Қазақстан Республикасы Білім және ғылым


АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ КІТАПТАРЫНЫҢ ӘДЕБИ ҮДІРІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ



бет43/114
Дата05.03.2022
өлшемі0,64 Mb.
#27086
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   114

АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ КІТАПТАРЫНЫҢ ӘДЕБИ ҮДІРІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ




С.Н. Сүтжанов


ПМПИ, Павлодар қаласы
Қалың бұқара тегеуірінен сескенген патша өкіметі бірінші орыс төңкерісі жылдары баспасөзге аз-кем бостандық беріп, олардың қатарын қазақтар да құрады. Сөйтіп қазақ баспагерлерінің алғашқы шоғыры бой көтерді. Олар – Шерияздан Шеленов, Қайырбай Мұратов, Туамырза Қозыбаев, Жұмал Арсланов, Рахат Тілешов, Мұхамеджан Сералин, Сәния Ертісбаева, Мәдина Әбілғазизовалар еді.

Сонымен қатар, Үпі, Орынбор, Омбы, Қазан медреселерінде оқитын қазақ шәкірттері де баспа ісіне араласа бастады. Мәселен, Ғалиядағы қазақ-қырғыз шәкірттерінің өз ынта-ықыласымен “Садақ” жорналын шығаруы – осының толық айғағы.

Алайда жас баспагерлердің, жалпы түркі түлектерінің белсене кірісіп, жұмыс істеуіне патша өкіметінің отарлау саясаты көп тосқауыл қойды. Бұл туралы кітаптану маманы М.Мамажанов былай дейді: “Самодержавие “бұратаналардың”, яғни империя отарлық шеткері аймақтарының жергілікті халық өкілдерінің баспа орындарын ашуына тосқауыл қоюдан ешбір тартынған жоқ. Соның ішінде кітап бастыру ісіне мұрындық болған татар азаматтары мейлінше қудаланды. Көп жыл бойы батыл күш-жігер жұмсап талай рет өтініш айтып, талай рет жалынып-жалбарынғаннан кейін барып ғана ағайынды Кәрімовтер тек 1899 жылы Қазанда баспахана ашуға рұқсат алды. Мұндай мысалдар екінің бірінде кездесіп отырды.”[1,Б.25]

Сондай-ақ, еуроцентристік бағыт ұстанып, христианизация пиғылын іске асырушы орыс миссионерлері – Н.И. Ильминский, В.Д. Смирнов сынды «ғалымдар» тарапынан да түркі зиялылары қысым көрді. А.Каримуллиннің аталмыш еңбегінде («Татарская книга проформенной России») бұл туралы жазылғандықтан, қайталап айтуды артық санадық.

Шынында, түркі халықтарының ішінде сауаттылығы жағынан басқаларға қарағанда көш ілгері озық тұрған әрі газет-жорнал шығарып, кітап бастыру ісін бірінші болып бастаған татар түліктерінің бұл жолда көп қиыншылық кешкені туралы А.Каримуллин, М.Ғайнуллин, Р.Нафигов, Р.Амирханов, Ә.Жиреншин сынды ғалымдардың еңбектерінде жазылып, мол орын бөлінгенін айта кеткен жөн сияқты.

Сонымен, қазақ жазбагерлері де баспасөз арқылы көрінуге белсенділік танытып, кітап басу ісінің тууы мен қалыптасуына айтулы үлес қосты. Бұлар кезінде “кітаби” ақын-жазушылар атанып, біразы қараланып, енді біразы қақпайланған К.Шахмарданов, А.Сабалұлы, Ж.Шайхыисламов, М.Қалтаев, Ш.Жәңгіров, Т.Жомартбаев, М.Ж.Көпеев, С.Көбеев сынды майталмандар еді. Қазақ тіліндегі әдебиеттердің басылып шығуына Ф.Халиди, Ф.Амашев, Ф.Катеев, И.Шамсутдинов, ағайынды Сулейменовтар және тағы басқа татар мәдениетінің қайраткерлері мен баспагерлері белгілі бір дәрежеде көмек күшін берді.

Төңкеріске дейін қазақ тілінде жарық көрген барлық әдебиеттер тақырыбы, мазмұны және білім-болмысы тұрғысында мынандай негізгі түрлерге бөлінеді:


  1. батырлық жырлар мен лиро-эпикалық эпостар;

  2. діни-танымдық мазмұндағы туындылар;

  3. нәзира үлгісіндегі шығармалар;

  4. фольклор үлгілері: тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, жыр- аңыздар, қисса-дастандар, жоқтау, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал- мәтелдер, айтыстар;

  5. қазақ жазбагерлерінің төл көркем, тарихи туындылары;

  6. оқу-ағарту саласының басылымдары және сөздіктер;

  7. медицина, ветеринария, ауыл шаруашылығы және түрлі арнайы мәселелерге арналған кітап, брошюралар.

Ғалым А. Каримуллиннің құрастыруындағы Еділ-Жайық бойында жарық көрген қазақ кітаптарының классификациясы тұрғысында басылымдардың саны мен тиражы бойынша көп орын фольклорлық үлгілер мен ауыз әдебиетінің (батырлық, лиро-эпостық жырлар) туындыларына тиесілі.

Одақ республикалары тәуелсіздік алып, «жылымық» заман орнаған кейінгі кезде жазылған Ж.Шалғымбаеваның еңбегінде ауыз әдебиеті шығармаларының көп бөлігін таза діни және діни-насихат үлгісінде дастандар, қиссалар құрайтыны жөнінде былай дейді: “В большинстве своем религиозные дастаны и кисса представляют собой сочинения, в которых за основы взяты сюжеты и мотивы известных мусульманских легенд и сказаний, а также коранические тексты, посвященные жизнеописанию оснавателя ислама Магомета, его последователей, и сподвижников, описанию различных событий из истории распространения ислама, в частности, религиозных войн и походов, прославляющих мусульманство и победы ислама. ”[2,С.8].

Біздіңше, Ә.Жиреншин мен А.Каримуллиннің еңбектерінде қазақ кітаптарын былайша нақты жіктеу мен байыптау кездеспеу себебі кеңестік кезеңдегі тар жүйенің қыспағы, идеологиялық саясат және дінге деген теріс көзқарас болса керек. Сондықтан жоғарыда аталған ғалымдар мен басқа да жазбагерлер діни-танымдық шығармалардың басылымдарын атап көрсеткенмен, олардың түрін түстеп, түгін үрлеп, тап басып айта алмады. Былайша айтқанда, тотаритарлық жүйе қыспағы әділін айтып, ашық ой-пікір білдіруге тосқауыл болды.

Сөйте тұра қазақ кітаптарының тарихын таразылаған Ә.Жиреншин басылымдарды кезеңге бөліп қарастырады. Мәселен, ол:

«Ерекше көзге түсетін жаңалықтардың бірі – ХХ ғасырдың басынан бастап кітаптардың мазмұны мен сапасының жақсаруымен қатар тақырыптары кеңіді», [3,Б.18] – дей келіп, осы тұрғысында бірнеше топқа бөледі.

Жазбагер бірінші топқа қазақтың өткен тарихын, қоғамдық- саяси жағдайын жазған – Абайдың «Өлеңдер жинағын»(1909), Шоқанның шығармаларын (Н.И. Веселовскийдің редакциясы – С.С.) және Мақыштың «Қазақ айнасы», «Тура жол» кітаптарын жатқызады.

Екінші – ағартушылыққа үндеген, оқу-білімге шақырған насихатшы шығармаларға Ғ.Мәжитовтың, З.Ерғалиұлының, С.Көбеевтің кітаптарын енгізеді.

Ал үшінші топқа – «кәсіпшілік, отырықшылық, сауда- саттық,егіншілік, бау-бақша, өндіріс, қолөнері істеріне арналған» деп атау беріп, «Торғай шаруашылық қоғамы»(1903), «Май алатын машина»(1912) деген кітап-кітапшаларды тізімге алады.

Ал төртінші деп автор кедей-шаруаның хал-ахуалын баяндайтын, оларға жәбір-жапа көрсетуші патша шенеуліктері мен бай-болыстардың іс-әрекеттерін әшкерелейтін М.Ж.Көпеевтің, А. Сабалұлының, Х.Сәдуақасовтың кітаптарын атайды.

Ә. Жиреншиннің тізімінде бесінші топты Абай аудармасындағы орыс классиктерінің өлеңдері, М.Бекімовтің Пушкиннен аударған

«Капитан қызы»(1903), «Дубровский»поэмасы (Шәкәрім аудармасы – С.С.) (1912), сосын А.Сабанов аударған «Қырық уәзір»мен «Таһир- Зуһра» поэмалары құрайды.

