№ 3 (106) 2015
13
Сонау бағзы дәуірлерден жеткен Майқы би тәмсілдерінде ел бірлігі, ынтымағы жөнінде күні
бүгінге дейін өзінің рухани қуатын, аңсар-мұратын жоймаған мына бір жыр жолдары ұрпаққа
қалдырған аманат іспеттес.
«Жанның ұлы Ар мен Хұн,
Тартқызбас бізге зар мен мұң.
Түбір бірге түртпейді,
Одан болмас тұл мен құн.
Бектен жалғыз Алшын-ды,
Біз үшін қанға малшынды.
Жауда жүрсең жанында,
Сойылың соғар қамшыңды.
Балдың көп дүр ұрпағы,
Үйсінді жоқ ұрмағы.
Ондай ел өскін келеді,
Оның жоқ дүр құрмағы.
Қоң, Рат, Қып, Шақ, Балдан-ды
Жоқ демеңіз болғанды.
Ақ тұрған жерде қақ тұтар,
Досым дос оған, қасым қос,
Жауымды түнде шолған-ды.
О, Тәңірім, табынам,
Бесеуге бер береке» [2-364].
Қазіргі қазақ ұлтын құрайтын, сол дәуірдегі біраз ру, тайпаларға қатысты айтылған Майқы
би толғауынан келтірілген бұл үзінді тек замана идеологиясынан хабар беріп қоймайды, ұлттық
тұтастықты, бірлікті көксеген ел мұратының асқақ рухын да танытады.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», - деген қанатты сөздің шығу төркіні тегін болмаса
керек. Қазақтың би-шешендері тарихының бастауында Майқы тұлғасының тұруы аталмыш өнердің
қайнар көзінің қай дәуірден бастау алатындығын меңзейді. Майқы би заманынан желі тартқан сөз
өнері ғасырлар бойы жалғасып, қазіргі жаңа заманға дейін жалғасын тауып отыр. Ауыз әдебиеті
тарихындағы Аяз би, Елсау би, Едіге би, Бәйдібек би, Жиренше шешен, Әнет би есімдері үнемі
шешендік өнер көшінің шоқтығын көтеріп тұрған тұлғалар. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген
Мөңке би, Қазы би, Бөлтірік шешен, Бөкен би, Сеңкібай би, Қараменде би, Ескелді би, Байдалы би,
Бекболат би, Сеңкібай шешен, Жаңқұтты шешен сияқты дала ділмарлары тарихта өздерінің аталы
сөзі мен халыққа тигізген қайырым шапағатымен есте қалған даналар.
Ш.Уәлиханов «Ежелгі халықтық үлгідегі билер соты» атты жазбасында қазақтың билері туралы
мынадай пайымдаулар келтіреді: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай сайлау
жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметттің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін,
оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ған берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында
әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған»
[3-135].
Би-шешендер тарихына зер сала отырып, көз жеткізген ақиқаттың бірі шешендік өнердің тақыр
жерден шықпағандығы, оның ғасырлар бойы желісін үзбей келе жатқан үлкен мектебінің болғандығы.
Бүгінгі жеткен аңыз деректерге сүйенсек, Майқы би заманында Аяз би мен Құмырсқа билердің
болғандығын аңғарамыз. Қазіргі уақытқа жақындау, дерек-дәйегі мол ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы шешен-
билердің өмірі бір-бірімен байланысты, тағдырлары сабақтас өрілетіндігіне зерттеу барысында
анық көз жеткіздік. Мысалы, Бөлтірік шешеннің Бердіқұл бимен кездесуі, Байдалы бидің Саққұлақ
биге бата беруі, Андас би мен Сүйінбай ақынның сөз қағысуы, Жанқұтты шешен мен Құнанбайдың
дәмдес-тұздас болуы, Жетес би мен Нияз бидің сөз жарыстыруы, Жидебай бидің Шабанбайға
берген мақтау сөзі сияқты деректерді басқа би-шешендер өмірінен молынан ұшыратуға болады.
Бұл дегеніңіз қазақ қоғамындағы дала ділмарларының шығармашылық рухани байланысы өте
терең болғандығын аңғартады. Қазақ дәстүріндегі бата алу, бата беру жоралғыларының да өзіндік
тағылымдық-тәрбиелік мәні бар екендігіне көз жеткіземіз.
|