Н. 4 - 63
Павлодар педагогикалық университеті
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті БББ
7М01711 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларға арналған
«Әдеби сынның даму тенденциялары» пәнінің
ДӘРІС КЕШЕНІ
Павлодар
1-тақырып. Қазақтың сыни пікірінің оянуы және әдебиет сынының тууы. Халықтық эстетика. Көне дәуірдегі сүбелі ойлар.
Халықтық эстетиканың мәні - әсемдікті танып-білу, сұлулықты қастерлеу, ажарсыз бен келіссізді мінеу, жақсылықты дәріптеп, жамандықпен күресу. Орхон-Енисей ескерткіштерініңэпостық сипаты мен олардың түрік поэзиясын тудырудағы тарихи рөлі. Әл-Фарабидің әдебиеттану ғылымы жүйесімен тұжырымдаған ой-пікірлерінің бүгінгі таным-білікке әсері және ұласу жайлары. Ж.Баласағұнның «Құтты білігіндегі» өлең сөздің қадір-қасиеті туралы ойлар. М.Қашғари – түрік лұғатшысы және поэзиялық інжу- маржандарды жинаушы. Қазақ хандығы тұсындағы ұлы жыраулар мен ойшылдардың сыни толғамдарының мәні.
Әдебиеттану – сөз өнерін зерттейтін ғылым екені белгілі. Сол әдебиет туралы ғылым, негізінен, мынадай үш түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.
Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчествалық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандардың байыбына барып оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озған өкілі. «Сын» сөзінің төркіні грек тілінде «талдау, талқылау» деген мағына беретін «критика» деген сөзінен шыққан. «Сын дамуына» көз шола жүгіртсек, әдебиет жанындағы сыни ойлар әдебиеттің өзімен қатар пайда болған. Антикалық дәуірде әдеби жұмыстың бір саласы ретінде бөлініп шыққан әдебиет сыны ұзақ уақыт бойына шығармаға жалпылама баға беру, оны оқырмандарға таныстыру, оқуға кеңес беру, шығарма авторын дәріптеу немесе сынау сияқты қарапайым ғана міндеттер атқарып келді. Әдебиеттің дамуына байланысты әдебиет сынының да мақсаты мен сипаты күрделене түсіп, оған қойылатын талаптар да, жауапкершілік те күшейді.
Қазіргі таңда әдебиет сыны көркем шығарманы эстетикалық, әлеуметтік, этикалық т.б. көзқарастар тұрғысынан жан-жақты қарастыруға ұмтылады. Әдебиет сыны өмірді танып-білумен ғана шектелмейді, сонымен қоса оған әсер етуге де талпынады. Бұл мақсатқа жету жолында сыншының орны айрықша.
Әдеби сын дегеніміз не деген сұраққа әдеби сын теориясы жауап береді. Әдеби сын дегеніміз – көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан жүйесінде пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, баға беретін, оқырманның дұрыс түсінігіне жол ашатын рухани әлем аясында қызмет атқаратын, әдеби, ғылыми, публицистикалық сипатты қоғамдық сананың күрделі бір саласы, шығармашылық түрі.
1970 ж. бастап, баспасөз беттерінде, ғылыми басылымдар мен күрделі монографиялық зерттеулерде сынның табиғатын түсіндіруге арналған пікір-таластар өте көп.
Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, С.Әшімбаев, Т.Тоқбергенов т.б. зерттеушілер: «Әдебиетсіз сын жоқ, сын әдебиеттің дамуына көмектеседі, әдеби процесті ұйымдастырушы, әдебиеттің көшбастаушысы. Сыншы – алдымен әдебиетші», деген пікірде болса, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Қ.Сыздықов, т.б. ғалымдар А.С.Пушкиннің: «Сын – ғылым. Сын - өнер мен әдебиет туындыларындағы сұлулық пен кемшілікті ашып отыратын ғылым», деген қағидасына сүйеніп сынды әдебиеттану ғылымының саласы ретінде ғана таниды.
Сынды идеологияға жатқызатындар да бар, енді біреулер сынды эстетиканың сөз өнерін зерттейтін тармағы десе, кейбіреулер «сын - журналистика» (А.Бочаров), дейді.
Мұның өзі әдеби сынның ғылыми негіздерін айқындаудан туып жатқан даулы пікірлер.
1. Сынның әдеби сипаты.
Сынды көркем әдебиеттің бір саласына жатқызып жүргендер, әдебиеттің өсіп-өркендеуімен бірге сын да дамиды, яғни сын әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамып, шығармашылық еңбекпен біте қайнасып жатады деуі де негізге сүйеніп айтылған. Бірақ, олар сынның әдебиет емес, әдебиет тек сынның зерттеу объектісі екеніне көңіл бөлмейді. Сын зерттеу объектісіне қарай: театр сыны, музыка сыны, көркем сурет сыны т.б. бар. Яғни бұлардың бір-бірінен айырмашылығы зерттеу объектісінде.
Әдеби сынның көркем әдебиетке жатпайтыны оның өзіндік сипаттарынан да көрінеді. Көркем шығарма мен сынға қойылатын талап екеуі екі басқа. Көркем сөз өнерінің заңдылықтарын әдебиет теориясы зерттейді, ал сын теориясы басқаша.
Екеуінің мақсаты да екі басқа: Көркем әдебиеттің мақсаты - өмір құбылыстарын көркемдік тұрғыдан игеру, оған қаламгер түрлі көркемдік түсініктерді пайдалану аорқылы жетеді. Негізгі объектісі - өмір.
Ал әдеби сынның мақсаты – бүгінгі әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды, жетістіктер мен кемшіліктерді ашып көрсету. Ол үшін сыншы аналитикалық талдау тәсілдерін қолданады.
Көркем сөз өнері образға құрылады: бейнелі сурет, жанды образдар жасаумен ерекшеленеді. Ал сында наркемді қасиеттер көп болмайды, болса да көркем әдебиеттей емес, образды суреттер аяқталмаған қалыпта да болады. Сондықтан бейнелі түрде жазылған шығарма көркем әдебиет те, талдауға құрылған шығарма ғылыми еңбекке жатады.
Жазушы да сыншы да өмірді зерттейді. Бірақ өмірді зерттеу жолдары екі түрлі: жазушы өмірді тікелей зерттеп, оны көркем туындыға айналдырады, өз идеяларын тікелей жүзеге асырады. Ал сыншы өмірді әдебиет арқылы, әдеби процестің материалдарымен ғана зерттей алады. Яғни сын әдебиетке тәуелді болады.
Жазушының объектісі - өмір, сыншынікі - әдебиет. Сынды сын ғып тұрған әдебиет, әдебиет болмаса, сын өзінің барлық қасиеттерінен айырылып, публицистикаға айналады. Сондықтан әдебиет бар жерде сын бар, ол әдебиетпен бірге дамиды.
2. Сынның ғылыми сипаты.
Әдебиеттану ғылымында да, сынның да зерттеу объектісі - әдебиет. Бұл екеуінің ұқсастығы: сынды әдебиеттану ғылымына жатқызушылар осы жағына көп көңіл бөледі. Бірақ екеуінің арасында біраз өзгеріс, айырмашылық бар:
-Көркем әдебиет туралы ең бірінші пікір білдіріп, ондағы жаңалықтарды барлап, кемшіліктерді екшеп ғылымға жеткізетін – сын. Яғни әдебиеттану ғылымына факті, пікірлер жасап беруші осы сын. Ал, көркем әдебиет туралы әр түрлі ойларды қорытып, жан-жақты терең зерттеулер жүргізетін әдебиеттану ғылымы. Сонда сын әдебиеттану ғылымына жағдай жасап, материалдар дайындады.
-Әдеби сында бір әдебиет төңірегінде бір-біріне қарама-қарсы, қайшылықты ой-пікірлер айту заңды құбылыс. Әдебиеттің дамуы туралы түрліше пікірлер айтылуы тарихи құбылыс.
Ал әдебиет ғылымында қайшылықты пікірлер болмайды және болуға тиіс емес. Ол әдеби сында айтылған түрлі пікірлерге сүйене отырып, ғылыми нақты дәлелдермен баға берді. Әдебиет ғылымы айтқан пікірде күдік болмайды.
Әдеби сынның ғылыми сипаты тек әдебиеттану ғылымымен байланыстылығында ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдармен қатыстылығынан да көрінеді.
Әдеби сын тіл білімі, педагогика, этика, эстетика ғылымдарымен де тікелей байланысты. Сыншы осының бәрінен хабардар болуы тиіс. («Абай журналы» сын айту үшін түрлі ғылым салаларынан хабардар болу керек).
Қоғамдық ғылымдар ішінде сын эстетикамен де тығыз байланысты. Бірақ сын екеуі екі басқа. Жалпы эстетика өнердегі сұлулықтың жалпы заңдылықтарын зерттесе, сыншы көркем туындының көркемдік қасиеттерін ашуға тырысады. Эстетика ғылымының әдіс-тәсілдерін, категорияларын кеңінен пайдаланады. Шығарманың көркемдік қуаты оның эстетикалық бояуына жатады. Көркем туындының эстетикалық қуатын ашып көрсету үшін үлкен дайындық қажет. Ол барлық сыншының қолынан келе бермейтін іс. Әдеби сынның жоғары көрсеткіші – эстетикалық талдауға құрылады.
Сонымен, әдеби сынның ғылыми сипаты дегенде ол тек әдебиеттану ғылымымен емес, бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне сүйенеді, сол арқылы объективті пікірлер айта алады.
3. Сынның публицистикалық сипаты.
Сынның публицистикалық түрде жазылуы оның табиғи қасиеті. Соның дамуына баспасөз айырықша роль атқарады. Яғни сынның өмір сүру формасы – баспасөз.
Сын журналистикамен тығыз байланысты, оның аннотация, рецензия, мақала сияқты жанрлары сынға да тән.
Сын мен журналистиканың мақсаты да бір: әдеби өмірдегі жетістіктерді насихаттау.
