9.4. Оқушылар ұжымын нығайту Негізгі түсініктер:тәрбие ұжымы, оқушылар ұжымы, ұжымдық іс -әрекет, педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті, гуманистік педагогика.
Жеке тұлға және ұжым
Жеке тұлға мен ұжымның даму үдерісі диалектикалық байланыста болады. Тұлғаның дамуы, ұжымның даму деңгейіне, оның құрылымындағы әрекеттік және тұлғааралық қатынастармен анықталады. Тәрбиеленушілердің белсенділігі, олардың тәндік және ақыл-ой дамуы, жеке бас мүмкіндіктері ұжымның тәрбиелік ықпалына әсер етеді. Неғұрлым ұжым мүшелері белсенді болса, соғұрлым өздерінің жеке бастық мүмкіндіктерін ұжымның дамуына қолданады.
Балалар мен жас жеткіншектердің шығармашылық дамуы ұжым белсенділігімен өзара байланысты. Әр оқушы қоғамдық пайдалы еңбекке өз еркімен қатыса білсе, оның ұжым ішінде алатын орны жоғары болады да, ұжымға өз тарапынан ықпал ете алады. Оның ұжымдағы орны неғұрлым жоғары болған сайын, ұжымның жеке тұлғаның өз еркімен қоғамдық әрекетке араласуына әсері күшейе түседі.
Тұлға мен ұжымның дамуы өзара ықпалдас үдеріс. Адам табиғат пен адамдар арасындағы қарым-қатынастар жүйесінде дамиды. Адамның рухани байланысының ауқымы, тұлғаның қоғамдық, ұжымдық байланыстарымен бейнеленеді.
Жеке тұлғаның ұжымдық тәрбиеде қалыптасуы – гуманистік педагогиканың жетекші идеясы. Кеңестік педагоги-када оқушылар ұжымын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар бөлінді. Мектеп оқушыларын оқу-тәрбиелеу жұмысында ұжымшылдықты дамыту А.В.Луначарский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, С.Т.Щацкий, т.б. көрнекті педагогтар мен қоғам қайраткерлерінің еңбектерінде көрсетілді.
Кеңестік мектепте жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу ұжымдық тәрбиемен байланыста қарастырылды. Ұжым аясында жеке тұлғаның даралық ерекшеліктері дамитыны баса айтылды.
Н.К.Крупская балалар ұжымын қалыптастырудың теориялық негіздерін анықтап, ұжымды оқушыны дамытушы орта ретінде қарастырып, тәжірибеде қолдану жолдарын көрсетті.
А.С.Макаренко ұжымды қалыптастыру теориясы мен тәжірибесіне орасан зор еңбек сіңірді. Ол ең алғаш ұжымның тәрбиелік қызметін тұжырымдап, оны гуманистік идеялармен толықтырды. Педагогикалық ұжым қалыптастырудың принциптерінен туындайтын ұжым міндеттері мен құқықтарын, әр ұжым мүшесінің әлеуметтік ұстанымын анықтады.
В.А.Сухомлинский А.С.Макаренконың идеясын онан ары дамытты. Тұлғаның ұжымда шығармашылықпен өздігінен дамуын біртұтас педагогикалық процесте қарастырды. Ол өзінің тәрбиелік жүйесінің негізіне оқушының субьектілік ұстанымын бағытты дамыту идеясын алды.
В.А.Сухомлинский ұзақ жылғы мектеп директоры және педагог ретіндегі еңбегінің нәтижесінде ұжымды қалыптастыру принциптерінің жалпы жиынтығын анықтады: мектеп ұжымының бірлігін ұйымдастыру; мектеп ұжымының басқарушылық рөлі; педагогтың басқарушылық рөлі; педагог-оқушылар, оқушылардың өзарасы мен мұғалімдердің өзара байланыстарының байлығы; тәрбиеші-тәрбиеленушілердің рухани өмірінің азаматтық бейнесі; өз еркімен әрекет ету, шығармашылық іс атқару, өз бетімен тың ой қозғау; үнемі рухани байлықты арттыру; жоғары мұрат пен қажеттілік, тілектердің үйлесім табуы; дәстүрді сақтап, оны заман ағымына қарай жетілдіру; дәстүрді рухани байлық ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізу; мектеп ұжымы мен қоғамдағы басқа ұжымдарымен зияттық, этикалық қарым-қатынас байланыстарын орнату; ұжымдық өмірдің эмоциялық, көңіл-күй байлығын қамтамасыз ету; жеке тұлғаның еңбек пен іс-қылықтарындағы тәртібі мен жауапкершілігін сақтауы.
Қазіргі кезеңдегі ұжым теориясын қалыптастыру. Соңғы он жылдықта педагогикалық зерттеулер ұжымның тәрбиелік қызметін ұйымдастырудың тиімді формаларын (Т.Е.Конникова, Л.И.Новикова, М.Д.Виноградова, А.В.Мудрик, О.С.Богданова, И.Б.Первин және т.б.), ұжымдық іс-әрекетті белсендіру мен оның принциптерін жетілдіру мәселелерін (Л.Ю.Гордин, М.П.Щульц және т.б.), ұжымның тәрбиелік қызметі мен өзін-өзі басқаруын (В.М.Коротов,т.б.), ұжымның іс-әрекетін педагогикалық құралмен жабдықтау мәселесін (Э.С.Кузнецова, Н.Е.Щуркова, т.б.) зерттеді.
Осы заманғы ұжымдық тәрбиені (Т.А.Куракин, Л.И.Новикова, А.В.Мудрик) қазіргі қоғамның моделі ретінде қарастырып, ондағы қарым-қатынастар мен адамдық құндылықтарға баса назар аударады. Балалар ұжымының моделі - бүгінгі қоғамның қарым-қатынастары мен оның бүгінгі даму бағыттарын бейнелейді. Балалар ұжымын қоғамның құрамды бөлшегі десек, онда ол тәрбиелік міндеттерді іске асыратын құрал, ал бала үшін ұжым - оның тіршілік ету және алдыңғы ұрпақ тәжірибесін меңгеру ортасы деп саналады.
Қазіргі кезеңде ұжым теориясының көпшілік, топтық, даралық қырлары, ұжымдық мақсат мәселелері зертелуде; жеке тұлғаның әлеуметтік бағыты ұжым мүшелерінің шығармашылық дамуы; ұжымдағы бірыңғайлылық және ұжым бірлігіндегі ерекшеленушілік; ұжымның дамуы – тәрбие субьектісі т.б. Ұжымды нығайту негізіне еңбекпен қатар, қарым-қатынас, таным, ойын, түрлі іс-әрекеттер алынады.