Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі



бет5/15
Дата21.12.2022
өлшемі79,67 Kb.
#58759
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
Дәріс Әд сын даму тенд

Пайдаланатын әдебиеттер
1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Қирабаев С. Сын және революция. – А.,1981.
4. Әшімбаев С. Ой мен парасат.-А., 1985.
5. Сарбалаев Б. Қызыл алма. – А., 1985.
6. Ысқақ Д. Сынсапар. –А.,1996.
7. Ысқақ Д. Сын сырдары.- А.,2001.
8. Ысқақ Д. Сынсапар. –А.,1994.


4-тақырып. Жазба әдебиет және сын
Сын жанрының жазба әдебиетке тән жанр екендігі. Қазақ әдебиетіндегі ағымдар және олардың сынға әсері. Қазан революциясы қарсаңында өлең жинақтарының көптеп жариялануы, оған алғы сөздер түріндегі дәйектеме сындардың жазылуы. Ғұмырнаманың тууы. Абайтану ілімінің басталуы. Қазан революциясын дейін қазақ әдебиеті сынының туып, ішкі жанрлық белгілерімен көріне бастауы
Сын жанры жазба әдебиетке тән жанр. Қазақ әдебиетіндегі ағымдар сынға да әсер етті. Қазан революциясы қарсаңында өлең жинақтарының көптеп жарияланып, оған алғы сөздер түріндегі дәйектеме сындар жазылды. Ғұмырнама туды. Абайтану ілімінің негізі қаланды. Қазан революциясына дейін қазақ әдебиеті сыны туып, ішкі жанрлық белгілерімен көріне бастады.
Шын, үлкен дарынның ғана өрелі ойларды, салиқалы пікірлерді туғыза алатыны - әдебиеттің бұлжымас заңы. Сондай шынайы дарын - Абай Құнанбаев. Қазақ баспасөзінде ең алғаш рет Абай өлеңдерінің жариялануы зор жаңалық болғаны даусыз. М.Ж. Көпеев, К.Ысқақұлы, С.Торайғыров т.б. зертеушілердің мақалаларында Абай аты аталып, оның өлеңдерінің ерекшеліктері туралы қарапайым түрде болса да талдаулар жасалынды. Солай дей тұрғанмен де, бұл мақалаларда тарихи өмірбаяндық сипаттың бел алып жатқандығын байқау қиын емес. Оларда Абай ақындығының ерекшелігі, оның қазақ поэзиясын дамытудағы атқарар қызметі там-тұмдап сөз болғанмен де, терең зерттеліп, кеңінен толғап пікір айтылған жоқ. Абай шығармашылығына шынайы әдеби талдау жасап, Абай ақындығына көркемдік тұрғыдан зерделі ой, қомақты пікір айтқан сыншы Ахмет Байтұрсынов болды. Оның «Қазақтың бас ақыны» дейтін атақты мақаласы Абайға арналғандығымен емес, тереңдігімен, білгірлігімен, талап-талғамының қомақты да ажарлығымен дараланатын ғылыми қисынды еңбек.
«Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік», - дегенді бірнеше рет қайталап, ойлы, мағыналы поэзияның қандай болатынын көрсетуге ұмтылады, шеберлік сыры неде деген сұраққа жауап іздестіреді. «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына айдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайды осы үшеуі де болған», - деп шеберлік көздерін білгірлікпен айқындайды. Осы мақалада Абай творчестволық тұлға ретінде тұтас болмысымен көрінеді. Абай шығармашылығының ерекшеліктерін дәл басып, нақты көрсеткен осы мақала қазақ көркемдік танымының алуан иірімдерін аңғарып алатын мүмкіндігін танытты. А.Байтұрсынов жеке ақынды творчестволық көркемдік тұрғыдан талдап-түсінудің есігін ашты.
Осымен қатар, А.Байтұрсыновтың осы классикалық мақаласында теориялық тұрғыдан түсіндіретін бір қисын бар. Абай әрі ақын, әрі сыншы болғандықтан қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді. «Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнеге табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алсада, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік», - деп Абай жаңашылдығының төркінін дәл басады. «Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлең қай тарапынан болса да толық. Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оны оқығанда иә әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп желіп келе жатып, шоқытып кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса түзеледі. Мұнан басқа өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын», - деген кемеңгер байқампаздық, эстетикалық білімдарлық көрсетеді. Өлеңнің құрылысы, оның ішкі ұйымдасу шарттары, дыбыстардың әуезділігі тұрғысынан келгенде бұл теориялық қисынды «Әдебиет танытқышта» ары қарай нақтылай, дәлелдей түскен.
