4
МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ІЗДЕНУ-ЭКСПЕРИМЕНТТІК
ӘРЕКЕТІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Мектеп жасына дейінгі балалардың іздену-эксперименттік әрекетінің
мәселесі педагогтер мен психологтардың қызығушылығын тудырды және
олардың зерттеулері тарихи-педагогикалық мұраларда, сонымен қатар заманауи
зерттеулерде де көрініс тапты. Кіші жастағы балаларды тәрбиелеу мен
оқытудағы іздену-эксперименттік әрекеттің рөлін Батыс Еуропа педагогтері
А. Дистервег, Я. А. Коменский, М. Монтессори, Й. Г. Песталоцци, Ф. Фребель
өз еңбектерінде атап көрсетті.
Іздену-зерттеу әрекетінің маңызын отандық педагогиканың негізін салушы
К. Д. Ушинский зерттеді, іздену-эксперименттік әрекетін ұйымдастыруға
қойылатын әдістемелік талаптарды: олар балалардың шамалары мен
мүмкіндіктеріне сәйкес және олардың ойлау қабілетін белсендіретіндей болуы
тиіс екендігін анықтап берді.
Е. Н. Водовозова, Е. И. Тихеева мектеп жасына дейінгі балалармен тәжірибе
жұмыстарын жүргізуде балалардың бақылау, әрекет ету, ойлау, өздігінен
қорытынды жасай білу мүмкіндіктері кеңейетінін қарастырды. Егер
тапсырмалар бақылау немесе тәжірибелік әрекетке негізделсе мектеп жасына
дейінгі балалар табиғат құбылыстарының себебін түсінуге және қарапайым
логикалық ойлауға қабілетті болатындығын психологиялық-педагогикалық
зерттеулер дәлелдейді. Осы зерттеулерді В.А.Сухомлинский қолдап, бала
бейнелер неғұрлым жарқын болса, оларды бейнелі түрде қабылдап, табиғат
заңдылықтарын тереңірек ұғынатынын атап өткен. Танымал педагог
Н. Н. Поддьяков экспериментті қолдану қажеттілігі баланың танымдық
белсенділігін ынталандыратын өзіне тән әрекет екенін көрсетті. Оның пікірінше,
балалар шығармашылығының, баланың өздігінен дамуының негізі мектеп
жасына дейінгі кезеңдегі жетекші әрекет-эксперимент жүргізу болып табылады.
Мектепке дейінгі жаста тұлғаның психологиялық физиологиялық қызметі
қарқынды қалыптасады, сондықтан мектепке дейінгі білім беруде зерттеу
тәсілін қолдану маңызды болып келеді.
Мектеп жасына дейінгі бала зерттеу әрекетінің барлық түрлеріне, сондай-ақ
эксперимент жүргізуге қызығушылық танытатын – зерттеуші. Балалар
эксперимент жүргізуді ұнатады. Бұл оларға көрнекі-әрекеттік және көрнекі-
бейнелі ойлаудың тән болып келетіндігімен түсіндіріледі, эксперимент жүргізу
осы жас ерекшеліктеріне сәйкес әдіс. Балалардың дамуында ізденіс әрекетінің
маңызын ескере отырып, оны ұйымдастыру үшін үнемі жағдай жасалуы тиіс.
Эксперимент жүргізу барысында балалардың тек интеллектуалдық әсерлері
ғана қалыптаспайды, сонымен қатар ұжымда және дербес жұмыс жасай білуі
дамиды, олар өз пікірлерін айтып, оның дұрыстығын дәлелдей білуге, іздену-
зерттеу әрекетінің сәтсіз себептерін айқындауға, қарапайым қорытынды жасауға
үйренеді.