IX бөлім. ОҚУШЫЛАР ҰЖЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жоспар:
9.1. Жеке тұлға және ұжым.
9.2. Тұлғаны дамыту мен қалыптастырудағы ұжымның рөлі.
9.3. Балалар ұжымын ұйымдастырудың негізгі қызметі және мәні
9.4. Оқушылар ұжымын нығайту
Негізгі түсініктер:тәрбие ұжымы, оқушылар ұжымы, ұжымдық іс -әрекет, педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті, гуманистік педагогика.
Жеке тұлға және ұжым
Жеке тұлға мен ұжымның даму үдерісі диалектикалық байланыста болады. Тұлғаның дамуы, ұжымның даму деңгейіне, оның құрылымындағы әрекеттік және тұлғааралық қатынастармен анықталады. Тәрбиеленушілердің белсенділігі, олардың тәндік және ақыл-ой дамуы, жеке бас мүмкіндіктері ұжымның тәрбиелік ықпалына әсер етеді. Неғұрлым ұжым мүшелері белсенді болса, соғұрлым өздерінің жеке бастық мүмкіндіктерін ұжымның дамуына қолданады.
Балалар мен жас жеткіншектердің шығармашылық дамуы ұжым белсенділігімен өзара байланысты. Әр оқушы қоғамдық пайдалы еңбекке өз еркімен қатыса білсе, оның ұжым ішінде алатын орны жоғары болады да, ұжымға өз тарапынан ықпал ете алады. Оның ұжымдағы орны неғұрлым жоғары болған сайын, ұжымның жеке тұлғаның өз еркімен қоғамдық әрекетке араласуына әсері күшейе түседі.
Тұлға мен ұжымның дамуы өзара ықпалдас үдеріс. Адам табиғат пен адамдар арасындағы қарым-қатынастар жүйесінде дамиды. Адамның рухани байланысының ауқымы, тұлғаның қоғамдық, ұжымдық байланыстарымен бейнеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |