Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі



бет8/15
Дата21.12.2022
өлшемі79,67 Kb.
#58759
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15
Байланысты:
Дәріс Әд сын даму тенд

Пайдаланатын әдебиеттер
1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Смағұлов Ж. Қазақ әдеби сынының мәселелері.- Қ, 1998.
3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.- А.,1998.
4. Кәкішев Т. Оңаша отау. – А., 1976.
5. Ысқақ Д. Сын өнері.- А.,2002.

7-тақырып. Әдеби мұра және оны игеру мәселелері. Оқулық жасау және әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелері
Мәдени мұра туралы ой-пікірлер. Пролеткульт және оның мәдени мұрадан бас тартуы, жаңа мәдениет жасаудағы теориялық қателіктері. Әдеби мұраны игеру барысындағы өзекті мәселе – қазақтың ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің халықтық сипатын ашу және Абай шығармаларының шын сырын түсіну – жеке ақындық творчестволарды игерудің кілті.
ҚазАПП таратылып, оның орнына Қазақстан Жазушылар Одағы құрылған соң әдеби сынға да айрықша назар аударылды. 1934 жылы 10 қантарда “Қазақ әдебиеті” газетінің алғашқы нөмірінің шығуы қазақ әдеби ой-пікірінің дамуындағы айтарлықтай оқиға еді. Апталық бетінде қазақ әдебиетіндегі жаңалықтар жайлы үзбей материалдар беріліп тұрды. Бұрынғы “Жаңа әдебиет” журналы “Әдебиет майданы” деген атпен шыға бастады. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Сәдуақасов, Қ.Кемеңгеров сияқты қаламгерлер сын саласында да өнімді еңбек етті. Ғ.Тоғжанов, Ж.Шанин, І.Қабылов, М.Қахиани, Б.Кенжебаев, Қ.Өтепов, Е.Бекенов, Х.Жүсіпбеков, М.Жолдыбаев, Р.Жаманқұлов, Ж.Сәрсеков, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, З.Шашкин, С.Ерубаев, Ө.Тұрманжанов, О.Беков, Қ.Қуанышев, Р.Уәлиахметов,, С.Камалов, Ш.Хұсайынов, Ә.Мәметова, Ғ.Шәріпова, Дәулетбаев, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Аманжолов, Қ.Жұбанов, Ш.Әлжанов, Ә.Үсенов, Р.Сүгіров, Х.Есенжанов, Ғ.Сланов, Қ.Сатыбалдин, Ж.Саин, Ж.Сыздықов, Ж.Жұмаханов, М.Ғабдуллин, Ғ.Орманов, М.Баталов, М.С.Сильченко, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, т.б. әдебиетшілер сынның ыстық-суығына күйіп, өркендеуіне ат салысты. Отызыншы жылдары өткен Жазушылар Одағының бірінші, екінші құрылтайлары мен пленумдары, қазақ әдебиетінің түрлі мәселелеріне арналған түрлі пікіралысулар сыншыл ойларды биікке көтере түсті.
Кей шығармалар хақында баспасөз бетінде пікірталастар жүрді. Мысалы Б.Майлиннің “Шұғасы” мен С.Мұқановтың “Теміртас”, “Жұмбақ жалау” романдары, І.Жансүгіровтің поэмалары хақында әдеби айтыс болып өтті. Көп ұзамай-ақ реализм хақында да пікірлер алысылды. Бұл талқылаулардың қайсысы болса да сыншылардың асқан белсенділігімен өтті. Осы жылдарда қазақ әдеби сынының жауынгерлік сыпаты арта түсті.
Осы жылдарда Б.Майлиннің /1932/, Қ.Әбдіқадыровтың /1935/, С.Сейфуллиннің /1936/, Ж.Жабаевтың /1935/ мерейтойлары болып өтті. Осыған байланысты жазылған мақалаларда қаламгерлер келбетінің түрлі жақтары ашыла түсті.
Отызыншы жылдардағы фольклортану жинау, жариялау, зерттеу бағыттарында жүрді. Ауыз әдебиетінің бұрындары жарияланбаған көп үлгілері кітап болып шықты. Сонымен бірге ауыз әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған Б.Кенжебаевтың, М.Ғабдуллиннің, С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, Е.Ысмайыловтың, Ә.Марғұланның мақалалары жарық көрді.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай туралы көп жазылды. Қ.Өтеповтің “Абай шығармаларының әлеуметтік негіздері” / “СҚ”, 20.ХІ.1934/, І.Жансүгіровтің “Абайдың сөз өрнегі” / “Әдебиет майданы”,1934, № 11-12/, Ә.Лекерұлының “Абай және оның дәуірі”/ “Әдебиет майданы”/, М.Әуезовтің “Абай ақындығының айналасы” / “Әдебиет майданы”, 1934, № 11-12/, Қ.Жұбановтың “Абай – қазақ әдебиетінің классигі” / “Әдебиет майданы, 1934, № 11-12/, Ә.Мәметованың “Абай – кезеңінің дана ақыны” / “Әдебиет майданы”, 1934, № 11-12/, Е.Ысмайылов пен З.Шашкиннің “Абайдың поэтикасы” /“Әдебиет майданы”, 1934, № 11-12/, С.Мұқановтың “Абай – халық ақыны” / “Әдебиет майданы”, 1937, № 5/, т.б. мақалаларда ұлы Абайдың ақындығы ашыла түсті. 1935 ж. Ғ.Тоғжановтың “Абай” монографиясы шықты.
Сондай-ақ өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулардың шығармалары жайлы да зерттеу, мақалалар көрінді. Сұлтанмахмұт туралы бірнеше мақала жарық көрді. М.Өтемісов, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, С.Дөнентаев, Ә.Тәңірбергенов, Шортанбай, Нармамбет, М.Көпеев, т.б. хақында зерттеу мақалалары көріне бастады.
Отызыншы жылдары бір жағы оқулық, екінші жағынан әдеби зерттеу қажеттіліктерін өтеу мақсатымен бірсыпыра көлемді еңбектер жарық көрді. Бұл ретте 1931 жылы жарық С.Сейфуллиннің “Қазақ әдебиеті” хрестоматиясын алдымен атаған ләзім. Іле-шала Сәкеннің “Қазақ әдебиеті” /1932/ оқулық-зерттеу кітабы жарық көрді. С.Мұқановтың “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне” қосымша “Алашорда әдебиеті” деген ат берілген. Мұнда А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, М.Көпеевтің, С.Троайғыровтың, М.Әуезовтің, т.б. шығармалары алғаш рет ғылыми айналымға түсті. Алашорда әдебиетін насихаттағаны үшін кітап таратылудан алынды.
30-жылдары әдебиеттің түрлі теориялық мәселелеріне арналған ғылыми мақалалар жиірек көрінді. 1938 жылы Қ.Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” мен Е.Ысмайыловтың “Әдебиет теориясының мәселелері” атты кітаптары шықты. Бұл еңбектер негізінде орыс әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне сүйеніп жазылғанымен де қазақ әдеби ой-пікірін едәуір дамыта түскен елеулі еңбектер болды. Екі кітап та оқулық ретінде ұзақ жылдар пайдаланылды.
Жаңа әдебиеттің көркемдік әдісінің теориялық негіздері қазақ әдебиетінде С.Мұқановтың “Социалистік реализм туралы” /11.ІҮ.1933/ атты мақаласынан бастау алды. Қ.Өтеповтің “Социалды реализм” / “СҚ”, 12.Ү.1933/ атты бірнеше тараудан тұратын көлемді мақаласы жарық көрді. Осы мәселе туралы Б.Мұратбековтің, Әлібаевтың, М.Қаратаевтың т.б. мақалаларында жаңа көркемдік әдісті ғылыми тұрғыдан түсіндіру негізгі мақсат етілді. Қазақстан жазушыларының бірінші құрылтайында жасаған І.Жансүгіровтің баяндамасында социалистік реализм әдісінің негзгі талаптары ресми тұрғыда жарияланды. І.Қабыловтың. Қ.Өтеповтің, Е.Ысмайыловтың, т.б. мақалаларында әдебиеттегі образ, типтендіру, формализм, натурализм, дәстүр мен жаңашылдық турасында бірсыпыра құнды пікірлер айтылды. Әдеби шығарманың көркемдік қасиеттері жайлы жазылған мақалалар отызыншы жылдардың соңына қарай Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайыловтың әдебиет теориясынан оқулықтарының шығуына ұласты.
30-шы жылдардың соңына қарай жеке адамға табынушылық күшейе түсті. Қазақ әдебиетшілерін ұлтшылдықпен айыптаған мақалалар баспасөз бетінде көбейді. Әдеби сын компартияның идеологиялық саяси сойылына айналды. Көркемдік мәселелері әдеби сынның назарынан тыс қалып, шығарманың идеялық жағын анықтау үлкен саяси науқанға айналды. Қазақ қаламгерлері түгелге жуық ұлтшылдықпен айыпталып, қуғынға ұшырады.
1937 жылдың алғашқы “әшкерелегіштерін” Т.Жүргеновтің “Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық” / “Казахстанская правда”, 11.І.1937/, Р.Жаманқұловтың “Қырағылықты күшейтейік” / “Қазақ әдебиеті”, 18.І.1937/, І.Қабыловтың “Қазақ большевиктерінің міндеті қазақ ұлтшылдарына қарсы баса күресу” / “СҚ”, 12.І.1937/ атты көлемді мақалалары болды. Бұларда “халық жауларының” аттары аталып, мәдениет, әдебиет саласындағы “жауларды” аяусыз әшкерелеуге шақырды. Жылдың басында жарияланған мақалаларда халық жауларын әшкерелеуге шақыру басым болса, соңына қарай “Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық” / “Әдебиет майданы”, 1937, № 3/, “Қазақ әдебиетіндегі авербахшылдықтың қалдығын толық жою керек” / “СҚ”, 29.ҮІІІ.1937/, “Совет жазушыларының қатарында жат элементтерге орын жоқ” / “СҚ”, 4.ҮІІ.1937/, “Әдебиеттегі троцкист-бұхариншіл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек” / “Қазақ әдебиеті”, 13.ҮІІІ.1937/, “Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бір жола құртайық” / “Қазақ әдебиеті”, 8.Х.1937/ деген сияқты тақырыптарымен ызғарын шашып, үкімін шығара келді. Қаламгерлер жаппай ұсталып жатты. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты жазушылар ғана әупіріммен әрең аман қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет