Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі



бет6/15
Дата21.12.2022
өлшемі79,67 Kb.
#58759
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
Дәріс Әд сын даму тенд

Пайдаланатын әдебиеттер
1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Қирабаев С. Сын және революция. – А.,1981.
4. Әшімбаев С. Ой мен парасат.-А., 1985.
5. Смағұлов Ж. Қазақ әдеби сынының мәселелері.- Қ, 1998.
6. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.- А.,1998.
7. Кәкішев Т. Оңаша отау. – А., 1976.

5-тақырып. Қазақ сынының жанрлық қалыптасуы және әдебиеттану. ХХ ғ. 20-30 жылдардағы қазақ әдеби сынының дамуы. Дарындар – сын додасында
Коммунистік партияның әдебиет саласындағы саясаты. Қазақ әдебиетінің дамуы жайлы пікірталастар. С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов шығармалары жайындағы сын пікірлер. Мәдени мұраға көзқарас. 30 жылдары Жазушылар одағының құрылуы. Социалистік реализмнің шығармашылық әдіс негізінде қабылдануы. Оның ерекшеліктері мен қайшылықтары. Абай шығармашылығы төңірегіндегі айтыс.
Қазақ әдебиетінің ірге бекітіп, қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне 20 жылдардағы сынның тигізген әсері зор болды. Таным деңгейлерінің, әдеби білімдерінің әр қилылығына қарамастан сол кездегі авторлар ешкімнің атақ-даңқынан, жоғары қызметінен қаймықпай ойындағысын бүкпесіз ашық айтатындығымен ерекшеленеді. Тағы бір назар аударатыны әдеби айтыстарға белгілі қаламгерлер, қалың оқырмандармен қатар партия совет органдарының басшылары да белсене қатысып отырған. Әрине 20-шы жылдардағы әдеби сынның солақайлылығын, ұр да жықтығын, кейбір қаламгерлердің жеке басына тиісетін анайылығын, мәдениетсіздігін де жасыруға болмайды.
Сондықтан да бүгінгі заманда қазақ әдебиетіндегі сын жанрының алатын бастауы – 20-30 жылдардағы әдеби сынына, әдеби ашық айтыстарға қайыра бір мойын бұрып, ой жүгіртіп, пайымдау, таразылау артық емес.
20 жылдарға дейінгі қазақ баспасөзінде немесе кітаптарға жазылған бірді-екілі пікір болмаса нағыз әдеби сын қалыптаса қойған жоқ. 1922 жылдан бастап кітаптарға жазылған рецензия-пікір негізінде, кейіннен қазақ әдебиетінің күрделі мәселелеріне, оның тарихы мен болашағын сөз еткен екі, тіпті үш жылға созылған әдеби айтыстар кезінде жазылған үлкенді-кішілі мақалалардан бастау алған көркем сын - әдебиеттің жетекші роліне айнала бастады.
Н.Төреқұлов «Темірқазық» (1923,№1) журналында жарияланған «Асау тұлпар» деген мақаласында С.Сейфулиннің 1922 жылы шыққан «Асау тұлпар» атты өлең кітабын талдай келіп, кей жағдайда асыра сілтеп, солақайлыққа ұрынады. Ақынның махаббат, сүйіспеншілік туралы жазғандарын порнография дейді, ал «Азия» деген өлеңі үшін Сәкнді білімсіздер қатарына жатқызады. Сондай-ақ ақынды «байғұс», «сабаз» деп кемсітеді. Ақырнда ол: «Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Европаны айыра алмай, баындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға келгенде білімсіздігін иинтернационализм қылып көрсеткен кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз», - дейді. Алғашқы үлгілердің бірі осындай бағытта болғандықтан, қазақ әдеби сыны көп уақытқа дейін осы үрдістен шыға алмады. Бұдан кейін Н.Төреқұлов Сәкеннің «Бақыт жолына» пьесасына пікір жазады. Онда талдаудан гөрі үкім айту жағы басым болды да, бұл мақалаға қарсы сын айтылды. «Қызыл Қазақстан» журналының сол жылғы 16 санында С.Мұқановтың «Сынға сын» деген мақаласы жарық көрді. Ол мақала авторының тым асыра сілтеп, солақай сынға ерік бергенін орынды көрсете келіп, өзі де Нәзірді оңдырмайды: «Сәкеннің кім екенін, Нәзірдің кім екенін қазақ еңбекшілері жақсы біледі. Байлар мен байшігештерге неге ұнамайтынын білеміз». Жалпы ол кездегі сыншылар көп жағдайда әдебиет пен саясаттың арасына шек қоя бермейді. Әсіресе шығарманы сынай отырып, автордың жеке басына тиісіп өту балаң сынның басты кемшіліктерінің бірі еді.
20-жылдардағы әдеби сында үлкен талас тудырған мәселенің бірі - әдеби мұраға деген көзқарас. Айталық Абай мұрасына байланысты айтыс 20-жылдарда басталып, 50-жылдарға дейін созылды. Бұл орайда алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған – С.Мұқанов. «Еңбекші қазақ газетінің 1923 жылғы 1 санында оның аты шулы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласы жарық көрді. А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойында С.Садуақасов баяндамасында қазақтың үлгі тұтар бес адамының атын атайды, олар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, А.Байтұрсынов. Ал С.Мұқанов осы бесеуін де қазаққа пайдасыз адам деп таниды. Абай түралы «Жеті атасы би, тобықтыны бір шыбықпен айдаған тұқым. «Арғын-найман жиналып, таңырқаған сөзіме, қайран сөзім қор болған тобықтының езіне» деген өлеңі өзінің кім екендігін сездіреді. Бұл сөзінен: бір кезде арғын-найманды билейтін Абай қазір қолынан сыйы кетіп, ақыр аяғы өзінің тобықтысына да қадірсіз болғандығын, оған Абайдың назалатындығын көрсетеді»,- дейді.
С.Мұқановтың бұл пікірлері елеусіз қалған жоқ. С.Садуақасов «Қазіргі дәуір – іс дәуірі» деген мақаласында: «...біреу Абайды күйдіріп, өртеп жіберу керек дейді. Себебі: Абай ескі, ол бұрын болған, бізге жаңа керек. Бұл сықылды пікірге жаңа пікірлі жастар қалай қарау керек. Бұл пікір сырттан қарағанда рас, жаңа сықылды. Бірақ мұның негізі дұрыс емес. Біз ескіге қарсы болғанда оның шын шіріген, ескірген жеріне қарсымыз. Біз өткен заманнан осы күнгінің арасын шорт кесіп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрі ескі, менікі ғана жаңа, сол жаңа өзіме жетеді, өзімді қанағаттандырады деп біз ешуақытта да айта алмаймыз», - дейді.
20 жылдардағы сынға С.Мұқанов ерекше қызмет етті. Ол жазған мақалалар үнемі талас-тартыс тудырып, әдеби өмірдің жандана түсуіне ықпал жасап отырды. Бірақ С.Мұқанов көп жағдайда көтеріп отырған мәселесін таптық тар ұғымда қарастырған. Сондықтан да оның толғам-толғаныстары тым біржақты болып келді. Қазақ әдебиетінде болып жатқан процестерді түгелдей қамтудың орнына, сол кезде үстемдік етіп тұрған солақай саясаттың ыңғайына қарай жығыла береді.
Әдеби сынға Сұлтанбек Қожанов, С.Сейфуллин, С.Садуақасов, Н.Төреқұлов сияқты үкімет басшылары да араласа бастады. Ғаббас Тоғжанов, Қошке Кемеңгеров, Әбдірахман Байділдин, Шаймерден Тоқжігітов, Ыдырыс Мұстамбаев секілді әдеби сында өзіндік із қалдырған қаламгерлер де өз мақалаларын жаза бастады. Бұл кездегі сынның негізгі сипаты – полемика болатын. Бір сыншының жазған мақаласына табан астында жауап қайтару, пікір таластыру. Көп жағдайда айтылған пікірлерді мүлдем жоққа шығару, ең әрі кеткенде бір-біріне саяси айып тағу сияқты жайттар да үйреншікті іске айналды. Ол кездегі баспасөз пікірталастан қашпайтын. Әдебиеттің күрделі мәселелері біржақты қарастырылғанымен, белгілі мөлшерде сөз еркіндігі сол кездегі сынның өзіндік бет-бағдарын айқындап көрсете алды. Сондай-ақ әдебиет пен саясатты шатастыру, ұраншылдық, солақай сынға әуестік те көрініс берді. Қаламгерлерді жікке бөлу, оларға түрлі айдар тағу 20 ж. 2 жартысында өрши түсті. Әдебиет мәселесіне көптеп мақалалар жазыла бастағанымен, әдебиетті саясатқа бағындыра сөйлеу белең ала бастады.20 ж. 2 жартысында «ұлтшыл» атанған ақын-жазушылар әдеби ортадан жасанды түрде күшпен аласталып, коммунист жазушылар әдеби процестің негізгі қаһарманына айналды. Бірақ олардың арасында да көзқарас бірлігі болмады. Олар енді өз араларынан «ұлтшылдар» іздеді. Мысалы, Ғ.Тоғжанов С.Сейфуллин мен С.Мұқанов шығармаларынан ұлтшылдық, тоғышарлық сипаттар іздеді. Бұл сол кездегі әдеби айтыстардың ең шиеленіскен тұстары еді.
20 жылдардағы әдеби айтыстар қазақ әдебиетінде сол кезде қалыптасқан жағдайды жан-жақты ашып берген. Әдеби сында негізінен 3 бағыт болғанын байқаймыз. Оның 1-шісі - әдебиетті тап күресінің бір құралы есебінде ғана қарайтын, өздкрін пролетариат жазушы дейтіндер, барлық мәселеге тап тұрғысынан қарайтындар. 2-шісі - өздерін бұқарашыл жазушы дейтіндер, әдебиетті саясатқа бағындыруға қарсы, бір тапқа емес, жалпы адамзат баласына қызмет ететін әдебиет жасау керек деген пікірді айтушылар. 3-шісі - тап күресінің әдебиетке әсерін жоққа шығармағанымен, әр мәселеге тарихи тұрғыдан қарауды ұсынатын, жазушылардың жікке бөлінбей, біртұтас ұйым болуын қалайтындар. 1-ші топқа – С.Мұқанов, 2-ші топқа – Қ.Кемеңгеров пен «Екеу», 3-ші топқа – С.Садуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітовтер кірді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет