Қорытынды
Кеңестер билігі кезіндегі белгілі бір мемлекет азаматтарын күштеп депортациялау адамзат тарихының қасіретті беттерінің біріне айналып отыр. Саяси жүйеге қарсы болған тұрғындарды жер аудару ХІХ ғасырдың соңында да орын алған. Бірақ, ХХ ғасырда бұл саясат өте ауқымды сипат алды. Әрине, халықтарды жаппай депортациялау Кеңестер Одағына ғана тән құбылыс емес еді. Америка құрама штаттарындағы ІІ-дүниежүзілік соғыс кезінде өз территориясында бұрынғы кезден тұратын жапондықтар мен алеуттарды елдің ішкі аймақтарына қоныс аудару саясаты, тіпті фашистік Германияның кейбір этникалық топтарға байланысты ұстанған саясаты Кеңестер Одағының сол тарихи кезеңдегі бағытымен астарлас болып жатты. Соғыстан кейінгі жылдары Польша мен Чехословакияда да неміс және шығыс славян халықтарын жаппай депортациялау тәжірибесі жүзеге асырылған. Алайда, жоғарыда айтылған тарихи оқиғалар кеңестік дәуірдегі орын алған халықтарды жаппай депортациялау саясатын ақтай алмайды. Бұл саясат әлеуметтік және этникалық мәселелерді шешуді желеу қылған адамзат қоғамына жасалған ауыр қылмыс болып табылады.
1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитеті бірігіп шығарған «Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» қаулысында корейлердің жер аударылу себебі: «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында.», - деп көрсетілген. Әрине, корейлерді депортациялаудың себептерін талдай келе мына төмендегі мәселелерді де қозғағанымыз жөн. И.Сталиннің өзі редакциялаған, 1938 жылы «БК(б)П тарихында» мынадай жолдар бар: «1932 жылы Жапония тарапынан соғыс қаупі күшейді... Жапон империалистері Қытайға соғыс жарияламастан және өздері шығарған «жергілікті жанжалдарды» зымияндықпен пайдалана отырып, ұрланып, келіп Маньчжурияға әскерлерін кіргізді... Жапонияның ашықтан-ашық көздеген мақсаты - Қытайды өзіне бағындыру, сөйтіп, ол жерден европалық-американдық империалистік белді мемлекетті қуып шығару болды...». Бірақ, Жапония советтік Қиыр шығысты басып алу мақсатын да алдына қойған болатын. Әрине, КСРО мұндай қауіпті еске алмай отыра алмады, сөйтіп, Қиыр Шығыс өлкесіндегі отан қорғау ісін барынша нығайта бастады. Корея мемлекетінің өзі ол кезде жапондар қол астында болғандықтан, жекелеген корейлерді Жапонияның барлау-шпиондық жұмыстарында пайдаланғаны белгілі. Сондықтан да, осы мәселені зерттеген қазақстандық тарих ғылымының докторы Г.В.Кан бұл туралы былай деп жазады:
«Бұл кейбір адамдардың сатқындық әрекетінен де болып отыр. Мұндай жағдайдан еш халық сақтандырыла алмайды. Бұл мүмкін болар жаудың қолдаушысы болатын шығар деген жорамалмен жазалау еді».
Жалпы алғанда, тоталитарлық жүйе басшылары өздері жасаған қылмыстың ауыр салдарына жеткілікті көңіл бөле қоймады. Көшіп келген корейлерді қаржымен және материалдық көмекпен қамтамасыз ету мардымсыз деңгейде болды. Мысалы, корейлерді шаруашылықтық орналастыруға бөлінген қаржы әрбір қоныс аударушы қожалыққа 200 сомнан ғана айналды. Ал, 1938 жылы жоспарланған 3.400 мың сомнан ғана, небәрі 1 процентін ғана пайдалана алды. Оның үстіне, оларға арналған тұрғын үйлер және әлеуметтік-мәдени, түр-мыстық құрылыстар салу жоспардағыдан әлдеқайда артта қалды.
Тоталитарлық жүйенің саясаты күштеп қоныс аударылған халықтар тағдырында ауыр із қалдырды. Автономиялары жойылып, атамекендерінен алыс жерлерге көшірілген олардың жаңа ортаға бейімделуі қиынға соқты. Орналасқан жерлерінде көшірілгендердің саяси құқықтық жағдайы өте ауыр болды. Күштеп қоныс аударылғандарға арнайы шығарылған заңдар, олардың қалыпты өмір сүруіне шек қойды. Жер аударылған халықтарды мұнда орналасқан соң республика ішінде бір жерден екінші жерге көшіру тағы жүргізілді. Бұның екі себебі болды. Бірінші, жер аударылған халықтар арзан жұмысшы күші ретінде қолданылса, екінші, ауыр тұрмыс тауқыметіне, қатал тәртіптерге шыдай алмағындықтан олардың қашуын тоқтату мақсатында қалалардан, аудан орталықтарынан, теміржол станцияларынан алыс аудандарға көшірілді. Бұл сол кездегі елдегі қиыншылықтарды ауырлатты, қосымша көп шығынды талап етті. Соғыстан кейін тек жер аударылғандардың ғана емес, жалпы халықтың тұрымыстық-материалдық жағдайалары ауыр болды. Себебі, халық шаруашылығында соғыс салған ауыртпашылықтан арылу оңайға соққан жоқ. Халық шаруашылығының өнеркәсіп, транспорт саласында, құрылыста, ауыл шаруашылығында жұмысшы күші, оның ішінде мамандандырылған жұмысшылар жетіспеді. Жер аударылған халықтарға арналып салынатын үй құрылыс материалдары, кең қолданылатын тауарлар тапшы еді. Өндірістік кәсіпорындарының негізгі қорларының жағдайы төмен болды. Халық шаруашылығына ең керекті электроэнергия қуаты, шикізат материалдары жетіспеді. Алыс аудандарға орналастырылғандарға ауылшаруашылығы үшін жер жыртуға техника немесе егіске себетін дәнді-дақылдар болмады. Халық шаруашылығын тез арадан қалпына келтіруге жаңа техниканы меңгерген мамандардың және жұмысшы күшінің жетіспеуі үлкен кедергі болды. Осындай қалпына келтіру шараларын іске асыруға барлық халықтар жұмылдырылды. Жер аударылған халықтар да халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға барын салды. Олар өнеркәсіп пен транспорт және ауыл шаруашылығы салаларындағы қажырлы еңбектерімен елдегі экономиканы көтеруге атсалысты. Халық шаруашылығын қалпына келтіріліп, дамуынан елдің тұрмыстық жағдайы түзеле бастады. Халық шаруашылығының қалпына келтірудегі ерен еңбектерімен жер аударылған халықтар арасынан көптеген еңбек озаттары танылды. Дегенмен жер аударылғандарға арналып шығарылған қатал тәртіптер олардың шетеулері алынғанға дейін күшін жойған жоқ. Өйткені білім алуларына, өз еркімен қоныс аударуларына немесе еріктен тыс жұмыстарға рұқсат шектеулі болды. 1956 ж. олардың шектеулері алынғаннан кейін атамекендеріне оралуларына, ерікті білім алуларына т.б. бар мүміндіктер ашылды. Тоталитарлық жүйе жер аударылған халықтарды барынша тұсаулап ұстады. Халықтарды жер аударту олардың тілінің, дінінің, салт-дәстүрінің дамуына кедергі келтіріп, болашақтарының құрып кетуіне әкеп соқтырды. Осы уақытқа дейін құпия күйінде қалып келе жатқан еңбек армиясы немесе еңбекпен түзеу колониялары туралы бүгіндері мүмкіндігінше зерттеліп ашық айтылуда. Қазақстанда бұрынғы он бес одақтас респуликалардың ішінде бірінші болып тұңғыш рет еңбек армияшыларының сиезін өткізіп, оған қатынасқан ардагерлердің басын біріктіріп, кім, қай жерде болғаны туралы мәліметтерді айқындап, олардың соғыстан кейінгі халық шаруашылығындағы еңбектерін ескеріп, еске алу нышандарына жол ашты.
1954 жылы 5 шілдедегі КСРО Министрлер Кеңесінің № 1439-649 «Арнайы қоныстандырылғандардың құқықтық жағдайынан кейбір шектеулерді алу туралы» қаулысында еліміздегі өзгерістерге байланысты арнайы қоныс аударылғандарға олардың құқықтық жағдайларына шектеулердің қажеттілігі өз маңызын жойғандығы, сондықтан ол тұрғындар аудан, облыс, республика көлемінде қоғамдық пайдалы жұмыстар атқаруына рұқсат берілді.
Осындай әрекеттің бәрі социализм жеңген елде жасалды... Иә, қуғыңдалған корейлер қасіреті, міне осындай! Бір жақсысы - бүгінгі тәуелсіз Қазақстан осы қайғыны жеңілдету, азайту бағытын ұстап отыр. Ал, бұл -қазақстандық корейлер тағдырына біздің қоғамда толық түсіністікпен қарауға жол ашылды деген сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |