтұрсынов «Қырық мысал» мен 
«Маса» шығармаларында өте дәл береді. Қазақтың жалқаулығы 
мен  еріншектігін,  араздастығы  мен  берекесіздігін,  надандығы 
мен  талапсыздығын  ол  аяусыз  сынайды.  Қазақтың  түбіне  жетіп 
отырған  ең  әуелі  еріншектік  пен  жалқаулық.  Бұл  екеуі  болған 
жерде қозғалыс жоқ, ал қозғалыссыз даму жоқ екені белгілі. Осы 
диалектикалық түсінікті Байтұрсынов өзен мен қарасуды мысалға 
ала отырып, тамаша дәлелдейді. Еріншектіктен бойын аулақ са-
лып,  еңбекті  мұрат  тұтқан  елдер  өзен  іспетті.  Күні-түні  тынбай 
еңбектенген  өзен  мехнат  шеккенімен,  түбінде  зорайып,  рахатқа 
бөленді. Өз бетімен ағып қана қоймай, сай-саланы да толтырып, 
өзіне  ғана  емес,  басқаларға  даа  пайда  әкелді,  сөйтіп,  атағы  жер 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
54
жүзіне жайылды. Ал қарасудың жаны тыныш, оны жел де маза-
ламайды, төменде ұйқылы-ояу, қозғалмай жатыр. Ахмет қазақты 
осы  қарасуға  теңейді.  Шөп  басын  сындыруға  ерініп,  уақытша 
рахатқа алданған қазақ еңбек қылып, ғылым мен өнерін дамытқан, 
шын рахатқа жеткен халықтардан артта қалып отыр. Енді ойлан-
баса, ол он жылдың ішінде дымы қалмай жоқ болған, заты түгіл 
аты да жоқ қарасудың кебін киеді:
Қазағым, сал құлағың нақылыма,
Түсініп айтқан достық ақылыма.
Сөз емес еріккенде ермек еткен,
Айтамын жаным ашып жақыныма.
Қозғалмай бұл күйіңмен жата берсең,
Боларсың Қарасудай ақырында [7, 63 б.].
Еріншектіктің  түбін  осылайша  дәлелдеген  ғалым-ақын 
қазақтың  барлық  жаман  қасиетінің  надандықтан  шығатынына 
сенімді.  Надандықты  қазақ  ата  жолдасындай  көреді,  қимайды, 
одан айрылғысы келмейді, «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, 
жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. 
Сонда да оны ғылым, өнерден артық көреміз. «Аллаңнан ойбай-
ым тыныш» дейтін қазақ ғылымыңнан надандығын тыныш көреді. 
Не  шара  бар?»,  –  деп  өкінеді  [7,  214  б.].  Надандықтан  шығудың 
бірден-бір жолы – білім мен ғылым үйрену. Бұл екеуі бар жерде 
халықтың бейнеті кемиді, болашағына жол ашылады. Ғылымның 
қазақта  әзірше  жұрнағы  да  жоқ  екендігін  ашып  айтқан  Ахмет 
Байтұрсынов  қазақты,  әсіресе  оның  белгілі  азаматтарын  мал-
ды болыстыққа, партияға, атақ шығаратын ас беруге жұмсамай, 
білім беру ісіне салуға шақырады.
Білімді  дамыту  –  ұлт  қамы  екендігін  ол  ерекше  ескертеді. 
Ұлт  мүддесі  –  «екі  ауылдың,  екі  таптың  я  екі  рудың  намысы» 
емес, сондықтан да қазаққа түсініксіз, себебі қазақтың «қуанышы, 
қайғысы от басынан аспайды» [7, 257 б.]. Әрбір адам өзінің жеке 
басының  емес,  басқалардың  да  қамын  ойлағанда  ғана  ұлт  пен 
ел  көгерер,  ұлтына  жақсылық  жасаған  адамның  аты  ұрпақтан 
ұрпаққа  жалғасар.  Біздің  ойымызша,  Ахмет  Байтұрсынов  үшін 
өмірдің мәні осында. Халқының қамын ойлап, қанатымен су сеп-
кен, қазақтың ақылды қызы Нәзира Құлжановаға жазған өлеңінде 
де ғалым, ақын, қайраткер Байтұрсыновтың осы өмірлік мақсаты 
түйінделген:

55 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
    
   Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
 Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
 Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын,
 Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін [7, 74 б.]. 
«Өмірдің  мәні  –  басқаға  жақсылық  жасауда»  деген  өмірлік 
қағиданы  Міржақып  Дулатов  та  ұстанды.  Бұл  оның  Шәкәрім 
қажыға берген жауабының жалпы мазмұны. «Адам өмірінің мәні 
неде?» мәселесінің төңірегінде бас қатырған Шәкәрімнің бұл сау-
алды М. Дулатов сол кезде қызмет етіп жүрген «Айқап» журналы-
на жолдауы кездейсоқ емес. Хат жазылған 1913 жыл Шәкәрімнің 
рухани жалғыздық кешкен кезеңі. Ақылдасар Абай жоқ, меңіреу 
қоғамға оның өмірмәндік ізденісі түсініксіз, өзі жат болған жағдайда 
өзінің  жан  қиналысын  түсінер  рухани  серігі  ретінде  қажы  ақын 
«Айқапты»  таңдады.  Бұл  да  бір  заңдылық,  себебі  олардың  ішкі 
дүниелері, өмірлік мүдде-мақсаттары өте ұқсас, өте үндес еді. 
Шәкәрім  қателескен  жоқ,  хат  иесін  тапты,  Міржақып  жан-
жақты  ізденіп,  толық  жауап  қайтарды.  Шәкәрімнің  «Айқапқа» 
жолдаған  сауалдары  бесеу:  Алланың  адамды  жаратқандағы 
мақсұты  не?  Адамға  тіршіліктің  ең  керегі  не  үшін?  Адам  өлген 
соң, мейлі не жөнмен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? 
Ең  жақсы  адам  не  қылған  кісі?  Заман  өткен  сайын  адамдардың 
адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма? М. Дулатов осы 
бес сұрақтың екінші, үшіншісіне жауап береді. Екінші сұрақтың 
қиын  екенін  ескертіп,  әртүрлі  көзқарастарды  сарапқа  салуы 
оның  әлемдік  ғұламалардың  адам  туралы  ілімдерінен  хабар-
дар  болғанын  сезуге  болады.  «...Адамға  тіршілік  бекерге,  босқа 
ғұмырды зая қылып өткізуге берген болмайды», – деп шеше оты-
рып,  ол  адам  өмірінің  мәні  туралы  теологиялық  көзқарасқа  да 
тоқталады [8, 235 б.]. Адам тіршілігін құдайға құлшылық етумен, 
құдай  жолын  қуып,  нәпсіні  біржолата  тыюмен  шектеген  діни 
түсінік оны қанағаттандырмаған секілді.
Шынында  да  бұл  пікір  адамды  өзінен  де  зор  күштерге 
тәуелді, мүсәпір етіп көрсетеді. Мұндай өмірдің қажеті не? «Адам 
өмірге  ішіп-жеу  мен  ұйықтау  үшін  келеді»  деген  ойды  да  ол 
мақұлдамайды,  себебі  адамның  тіршіліктегі  мақсаты  осы  ғана 
болса,  онда  адамның  хайуаннан  еш  айырмашылығы  жоқ.  Бұл 
жерде  М.  Дулатовтың  Абайдың  жетінші  қара  сөзіне  жүгінгені 
байқалып  тұр.  Міржақып  осы  ойды  әрі  қарай  жалғастыра 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
56
отырып,  тіршіліктің  мәнін  Абайдың  ізімен  адамның  рухани 
дүниесінен іздейді және жауапты қазақтың дүниетанымдық ойы-
нан, «жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл» деген 
мақалынан табады. 
Осы  шағын  ғана  мақалда  көп  мән  жатыр.  Әрине,  адам 
табиғатынан өзімшіл келеді. Ол түсінікті де. Өзінің қамын адам ең 
әуелі өзі ойлауы керек, бұл табиғатта да, қоғамда да өмір сүруге 
қажетті  өзін-өзі  қорғау  инстинкті.  Бірақ  үнемі  өзін  ғана  ойлау 
адамның  биологиялық  мақұлық  дәрежесінен  асырмайды.  Адам 
өзі ғана емес, өзін қоршаған басқа адамдар бақытты болғанда ғана 
толық бақытқа жетіп, өзін әлеуметтік тіршілік етуші деңгейінде 
көрсете алады. Адамның адамшылығы да осында. М. Дулатовтың 
«жақсылықты досыңа қыл» деуінің де мәні сол. Дос ұғымын ол кең 
түсінігінде пайдаланып отыр. Дос тек жақын дос, ағайын-бауыр 
ғана емес, олар құрайтын бүкіл қоғам. Басқаға қолынан келгенінше 
жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті деуге болады. Қоғамның 
жеке  мүшесі  өз  мүддесін  ғана  емес,  басқалардың  да  қамын  ой-
лап,  ісімен,  тіпті  болмаса  сөзімен  титтей  болса  да  жақсылық 
жасаса, жалпы қоғам жақсара түспей ме? Бір қарағанда утопия 
секілді бұл пікірдің маңызы зор. Басқаға жақсылық жасау ең әуелі 
адамның  өзін,  оның  адамшылығын  өзгертеді.  Қазақ  халқының 
қоғамдық мұраттарын тарихи-философиялық тұрғыдан талдаған 
ғалым Т. Айтқазин атап көрсеткендей, «адамдарға жақсылық жа-
сай  отырып,  адам  басқаның  көз  алдында  өзін  бір  саты  жоғары 
көтереді.  Өйткені,  жақсылық  адамның  өмір  сүруі  үшін  қажет 
жалпыадамзаттық құндылықтардың бірі» [9, 151 б.].
 Басқаға жасаған жақсылық туралы ойды М. Дулатовтың қазақ 
өмірінен алуы да кездейсоқ емес. Ежелгі қазақ жұртының сүттей 
ұйыған  бірлігінің  негізі  де  байдың  кедейге,  күштінің  әлсізге, 
үлкеннің  кішіге  жасаған  жақсылығында  емес  пе?  Адам  өзіне 
жақсы нәрсені ғана жақсылық деп түсінбеуі қажеттігін М. Дулатов 
дұрыс ескертеді. Өзіңе жақсы нәрсе басқаға зиян болса, мұндай 
жақсылық жер бетіндегі жақсылықты емес, зұлымдықты көбейте 
түседі.  Сондықтан  адам  өз  өмірінде  жеке  бастың  жақсылығын 
қоғамға  пайдалы  жақсылыққа  бағындыра  білуі  тиіс.  Бұл  қағида 
әсіресе  ел  басқарған  азаматтарға  көбірек  қатысты  екенін  М.  Ду-
латов Абайдың «Мәз болады болысың» өлеңін мысалға ала оты-
рып дәлелдейді, өз қамын ғана емес, ел мұқтажын да ойлайтын 
би-болыстардың аздығы оны қынжылтады. 

57 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
Шәкәрімнің адам тіршілігінің мәні туралы сұрағына қазақтың 
осы бір терең философиялық мазмұнды мақаласымен жауап бере 
отырып,  М.  Дулатов  оның  үшінші  сұрағына  да:  «Қандай  адам 
жақсы кісі болмақ керек? Сондай адам жақсы, кімде-кім жетім, 
жесір,  кәріп,  қасаң,  қысылған-қымтырылғандарға  жақсылық 
қылып, оларды қуантып қойса», – деген логикалық шешім береді 
[8,  237  б.].  Қазақ  зиялысының  бұл  пікірі  адамзат  тарихының 
ғұлама данышпандарының, дүниежүзілік негізгі діндердің, қазақ 
халқының жақсы адам туралы түсінігімен үндесіп жатыр. 
Өзінің  өлеңдері  мен  мақалаларында  да  ол  қазақтың  белгілі 
азаматтарын, әсіресе оқығандарын халыққа пайда тигізуді көбірек 
ойлауға  шақырады:  «Кісі  қайда  оқыса  да:  керек  ноғайша,  керек 
орысша, керек басқаша, асыл мақсұты білім үйреніп, асса халқына, 
қалса өзіне пайда келтіру», – дейді [8, 238 б.]. Басқаға жақсылық 
жасау идеясын қазақ баласына жас күнінен бастап білім беру мен 
тәрбиені  ұштастыру  арқылы  үйрете  беру  қажеттігін  ол  үнемі 
ескертіп отырды.
Өмірдің мәні – жақсылықты өзіңе, өзіңнен асса, басқаға жа-
сауда деп түсінген және осы ойды өмірлік сеніміне айналдырып, 
қазақ  қоғамының  болашағынан  зор  үміт  күткен  М.  Дулатовтың 
ғана  емес,  оның  замандастары,  қазақ  жұртын  көгерту  жолында 
талмай еңбектенген А. Байтұрсынов, А. Бөкейханов, Ж. Аймауытов 
секілді қазақ зиялыларының өмірлері мәнді өмірдің үлгісі болды.
Осындай  сенім  мен  үміттің  жоқтығы  олардың  замандасы, 
қазақ  поэзиясының  жұлдызы  Мағжан  Жұмабаевтың  өмірін  де, 
поэзиясын  да  трагедияға  айналдырды.  Қазіргі  заманымыздың 
көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Мағжан Жұмабаев өмірі – ша-
быт пен табыт, құлшыну мен тұншығудың екі арасында арпалы-
сып өткен өмір. ...Ол шын мәнінде бақытсыз адам», – деп жазған 
болатын [10, 10–11 бб.]. 
Мағжан  ақынның  өмірі  мен  шығармашылығын  зерттеген 
адам осы сөздердің дұрыстығына шүбә келтірмесі анық. Жүзінен 
де,  поэзиясынан  да  мұң  табы  кетпеген  ақынның  қайғы-шерінің 
себебі  неде?  Өмірден  түңіліп,  өлімді  жырлап  өткенін  қалай 
түсіндіруге  болады?  Бұл  туралы  оның  замандастары  да,  біресе 
«ұлтшыл», біресе «сарыуайымшыл, ескі заманды көксеуші», біресе 
«нәсіпқұмар» деп айдар тағып, өлеңдері түгілі атын атауға да тиым 
салған кеңестік идеология да онша бас қатырмаған екен. Оның тра-
гедиясы ақынның ғажайып мұрасы рухани өмірімізге әрең деген-


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет