Халықтық эстетика. Қазақ халқының эстетикалық талғамының қалыптасуына оның өмір сүрген географиялық ортасы, айналысқан шаруашылығы, қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері тікелей әсер етті. Халықтың арасынан сөзге икемі бар адамдар сұрыпталып шығып, сөз өнерін кәсіп ете бастады. Олар белгілі бір эстетикалық қажеттілікті өтеу үшін халық алдында шаршы топта өнер көрсетіп, халықтық эстетиканың тезінен өтті. Ғасырлар бойға жасалынған ауыз әдебиеті заманалар бойы халқымыздың рухани қажеттілігін қанағаттандырып, уақыт пен халықтың қатал сынынан өтіп бізге жетті.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқы да сұлулық пен әсемдікті айрықша ардақтай білген. Ауыз әдебиетінде қазақ қыздарының қаншама сұлу бейнелері жасалынды. Басқасын былай қойғанда бір ғана Қыз Жібектің бейнесі неге тұрады. “Қыз Жібек” жырындағы көштің суреті, Қыз Жібекті іздеп келе жатқан Төлегеннің көш бойы кездестірген қыздарының бірінен бірі асқан сұлу бейнелері қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік сөз өнерінің де үздік үлгілерінің қатарында. Ал “Қобыланды батыр” жырындағы Тайбурылдың шабысы да – дүниежүзілік әдебиетте кездесе бермейтін көркем құбылыстардың бірі. Сонымен бірге ауыз әдебиетінде ерлік пен ездік, адамгершілік пен арамдық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адалдық пен опасыздық сияқты адам өмірінде жиі кездесетін қасиеттер қаншама рет сараланды.
ҮІІІ-ХҮІІІ ғ. әдеби сыншыл ойлар.Өнер бар жерде оған деген пікір де бар. Қазақ әдебиетінің тарихындағы ең алғашқы жазба үлгілер саналатын Күлтегін мен Білге ханның басына қойылған құлпытастардағы сына жазулардың өзінде де көркемдік, сыншылдық сыпат аңғартылады. Қорқыттың желмаясына мініп алып, жерұйықты іздеуі, әр аймаққа берген бағалары әр жердің табиғатын терең талдап бере білген ғұлама қарт даналығы сөз құдіреті арқылы бізге жетіп отыр.
Екінші Аристотель атанған Отырарлық Әл-Фараби сөз өнері жайлы да бірнеше еңбектер жазып қалдырды: “Сөз қылымын жүйелеу”, “Аристотель еңбектеріне түсіндірме /поэтика, риторика, софистика/”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”, “Поэзия туралы”, т.б. Бар ғылымды беске жіктеген ғалым бірінші кезекте тіл туралы ғылымды атайды. “Сұлулықтың кілті – сәйкестікте, бұл жоқ жерде сұлулық аз”, “сұлулық сүйсіндірсе, ұсқынсыздық жирентеді” деп білген Әл-Фараби поэтиканы өлең құрылысы мен оның өлшем түрлері, ұйқас, әуезділік деп үш тұрғыдан қарайды. Әл-Фараби араб-парсы поэзиясын зерттеп, олардың он бір заңдылық-талаптарын көрсетеді. Олардың ішінде қазақ өлеңіне де қатысты сөздің бейнелілігі, ұйқас, ішкі ұйқас, бунақ, ырғақ, әуезділік, буын, тармақ, шумақ хақында ғылыми пікірлер білдірген.
Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігі” /ХІ ғ./ түркі халықтарының ортақ асыл сөз қоймасы іспеттес талай ғасырдың тәжірибесінен туған даналық, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ой толғамдар туысқан халықтармен қатар қазіргі қазақ тіліне де үндес.
Махмұд Қашқаридың “Диуани лұғ-ат-түркінде” де сөз өнері жайлы ойлы өрнектер баршылық. “Тәрбие басы - тіл”, “Жақсы адамға сөз ереді”, “Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз” сияқты тіркестерден түркі халықтарының өміріндегі тілдің маңызы айқын көрінеді.