Публицистиканың негізгі мақсаты – бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сөз ету болса, сынның мақсаты қазіргі әдеби процестің өзекті мәселелерін көтеру. Әдеби сын әдебиеттегі көркемдікті ғана сөз етіп қоймайды, сонымен қатар көркем сөзде көрініс табатын әлеуметтік мәселелерді де қозғайды. Бұл жағынан журналистикаға қойылатын талаптар әдеби сын да орындайды деген сөз. Сыни мақала мен баспасөзде жазылған мақаланың арасында айырмашылық та бар: мерзімді басылымда басылған мақалада публицистикалық сарын басым болса, сыни мақалалардың ғылыми сипаты басым жатады.
Түйіндейтін болсақ, сынның әдеби, ғылыми сипаттарымен қатар, публицистикалық қасиеті де бар. Яғни әдебиет – жалпы ұлттық дамудың дәрежесін көрсетсе, баспасөздің дамуы ұлттың мәдениетін, әдебиетін, ғылымын жалпы қоғамдық ой-пікір дәрежесінің көрсеткіші.
4. Сынның әлеуметтік сипаты.
Әдеби сын көркемдік дамумен қатар қоғамдық ой-пікірдің өрістеуіне де ерекше роль атқарады. Сынның дәрежесі әлеуметтік жағдайлармен, қоғамдық ой-пікірлермен де тікелей байланысты.
Сынның әдеби, ғылыми, публицистикалық сипаттары қандай болса, әлеуметтік сипаты да сол дәрежеде. Сыншылдық ой-пікір жалпы қоғамдық сананың, қоғамдық ғылымдардың даму дәрежесімен тікелей байланысты болса, әдеби сын да әлеуметтік ой-пікірлердің өркендеуіне үлес қоса алады. Оны мынадан көруге болады:
-Орыстың Белинский, Добролюбов, Чернышевский сияқты сыншылары сыни еңбектері арқылы қоғамдық ой-пікірлерді де көтерді.
-К.Маркс, Ф.Энгельс, Г.Плеханов, В.Ленин еңбектерінде әдебиеттің таптығы, партиялылығы принциптері көтерілді.
-М.ГорькиЙ, А.В.Луначарский еңбектерінде социалистік реализмнің теориялық негіздері жасалынды.
Маркстік-лениндік классиктер теориялық негізін салған әлеуметтік сындар совет өкіметінің алғашқы жылдарында «тұрпайы социологиялық сындар» үстемдік етті. Оның себебі сынның әлеуметтік сипатын асыра бағалап, таптық, партиялық көзқарас деңгейіне дейін көтерген сол кездегі саясаттың ықпалы.
-Коммунистік партия әдеби сынның көркемдік саяси мәселелерге еркін араласа алатын мүмкіндігін пайдаланып, әбеди сынды идеологиялық қаруға айналдырды.
Бұдан шығатын қорытынды әдеби сынның әлеуметтік- идеологиялық сипатына жеке дара, ерекше мән беріп, бөліп қарастыру сыңар жақтылыққа апарып соқтырады.
Әдеби сынның бойындағы аталған барлық сипаттардың болуы заңдылық. Соның бірақ жағын алсақ онда әдеби сын да қасиетінен айырылады.
Сонымен қорытындылайтын болсақ, сын әртүрлі сипаттағы күрделі болса, көркем шығарма жайлы пікір білдіргенде сын әдебиеттану ғылымына сүйенеді. Бұл оның ғылыми сипаты; оқырман қызуғып оқу үшін сын көркем жазылуы керек – бұл оның көркемдік сипаты; шығармадағы әлеуметтік қалай көрініс тапқанын ашып көрсету – оның әлеуметтік- идеологиялық сипаты; әдеби сынның мерзімді баспасөз арқылы көрініп, жариялануы оған публицистикалық сипат береді. Сонымен «Сын дегеніміз не?» деген сауалға былай жауап беруге болады: Әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зерттейтін, оған баға беріп отыратын әлеуметтік сананың сан қырлы бір саласы.
5. Әдеби сынның құрылымы.
Әдеби сын өзінің даму нәтижесінде тұтас бір құрылымдық жүйеге ие:
Әдеби сынның басты мақсаты - әдеби өмірде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалап, оқырмандарға түсіндіріп отыру;
Сынның субъектісі – сыншы
Мазмұны - әдеби процестің өзекті мәселелері
Әдіс-тәсілдері – диалектикалық материализм, салыстырмалы, тарихи-мәдени, өмірбаяндық, психологиялық, формальдық, лингвистикалық, математикалық, құрылымдық, нақтылы, әлеуметтік т.б.
Құралдары - әдебиеттану, қоғамдық ғылымдар.
өмір сүру арнасы – баспасөз, радио.
Жанрлары – рецензия, шолу, мақала, фельетон, эпиграмма, пародия, эссе т.б.
Зерттеу объектісі – жеке туынды, жазушы шығармашылығы, әдеби процесс.
Қызметі – талдап-бағалаушылық, зерттеушілік, ұйымдастырушылық, үгіт-насихаттылық.
Принциптері- халықтық, шыншылдық, идеялық, тарихилық, жүйелілік, өзектілік т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |