Пайдаланатын әдебиеттер 1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Смағұлов Ж. Қазақ әдеби сынының мәселелері.- Қ, 1998.
4. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.- А.,1998.
5. Кәкішев Т. Оңаша отау. – А., 1976.
6. Ысқақ Д. Сын өнері.- А.,2002.
3-тақырып. Баспасөз және сын Қазақсанның Россияға бағынуының пайда-зияны және оның ықпалы. XIX ғ. аяқ шенінде саяси-әлеуметтік жағдай және сыншыл реализм дәстүріндегі жаңа әдебиеттің тууы. «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1882) – қазақ баспасөзінің тұңғышы және оның әлеуметтік ой-пікірді оятудағы орны. Шоқан, Орынбай жөніндегі материалдар. «Қисса Қожа Ғафан һәм Садуақас» туралы пікір және тіл тазалығы жөніндегі көзқарастың өріс алуы. «Дала уалаяты» газетінің (1882-1904) сыни ой-пікірді оятудағы рөлі. Шоқан, Ыбырай және қазақ зиялыларының тарихи рөлі туралы пікірлер. Қазақ тілінің тазалығын сақтау туралы Алтынсарин идеясының осы кездегі қазақ публицистеріне тигізген әсері. Әдеби ағымдар елесі, Шортанбай өлеңінің жариялануы және ол туралы пікір. Абай өлеңдерінің озық пікірге өзек болуы. XX ғ. басындағы қазақ газеттеріндегі әдебиет жөніндегі мақалалар-әдеби сынның тууына дайындықтың көрінісі. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің әдебиет сынын тудырудағы тарихи маңызы. Жалпы, ХІХ ғасыр – қазақ әдебиеттану ғылымының ояну дәуірі болды деуге болады. Өнер мен әдебиеттің басқа өнер түрлеріне ұқсастығы мен тәрбиелік мәні, әдебиеттің түрлері мен тектері туралы ой-пікірлер жалпылама ұғым-түсініктердің шегінен шықпаса да әдеби-теориялық тұрғысынан біршама құнды болды деп айтуға болады. Бірақ та бұл кезеңде әдебиеттану ғылымына қатысты ой-пікірлер әлі бір жүйеге түсіп, қалыптаспаған еді. Бұрыннан белгілі, пәннің тарихынсыз пәннің теориясы болмайды және пәннің теориясынсыз оның тарихы туралы сөз болу мүмкін емес. Әдебиеттің тарихы мен теориясы ғылымы дүниеге келіп, ары қарай өркендеуі үшін осы ғылымдар зерттеу объектісі етіп алатын пән туралы алғашқы түсініктің болуы шарт. Әдебиеттану ғылымының пайда болу, даму жолдары әдебиеттің өсіп өркендеу бағытымен сәйкес келіп отырады. Сондықтан әдебиеттану ғылымының ояну дәуірін айтқанда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің жалпы бағыты мен сипатын анықтап алу керек. Қазақ әдебиетінің аяғынан қаз тұрып, апыл-тапыл жүріп, нық басуына көмек көрсеткен «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ», «Садақ» газет-журналдары еді. Қазақ әдебиеті мәселелеріне қатысты алғашқы мақала, зерттеулер осы басылымдарда жарияланды. Осы мақала-зерттеулердің мән-мазмұнын бағдарласақ, олардың ең алғашқылары ауыз әдебиеті үлгілерін жіктеп, саралауға арналған.
«Түркістан уәлаяты газеті» (1870-1882жж.)
Газетте саяси-экономикалық мәселелермен қатар, оқу-ағарту, өнер-білімнің пайдасы, орыс ғылымы мен мәдениетінің пайдасы, жетістігі жайында мақалалар басылып тұрды. Сондай-ақ қазақтың мақал-мәтелдері, жұмбақтары, ақындардың өлең-жырлары, айтыстары, батыс пен шығыстың аңыз-әңгімелері, ертектері, әсіресе, «Мың бір түн» хикаялары жарияланып тұрды. Газетте қазақтың төл әдебиеті, халық әдебиетіне газет редакциясы зор көңіл бөліп отырды.
1876 жылы Қазанда «Қисса Қожа һәм Садуақас» деген кітап басылып шығады, газетте оны шығарушы Мұхамеджан Муритахидинов өз ақшасымен бастырғанын айта келіп, кітаптің тіліне қатысты сын айтады: «Өзіңіз оқып қараңыз, қазақша жазылған деп айтып болмайды... Қазақ тілін бұзып басып шығарыпты. Енді бұл кітапты оқыған адам қазақ тілі осы деп ойласа керек», - дей келіп, ары қарай, - Қазақ тілі қалай жаралып, бір-біріне жабысып тұрғанын білгіңіз келсе, біз бір-екі ауыз сөз жазалық» (№29, 10.11.1986) – Орынбай ақынның өлеңінен мысал келтіреді, тілдің тазалығы мен мақамдығын үлгі етеді. Яғни газет қазақ тілінің тазалығын сақтау, оны орынсыз шұбарламау жайында көзқараста болған.
Бұл Шоқан, Ыбырай, Абайлар айтқан сыншыл ойды ары қарай жалғастыру деген сөз.
«Түркістан уәләяты газетінің» әдебиетке, оның ішінде сыншылдық ой-пікірге қатысты біраз материалдарды 1875-1878ж.ж. аралығында жариялады. Онда қазақ тілінің тазалығын сақтау идеясын ары қарай жалғастырды, Шоқанды құрмет тұтып, оның өмірі мен өнерін насихаттады, әдеби шығармаларға орын беріп, әдебиетке жанашырлық танытатын.
Қорыта айтқанда, «Түркістан уәлаяты» газеті ауыз әдебиеті үлгілерін іріктеп, жүйелеп, құндыларын басуға назар аударады. Газетте басылған мақал-мәтелдердің, жұмбақтардың мән-маңызына назар аударсақ, көбіне-көп халықтың ақыл-ойына әсер ететіндерін, ғибраты айқын, насихаттары мәнді, үлгі-өнегесі анықтарын іріктеп, саралап басқанын, қолдарына түскенге мәз бола бермегенін байқаймыз. Газетте әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған мақалаларда аналитикалық талдау аздау болғанмен, әдебиет пен тілдің жалпы мәселелері оңтайлы әңгімеленеді. Асылқожа Құрманбаев өзінің «Қазақ тілі хақында» деген үлкен мақаласында қазақ тілін араб, парсы, татар сөздерімен шұбарлауға қарсы шықты. Ол бұл пікірін дәлелдеу үшін көркем сөз саласына да көз салған. «Ы.Алтынсариннің «Сөз басы», «Қарға мен түлкі» «Жаз» және т.б. өлеңдері бөтен тілдерден құлан тазалығымен ғана қадірлі емес, оның үстіне қазақ тілінің, қазақ өлеңі мен поэзиясының тамаша үлгісі болуымен де қадірлі, ал қазіргі сахараға жайылған және қазақтар құмартып оқитын өлеңдері, мысалы, «Салсал», «Зарқұм» және басқаларды қазақ тілін әлдеқалай білген татарлар жартылай қазақша, жартылай татарша құрастырған» деп өз ойын білімдарлықпен түйіндеген. Әдебиеттің ерекшелігін нақты әңгімелей қоймағанымен автор қазақ халқының сана-сезіміне, эстетикалық таным талғамына қандай шығарманың қадірлі екендігін айтып, шала сауатты, тілі шұбар, мағынасы тұманды кітаптарды сынаған газет бетіндегі тіл-әдебиет мәселелеріне қатысты мақалалалардың бастапқы қарапайым түрі басым болды. Қалың оқушыға жаңа кітаптардың шыққандығын хабарлайтын жарнамасы мен шығарманың мазмұнын баяндайтын аннотацияларға көп орын берілді. Бұл жарнамасын, аннотациялар туралы айтып отырған себебіміз, әдебиеттің ғылымы әдеби-сыны ойлардың пайда болуымен ұштасып отырады. Бұл жөнінде Д.Ысқақұлы былай деп жазады:
«Әдеби сын әдебиеттің ғылымы. Бұл әдебиет алдымен сынның, содан кейін жан-жақты ғылыми зерттеулердің объектісі болады, сын аяқталған жерде ғылым басталады. Сын әдеби процестегі елеулі құбылыстарды қырағылықпен байқап, ол туралы оқырманға жария етеді, әдеби процестегі елеулі жаңалық жайлы әңгімені қорытып, тиянақты ойларды қалыптастыру үшін әдебиеттану ғылымына жағдай жасап, материалдарын дайындап береді». Яғни, қазақ әдебиеттануына байланысты алғашқы тұжырымдамалардың қылаң беруін бақылау үшін сыни ой-пікірлердің даму бағытын аңдау қажет деп ойлаймыз.
«Дала уәлаятының газеті» (1888-1902 ж.ж.) Мұнда қазақтың алғашқы публицистері Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлейхан Бөкейханов, Асылқожа Құрманбаев, Отыншы Әлжанов, Дінмұхамет Сұлтанғазин (Шоқанның немере інісі), Рақымжан Дүйсенбаевтар әдебиет пен тілге байланысты арнайы жазған мақалаларында, тіпті басқа мәселелерге арналған мақалаларында тілдің тазалығы жөнінде үнемі ескертіп отырады.
Соның бірі Асылқожа Құрманбаевтың «Қазақ тілі хақында» мақаласы. Қазақ тілінің орыс, парсы, татар тілдерімен шұбарлануына қарсы шығады, қазақ тілі жайында Ыбырай Алтынсариннің айтқандарын үлгі тұтып, оның өнегелі ойын дәлелге келтіреді (№27,10.07.1894).
Дінмұхамет Сұлтанғазин «Біздің қазақ тілі туралы» , «Қазақ тілінде жазу турасында» мақалаларында қазақ тілінің ережесін жасау, жазу мәдениетін көтеру, басқа тілдердің сөздерін мүмкіндігінше аз қолдану, сіңісіп кеткен сөздерді қазақ әуеніне бағындыру сияқты т.б. мәселелерді көтереді.
1889 ж. ДУГ-не Абайдың екі өлеңі «Жаздыкүні шілде болғанда», «Күлембайға» тұңғыш рет баспасөз бетіне жарияланып, әдебиет тарихында елеулі оқиға болды.
Абай өлеңі жарияланғаннан кейін «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен Ә.Бөкейхановтың Шортанбай, Шернияз, Құнанбайлардың, қазақтың ескі билерінің сөзі мен өлеңін жариялау керек деген ұсыныс хаты басылды (№24, 16.06.1889).
Кейбір қазақ оқығандары бұл пікірге қарсы шықты. Соның бірі Қорған елінің қазағы Ешмұхаммет Жаңбыршыұлы Наурызбаев «... ол ақындардың өлеңдері газет оқушыларына еш пайдасы жоқ. Себебі, ол менің байқауымша, өлеңді сый алу үшін айтты, өсиет емес», дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев ДУГ-не мақала жазып Абай өлеңіне алғаш рет зор ілтипат көрсетіп, тұңғыш рет ауызға алады. «Газетке басылған өлең Құнанбай баласынікі деп есептеген едік. Артында байлығы һәм келісті болып өлеңге қосылып», - деп жазады.
Омбының Хасен Көненовтың редакцияға жазған хатында «Ыбырайдың өзі, Көпеев онша мақтамаса да, біз алыстан естиміз, мейлінше құрметті қазақ – байлығымен емес, өзінің ақылымен. Сондай ақылмен халыққа құрметті, сүйкімді һәм сенімді, бір өз төңірегіне емес, бүтін уезге» (№1, 1890), деп көп нәрсені аңғартады.
Газеттегі библиографиялық материалдардан да қазақ әдеби сынының алғашқы ұшқындарын байқауға болады. Соның бірі қазақтың алғшқы публицистерінң бірі Отыншы Әлжанов жазған мақалалары рецензия (пікір айту) дәрежесіне дейін көтерілген. Орынбор округінің оқу инспекторы Катеринскийдің ақылымен бірнеше қазақ мұғалімдері шығарған (орыс тілін үйретуге байланысты) кітіптарына пікір білдіреді: «бұл кітаптар орыс тілін үйренеміз деген қазақтар түгіл, қазақ тілін үйренеміз деген орыстарға да көп пйда келтіреді», - дейді.
Бұл екі газеттен кейін ХХ ғ.б. біраз газеттер шыққанымен сынға қатысты ештеңе өнбеді.
1907 д. Петербургте Шаһмардан Қосшығұлов пен Міржақып Дулатов татар газетіне қосымша ретінде «Серке» газетін шығарып, екінші номері тұтқындалып жабылып қалды. 1911-1913 жылдары Орал қаласында «Қазақстан» газетінде «Әдебиет таңы» (№3,1911) әдебиеттің жалпы жай-күйін баяндаған, тілге бөтен сөздің еніп жатқанын хабарлап Абай сөзін үлгі ету керек жайындағы мақала басылғаны болмаса, көбіне саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелер сөз болды.
ХХ ғасырдың бас кезінде, яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналында (ығарушысы Мұхамеджан Сералин) әдебиет пен мәдениет үлесіне сегіз тақырыптың төртеуі: «фельетон, өлең-жыр, кітаптар хақында һәм ғылым бабынан кеңес» тиді. Мұның өзі бұрын газеттерде ыңғайы келгенде ғана орын алып жүрген мәселелердің жүйелі шеліге түскенін аңғартады. Осының дәлелі ретінде «Тіл-әдебиет» деп аталатын мақала жарияланды. Әдебиетке қатысты ой-пікір, тұжырымдамалардың әдетегі қарапайым түрлерінің өзі әдебиеттің алғашқы адымына, сөз қолдану амалына жанаса туады және әдебиет туралы ойлар көбіне тіл мәселесіне сабақтаса айтылады, содан соң да олар үзеңгі қағысып, қатар жүреді. «Бір кеуде-пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан-рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Әдебиеті болмаған милләт өзінің басындағы қайғы һәм шаттықтарын басқаларға айтып түсіндіре алмас. Тіл-әдебиет дүниедегі барлық бақыт сағадаттың, ғылым-өнердің, дін да мәдениеттің асылы дүр», деп жалпылама болса да тіл мен әдебиет туралы түсінік беріліп, олардың эстетикалық-қоғамдық мәні жоғары бағаланады.
«Айқаптың» тұңғыш санынан бастап «Кітаптар жайынан» деген арнаулы бөлім ашылуы. Жана шыққан кітаптардың халыққа пайдасы тиетіндеріне орын бергенде, алғашында ол әдеби шығарма ма, өлең жинағы ма, әлде әліппе, оқу құралы ма, не жаңадан шыққан газет пе-оларды іштей саралап жатпаған. «Айқап» журналы мен одан кейінгі «Қазақ» газетінің қазақ әдебиеті тарихына сіңірген зор еңбегін айтқанда, ең алдымен, әдеби шығармаларға орын беруге еш уақытта таршылық жасалмағанын, екіншіден, кітап болып шыққан өлең жинақтарының барлығына дерлік өз көзқарасын білдіріп отыратынын айту керек. Сын жанрының ішкі түрлері дамып, жетіле бастаған кезеңде тамдаудан гөрі насихаттау, үгіттеу басым, түсіндіруден гөрі үндеу, шақыру басым, дәлелдеуден гөрі көңіл білдіру, тілек айту басым болғаны аян. Редакция «Қалың малға» өз көзқарасын білдіреді. «Бұл романның бет алысы жақсы, жазуы да әдемі, бірақ емле жағынан ақсаңқырайды. Итбайдың Тұрлығұл байға қызын беріп қалың мал алғандағы, малды алып келіп бағып жүргендегі ойлары, мақсаттары өте жіңішке, өте әдемі көрсетілген. Бұл романды кімге де болса алып оқуға кеңсе береміз.» Бұнда дәлелдеуден гөрі тамашалау, талдаудан гөрі көңіл білдіру басымдау болғанмен, көркем сөздің ерекшеліктеріне назар аудару тенденциясы айқын. Бұл тенденция образдың жасалу жолын көрсетуден гөрі баяндауға құрылғандықтан күңгірттеу көрінген. Дегенмен, Итбайдың психологиясын түсінуге қажетті детальды анық байқатқан. Осындай мәнді шығармалардың пайда болуына әсер еткен жағдайларды айтып өткеніміз орынды сияқты. Қазақ жазба әдебиетін дамыту үшін, оның жаңа жанрларының өркендеуін көздеген мақалалардың бірі – А.Байтұрсыновтың «Білім жарысы» атты мақаласы. «Бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойлайды, істе дегенді істеуге қорланады. Ақырында әркім істеген, тапқанын сынға жібереді,»-дей келе, қазақ әдебиетіне жанамыр қазақ байларын білім бәйгесін ұйымдастыру үшін үлес қосуға шақырады. Бұл талпынысты Есенқұл Маманов деген кісі қолдап, «жақсы роман жазған адамға екі жүз сом бәйге» тағайындайды. Осы бәйгеге байланысты баспасөз бетінде әртүрлі дәрежедегі туындылар жарыққа шығып, жарияланғаннан кейін, сол шығармаларға берілген ой-пікір, көзқарастарды қорыта отырып, роман жанрының ерекшеліктері туралы сөз қозғаған мақала А.Байтұрсыновтың «Роман не нәрсе?» атты мақаласы. Бұл-қазақ әдебиеттану ғылымындағы Ш.уәлихановтың қазақ өлеңдерінің түрін қарастырған ізденісінен кейінгі қазақ әдебиетіндегі жанр жайын сөз еткен мақала. Автор роман жанрының жанрлық ерекшеліктеріне, оның жанр табиғатынан туындайтын көркемдік шарттарына тоқталады. «Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт шағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман-адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпастай көрсетуші айна»,-дейді ғалым жалпы романның ауқымды шығарма екендігін, «тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап, әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін» болғандықтан, түсіну қиын тиетінін айта келіп, ол үшін «өнер-білім керек» дейді.
«Айқап» журанлында М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, С.Сейфуллиннің шығармалары жарияланып тұрды. Бұлардың шығармалары қазақтың жазба әдебиетінің даму тенденциясын аңғартып қана қоймай, қандай арнамен өркендеу бағытын да белгілеген болатын. «Қазақ әдебиетінің сол дәуірдегі творчестволық проблемаларын мүмкін қадірінше сарапқа салып, жұрттың эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруға алғаш қадам жасаған да «Айқап» журналымен «Қазақ» газеті еді».
Журналда саяси-әлеуметтік, шаруашылық, жер-су, оқу-ағарту, өнер-білім мәселесімен қатар әдеби шығармаларға - әңгіме, өлең оқшау сөздерге, сыни мақалаларға да үнемі көңіл бөлініп отырды. М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Самат Нұржанов т.б. шығармалары журналда жарияланып тұрды.
«Кітаптар жайынан» деген арнаулы бөлім ашылып, жаңа шыққан кітіптарға аннотация, жарнама-сын беріліп отырады, жаңа шыққан кітаптарды жеке-жеке сөз қылып қажетті дегендеріне сын ескертпелер айтып, жақсылықтарын насихаттап отырды.
Педагогикалық сипаты бар материалдар және оқу құралдарына жазған аннотациялар біраз кездеседі.
Соның алғашқысы Мұхамедораз Нұрбаевтың «Қазақша әліппе» атты кітабына айтылған сыни пікір «...кітапқа жазылған сөздердің мағыналы сөздер болуы, балалардың біліміне, зейініне лайық, пайдалы насихаттар болуы тиіс», деп педагогикалық талап қойды. М.Малдыбаев шығарған «Қазақша ең жаңа әліппенің (төте оқу): балаларға арналып жазылған қысқа-қысқа әңгімелері нағыз қазақ тілінде емес», деп тіл тазалығына да көңіл бөліп отырады.
«Әліппе» кітаптармен қатар журналда қазақ грамматикасының келелі мәселелері де қозғалады. «Айқаптың» 1911 жылғы 3-5 сандарында. А.Байтұрсынов араб алфавиті негізінде қазақ тілінің ерекшеліктеріне ыңғайланған өзінің көп жылдық ұстаздық тәжірибесінде сыннан өткен әліпбиін жұрт талқысына салды. Бұған М.Дулатовтар қарсы мақала жазып пікір талас туды. (Қараңыз: М.Дулатов шығармалары, 1991, 224-бет; А.Байтұрсынов, «Ақ жол», 1991, 326-бет)
«Айқаптың» 1911 жылғы № 3 санында Нұржан Наушабаевтың «Алаш» атты жинағына сыни-пікір айтқан мақала жазылды: «Бұл кітап нәсім-нәсімге (назым) бөлініп жазылған. Наушабаевтың кәдімгі жүйріктігі мұнда да көрініп тұр. Маған бір ұнамаған жері: өз есімін қосыңқырап жазғаны. Мысалы, бірінші нәсім: «Әй, Нұржан қаламыңды қолыңа алшы», екінші нәсім: «Сөзіңді әркім Нұржан сүйер сенің» деп жазғаны. Тағы бір міні - әуелгі нәсімде «қимылда қалған жоқ па бірер тамшы» деген сөзді қалдыру тиіс еді. Боғауыз сөз екені көрініп тұр». Бұған да қарсы сын мақалалар көп жазылды. (1911, №6, 7).
Соның бірі Төлеу Тоқалбаевтың мақаласы. Онда ол Нұржан Наушабаевты қорғап, «Айқаптың» редакторы М.Сералинді айыптайды.
М.Сералин: «Уақтылы мәтбуғаттың (баспасөз) міндеті милләттің әрбір түрлі мұқтажын түсетұғын істерді жариялап, майданға салып, көпке сынату, жақсы жағын жақсы деп, жаман жағы болса мұны жаман деп халыққа түсіндіру. Мұның үшін мәтбуғат әрбір істің алдына нысана етіпрастықты ұстау тиіс», -деп баспа сөздің ұстанған принципін көрсетеді.
«Айқап журналының гүлденген кезеңі деп зерттеушілер 1912 жылдың екінші жартысы мен 1914 жылдың бірінші жартысын айтады. Осы аралықта көркем әдебиет пен сынға қатысты біраз мақалалар жазылды. Отыздай өлең жинақтары мен оқу құралдарына рецензиялар жарияланды. Атап айтқанда Ғұмар Қараш «Бала тұлпар», «Өрнек», «Қарлығаш», Әкірам Ғалымовтың «Жастық жемістері», Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», С.Көбеевтің «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржімі», «Қалың мал», С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» атты шығармаларына әр түрлі пікірлер айтылды.
1911 жылы «Айқаптың» , № 12 санында Ғұмар Қарштың «Бала тұлпар» атты жыр кітабына жарнамасы жазылды: «Ғ.Қараштың... жыр кітабы осы мезгілге дейін қазақша шыққан жырлардың ішінде жақсыларынан дүр. Қазақтың бұрынғы уә бүгінгі тіршіліген сөйлеп, білім-өнер жолына қызықтырған бір кітап. Үлкен аға, кіші інілер һәр қайсыңыз алып оқуыңызды мақұл көреміз... ақынның бұдан бұрынғы кітаптарына қарағанда оқу үшін бұнысы көп жеңіл дүр».
Көріп отырғанымыздай «Айқап» журналы өлең жинақтарына көбіне үгіттеуге, тілек білдіруге көп көңіл бөлді де керісінше шығарманы талдауға, түсіндіруге, дәлелдеуге ден қоймайды. Оның себебі: кәсіпқой сыншының жоқтығы, екіншіден әдеби сын жаңа қалыптасып келе жатты. Сондықтан эстетикалық сыннан гөрі, шығарманы үгіттеу жағы басым болды.
Осындай жарнама-сындар Ә.Ғалимовтың «Жастық жемістері» (1912, № 13); С.Көбеевтің «Қалың малы» (1914, № 4) «Айқап» бетінде жарияланады.
«Айқапта» жарияланған мақалалардың енді бір сүбелісі тіл мен әдебиетке қатысты болды.
Әсіресе, А.Байтұрсыновтың емле, жазу туралы мақаласы журнал бетінде айтыс туғызды.
Пікір айтушылардың көбі ағартушылық идеяға көп назар аударып, сондықтан да елді оятыуды көздейтін ағартушылық сын-пікірлер көп айтылды.
Екінші жағынан өзіне не ұнап, не ұнамайтынын білдіретін импрессионистік сын да өрістеді. Қай мақаланы алмайық, тіл-әдебиетке қатысты сыни мақалалардың лейтмотиві (тұжырымы)
А.Байтұрсыновтың «Тіл – халықтың рухы, жаны» деген сөзінен басталып отырады.
Өмірге жаңа шығармалардың келуімен бірге журналдың алғашқы санынан көріне бастаған аннотация мен жарнама-сындар татымды сөйлей бастады. Қазақ тілінде шыққан кітаптарға шолу жасап, әдебиеттің негізгі мәселелеріне назар аудара мақала жазу жоқтың қасы еді. Осы тың саланы тұңғыш рет С.Торайғыров қолға алды. 1913 жылы «Айқаптың» № 19, 21-23 сандарында Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» және осы жылғы № 13 санында «Өлең мен айтушылар» атты сын мақалалары жарияланды. Бұл сындардың ерекшелігі әдебиеттің негізгі мәселелеріне назар аударылады, сын эстетикалық дәрежеге біршама жақындайды.
Сұлтанмахмұт сындары «Айқап» журналында жарияланған сыни мақалалардың ең құндысы болды. Сынның жанрлық сипатқа өте бастағанын көрсетті.
Ол «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында шын мәніндегі көркем шығармалар қандай болу керек деген мәселеге назар аударады. Мақалада «Зарқұм», «Салсал» сияқты қисса хикаяттар туралы батыл пікір айтумен қатар, сол кезде басылған өлеңдерден үзінділер келтіріп, олардың тілінің нашарлығын сынайды, «кейіп жоқ, келісім жоқ.» әдебиеттің ойбайында сән де, мән де, қадір де болмайтынын ескертеді, айтар ой, насихаттар пікірдің барынша айқын да көркем болуын талап етеді. Сондықтан ол «анық ақ сүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын: сырт көрінісі «қатын ойбай» трсын «шайтан ойбай» болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы осы»,-дейді. Сұлтанмахмұт көрінген әңгімелерді көркем шығарма деп танымайды. Әдеби шығарма болу үшін көркемдік түрі (формасы) мен мағынасы бір-біріне сай болуы керек. «Күндікке ізденіп, өзінше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті-керексіз сөзді «өлең» деп қуанып жаза беру-дерті жоқ кісінің ыңқылдағаны. Қисынсыз қышқырған неткен тантық» деп Абай айтқанның кебіне ұшырап жүргендер көп»,-деп жазуының өзі әдебиетті тек мағына жағынан емес, көркемдік, шеберлік жағынан да дамыту, өркендету керектігін ескергеніне дәле.
Шоқан мен Ыбырай заманынан байқалған әдебиеттану элементтері көрініс тапқан жаңа мақалалаларда жарияланып тұрды. М.Сералиннің «Рүстем Зораб» аудармасына жазған «сөз басы» осының айқын көрінісі. М.Сералин шығыстың данышпан ақыны Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнамасы» жайында, оның негізгі бөлімі - «Рүстем-Зораб» жайында өзінің ой-пікірлерін айтумен ғана шектелмей, зерттеу еңбектеріне тән болатын бірқыдыру жайларға бой ұрып, әдебиеттанушы екенін көрсетті. «Риюкердің тәржіме қылған «Рүстем-Зорабына» орыс шайыры Жуковский 1846-47 жылдарында орысша өлең қылып, арттырып, кемітіп, орыс қалыбында лайықты істеп шығарған», орыстардың Стасов деген бір ғалымы «Шаһнаманы» бірқатар орыс қиссаларымен салыстырып қарап, соңғыларының кейбіреулерінің «Шаһнамадан» алынғандығын түсінген»,-деп жазушы М.Сералиннің дастанға қатысты орыс тіліндегі, мұсылман тілдеріндегі ғылыми-зерттеу еңбектерін пайдаланғанын көрсетеді. Қазақ халқының сол кездегі мәдени дәрежесіне сай тарихи деректерді қарапайым баяндап, барынша екшеп, ең негізгілерін айтуды көздеген. «Кішкентай ғана «Рүстем-Зораб» қиссасының сөз басында көбірек кеңес жазуға тура келді. Оқушылар айып етпес. Мақсат кейбір сыншылдар бұл жыр баяғының мылжыны, мұны несіне жазып машақаттанған. Мұнан халыққа келер түк пайда жоқ деп айта қалса, солардың сондай айтатұғын сөздеріне қарсы жауап орнына тұрсын деген, жоғарыда аты аталған жұрттар адасса менің де адасқаным дегім келеді»,-дегені расқа айналып, «Қазақ» газеті қағытып өткен болатын. Кеңес заманында да қоштау көре алмады. Бұл турасында Т.Кәкішев былай дейді: «М.Сералиннің эпопеялық патриоттық қадір-қасиетін дұрыс ұғып, оның авторына қызмет көрсетуі қазақ әдебиеті тарихында еленуге тиісті құбылыс және қазақтың ғылыми ойының ХХ ғасырдағы өресін танытады».
Әдебиетті өзінің мамандығына айналдырмақ болғанған дарындар сөз өнерінің даму бағытын ғана емес, оның жанрларының сыр-сымбатына да көз салды. Соның бірі-Ахмет Біржақсиннің «Мақалдар» атты мақаласы. «Мақалаларда басы артық сөз болмайды, ұйқастырылып айтылады, бұл жағынан алғанда өлеңге ұқсайды, оңай жатталып кетеді. Оның сыры-мақалдың өсиеттік қасиетінде»,-деуі оның жанр сырының ішіне кіргенін көрсетеді. «Мақалдардың пайдасы басқа өлеңдер мен ертегілерден кем емес. Әсіресе, халықтың заңын, әдет-ғұрпын білу үшін жаһит қылып жүрген этнограф һәм тарихшыларға өте пайдалы»,-деп мақал-мәтелдердің тарихилық сипатын аңғартады.
Осылайша, әдебиеттің жалпы мәселелері жанрлық шолу, кейде баяндама түрінде, кейде нақты ақын-жазушыларға арналған ғұмырнама түрінде көрініс беріп жатты. Қазақтың журнал-газеттерінің алғашқы сандарында жарияланған мақалалар уақыт өткен сайын көркемдік таным-білік жағынан да, әдеби-теориялық негізі жағынан да, тарихи түсінік жағынан да қоюланып, тереңдей түсті. Проблемалық мақала мен шолу, нақты творчестволық тұлғалардың өмірі мен өнерпаздығын хабарлап, ішінара талдау жасайтын ғұмырнама, баяндама, сын мақала жазылып, халықтың эстетикалық талап-талғамын жетілдіру бағытында қызмет атқарды.
Қазақ әдебиеті сынының алғашқы қарапайым түрлері жарнама-сын мен аннотацияларда белгілі бір шығарманың қандай себеппен жазылғаны, қандай тарихи шындыққа негізделгені, шығарма авторы кім екендігі, қандай мақсат көздегені жайында мол дерек ақпарат беретін «алғы» не «соңғы сөздерде» кездесетін әдеби-теориялық ұғымдар әдебиеттану ғылымының ірге тасына кірпіш болып қаланды. Әдебиеттану ғылымының ауқымына кіретін зерттеу мақалалары мен әдістемелік нұсқаулар қазақ әдебиеті сынының туу дәуірінде көрініп үлкен олжа салды.
«Қазақ» (1913-1918) газетінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты эстетикалық сын-мақалалар мол кездеседі. Әсіресе, 1914 жылғы сандарынан бастап әдебиет пен мәдениетке арналған мақалалар көркемдік таным жағынан ерекше көрінеді.
Райымжан Мәрсековтың «Қазақ әдебиеті жайынан» деген мақаласы «Қазақтың» 1915 жылғы 15 және 19 наурыздағы сандарында жарияланды. Онда қазақ әдебиеті тарихын үш кезеңге бөледі:
-ескі замандағы қазақ арасында жазу тарамай тұрғандағы кез.
-жазудың қазақ арасына күйреп тұрған кезі.
-Абай марқұмнан бері қарайғы дәуір.
1916 жылғы 9 қаңтарда Р.Мәрсековтың «Әдебиетімізге көз салу» мақаласы жарияланды. Онда әдеби байланыс, бір-біріне әсері, дәстүр мен жаңашылдық қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары туралы мәселелерді қозғайды. Шығыс әдебиетіне еліктеген осман-түрік әдебиеті құлдырауға түскенін тілге тиек етіп, Еуропа әдебиетінен үлгі алу керек дейді: «Еуропа әдебиетінің бір асылы – рух, сыны – дух... Бұл бізде жүре алмайтын, тұйыққа шыға алмайтын шыңырауға алып кетпес. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны біздің көзімізді ашып, қатамызды көрсетер. – Әдебиетіміздің атасы Абай бұл жолдың қорқынышсыз, біздер үшін пайдалы екенін сезіп, сол жолға бұрылды. Әйтпесе, Абай үшін ғарап, парсы жолы да ашық еді».
«Қазақта» әлем, түркі тілдес елдердің қаламгерлеріне арналған мақалалар мен зерттеулер де басылды: М.Дулатов «Тоқай» (1913, № 9); «Ахмет Иасауй» (1913, № 6-7), «Абай» (1914, № 67), «Шоқан» (1914, №71-77). А.Байтұрсынов «Исмаил Гаспринский» (1914, № 72), т.б.
«Қазақ» газетінде шыққан кітаптарға қазақтың сыни-библиографиялық рецензиялар да жазылды. Соның бірі Ә.Бөкейхановтың Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанына жазған рецензиясы.
Шәкәрім өмірінен қысқаша дерек бере келіп, Ә.Бөкейханов ақынның «Мұсылманшылық шарты», «Қазақ айнасы», «Қазақ һәм хандар шежіресі», «Жолсыз жаза», «Қалқаман-Мамыр» кітаптары шыққандығы жайында да мол мағлұмат берді. «Өлеңді ақын сынаған жөн... Белинский сөзге ақын емес еді, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин болмас, біз Белинский болмаспыз. «Қалқаман-Мамыр» туралы біраз сөз жазайын бұл кітапты оқушыларға жаю үшін», - деп рецензия жасап, жариялап сынайды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің сыншылдық ой-пікірінің бірі - әдебиеттер байланысы. Әсіресе туыстас әдебиеттердің шығармаларына, ақын-жазушыларының мүшел тойларына, мерекелеріне арналған мақалалар мен хабарлар екі баспасөзде де мол жазылды.
Татар қаламгерлері Ғабдолла Тоқай мен Әкірам Ғалымовтың қайтыс болуына байланысты 1913 жылы «Айқап», «Қазақ» беттерінде азанама (некролог) жазылды. әсіресе, «Қазақ» газетінде түркі халықтарының ғұмырнамасы аталған Исмайл Гаспринский, Маржани туралы, Ғ.Тоқай еңбектерін насихаттап, олардың тарихи рөлін бағалап отырды. (А.Байтұрсынов, 1914, № 79, «Қазақ», М.Сералин 1914, № 17, «Айқап» И.Г. жөнінде азанама).
1918 жылдың ақпанынан бастап Семейде «Абай» журналы шыға бастады. Шығарушылары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болды. Журналдың алдына қойған мақсаты жайында Ж.Аймауытов былай деп жазды: «...Қазақтың әдебиетіне жан берген сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген өлеңмен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. ...Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан).
Осы сықылды кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай қойдық»,- деп журналдың негізгі бағыты әдеби-мәдени және ғылыми болатыныны хабарлайды.
Журналдың барлығы он бір саны шықты да жабылды. Мұнда М.Әуезовтың «Ғылым» атты мақаласы, «Абайдың өнері һәм қызметі» мақаласы, Ж.Аймауытовтың әр түрлі мақалалары басылды.
Баспасөз беттеріндегі негізгі деген сыни бағыт осылар болды. Бұл қазақ әдеби сынының туу дәуіріне сәйкес келді.