2.2 Қазақстанға жер аударылған халықтардың мәдени және құқықтық жағдайы.
Күштеп қоныс аударылған халықтарға “Отанын сатқандар” ретінде келген жерлерінде рұқсатсыз басқа жақтарға шығуға қандай тыйым салынса, олардың мектептен кейінгі білім алуларына да сондай шектеулер қойылды.
Балаларды мектепте оқыту қоныс аудару басқармасы мен ішкі істер бөлімдерінің комендатурасы арқылы жүргізілсе де, соғыстан кейінгі уақыттардағы ауыр жағдайдан балаларды оқуға тарту мәселесі толық шешіле бермеді.
Мектеп жасындағы балаларды оқуға қамту қиын жағдайда жүргізілді. Жаңа жерді материалдық қиындықтарға қоса бұған жер аударылып келген балалардың өз ана тіліндегі кластарды бітіргендері жаңа ортада қазақ немесе орыс тілдерін білмегендігі және таулы аймақтан жер аударылған Солтүстік Кавказ халықтарының ұлттық-әдет ғұрыптары бойынша кейбір жағдайда балаларын басқа тілде оқуға тыйым салатыны әсеретті.
Дегенмен оқушылар өздерінің ана тілінде өткен бағдарламаларды келген жерлерінде екінші рет қазақ немесе орыс тілдерінде оқуына байланысты, мүмкіндігінше тәжірибелі мұғалімдер бөлінгендіктен, оқу жылының соңына қарай үйрететіні байқалды. Бірақ көбінесе бұл оқушылардың негізгі уақыты тіл үйренуге бөлінгендіктен үлгерімі артта қалып отырды.
Балаларды мектепте оқытуға шектеу қойылмаса да, жоғары білім алу жер аударылғандар үшін өте қиын мәселенің бірі болды. Мектеп бітірушілер өзі қалаған оқуларына бара алмады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1952 ж. 28 мамырдағы №12 хаттамалық шешімі бойынша жер аударылғандарды С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне, Алматы Заң, Қазақ кен-металлургия, денешынықтыру және педагогикалық институттар мен консерваторияға оқуға қабылдауға тыйым салынды. Жер аударылғандарды тек Қазақстанның ауылшаруашылық, зоотехникалық, медициналық, Шымкенттегі технологиялық институттарына және Алматыдан тыс, басқа жерлердегі мұғалімдік оқу орындарына шектеулі түрде ғана оқуға қабылдауға рұхсат етілді. Алайда жер аударылғандардың балаларынан ол кезде Қазақстан ауылшаруашылық институтында конкурсқа 20 студент жіберілгенімен, олардан 10 адам ғана оқуға мүмкіндік ала алатын еді. Алматы мал дәрігерлік институты конкурсқа 20 адамға, түсуіне 10 адамға рұхсат ететін. Семей мал дәрігерлік институты, Шымкент Технологиялық институты, Петропавл Педагогикалық институты және Қарағанды медициналық институтының әр қайсысы конкурсқа түскен 15 адамнан 7 ғана, Алматы Медициналық институты конкурсқ келуге 25, түсуіне 12 адамға ғана рұхсат ететін. Сол сияқты, Қарағанды Педагогикалық институтына конкрусқа 20, түсуге 10, Қостанай, Ақтөбе, Семей, Шымкент, Гурьев, Орал, Қызылорда педагогикалық институттарының әрқайсысының конкрусына 10 адам, түсуіне 5 адамнан ғана рұхсат болды. Сонда жылына жер аударылғандардан республика бойынша барлығы 215 адам конкурсқа келіп, оның 105-і ғана оқуға түсуге мүмкіндік ала алатын [15].
Оқушыларды оқумен қамту тікелей міндетке алынғанымен құрылыс жұмыстары жаңа жүргізіліп жатқан өңірлерде мектептердің жетіспеуі де білім алу жүйесіне көп кедергілер келтірді. 1953 ж. Жетісай өңірінде бар жоғы 320 оқушы сиятын 2 мектептік құрылыс салынды. Бұдан басқа сол кезде салыну үстіндегі 4 мектептің біреуі ғана біткен. Осындай себептерден оқумен қамтылған 1000 оқушы, қалған 11 мектепке сиятын 4000 оқушы жер аударылғандарға салынған үйлерде оқыды. Бұндай жағдайларда олардың мектепке қажетті оқу құралдары да жетіспеді. Мысалы, мектепке қажетті 1222 партаның 630-ы ғана жеткізілгенімен, салынып біткен мектептер көрнекті құралдармен, оқулықтармен және мектеп жиһаздарымен жабдықталмады.
Жергілікті басқару органдары соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде жер аударылған халықтар арасында қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік жұмыстарды жандандыра түсті. Шешен тілінде “Къинхьегаман Байракх” (Знамя Труда), “Блокнот агитатора” деп аталатын газет пен радио хабарлама, неміс тілінде көркем және ән хабарлары берілетін болды[16].
Оларға деген сыйақылар, ақшалай және заттай көмектер де беріліп тұрды. Мысалы, ондай көмекті жер аударылғандар арасында аса қажет ететін 2400 адам алса, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен “Батыр Ана” орденімен 94 ана, “Құрметті Ана” орденімен 574 ана, “Ана медалімен” 1424 әйел марапатталды. Ал мемлекет тарапынан 2700-ден астам көп балалы аналар әлеуметтік және өзге де тұрмысқа қажетті көмек ақша алып тұрды.
Жер аударылған халықтардың құқықтық жағдайы және оны қалпына келтіру 1955-1956 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі зорлықпен жүргізілген қоныс аударуды ауыр қылмыс ретінде қарап, қоғамымызға кесірін тигізген қатал іс екендігін мойындаған соң түзеле бастады.
Шындықты біршама қалпына келтіру КПСС-тің ХХ съезінде басталып, 60-жылдардың екінші жартысында тоқтап қалды. Осы аралықта – арнайы комиссияның шешімімен саяси қудаланғандар және мыңдаған кінәсыз сотталғандарға байланысты халыққа қарсы заңсыз актілер жойылды. 30-50 жылдары орын алған халықтарды туған отандарынан жер аудару, саяси қуғынға ұшырату заңсыз екені мойындалды және де зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіруге арналған басқа да актілер қабылданды. Сөйтіп кезінде, күштеп көшірілген халықтардың құқықтарының бұзылуына және ұлттық мемлекеттік Автономияларының жойылуына негіз болған КСРО Жоғарғы Мемлекеттік органдарының актілері өзгертілді. Оларға қойылған еріктен тыс талаптар мен шектеулер де қоса алынып тасталды.
Ондай шектеулердің алынуы да әртүрлі сатыдан өтті. Мысалы, КСРО бас прокурорының 1954 ж. 5 шілдедегі нұсқауында КСРО Министрлер кеңесінің № 1439-649 қ. қаулысы негізінде «Арнайы жер аударылғандардың құқықтық жағдайларынан кейбір шектеулерінің алынуы туралы» айтылған. Бұл оларға елді мекеннен шығуға ерік берумен байланысты еді.
1954 ж. күштеп көшірілгендерден кейбір шектеулер алынғаннан кейін 1955 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 13 желтоқсандағы жарлығының 2 тармағында «Алыс жерлерге жер аударылған немістер және олардың отбасыларына қойылған еріктен тыс талаптар алынып тасталсын» деп жазылады. Бұл заң күші бар шешім еді. 1956 ж. 17 наурызда қалмақтарға, 28 наурызда гректер, балқарлар, армяндар, 28 сәуірде қырым татарлары, балқар, түрік, күрд, хемшілі, 1957 ж. 31 қазанда Грузиядан қоныс аударылып келген түріктермен басқа да этникалық топтарға байланысты заңсыздықты жойып, олардың бұрынғы Автономиясы барларын қалпына келтіру туралы актілер қабылданды. Автономия мәселесін қалпына келтіру тек Еділ бойы немістері мен Қырым татарларына байланысты қабылданбады.Заңдық күші бар қаулылар шыққаннан кейін ғана күшпен көшірілгендер өз бас бостандықтарына ие болып, туған отандарына қайтуларына мүмкіндік алды. Бірақ осы жарлықтың І-тармағында сол ұлт азаматтарына аударылған жерлерінде тартып алынған зат, мүліктері қайтарылмайтындығы көрсетілді.
1955-1956 жж. заңды түрде құқықтық шектеулері алынып, бұрынғы Ресей құрамында Автономиялық республикалары мен облыстары қайта құрылған шешен, ингуш, балқар, қарашай, қалмақ халқының өкілдері өз тарихи отандарына қайтуға мүмкіндік алды. Тағылған айып-кінаны жоққа шығарғаннан кейін 50 мың адам өз отанына оралуына ниет білдірді.
1955 ж. 13 желтоқсанда немістердің және олардың отбасыларына құқықтық бостандық беріліп, комендатуралардан босатылғанымен бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Жоғарыда айтылғандай, бұрынғы атамекені Еділ бойына оралуға рұқсат берілген жоқ. Тоталитарлық жүйенің салған лаңынан айналып өткен, қалыс қалған халық жоқ. Жер аударылған халықтардың мемлекеттігінің қалпына келмеуі де тоталитаризм салған жазылмас жара.
Шектеулері алынғаннан кейін Шешен-Ингуш және Кабардан-Балқар республикалары қайта құрылды, Қарашай-Черкес облысы қайта құрылғанымен, отанына барушыларға бұрынғы жерлері қайтарылған жоқ. Кейбір халықтардың өз тарихи отанына оралуы іске аспай қалды. Оған басты себеп олардың бұрынғы атамекендеріне қоныстанған шовинистік элементтердің ұйымдастырған қарсылық қозғалысы еді. Өз атамекендерін талап еткен халықтардың сұрауын орындау кейінгі үкімет орындарын да үлкен сарсаңға түсірді деуге болады. Өйткені оны орындау барысында ұлттар арасындағы қақтығыстар өріс алып, ел тыныштығын бұзып алу қаупі айдан анық көрініп тұрды. Жер аударылған халықтардың басым көпшілігі өз Отандарына оралды. Десекте, атамекендерінде орын алған жағдайлардан олардың біраз бөлігі Орта Азия мен Қазақстанда орнығып қалды. Мысалы, соңғы халық санағы (1999) бойынша олардан Қазақстан Республикасында тұрақтап қалғаны: немістер – 353 441 адам, татарлар – 248 952 адам, кәрістер – 99 657 адам, әзірбайжандар – 78 295 адам, күрдтер – 32 764 адам, шешендер – 31 799 адам, ингуштер – 16 893 адам. Тоталитарлық жүйе жер аударылған халықтардың толықтай атамекендеріне оралуына шектеу жасап, олардың өміріне, рухани дүниесіне, тілінің, салт-дәстүрінің дамуына қиянат жасағандығын дерек көздері айқындап отыр. Ендігі жерде жер аударылған халықтар Тәуелсіз Қазақстанның тең құқықты азаматтары ретінде қазақ халқымен туысқан болып етене араласып кеткендігі айқын [17].
Олардың құқықтық заң актілері қалпына келтірілгеннен кейін ерікті өмір сүруге, соның ішінде оқуға бар мүмкіндіктері ашылып, білім алу мәселесі қалыпты жағдайға ауысты. Олардың арасында қажырлы еңбеккерлер, елге танылған, құрметті азаматтары да аз емес. Қазақстанның ғылымына үлес қосқан кәріс, неміс, түрік, күрт, қарашай, әзірбайжан т.б. ұлт өкілдері арасынан Э.Г. Босс, Э.Ф. Госсен, А.Г. Рау, А.К. Курскеев, Н.К. Надиров, А.А. Мамедов, К.Н. Мирзоев, А. Османова, И.Т. Пак, еңбек армияшылары қатарында болған М.П. Лайгер, О. Бадер, Б.В. Раушенбах сияқты танымал ғалымдар, Г.К. Бельгер, А. Реймген, П. Алиев, И.Т. Хаккиев сияқты ақын-жазушылар, М. Бокаев, М.Т. Мулейманов, А.К. Надиров, А.Б. Надиров, С.И. Сеидов сынды педагогтар т.б. атақты адамдар шықты.
Бүгінгі күнде Қазақстанда тұрақтап қалған ұлттар әлеуметтік-саяси және мәдени орталықтарын құруға мүмкіндік алды. Қазақстан корей, түрік, неміс, қарашай, қалмақ, шешен, ингуш т.б. кезінде жер аударылған халықтарының өкілдеріне өздерінің тарихи Отанымен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмек көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |