Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы ерте жастағЫ


ЖАСТАН БАСТАП 3 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ



бет7/91
Дата07.01.2022
өлшемі483,5 Kb.
#20291
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   91
1 ЖАСТАН БАСТАП 3 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Ерте жастағы топтарда ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мен балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру:

- бала денсаулығына, эмоционалдық жай-күйіне, жан-жақты дамуына қамқорлық жасау;

- топта тәрбиеленушілерге адамгершілік пен тілектестік қарым-қатынасын құру;

- осы жастағы балаларға тән түрлі іс-әрекет түрлерін барынша көп қолдану, оларды кіріктіру;

- тәрбиелеу және оқыту процесстерін шығармашылықпен ұйымдастыру;

- білімдік материалдарды қолданудың вариативтілігі;

- отбасы және мектепке дейінгі ұйым жағдайында балаларды тәрбиелеу мен дамыту жолдарын үйлестіру есебінен құрылады.

Ересектер мен балалардың бірлескен іс-әрекеттері «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» білім беру салаларының кірігуі аясында ұйымдастырылады.

Педагогикалық процесс келесі компоненттерден тұрады:

1. ҚР МЖМБС 1.001-2009 базалық оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті.

2. Балалардың өмірі мен тәрбиесін күн тізбелік кезеңдерінде, еркін дербес қозғалыс іс-әрекеттерінде, ойында, ересектермен көркем-тілдік іс-әрекетте ұйымдастыру.

Ерте жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыруда күн тәртібін тұтастай және оның әрбір элементін нақты орындау, топта жарыққа, ауаға, температуралық режимге, жиһаздар мен жабдықтарды іріктеу мен орналастыруға қойылатын физиологиялық-гигиеналық талаптар негізгі болып табылады.

Сергектік уақытында баланың жас ерекшелігіне сәйкес ақыл-ой, дене және эмоционалдық жүктемелерді, сонымен қатар толық демалуды қамтитын әрекет түрлерін орынды кезектестіру қажет.

Күн тәртібінде шынықтыру шараларына, сергіту жаттығуларына және музыкалық үзілістерді өткізуге уақыт бөлінуі тиіс.

Тәрбиеші қызметінің басты бағыттарының бірі - балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру. Әртүрлі қимыл-қозғалыс балада жағымды көңіл күй туғызып, шаршаудың алдын алады, бұлшық етке түсетін күшті кезектестіруді қамтамасыз етеді. Күн бойында (мысалы, серуенде) тәрбиеші бақылау, қимылды немесе дидактикалық ойындар ұйымдастырады. Педагог балалардың жағымды эмоционалды жай-күйін қолдай отырып, дербес ойындар мен мазмұнды іс-әрекеттерге бағыттай келе, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде меңгерген білімдерді бекітіп, алған тәжірибесін қолдануға үйретеді.

Ерте жастағы балалар арасында дене және жүйке жүйесі мен психикасының дамуында ерекшеліктер байқалады, сондықтан тәрбиеленушілердің әрекеті мен демалысын ұйымдастыруды саралап қарау маңызды. Ол дәрігерлік-педагогикалық бақылау нәтижесіне, әр баланың денсаулығына және оның жүйке жүйесі мен даму деңгейінің ерекшелігіне байланысты іске асырылады.

Күн тәртібінде балалардың гигиеналық күтіміне маңызды орын беріледі. Сондай-ақ, күнделікті өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастыру, бала дербестігін тәрбиелеу қажеттілігінің артуы сияқты мақсатты түрде педагогикалық әсер ету белгілі бір орын алады. Балаларда өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын қалыптастыра отырып, үнемі көмек көрсету қажет.

1 жас пен 1 жас 6 ай аралығындағы балалар күндіз екі рет, ал 1 жас 6 айдан асқан балалар 1 рет ұйықтайды, сөйтіп, балалар бір топта тәрбиеленгенімен, екі түрлі режимде болады

Таңертеңгі ас балалар оянғаннан кейін 1-1,5 сағаттан соң беріледі. Балаларды біртіндеп, шағын топтармен, балабақшаға келу уақытына байланысты немесе түнгі ұйқыдан кейінгі гигиеналық шаралардан соң тамақтандырады. Балалардың өздігінен әрекеттерді орындай алмайтындығын және қажетті дағдылар мен іскерліктерді біртіндеп меңгеретінін ескере отырып, бір мезгілде көп дегенде төрт балаға ғана тамақ беріп, жуындыру, киіндіру немесе шешіндіру жүзеге асырылған жөн. Серуенге жиналғанда топтағы балалардың бір жартысын тәрбиеші мен күтуші киіндіреді (балалардың екінші жартысы бұл уақытта ойнап жүреді), серуеннен кейін шешіндірген балалар басқаларын күтпей, топқа кіріп ойнай береді.

Әр шағын топта жасы кіші және әлсіз балаларды бірінші кезекте ұйықтауға жатқызып, ең соңында оятады.

1 жас 6 ай - 1 жас 7 айлық бала күндіз 1 рет ұйықтауға ауыстырылған кезде сылбыр, не мазасыз күйде болса, баланы біраз уақытқа бұрынғы режиміне көшіру қажет. Күндізгі ұйқыдан соң балаларды кезекпен оянуына қарай тамақтандырады.

Қыстыгүні бір жарым жастан асқан балалар таңғы және бесін астан соң күнделікті серуенге шығады. Жазда, қолайлы жағдай болғанда, балалар жақсы жабдықталған көгалдандырылған алаңда ойнайды.

1 жастан бастап 2 жасқа дейінгі ерте жастағы топтарда ұйымдастырылған оқу іс әрекеті шағын топпен күннің бірінші және екінші жартысында жүргізіледі. Ерте жастағы балалардың психофизиологиялық жас ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру салаларындағы барлық тақырыптар бір ай ішінде білім, білік, дағдыларды жалпылау, бекіту мақсатында 2-3 рет қайталануы мүмкін.

Балалардың дербес іс-әрекеттерін ұйымдастыруда жақсы көңіл күйге жағдай тудыру ерекше мәнге ие болады. Балалардың жағымды көңіл күйін ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау, көңілді тақпақтар оқу, билеу кезінде тудыруға болады.

Балаларға арналған көңілді ойын-сауықтар ұйымдастырылады: билер, жақсы таныс немесе жаттап алуды қажет етпейтін қимылды ойындар (мысалы, айнамен шағылыстырған күн сәулесін, сабын көбіктерін ұстап алу), бұрамалы ойыншықтарды, таныс қуыршақ театрының кейіпкерлерін (доппен ойнайтын, сүт ішетін, киімге тырмысып өрмелейтін мысық) көрсету.

Тәрбиеші іс-әрекет үстінде балалардың барлығын көз алдында ұстағаны, педагог назарын, мейірімін, тілектестігін әр баланың сезгені маңызды.

Жақсы көңіл күй балалардың бір-біріне жағымды қарым-қатынасын тәрбиелеумен байланысты. Екі жаста балалардың арасында дау-жанжалдар пайда болуы мүмкін, өйткені тілдері нашар дамығандықтан бала толық түсіндіре алмайды, сұрай білмейді. Сондықтан, бірге ойнаған балалардың шаршамауын қадағалау қажет. Балалардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасына кешкі уақыт қолайлы, себебі тәрбиеші барлық уақытын балалардың дербес әрекетін ұйымдастыруға арнайды, ересек балалардың өзін-өзі ұстауы мен ойын үлгілерін сәбилердің еліктеуі үшін қолданады.

Балалармен жұмыс істеуде тәрбиешіге бірқалыпты, байсалды дауыс ырғағын сақтап, еліктеуге лайықты жағдайға назар аударып, ескертуді бір балаға басқаларға сездіртпей жасау қажет. Белсенді сөйлеудің дамуымен байланысты баланы өзінің қажеттілігін қимылмен емес (тартып алды, ұрып жіберді), сөзбен (сұрау, тәрбиешіден көмек сұрау) білдіруге үйрету қажет.

Бала өзін-өзі ұстау ережелері мен ойыншықтарды сақтау орнын топқа келген күннен бастап білуі тиіс.

Бала үш жаста тұрмыстық процессте, ойында, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дербес, ал қозғалыстары үйлесімді бола бастайды.

3 жастағы баланың күн тәртібін құру барысында, ең алдымен, сергіту уақытының сипаты мен ұзақтығында болатын өзгерістерді ескеру қажет. 2 жастағы балалармен салыстырғанда дербестігінің айтарлықтай артуымен байланысты түрлі гигиеналық шараларды жүргізу мен органикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған уақыты едәуір кемиді. Бұл жастағы балалар тамақты жылдамырақ ішеді, киімін ауыстыруға да аз уақыт жұмсайды, сондықтан сергектік уақыты түрлі күрделірек істермен толықтырылады. Балалар ұзағырақ ойнайды, қоршаған ортаны бақылайды, ересектермен бірге болып, ұзақ серуендей алады. Әлбетте, сергектік сипаттамасы сергіту уақыты ұзағырақ болғандықтан өзгермейді, бұл өзгерістер жалпы дамумен анықталатын баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге байланысты жүзеге асырылады.

Баланың жалпы дамуымен байланысты сергектігіндегі өзгерістерге қарамастан, бала 3 жаста жоғары жүйке жүйесі қызметінің ерекшелiктеріне сай ұзақ уақыт бiр іспен шұғылдана алмайды: бiрқалыпты іс-әрекеттер мен қимылдар оларды жалықтырады. Сонымен бірге, бала әрдайым өзінің жай-күйін бағалай білмейді, іс-әрекетінің сипатын, енжарлығын өзгерте алмайды. Ол үшін күн тәртібін құру барысында бөлмедегі және серуендегі іс-әрекеттердің түрлерін ауыстырып отыру қажет. Сергектік уақытында балалардың өздігінен ойыны тәрбиешімен бірлесіп әрекет жасауға, бөлмедегі ойын - серуенмен, қимылды ойындар - тыныш ойындармен ауыстырылуы қажет. Бала өмірін ұйымдастыруда әр баланың ұйқыдан оянғаннан кейін тамақ ішіп, басқа балаларды күтпей, тәрбиешінің бақылауымен өздігінен ойнауын ұйымдастырған жөн.

Режимдік процесcтерді ересектердің әңгімелеуімен, түсіндіруімен ұластырған маңызды. 3 жаста сөз жетекші рөл атқара бастайды, сондай-ақ, жаңа қимылдар мен іс-әрекеттерді үйретуде көрсету маңызды тәсілдердің бірі болып қала береді. Сөздің көмегімен ересек адам кейбір әрекет түрлерін баланың есіне салады («Арман, қолыңды жудың ба?»), есіне түсіреді («Әсел, қолыңды жуып болсаң, үстел басына отыр»), түсіндіреді («Бақыт, тәрелкедегі тамақты қолыңмен ұстама, екінші қолыңа нан ал»).

Ақыл-ойдың дамуы, бала тұлғасының дербестік, бастамашылық, шығармашылық жағынан қалыптасуы белсенді іс-әрекет процесінде іске асырылады. Сондықтан, ерте жастағы балалардың режимдік процесстер мен ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінен бос уақыттарының барлығы дербес іс-әрекетпен толықтырылуы қажет. Осы кезеңдегі дербес іс-әрекет әртүрлі болуы мүмкін. Олар: сюжетті-рөлдік, дидактикалық, құрылыс ойындары, қимылдар, бағдарлық-танымдық әрекет, бақылаулар, кітаптар мен суреттер қарастыру, бейнелеу өнері, өзіне-өзі қызмет ету элементтері, ересектердің тапсырмаларын орындау.

Ересектер ерте жастағы балаларды заттар әлеміне енгізеді, олардың қызметімен және неге арналғандығымен таныстырады, қоршаған ортаны тануға бағытталған іс-әрекеттерін ынталандырады. Осыған байланысты, күннің кез келген уақытында өз қалауынша заттармен әрекет етуге, ойнауға, қозғалу мүмкіндігіне ие болатын пәндiк-ойын дамытушылық ортасымен қамтамасыз етілуі қажет. Сол себепті:

- қозғалыс белсенділігін қажет ететін ойыншықтар және жабдықтармен қамтамасыз етіп, олардың орындарын жиі ауыстырып, санитарлық өңдеу тәртібін сақтау;

- баланың қолы жететін жерге автодидактикалық, ойын материалдарын орналастыру;

- ойын бөлмелерінде өзгертуге жеңіл тақырыптық дамыту орталықтарын жабдықтау: «Өнер», «Сенсорлық-құрылыс», «Көңілді доп», «Табиғат бұрышы», «Құм және су», «Ертегі аралы», «Ас үй», «Сәндену бұрышымен»;

- әрбір орталықта балалардың жеке қажеттіліктеріне, қызығушылықтарына, тәрбиелеу және дамыту міндеттеріне сүйене отырып, дидактикалық және ойын материалдарын іріктеу;

- мектепке дейінгі ұйым мен отбасындағы жағдайларға қойылатын талаптардың бірыңғай болуы маңызды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   91




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет