Пайдаланатынәдебиеттер 1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Қирабаев С. Сын және революция. – А.,1981.
6-тақырып. Өркендеу өзегі – көркемдік әдіс. Ұйымдастырудың қияметі мен қиястығы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты» атты қаулының көркемдік әдісті қалыптастыру жайындағы тұжырымы. Реализм, романтизм әдістерін жаңаша түсіндіру. Социалистік реализм мен сыншыл реализмнің арақатынасы жайында кеңес әдебиеттану ғылымында 60-70 жылдары болған талқылаулар. 20 жылдардың І жартысында (1925) қазақ әдеби сынын жанрлық жағынан қалыптасуға бет алғаны, әдеби сын өзінің идеялық-эстетикалық өресін айқындау үшін талпыныс жасағаны әр түрлі мақалалардан көрінді. Атап айтқанда: С.Сейфуллиннің «Әдебиет һәм оның бағыттары», «Асау тұлпар туралы», А.Сегізбаев «Халық һәм әдебиет», «Халық әдебиет туралы»; Ж.Сыздықов «Сынға мін»; М.Дәулетбаев «Қазақ һәм музыка», «Қазақ театры жайынан», М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі»; М.Жұмабаев «Ақан сері», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев»; Т.Рысқұлов «Кеңес үкіметі тұсында қазақ әдебиеті қандай болу керек»; Ғ.Тоғжанов «Сын беріліп тұрсын», «Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді», «Жүсіпбек не дейді»; С.Мұқанов «Ыбырай һәм халық әдебиеті», «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер», Б.Кенжебаев «Абай», С.Сәдуақасов «Бейімбет өлеңдері»; Ж.Сәрсенбин «Көркем әдебиет туралы», С.Баймаханов «Жастар тәрбиелеудің құралы - әдебиет», Д.Бабасұлының «Әдебиет жайынан» сияқты мақалалар.
ҚазАПП-тың тұсындағы әдеби сын.Кеңес өкіметі орнап, бекіген соң, жазушылардың басын біріктіріп, оларға басшылық жасап, социалистік бақыт-бағдар беріп, советтік құрылысқа жұмылдырып отыратын ұйым қажет болды. Жалпы, жазушылардың шығармашылық ұйымын құру қажеттілігі жөнінде баспасөз бетінде пікірлер жиі көріне бастады.
Мағжан “Алқа” атты ұлттық жазушылар ұйымын құруды қолға алды. Оның негізгі мақсат-бағдарлары хақында “Табалдырық” атты бағдарламасын жасап, қолмен көшіріп, ұлттық мүддені көтеріп жүрген жазушыларға таратты. Алашордашыл жазушылар бұл құжатты мақұлдады. Бірақ “Алқа” ұйым ретінде құрыла алмады. Мағжандарға қарсы қуғын күшейе түскен еді.
Ресми өкімет компартияның бағытын қолдайтын Жазушылар ұйымын құруды қолға алды. 1926 жылы ҚазАПП құрылды. Оның басшылығына партия қызметкері М.Қайыпназаров келді. Одаққа, яғни пролетариат жазушыларының қауымдастығына жұмысшы табынан шыққан он шақты ғана қаламгер мүше болды. Жазушылар байшылдар /ұлтшылдар/, екі топтың арасында жүрген “жолбикелер” /шөре-шөре/ болып жіктелді. Ұйым басшылығының негізгі міндеті қай жазушының қай топқа жататындығын анықтау еді. Ұйымның барлық жиындарында негізгі баяндамашысы, әрі сыншысы оның басшысы – М.Қайыпназаров болды. Баспасөз бетінде әдеби шығарманың көркемдік қасиеттерін елемей, тек ғана идеялық жақтарына көңіл бөлген, яғни социалистік идея ма, емес пе дегенді анықтау мақсат тұтылған тұрпайы әлеуметтік сындар қаптап кетті.
Осы жылдардағы қазақ әдеби сыныдағы басты тақырыптардың бірі әдеби мұра болды. Пролеткультшылдар әдеби мұраның барлығын ескі заманның ескірген, бүгінгі заманға жат мұрасы деп жариялады. Қазақ халқының өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулары түгіл ұлы Абайдың өзі феодализмнің ақыны деп жарияланды. 1905 ж. “Семипалатинские запискиде” жарияланған Ә.Бөкейхановтың шағын мақаласынан бастау алған Абайтану төңкеріске дейін К.Ысқақұлының, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың мақалалары арқылы үлкен арнаға түскенімен де жиырмасыншы жылдары идеологиялық солақайлықтардың барысында басына бұлт үйіріліп, дау-дамайдың астында қалды. Жаңа заман идеологтарының түсінігінше, ақын-жазушы қандай таптан шықса, қандай заманда туылып, өмір сүрсе сол табының, заманының сойылын соғып, жырын жырлайды. Сол себепті феодализм тұсында феодалдың шаңырағында өмірге келген Абай да феодализмнің ақыны болып шығады. ҚазАПП-тың тұсында Абайдың ақындығы жайлы сөз қозғаудың өзі қиын болды. Солай бола тұра Абайдың поэзиясының түрлі қырларын сөз еткен бірлі-жарым болса да мақалалар көрініп қалып жүрді. Мысалы, Ы.Мұстамбаевтың Абайдың философиясы жайлы орысша жазылған мақаласында ақын поэзиясының ой-иірімдеріне, өмірге көзқарасына қатысты бірсыпыра дұрыс пікірлер айта білді.
ҚазАПП басшылығының қаламгерлермен жұмыста әкімшілік әдісті қолдануы әдебиетті дамытпақ түгілі кедергі жасады. Әдебиетке де өндіріске қойылатын талапты қойып, әр жазушыға міндеттеме қабылдатып, оның орындалуын талап етті. Оның үстіне жазушылардың көпшілігі ұйымға мүше болудың талаптарына сай келмей, оның сыртында қалды. Қазақ баспасөзінің бетінде ҚазАПП қызметінің ұйымдастыру жұмыстарын сынаған, істі оңға бастыруға бағытталған ұсыныстар айтқан пікірлер көптеп көрінді. Әдебиет саласында қалыптасқан осындай жағдайды ескере отырып БКП /б/ ОК әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы қабылдады /1932, 23-апрель/. 1934 ж. маусым айында Қазақстан Жазушыларының бірінші құрылтайы өтті. Одақтың басшылығына І.Жансүгіров сайланды. Құрылтай қазақ әдебиетінің өткенін саралап, алға жаңа межелер белгіледі. Қазақстан Жазушылар Одағының жаңа жарғысы қабылданды.
Әдебиеттің көркемдік әдісі жөніндегі теориялық-эстетикалық мәселе төңірегінде «Ақжол» мен «Еңбекші қазақ» газеттерінде даулы ой-пікірлер көп жазылды.
Қазақ әдебиетінің сол кездегі өркендеу барысы жайында теориялық тұрғыдан ой айтушылар да болды. Соның бірі Жәкен Сәрсенбіұлы. 1925 жылы «Ақжол» газетінің № 558, 561 сандарында қазақ әдебиетінің жай-күйі жөнінде теориялық мақалалар жазды. «Қазақ әдебиеті қазір күйреуіктік (сентиментализм), санашылдық (идеализм), сарындамалық (романтизм), нағыздық (реализм), көп құралған қырық құрақ деуге болады. Мұның ішінде реализмді (нағыздық) заманға үйлесі бар дегенде, қазақтың салт-санасы, тұрмысымен қайтып келуі анық. Соның үшін романтизм мен сентиментализмді әдебиетте қолданбай отыруға әзірше мүмкін емес. (Мағжанды жақтағаны)... Түбінде реализм романтизмді жеңуі мүмкін. Оған әлі күн ілгері түрлі жағдай керек. сол себепті қазіргі әдебиетте көбінен романтизм қаттырақ шығуы мүмкін», - дейді.
«Ақжол» бетіндегі мақалалардың көпшілігі қазақ әдебиетінің ендігі даму жолы романтизм болу керек деген ұсыныста болды.
Ал, төңкерісшіл рухтағы сыншылар «Еңбекші қазақ» газетінің төңірегіне топталып, өздерінің тапшылдық көзқарасын ашық танытты. Тапшыл сыншылдардан Әбдірахман Байдолдин мен Ғаббас Тоғжанов белсенділік танытты.
Ә.Байділдин көркемдік әдіс туралы ойын былай жеткізді: «Сентиментализм мен романтизм бағытына әуреленбей, қазақ еңбекшілерінің қазіргі керегіне жауап, келешегіне демеу болатын ашық тілек, айқын ұғыммен суреттелген нағыздық бағытындағы және осы бағыттың жан серігі, бұрынғы, соңғы, бүгінгі өмірдің деректерінен тұратын, болашақтағы тұрмысты суреттейтін төңкерісшіл сарындамалық (прогрессивный романтизм) бағытындағы әдебиет жұрнақтарын молайтулары керек.» (Еңбекші қазақ 09.10.1926).
1926 жылдың күзінде С.Мұқанов «Көркем әдебиет туралы» деген мақала жазып, әдебиеттің болашағы кімдікі деген мәселені көтереді. (С.М. «Өсу жолдарымыз», 1960, 33-бет).
Сәбиттің осы мақаласынан кейін, екінші үлкен айтыс туады да, 1927 жылдың аяғына дейін созылды. Ә.Байділдин «Қазақ әдебиеті қазір қандай дәуірде», Қ.Кемеңгерұлы «Көркем әдебиет туралы», С.Мұқанов «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім», Қ.Кемеңгеров «Сәбитпен айтысуды доғардым», С.Мұқанов «Мен айтысты тоқтатпаймын», т.б.
ҚазАПП таратылып, оның орнына Қазақстан Жазушылар Одағы құрылған соң әдеби сынға да айрықша назар аударылды. 1934 жылы 10 қантарда “Қазақ әдебиеті” газетінің алғашқы нөмірінің шығуы қазақ әдеби ой-пікірінің дамуындағы айтарлықтай оқиға еді.