Әдебиетті өзінің мамандығына айналдырмақ болған дарындар сөз өнерінің даму бағытын ғана емес, оның жанрларының сыр-сымбатына да көз салды. Соның бірі - Ахмет Біржақсиннің «Мақалдар» атты мақаласы. «Мақалаларда басы артық сөз болмайды, ұйқастырылып айтылады, бұл жағынан алғанда өлеңге ұқсайды, оңай жатталып кетеді. Оның сыры-мақалдың өсиеттік қасиетінде»,-деуі оның жанр сырының ішіне кіргенін көрсетеді. «Мақалдардың пайдасы басқа өлеңдер мен ертегілерден кем емес. Әсіресе, халықтың заңын, әдет-ғұрпын білу үшін жаһит қылып жүрген этнограф һәм тарихшыларға өте пайдалы», - деп мақал-мәтелдердің тарихилық сипатын аңғартады.
Райымжан Мәрсековтың «Қазақ әдебиеті жайынан» деген мақаласы «Қазақтың» 1915 жылғы 15 және 19 наурыздағы сандарында жарияланды. Онда қазақ әдебиеті тарихын үш кезеңге бөледі:
-ескі замандағы қазақ арасында жазу тарамай тұрғандағы кез.
-жазудың қазақ арасына күйреп тұрған кезі.
-Абай марқұмнан бері қарайғы дәуір.
1916 жылғы 9 қаңтарда Р.Мәрсековтың «Әдебиетімізге көз салу» мақаласы жарияланды. Онда әдеби байланыс, бір-біріне әсері, дәстүр мен жаңашылдық, қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары туралы мәселелерді қозғайды. Шығыс әдебиетіне еліктеген осман-түрік әдебиеті құлдырауға түскенін тілге тиек етіп, Еуропа әдебиетінен үлгі алу керек дейді: «Еуропа әдебиетінің бір асылы – рух, сыны – дух... Бұл бізде жүре алмайтын, тұйыққа шыға алмайтын шыңырауға алып кетпес. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны біздің көзімізді ашып, қатамызды көрсетер. – Әдебиетіміздің атасы Абай бұл жолдың қорқынышсыз, біздер үшін пайдалы екенін сезіп, сол жолға бұрылды. Әйтпесе, Абай үшін ғарап, парсы жолы да ашық еді».
«Қазақта» әлем, түркі тілдес елдердің қаламгерлеріне арналған мақалалар мен зерттеулер де басылды: М.Дулатов «Тоқай» (1913, № 9); «Ахмет Иасауй» (1913, № 6-7), «Абай» (1914, № 67), «Шоқан» (1914, №71-77). А.Байтұрсынов «Исмаил Гаспринский» (1914, № 72), т.б.
«Қазақ» газетінде шыққан кітаптарға қазақтың сыни-библиографиялық рецензиялар да жазылды. Соның бірі Ә.Бөкейхановтың Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанына жазған рецензиясы.
Шәкәрім өмірінен қысқаша дерек бере келіп, Ә.Бөкейханов ақынның «Мұсылманшылық шарты», «Қазақ айнасы», «Қазақ һәм хандар шежіресі», «Жолсыз жаза», «Қалқаман-Мамыр» кітаптары шыққандығы жайында да мол мағлұмат берді. «Өлеңді ақын сынаған жөн... Белинский сөзге ақын емес еді, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин болмас, біз Белинский болмаспыз. «Қалқаман-Мамыр» туралы біраз сөз жазайын бұл кітапты оқушыларға жаю үшін», - деп рецензия жасап, жариялап сынайды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің сыншылдық ой-пікірінің бірі - әдебиеттер байланысы. Әсіресе туыстас әдебиеттердің шығармаларына, ақын-жазушыларының мүшел тойларына, мерекелеріне арналған мақалалар мен хабарлар екі баспасөзде де мол жазылды.
Осылайша, әдебиеттің жалпы мәселелері жанрлық шолу, кейде баяндама түрінде, кейде нақты ақын-жазушыларға арналған ғұмырнама түрінде көрініс беріп жатты. Қазақтың журнал-газеттерінің алғашқы сандарында жарияланған мақалалар уақыт өткен сайын көркемдік таным-білік жағынан да, әдеби-теориялық негізі жағынан да, тарихи түсінік жағынан да қоюланып, тереңдей түсті. Проблемалық мақала мен шолу, нақты творчестволық тұлғалардың өмірі мен өнерпаздығын хабарлап, ішінара талдау жасайтын ғұмырнама, баяндама, сын мақала жазылып, халықтың эстетикалық талап-талғамын жетілдіру бағытында қызмет атқарды.
Қазақ әдебиеті сынының алғашқы қарапайым түрлері жарнама-сын мен аннотацияларда белгілі бір шығарманың қандай себеппен жазылғаны, қандай тарихи шындыққа негізделгені, шығарма авторы кім екендігі, қандай мақсат көздегені жайында мол дерек ақпарат беретін «алғы» не «соңғы сөздерде» кездесетін әдеби-теориялық ұғымдар әдебиеттану ғылымының ірге тасына кірпіш болып қаланды. Әдебиеттану ғылымының ауқымына кіретін зерттеу мақалалары мен әдістемелік нұсқаулар қазақ әдебиеті сынының туу дәуірінде көрініп үлкен олжа салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет