Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
14
Филология ғылымдарының докторы С.Негимов шешендік өнер туралы ойларын былайша
сабақтастырады: «Атам заманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары – риторика
мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы,
шешендік өнер және оның теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі» [4-5].
Сөз өнерінің бірегей майталманы Бөлтірік шешеннің адамгершілік болмыс-бітімін
айқындайтын, үлкен философиялық ойларға құралған мына бір сөздері адамзат баласы үшін өмір
сүру қағидасы іспеттес.
«Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр»
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол» [2-345-346].
Немесе, Саққұлақ бидің «ел дегенің немене?», «ер дегенің немене?» деген сұрақтарға берген
жауабындағы талғамдарының астарында қаншама құнды ойлар жатыр.
«Жағалай елің қонбаса,
Суы тұщы болмаса,
Мал-жаның бәрі сусындап,
Мейірі оның қанбаса.
Көл дегенің немене?!
Ынтымақ-бірлік болмаса,
Елдікке мойын бұрмаса,
Үлкеннің айтқан сөздерін,
Кішісі қолдап тұрмаса
Ел дегенің немене?!» [2-364].
Ақын-жыраулар шығармашылығынан би-шешен мұраларының айырмашылығы мұнда
ғибратты-философиялық ой-тұжырымдар молдау ұшырасады. Әрі бұл тәмсілдер өлең түрінде,
сондай-ақ төгіліп тұрған қара сөз үлгісінде айтылады. «Шешеннің интеллектуалдық мәдениетін,
білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп ескеру керек. Бұл
шешендік өнердің ең жоғарғы түрі. Тыңдаушы қауымға қатты әсер етті» [4-18].
Сонымен, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің тапқырлық ой-талғамдары өз заманының
әлеуметтік жүгін көтерген, рухани қазынамыздың өшпейтін, өлмейтін асыл мұрасы болып саналады.
Адамзат дүниесінің рухани тетігін тұтастай алып қарасақ, жыраулық, шешендік, айтыскерлік
дейтін ұғымдардың бір мақсат, бір мүдде тұрғысында сабақтасып, сөз өнері дейтін ұлттық
мәдениеттің бірегей саласын айқындайтынына көз жеткіземіз.
Айтыс ақынының бойынан жырауға тән жігерлі төкпелік сипатты да, би-шешенге тән танымы
терең парасаттылықты да көруге болады.
Бұқар Қалқаманұлы бейнесі тарихта жырау, шешен, ақын, данагөй, би ретінде белгілі. Мұндай
сипат дала ділмарларының көбіне тән. Бұдан шығатын қорытынды, сөз өнері түрлерінің рухани
жақындығы мен бір-біріне тигізер әсер-ықпалының ерекше болғандығы.
Шешендік өнер – халықтың дүниетанымы мен философиялық таным-түйсігін айқындайтын
құбылыс. Шешендік сөздер жеке тұлғаларға тиесілі болғанымен, ол халықтың пайым-парасат,
зерде-зейінінің жемісі. Би-шешен сөздерінің жер дауы, жесір дауы, құн даулау сияқты әлеуметтік
мәселелерден басқа, салмақтырақ қыры тәрбиелік-тағылымдық мәнінің тереңдігі. Мысалы,
Шабанбай бидің Жанғұттыға берген:
«- Аллаға жағамын десең, азанды бол,
Халыққа жағамын десең, қазанды бол,
Судай таза бол,
Жердей көтерімді бол», - [5-135] деген батасын сол уақыттағы ел жақсысы атанған Ботантай
ауыл жастарына былай деп талдап түсіндірген екен.
|