Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
64
стильді оқытқан кезде ішінара үйретіледі. Мысалы, конспект, реферат, тезис, курстық жұмыс,
диплом жұмысын жазу дағдылары оқытылады [9; 10]. Ал жалпы ғылыми мәтінді құрастыру, эссе
жазу, пікір беру, ғылыми жоба жазу, зерттеудің мақсат, міндеттерін айқындауды үйрететін арнаулы
курстар немесе пәндер жоқ. Академиялық сауаттылық, академиялық оқылым және жазылым
дегенімізді студенттеріміз түсіне бермейді. Өз ой-пікірін анық жеткізе алмайтын, аудиторияда
еркін сөйлей алмайтын, сауатты жаза алмайтын студенттер көптеп кездеседі. Авторлар оның
себебін орта мектепті бітірушілер емтиханды ауызша немесе жазбаша тапсырмайтындығымен
түсіндіреді. Республикада мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтиханын бес сабақтан
Ұлттық бірыңғай тестілеу түрінде тапсыру формасы қолданылады, жоғары оқу орындарында да
қорытынды емтихандардың басым көпшілігі тест түрінде өткізіледі. Қазіргі жастар тестіден бас
алмай жаттап, емтиханға дайындалады, оған қоса кітап оқымайтын жастар қатары да көбейіп келе
жатқаны жасырын емес. Ал кітап оқымаған адам ой ойлаудан да қалатыны белгілі.
Міне, осы олқылықтардың орнын толтырып, қазақстандық жоғары білім беру ісінде академиялық
сауаттылықты арттыру мақсатында Қазақ гуманитарлық заң университетінде 2014-2015 оқу
жылынан бастап модульдік оқыту бойынша 1-курсқа «Академиялық оқылым және жазылым» пәні
енгізілді. Бірінші курс студентінен бастап белгілі профессорларға дейінгі академиялық үдерістің
барлық субъектілерінің өмірлерінде бір рет болса да, әдетте, алғашқы ғылыми жұмысын жазғанда,
жазбаша түрде өз идеяларын мазмұндауда қорқыныш сезімін бастан өткізбегендері жоқ шығар.
Қорқу сезімінен қашудың ең бір қарапайым тәсілі – бұл қарсыласымен «бетпе-бет» келуі, яғни
әрбір адам ғылыми мәтін жазу дағдысын меңгеруі тиіс [7, 3]. Осы мақсатта эссе, ғылыми мақала,
курстық жұмыс, бакалаврлардың диплом жұмысын, магистрлік және докторлық диссертациялар
жазуды үйретуге байланысты аталған пән енгізілді. Оқылым мен жазылымның дәрістер мен
баяндамалар, курстық және диплом жұмыстары, сонымен бірге ғылыми мақалалар мен ғылыми
зерттеу жұмыстары сияқты академиялық жанрларымен студенттер оқу жылының басынан бастап
танысады.
Пәннің бағдарламасы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесінде тілдерді оқыту
тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін ескере отырып әзірленді [11;
12]. Курстың негізін студенттердің сыни ойлауын қалыптастыру, сөздік қорын, академиялық жазу
дағдыларын, кәсіби-ғылыми пікірталасқа түсу дағдыларын дамыту, ғылыми жобаларын дайындау
және таныстыра білу, яғни жазбаша қатысымға қажетті құзыреттер кешенін меңгеру, ақпаратқа
сыни тұрғыдан баға беру, өзінің жеке идеясын білдіру және ғылыми жобаға пікір жаза білу құрайды.
Гуманитарлық таным техникасы мен оның жекелеген тәсілдеріне негізделген жалпы ережелер
мен әдістерді, академиялық кәсіби оқылымды, академиялық жазылым мен ауызша таныстырылым
дағдыларын меңгерту «Академиялық оқылым және жазылым» пәнінің негізгі мақсаты болып
табылады. Осы тұрғыда пәннің міндеттеріне академиялық оқылым мен жазылым дағдыларын
дамыту (ғылыми-кәсіби мәтіндердің тілі мен құрылымын зерттеу, конспектілеу, рефераттар,
пікірлер, тезистер жазу, ғылыми талдау нәтижелерімен таныстыру, ғылыми-кәсіби мәтіндерді оқу,
ғылыми мәтіннің стилін меңгеру, зерттеу жұмысының жоспарын құру, тақырып таңдау, жұмыстың
құрылымын дұрыс құру); сілтеме мен дәйектемелерді дұрыс қолдану, теориялық әдебиетпен,
анықтамалықпен жұмыс істеуді үйрету, зерттеу нысанын талдау мен әдісін таңдай білуге үйрету,
студенттердің сөздік қорын академиялық лексикада қолданылатын ғылыми-кәсіби ортаға тән тілдік
оралымдармен арттыру; ғылыми-кәсіби пікірталастарға түсу дағдыларын дамыту және кәсіби
бағдарланған жобаларды таныстыру; өз ойын ауызша дәлелдеп айтуға үйрету, студенттің танымы
мен тіл мәдениетінің деңгейін көтеру, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын дамыту жатады.
«Академиялық оқылым және жазылым» пәнін игеру нәтижесінде студентте төмендегідей
құзыреттер қалыптасады:
1) ғылыми-кәсіби мәтіндердің құрылымы мен пішімін, аңдатпаның, конспектінің, рефераттың,
дербес ғылыми шығарманың мәтінін біледі;
2) пәнді оқып біткеннен кейін студент конспект, реферат, мақала аңдатпасын, пікір, ғылыми
мақала тезисін жаза алады;
3) кәсіби бағдарланған қатысым салаларында ғылыми-кәсіби сипаттағы мәтіндерді оқып,
түсініп және талқылай алады;
4) өзі жазған ғылыми зерттеуінің нәтижелерін ауызша және жазбаша сауатты түрде таныстыра
алады;
|