Жаған бегім
Қасымның шешесі Жаған бике Жәнібектің жеті қатынының ішінде ең жақсы көрер бәйбішесі. Одан туған бала да ханға ерекше ыстық. Жағанды Жәнібек құр ғана жақсы көрмейді, онымен санасады, ерекше сыйлайды. Ал Әбілхайыр ханның келіні, Шах-Будақтың әйелі Аққозы бике Жағанның туған апасы. Аққозы мен Жаған Алтын ханды көшпелі Керей руының белгілі батыры Домбалықтың апалы-сіңілі қызы. Жағаннан Қасым туса, Аққозыдан Әбілхайыр ханның ең жақсы көрер немерелері, соңынан бүкіл Орта Азияны жаулап алған Мұхамед – Шайбани мен Махмуд-Сұлтан туған.
Әбілхайыр мен Жәнібектің арасындағы қанды ұрысты өшпендікке қарамай, кезінде бүкіл Шығысқа аттары шыққан қос сұлу Жаған мен Аққозы біріне бірі тарту, таралғы, кісі жіберіп сыйласып тұрған. Аралары балдан тәтті тату. Оның үстіне Қасым да Мұхамед Шайбани мен Махмұд Сұлтан да Шыңғыс әулетіне жатпайтын, шешелерінің айтқандарын екі етпейтін мінез көрсеткен. Бұл әрине, балаларын жастайынан өздерін сыйлайтын етіп өсірген аналарының қасиеттерінен туған ерекшелік.
Қасымның осындай жағдайын білетін Жәнібек, баласымен әңгімелескенде әрқашанда бәйбішесі Жағанды ала отыратын. Ал Жәнібек соңғы кезде Қасыммен жиі кездесетін болды. Оған себеп – ханның өзге ақылгөй үзеңгілес би, батыр серіктерінен гөрі, Қасымның қиын мәселелерде әкесіне анағұрлым дұрыс кеңес беруінен еді.
Күндегі әдеті бойынша, шаңқай түс шамасында хан Ордадан шығып, бәйбішесі Жағанның оқшаулау тігілген, шағаладай аппақ екі кигіз үйден кіндіктесе көтерілген ақ ордасына беттеді. Бұл кез көктем бітіп, жаз жадырай бастаған мезгіл еді. Хан Ордасы Сарысудан Ұлытау етегіне көшіп келген. Әлем сандықтан күн көзіне алып шыққан жанат ішіктей құлпырады. Жаңа көтерілген көк балауса жасыл шалғын көкірегіңді жарғандай жұпар аңқиды. ...Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті.
Арсың ба, Жаған бикем?
Барсың ба, хан ием.
Есік алдына күмістелген кебісін тастап жатып, хан әйеліне сұқтана қарады. Жаған қара торының сұлуы еді. Сұңғақ бойлы, оймақ ауыз, көген көз. Екі бала тапса да қыпша белі әлі де жіп-жіңішке. Қақтаған алтыннан жасалған ауыр шолпысы жерге тартып тұрғандай, білектей етіп өрген қос бұрымының ұшы шұбатылып кілем үстінде жатыр. Меруертпен шытырмалап, гауһар таспен безеген қызыл мауыты сәукелесі, аш белін қынаған алтын оқалы қызыл барқыт камзолының түсін ашқандай жарасып тұр. Жаған иген басын әлі жоғары көтерген жоқ. Сонау бота көзін жауып тұрған ұзын кірпіктері найзадай Жәнібектің кеудесіне келіп қадалғандай. Жәнібектің қырықтан асқанға дейін сан айқаста мызғымаған тас жүрегі, кенет қолға түскен торғайдай тыпырши қалды. Хан көз алдында осы Жағанмен алғашқы кездескен шағы елестеп кетті.
Жәнібектің жиырмадан жаңа асқан тұсында. ...Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан, жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары “Түн қату”, “Түйе жығу” секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталды. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді. Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оққағары бардай, байлаған жерінен бірде бір қозғалмай-ақ қойды.
Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді:
Жаған келе жатыр!
Жол беріңдер! Жол беріңдер!
Жаған жамбыны көздемей түсіреді.
Әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт!
Аққозы бикенің шабарманы “Бикем не бұйырады?” деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен, аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстынде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр. Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап, бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасындағы жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен жақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз-бозбала: “Жол беріңдер! Жол беріңдер!” “Иә, аруақ, қолдай көр!”, “Қарақожа!”, “Ойшыбай!” деп Керей руының ұранын айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезіне ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді.
Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұмтылды.
Мың жаса, Жаған мерген!
Қыз емес, қыран ғой!
Сені тапқан анаңнан айналып кетейін.
Қарақожа атаңның аруағын бір көтеріп тастадың ғой!
Ел намысын жібермеген ер қызым, мың жаса!
Дабырлаған топ қызды ат үстінен көтеріп ап, сұлтандарға қарай жүрді. Олар Жәнібектер тұрған маңға таянғанда ғана қызды қолдарына түсірді. Өздерінің тобына жақындап келіп, иіліп сәлем берген Жаған адамзаттың баласы емес, көктен түскен хор қызы боп көрінді. Қос бұрымы жерге тиіп шұбалып, құралайдың көзіндей танадай қара көздері Жәнібекке жайбарақат мөлдірей қарады. Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажайып сиқырлы күш бар еді. Өн бойы қорғасындай балқып, Жәнібек өзін-өзі әзер ұстап қалды.
Арсыздар ма, құда жігіттер, - деген Жаған сонда ұзын кірпіктерін Жәнібектің жүрегіне, дәл осы қазіргісіндей қадап.
Барсыз ба, мерген құдаша? – деген жігіттер шулай жауап беріп.
Осыншама шудың ішінен тек Жәнібектің дауысын естігендей, Жаған сұлтанға тағы да бір мәністі көз тастады. Сұлтан енді бұрынғыдан да бетер өртеніп кете жаздады. Сол күні түні бойы көз ілінбей шықты. Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді. Бойды алған жалын, ойды өртеген арман бұрынғыдан да өрши түсті. Ұлытауға қайтып келісімен сұлтан сонау Алтын хан еліне құдалыққа кісі жіберді. Келесі Жазтоқсанның басында он төрт жасар Жаған сұлуды үшінші бәйбішесі етіп, ақ отауға кіргізді. Баяғы алғашқы жолы кездескенде “Барсың ба ару қарындас?” деп амандасқаннан кейін, ол Жағанмен бірінші мәрте осы ақ мамық жар төсегінің үстінде сөйлесті. Төсектің ірге жағында көйлекшең отырған Жағанның жерге шұбатылып жатқан қос бұрымын оң білегіне орып, сол қолымен тастай қатты сүйір ұшты қос анарын кезек-кезек сәл ауырта қысып, ұяттан күйіп-жанып не істерін білмей жанталасқан жас аруды бауырына тартты. Бетіне бетін таяп:
- Мен сені Жаған, жақсы көріп алдым, - деді.
Әйел жынысын ол уақытта тек мүлік деп қарайтын еркектің бұлай дегеніне жас сұлу таң қалды. Сөйтсе де көңілдегі өкпесін айтты:
- Өткен жылы менімен ең болмаса бір мәрте сөйлесуіңіз керек еді ғой. Мәжнүнді жақсы көрген Ләйлідей менің бөтен біреуді ұнатып қалмағанымды қайдан білдіңіз?
Қыз сөзі Жәнібектің еркектік намысына тиді. Ол кенет алқымына тығыла қалған ашуын әзер басып:
- Оны қазір көрерміз, - деді – ит тиген арам аста қадір бола ма? Келген жеріңде ауылың бар...
Үй іші тастай қараңғы болса да Жәнібек қыздың езу тартып күлгенін сезіп қалды.
- Егер анамның ақ сүтіндей адал болсам, - деді қыз кенет дауысы қалтырап шығып, - бір тілегім бар, орындайсыз ба?
- Қандай тілек?
- Егер ұл тапсам, оған атеке етіп біздің ауылдың Хасен деген бір жас жігіті бар, соны алдыр. Маған садақ тартып, асауды жуасытуды сол үйретіп еді.
Жәнібек бойын өртеп бара жатқан жалынды күшпен басып, енді отыра алмады, қыз өтінішіне жауап берудің орнына, оны аш белінен құшақтай өзіне тартты, жаңа піскен мәуедей әбден дер кезіне жеткен жас сұлу да бауырын жазып жігіт әуеніне қарай икемделе берді.
*** *** ***
...Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.
- Онда ма? Онда... – Жағанның дауысынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық естілді. – Онда кекке – кек! Қанға – қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының өшін қайтарады. Әбілхайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед Шайбани мен Махмұд Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ, өздері антын бұзбай екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед Шайбани мен Махмұд Сұлтанға бірінші боп шоқпар сілтемеймін, - деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінемін. Егер бұл арманымды орындамаса, ақ сүтімді көкке сауып өтем.
Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді. Кенет ол орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да, беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап, маңдайына тигізді де қылшылдаған жүзінен сүйді.
- Асыл болат наркескен қос бауырым Мұхамед Шайбани мен Махмұд Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, - деді ол. – Егер антымды бұзып, қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!
Жаған бике орнынан түрегеліп, баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді алды да ерніне тигізді.
- Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін, оның құрбаны болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!
Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей екі сырды қатты түйді. Бірі – Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін, екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ болып отырған Жаған бикенің кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да бара алатынын білді. “Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты болып көріне алады екен” деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды. Мұндай әйелдің намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.
Достарыңызбен бөлісу: |