Н.Ж. Тұралина, Б.Б. Тұралина
ПМПИ, Павлодар қаласы
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» -деп, ұлы Абай атамыз айтпақшы, сөзі өлмей, есімі өлең өлкесінде мәңгі бақи қалған ақынның бірі.
Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында (бұрынғы әкімшілік бөлінісі бойынша Қостанай уезінің Арақарағай болысында, Құттық ауылында) дүниеге келген. Туған жылы туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Бұрынғы зерттеулердің біразында 1859 жылы деп, кейбір деректерде 1857 жылы деп көрсетілген. Ал 1997 жылы әдебиет зертттеуші ақын Ақылбек Шаяхметтің құрастыруымен жарық көрген
«Алаш» атты жинақта бір газет тілшісінің хабарына сілтеме жасалады. Онда:
Биіктен еңкейіске қадам басып, Жыл ұлу, үшеуінде мен алпыстың –
деген ақынның өз сөзін келтіре отырып, «ол 1856 жылы туған болып шығады» деген болжам жасалған. Бірақ бұған да қарсы дау айтушылар бар.
Тағы бір дерек- ақынның тоғызыншы назымында: «Жыл ұлу, отыз тоғыз, биыл жылқы» деген өлең жолы бар. Мұны тағы да қара сөзге аударсақ, туған жылым ұлу, биыл жылқы жылы отыз тоғыздамын деген мағына шығады. Мұнда да, жоғарыдағы кесте
бойынша есепке салсақ, 1856 жылы туған адамның отыз жеті мүшелі 1892 жылға тура келеді де, одан кейінгі екі жыл, яғни отыз тоғыз жасы 1894-ші жылқы жылына дөп келеді екен.[1,75б]
Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, шешен, әнші, балуан жігіт болып өседі де, Троицк медресесінен жақсы білім алып, ер жете
«орта» аталатын дәулет құрады. Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып, күндері- нің көбін солармен бірге өткізеді. Ыбырай Нұржанды жоғары бағалай келіп, оның ақындық қабілетін жемісті арнаға салуда шешуші рөл атқарған.
Нұржанның әйелі Бибісара да ақын болып, екеуі хат арқылы айтысумен қосылған. Олардан туған жалғыз ұл Сұлтанғазы 1911 жылы өліп, артында ұрпақ қалмаған» - деп Сәбит Мұқанов ақын өміріне де шолу жасап келіп, «Халық мұрасы» кітабында кең тоқталып, академик жазушы оны дарынды ақын деп бағалайды.[2,4 б]. Ақын шығармашылығына келсек, Н.Наушабайұлының көзі тірісінде «Манзумат қазақия» (1903), «Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы» (1908), «Алаш» (1910) жыр жинақтары жарық
көрген.
Ақындығының өзге замандастарынан бір ерекшелігі – оның өлеңдерінде назым жанрының басымдығы.
Назым жанры дегеніміз - әуенді, сазды өлең, қазіргіше лирика деген ұғымға жақын поэзиялық жанр. Негізгі түріктің «назим» (өрнекті өлең) деген сөзінен шыққан. [3,259б]
Өзге толғаулар, тақпақтар мен термелер, айтыстар, мысалдар, аудармалар, ән мәтіндері өз алдына болғанда, жаңағы назым өлеңдерінің өздері де ақын мұрасының шоқтығын едәуір көтере түсетінін көреміз. Ақынның шығармашылығын зерделей зерттеген үлкен әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаев ақын мұрасын сипаттай келіп, негізгі ойын былай түйіндеген болатын: «Бірсыпыра өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы, өз тұсындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал, мәтел, нақыл сөздер айтады. Оның шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді» - дейді [4, 53-54 б].
Ақынның біршама назым үлгісінде жазылған шығармалары көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да, оның ішінде көтерілетін мәселелер жағынан да өзгеше, тек Нұржан ақынның туындылары ретінде оқырманға танылатын, еш ақынның қолтаңбасына ұқсамаған өз айшығы мен бедері бар туындылар. Өздері бірінші, екінші, үшінші
деп, сан ретімен нөмірлеп берілген. «Алаш» жинағында осындай тоғыз назым бар. Көлемдері төрт, алты, сегіз тармақтық өлшеммен берілгенде отыздан алпыс шумаққа дейін барады. Назымдардың тақырыптары әр алуан.
Бірінші назымы адам мінезінің теріс жақтарын сынаудан басталады.
Жаһилдар ғылым сөзін тыңдамаған, Шарғиға мықтап белін байламаған. Хайуандар есебінде көрінеді, Асылын назар салып аңдамаған.
Пендеге пенде қылма жүз салдырып, Телміртпе бір жаманға көз талдырып. Махрум ете көрме, раббым қадыр, Рахмет қазинаңнан құр қалдырып.
Кірлетпей абыройымды тілеймін көп, Дүниенің пішнесіне шырмалдырып. Жад етіп бір уақытта жазам ғазал, Дертімді іште жатқан қозғалдырып.
Әркімдер оқып ғибрат алмақ үшін,
Кетемін жүрген жерге сөз қалдырып.[2.13.б]
Ақын бұл тұста жігіттің қиындыққа мойымайтыны жөнінде, қандай қауіп қатерден де тайсалмайтын өжеттігі, тәуекелге бара алатын қайсарлығы туралы айтады. «Біреудің көңілі зор болса да, қолы қысқа». Ал енді біреулердің «қолы ұзын бола тұрып, көңілі төмен», яғни қолдағы мүмкіндігін адамшылық қасиетінің жетпей жататындығы.
Оның айтуынша, адамға ең керегі - амандық, барға қанағат. Дүние еш уақытта орнында тұрмайды, бәрі өзгеріп жатады. Солардың ішінде ең баянсызы - бүгінгі бақ пен дәулет: қолдың кірі сияқты бір жуғанда кетіп қалады, көшпелі бұлттай ойламаған жерде ғайып болады.
Ақын әркімге ақыл- кеңес беріп, жөнге салып отыруды өзіне тұрақты борыш санайды, кім–кімнің де теріс ісі мен жағымсыз қылығын бетіне басып сөйлейді:
Жүреді әркім ісін ұнайды деп, Айтсаң ауыр көреді бұлай-ды деп. Үріккен малша бетімен кете берер, Сырттан біреу ойламай сынайды деп. Ақымақтар сонымен де шалқақтайды
Жауырынға қағып қойсаң жарайды деп.
Айтамын осындайды жөнсіз көріп, Өз ісін жүргеннен соң мінсіз көріп, Осыларға ақылымды түгесемін,
Дауасыз дерт сықылды емсіз көріп. [2,18б]
Ақынның өз заманындағы шығарған өлеңдеріндегі оқырманға берілген ақыл-кеңесі, маңызды мағыналы болып оқырманға дұрыс бағыт береді.
Нұржан Наушабаев назымдарында және басқа да толғау, термелерінде тақырып аясы жеке адам мінез-құлқынан бастап, халық, заман тағдырына қарай сөз қозғайды. Халықтың қол жеткен олжалары мен бірге, жоғалтып алған қымбаттарын тізбелеп келіп, өкініш сездіреді.
Олар: сөзден түйін байлап, артына ұлағатты мысал қалдырған шешендер, неше мың қол бастап, жұртын қорғаған ерлер, қара қылды қақ жарған әділ төрешілер, ел намысын қорғаған ұландар, соның ішінде ең қиыны:
Алашты алды, жерді алды, Енді алмаған нең қалды?! Бұрынғы хан, би болғандар Наград, шенге алданды.
Бұл күнде білем дегендер Штатпенен болған-ды.
Фәтуа жоқ, бірлік жоқ, Бірлік болмай тірлік жоқ.
Ойламай қазақ қалған-ды [1,80 б]
Ақын «Алаш» жинағында өзі өмір сүрген заманның, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысында, қазақ даласы біржола орыс патшалығының отарына шырмалып, тығырыққа тірелген заманның, халықтың тарихи өтпелі кезеңін, тұрмысын сипаттайды.
Осы ретте Нұржан ақын мен Абайдың үндестігін байқаймыз.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»- деп, жастарды надандықтан, жалқаулықтан, адам бойындағы жаман мінез-құлықтардан бас тартып, оқу-білімге шақырған. Абай ақынның ойын біз Нұржан ақынның назымдарынан да байқаймыз.
Бұл үндестікті екі ақынның өлең толғауларындағы араб - парсы, шығыс сөздерін молынан қолданғанынан да байқауға болады. Мысал келтіретін болсақ: ақынның бесінші назымындағы
...Текке өтті әурелікпен өмір зайғы, Бұйырған фарыздарды ада қылмай, Бола ма жай жүрудің лайығы.
Біздерді әуес еткен әртүрлі ойға, Келемін бірте-бірте айтып маңға. Қадір қайтар күндері раушан ойлап Отырсың рахмат оқып қауым жанға.
Арттырар етсе талап хүммәтләрін, Керек қой ада қылмақ міндеттерін. Пендеге ықыласпен жүрмек жақсы, Атқарып парыз, уәжіп, сүндеттерін. Сұрары екі дүниенің фақыры жаһан,
Қор қылмас, иншалла, үмбеттерін. [2,29.б]
Бұл назымда ақынның пайдаланған фарыз, ғафылдық, хүммәтләр, раушан, парыз, уәжіп, сүндет, фақыр, иншалла, т.б. діни сөздер ақынның өз заманында мұсылманша хат танып араб қарпін біліп, өз заманындағы ақындармен үндестігі деп айтуға болады.
Келесі бір назар аударатын маңызды мәселелердің бірі - Нұржан ақынның «Алаш» жинағына енген өлеңдері, мысалдары және аудармалары. Осы шығармаларындағы ақын өлеңдерін атап кетер болсақ: «Дүния адастырар қуғаннан соң», «Адам жасы», «Өлеңді айт дегенде», «Асыл-ай», «Ақ қайың», т.б. Бұл өлеңдер халық ауыз әдебиеті үлгісімен жазылған шығармалар. Өлеңдерінің басты тақырыптары адам ғұмырының шолақтығы, малы жоқ кедей өмірінің ғашығына қосыла алмаған зары, өз заманындағы халық мұңын көрсетеді. Мысалы:
Бұл дүние жеткізбейді қашқан түлкі, Бас қосса базар еді елдің көркі.
Самсаған сары азамат елден кетсе, Бұзылып не қылады жердің көркі?!
Нұреке, Нұрыш еді атағымыз, Көкшетау, түрме болды жатағымыз. Нұреке, Нұрыш болып жүрген кезде
Орыспен болып тұрды шатағымыз. [2,168 б]
Өз заманындағы ұлы ойшыл, атақты ақындардан үлгі алған, оқыған көзі ашық Нұржан ақын да аудармамен айналысқаны белгілі .
Ақынның осы «Алаш» жинағындағы аудармаларына тоқталар болсақ үш мысалы берілген: «Өгіз бен есектің хикаясы», «Қасқыр мен қозы», «Түлкі мен әтештің хикаясы». Аудармалар орыс мысалшысы Крыловтан аударылған. Бұл ретте де, назар аударатын жайт А. Құнанбаев, А.Байтұрсынов, Ы.Алтынсарин секілді атақты ақындар да аудармамен айналысқаны белгілі.
Аудармалардың негізгі ойы жалқаулық, зорлық-зомбылық, әлсізге әлімжеттік қылу секілді өз заманындағы басты тақырыптар тереңнен қозғалып хайуанаттарды сөйлету арқылы өз ойын жеткізеді. Әйгілі әдебиет зертеушісі, сыншы М.Жармұхамедовтің сөзімен айтқанда - «Нұржанның ақындық өнерінде де бір арнаға келіп құятын екі бұлақ бастау бар. Оның бірі – бай халық ауыз әдебиетінің тигізген әсер-ықпалы болса, екіншісі-шығыс әдебиетінің озық туындылары дер
едік.
...Халық, поэзиясымен үндестік оның жалпы сөз қолдану мәнері мен стильдік, көркемдік тәсілдерінен де айқын аңғарылады».[1,158 б]. Ойымызды қорытындылай келсек, Нұржан Наушабаев өз кезеңінің желпінісін, келелі істердің әуенін, дәуір үнін жеткізе білген арқалы ақын. Ол қазақ халқының, ұлт тағдырының мұңы мен зарын, адам бойындағы мінез-құлық пен қасиетіне байланысты өз шығармалары арқылы өз ойын дәл жеткізе білген ақындардың бірі деп
айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |