№ 3 (106) 2015
39
М.О.Әуезов грамматикалық тіл заңдылықтарындай көркем әдебиет тілінің өз заңдылығы болаты-
нын дөп басып ашып береді. Әрине көркем әдебиет тілі де әдеби тілдің материалында жасалып,
жалпы тілдік заңдылықтарға бағынатыны бесенеден белгілі. Көркем әдебиет тілінде тілдік эле-
менттер көркемдік-эстетикалық мақсаттан туындаған поэтикалық тіл заңдылықтарына негізделеді.
Суреткер шеберлігінің өзі ол тудырған көркем шығарма тілінің шұрайымен бағаланады. Көркем
әдебиет тілі де белгілі бір дәстүрге сүйеніп дамиды.
Абай тілінің, тілдік дәстүрінің өзіне дейінгі көркем әдебиет тілінен ерекшелігін іздегенде,
бірінші кезекте, тілдік құралдарды ұйымдастырудың құрылымдық принциптерін, көркем
шығарманы құрудағы негізгі, мәнді конструктивтік тәсілді анықтап алу маңызды.
Абайға дейінгі көркем әдебиет тілінің де өзіндік дәстүрі болды. Ғалым Р.Сыздық осы мәселені
сөз ете келіп: «Осыған қарама-қарсы жалғастық принципі. Белгілі бір кезеңде жасалған образдар,
теңеулер, метафоралар т.б. көркемдеу элементтері үзілмей сақталып, келесі буында қайталап келіп,
стандарттануы осы принцип бойынша жүзеге асады. Бұл принцип ауыз әдеби тілі мен жеке авторлар
тілінің арасында да, әр дәуір ақындарының өз араларында да сақталған. Сондықтан фольклорлық
жырлардың буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып-тары, Қаныкейдей көріктіңді, Тінікейдей
тектіңді-лері, туырлығын тілгілеп, керегесін кескілеп-тері Махамбет тәрізді күшті ақындарда
қайталап келуінің бір себебі Абайға дейінгі көркем әдеби тілінің осы көрсетілген принципінен
туған заңдылық деп ойлаймыз» [3,45 б.] – деген түйінді пікір айтқан болатын. Абай да өзіне дейін
ғасырлар бойы дамып келе жатқан көркем әдебиет тілін тірек етіп, оны одан ары қарай дамы-
тып жалғастырды. Ұлы ақын өзіне дейінгі көркем әдебиет тілін сол қалпында қабылдамай, сын
көзімен қарап, асқан талғампаздықпен көркем ой елегінен өткізіп барып, ең асылын, озығын алып,
сапалық қасиеттерін шыңдап, жаңа деңгейге көтерді. Бұрынғы ақындық-жыраулық дәстүрден өз
шығармаларының ерекшеленіп тұратынын Абай ескертеді:
Түзу кел қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын білмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Әрине, Абай да өз шығармаларын сол кезеңдегі жалпыхалықтық тілде жазды. Ерекшелігі
мазмұны мен түрінде, көркем әдебиет тілінде, даралық стилінде болды. Ахмет Байтұрсынұлы
«Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер
түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде
жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөз аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адам
шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып
дағдыланған адам болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу
баяндап ұқтырғанда ғана біледі.
Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың
айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан
болатын кемшілік» [11,217 б.] – деп, Абай тілінің өз дәуірінде басқа ақындар тілінен түбегейлі
ерекшелігі болғанын атап көрсетеді. Бұл ерекшеліктің бір ұшығы Абайға дейінгі ақын-
жыраулардың ауыз әдебиеті өкілдері болуымен байланысып жатыр. Абайдың тілдік дәстүріне тән
басты ерекшеліктің бірі өлеңнің жол санын буын, санын толтыру үшін қолданылатын негізгі айтар
ойға тікелей қатысы жоқ басы артық сөздердің, сөз тіркестері мен сөйлемдердің болмауы екенін
М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Р.Сыздық сияқты т.б. ғалымдар да атап көрсеткен болатын.
Абай Батыс пен Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысып, жазба әдебиет үлгісі
қандай болу керек екенін терең түсінді. Абай өзіне дейін негізінен ауызша дамыған қазақ әдебиетін
жаңа деңгейге, жазба әдебиет деңгейіне көтерді.
Абай мақал компонентін болсын, жеке сөздерді болсын өлеңнің идеялық-композициялық
мазмұнына сай келгендіктен алады да, жаңа мағына бітіріп, көркем мәтіннің бірлігіне, стилистикалық
бірлікке айналдырып жібереді. Ол жалпыхалықтық тілдегі әдеттегі лексика-грамматикалық
сөз немесе тұрақты сөз тіркесі болып қала бермей, ақын қолданысында жаңа маңызға ие болып
жарқырай түседі. Өлең мәтіні де қатып қалған өлі шындықты емес, жанды өмір шындығын
барлық бояуымен, ыстық лебімен, ащы запыранымен алға тартып, ой-қиялымызда өрнектеп
өтеді. М.О.Әуезов көркем әдебиет тілі туралы айта келіп: «Ең әуелі Абайдың тілі қандай тіл еді?
|