Соңғы алтыншы топқа ғалым әйел теңдігі тақырыбына арналған М.Сералиннің, Т.Жомартбаевтың, С.Көбеевтің романдарын жатқызады.

Сондай-ақ, жазбагер «осы кезде әдебиетіміздің роман, пьеса сияқты жаңа жанрлары туа бастады» дей отырып: А. Жандыбаевтың

«Жас ғұмырым уа жастықта ғафлат» (1907) пен К. Төгісовтың

«Надандық құрбаны» пьесасын атайды. [3,Б. 56]

Осы тақырыпқа ғылыми зерттеу жүргізген Ж.Шалғымбаеваның 1917 жылға дейінгі қазақ кітаптарын топтастыруы да дәл осындай. Тек Ә. Жиреншин не кітап атауын, не оның жазбагерін көрсете алмаған, бүгінгі күнге дейін ақтаңдақтар санатында болған ақын- жазушылардың шығармаларын жас ғалым тақырыбы мен мазмұнына орай топқа бөліп, енгізуге тырысқан. Мысалы, С.Сейфуллиннің

«Өткен күндер» және тағы басқаларын бірінші топқа, ал Ғұмар Қараштың «Қарлығаш», А.Жандыбаевтің «Жас ғұмырым», А.Маметовтің «Абрит» шығармаларын ағартушылық бағытқа қосады. Сондай-ақ, диссертант үшінші топқа А.Ғұмарұлының «Жатпа, қазақ», К.Абдуллиннің «Қазақтың қамы», М.Енсеевтің «Қызметкер» деген секілді кітаптарын енгізіп, М.Дулатовтың «Оян, қазақ», М.Кашимовтың «Насихат қазақия», Ғ.Ғалымжановтың «Есіл жұртым», Б.Ержановтың «Тұр, қазақ» туындыларын қазақ қоғамының

артта қалу себептерін айқындайтын патша өкіметінің отарлау саясатын әшкерелейтін топ шығармаларына қосақтайды. Ақтаңдақтар қатарында болып келген М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын бесінші топқа енгізеді.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ кітаптары тек Еділ-Жайық не Еділ-Орал бойындағы қалалар мен Мәскеу, Петерборда жарық көрді десек, шындықтан алыстаған болар едік. Олай дейтініміз, Түркістан өңірінің мәдени орталығы – Ташкентте де ортағасырлық ескі өзбек тілінде басылымдар жарық көрді. Бірінші кітап 1883 жылы саудагер Семен Лахтиннің баспаханасында шықты. Бұл – Сопы Аллаярдың шығармасы болатын.

Сол кезең Орта Азия халықтарына ортақ әрі түсінікті көне түркі- шағатай тілінде басылған кітаптардың көбі діни сарындағы шығармалар еді. Бұл басылымдар Ғұлам Хасанның «Ғуломия» баспаханасында жарық көрді. Бұл жөнінде Ә.Жиреншин мынадай дерек көзін көрсетеді: «Г.Х.Гарифжанов в 1908 г. открыл в городе художественную литографию и организовал печатание узбекских книг. С 1913 г. он стал издавать книги на казахском языке. Всего типография Г.Х.Гарифжанова выпустила в свет 16 книг на казахском языке ...» [3,Б. 113].

Алайда, бұл дерекпен келіспейтін жеріміз мынада. Кітаптанушы өзбек ғалымы М.Рустамов аталмыш баспахананың ашылуы туралы мынандай дәйектеме келтіреді: «Ғулом Хасан Орифжонов уз фаолиятининг дастлабки йилларида Урта Осие халқларининг утмишдаги буюк езувчилари ва шоирларинг машхур асарларини нашр этишга жидий эътибор берган. Укинг нашрида 1900 йилда Навоий

«Девон» и, Фузулий «Ғазалиет» и, шунингдек, Мукимий «Баез» и босилиб чиқди». [4,С.95].

Біздіңше, өзбек ғалымының дерегі барынша шынайы. Өйткені Ташкентте басылған алғашқы шығарма Фирдаусидің «Шахнамасы» болғандықтан және ол 1900 жылы «Ғуломия» литографиясында, ал 1908 жылы «Хайрия» баспаханасында жарық көргендіктен, Ә.Жиреншин кейінгі, яғни 1908 жылғы басылымға қарап, жаңылысқанға ұқсайды. Және өзбек ғалымы өз елінің мәдени-әдеби тарихынан дұрыс дерек бермеді деуге еш негіз жоқ.

Сонымен, «Ғуломия» баспаханасында қазақша 16 кітап шықты десек, олардың жетеуі (7) қиссашыл ақын Шәді Жәңгіровке тиесілі екені белгілі. Айта кететін бір жайт – Шәдінің дастан – хикаялары бір Ташкент емес, Қазан, Орынбор қалаларында да жарық көрді.*

Біздің пайымдауымызша, бұл екі топтастыруда аздаған кемшілік барға ұқсайды. Мәселен, Абай шығармаларының дені ағартушылық

бағытта жазылғандықтан, «қазақтың бас ақынын» ағартушы ретінде танимыз және танытып келеміз де. Ал, аталмыш қос автор болса, Абайдың өлеңдер жинағын қазақтың өткені мен болашағын суреттеген шығармалар тобына жатқызады. Бұған еш талас жоқ. Бірақ ұлы ақынның өлеңдері оқу-білімге, өнерге үндейтіндіктен екінші топқа да төтеп берері сөзсіз.

Жалпы, тақырыбы мен жанрлық көлемі тұрғысында қазақ тіліндегі әдебиеттер бірте-бірте ұлғайды және әлдеқайда көп қырлы бола бастады. Сонымен қатар, олардың саяси-әлеуметтік бағыттары да айқындалып, маңызы мен мәні барынша арта түсті. Әдебиеттердің жарық көруі қазақ зиялыларының арасынан талантты жазбагерлер – нағыз көркем сөз шеберлерін, көсемсөз иелерін, тарихшылардың аренадан көрінуіне мүмкіндік туғызды. Ал, олар оның есесіне туған халқының мұң-мұқтажын, арман-аңсарын батыл да басым өрнектеп, саяси-қоғамдық белсенділігі мен ұлттық санасын ұлғайтты.

Ұлан-байтақ қазақ жерінің шығыс өңірінде, нақтылай айтқанда, Түркістан маңында жағдай сәл өзгеше еді. ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін бұл аймақты мекендеуші өзбек, қырғыз, қазақ, қарақалпақтар Хиуа және Бұхара хандығына қарасты болып, аралас-құралас тұрып келгендіктен, Ресейге тәуелді кезеңде де тамырластық, аймақтық әлеуметтік те, рухани де байланыстарын жоғалтқан жоқ. Қайта патша өкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отарлау саясаты ол ұлттардың бірігуіне, тұтасуына итермеледі.

Түйіндей келгенде, қазақ кітаптарының басым бөлігі Ресей аймағының Еділ-Жайық бойындағы қалаларында, нақты айтқанда, Қазан, Үпі, Орынбор, Троицскіде басылып шықты. Бұған, әрине, татарлардың түркі халықтарының ішінде ең сауаттысы әрі барынша діндарлығы басты себеп бола тұра, өкімет орталығына жақын орналасуы да игі әсерін тигізбей қоймады және төңкеріс пен қозғалыстар дүмпуі оларға бұрын жетті.

Ғасырлар тоғысында, әсіресе, ХХ ғасыр басында кітап бастыру ісімен айналасып, татар бай-көпестерінің қолдауымен өз шығарма- лаларын басылымдар ретінде жұртшылыққа ұсынушы қазақ қаламгерлерінің қатары біршама артты. Атап айтқанда, олардың қатарын кейін Алаш партиясын құрушылар да, Кеңес әдебиетінің негізін қалаушылар да, «кітаби ақындар» атанушылар да тіпті былайғы әдебиетші-еліктеушілер де, т.т. құрады.

Сондықтан қазіргі қайсы бір әдеби үрдерістер, ағым-тәсілдер тұрғысынан қарағанда, бұл аталмыш кітаптардың биік талаптарға сай келмейтіні рас. Солай болған күнде де, ол басылымдар сол тұстағы оқырман жұртшылықтың сұранысын өтеп, төл сөз өнеріміздің

көркемдік-эстетикалық деңгейінің біршама арттыруына көп септігін тигізді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет