Негізгі бөлім Жабайы жануарларды қолға үйрету. Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен басталды. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануарлары — қой мен ешкі. Қойдың арғы тегі — арқар (муфлон), ал ешкінікі — таутеке. Қой мен ешкі мөлшермен б.з.д. 8—7-мыңжылдықтарда қолға үйретілген деп есептеледі. Осы кезге жататын Жерорта теңізі маңайындағы тұрақтарда қой мен ешкінің сүйегі табылған.
Сиыр тұқымының дәл қай жерден шыққаны әлі аныкталмаған. Дегенмен де қолға үйретілген сиырдың да ең көне заманғы сүйегі б.з.д. 7-мыңжылдыққа жатады, ол Оңтүстік Анадолы жерінде (Түркия) табылған. Б.з.д. 6—5-мыңжылдықта Месопотамия жерінде мал шаруашылығы болғандығы бүгінде дәлелденген.
Жылқы алғаш қолға үйретілген аймақ деп Шығыс Еуропа мен Еділ бойы есептеледі. Жылқыны қолға үйрету мөлшермен б.з.д. 4-мыңжылдықта болған сияқты.
Қазақстан жерінде ең көне мал сүйегі энеолит дәуірі ескерткіштерінде кездеседі. Бұл — Терісек, Сексеуіл, Орталық Қазақстандағы Қарағайлы (Қарағанды маңы) тұрақтары, Шығыс Қазақстандағы Усть-Нарым қонысы. Бұлардың мөлшерлі жасы б.з.д. 3-мыңжылдықтың орта шені. Бұл тұрақтардан қойдың, ешкінің, сиырдың, жылқының сүйектері табылған.
Қазақстан жерінде қола дәуірінің кезінде-ақ үй маңындағы мал шаруашылығы қалыптасты. Б.з.д. 2-мыңжылдықтың орта кезіне жататын жерлеу орындарында, кейінірек қоныстарда қой, жылқы сүйектері көптеп кездеседі. Кейбір шөбі қалың, өзен-көлді аймақтарда орналасқан қоныстарда, мысалы, Шағалалы, Сарғары қоныстарында сиырдың сүйегі басым, ал Трушниково қонысында ұсақ мал мен мүйізді ірі қараның сүйегі табылған.
Бұдан 3 мың жыл бұрын Қазақстан жерінде құрғақшылық күшейді. Далалы, жартылай шөлейт, таулы аудандарда мал өсіру шаруашылықтың негізгі түріне айнала бастады. Алдымен жартылай көшпелілік, содан соң көшпелі мал шаруашылығы қалыптаса бастады.
Көшпелі шаруашылық түрлері. Археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан жерінде ежелден бастап XX ғасырдың басына дейін мал шаруашылығының үш түрі қалыптасқанын көрсетеді. Көшпелі мал шаруашылығы Маңғыстау, Батыс, Орталық Қазақстан аймағында басым болған. Бұл аймақтарда қыстаусыз көшпелілермен қатар қыстауы бар көшпелілер де болған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы деректерге қарағанда, көшпелілік Маңғыстау, Темір уездеріндегі адайларда, Атбасар уезін жайлаған бағаналыларда, ІҚазалы, Ырғыз, Торғай, Қапал уездерін мекендеген кейбір руларда жақсы сақталған. Батыс, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде тастан, балшықтан, ағаштан салынған қыстауы болмаса да, қыста ұзақ уақыт көшпей, бір жерді паналап отыратын көшпеліліктің түрі болған.
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жататын, бір жерде шоғырланған Қараоба, Тасмола, Сыпыраоба, Қарабие деп аталатын рулық қауымдық зираттар осындай ұзақ қыстап отыратын жерлерге салынған сияқты. Бұл тайпалардың негізгі түліктері қой, жылқы, түйе болған.
Қазақстанның кейбір жерінде ерте заманнан-ақ жарртылай көшпелі мал шаруашылығы да қалыптасқан. Жартылай көшпелі деп көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына қарай жылжып көшіп отырып, қыста дайын қора-жайы бар қыстауларда қыстайтын мал шаруашылығын айтады. Мал шаруашылығының бұл түрі сақ-үйсін заманында-ақ дала мен таулы аймақтарда қалыптаса бастады. Мұндай аудандарға Жетісудың, Шығыс Қазақстанның тау етектеріндегі аймақтар жатады. Бұл аймақты мекендеген халық малды жазда биік таулы жайлауда бағып, қыста тау етегінде, тау қойнауындағы қыстауларда қыстатып күн кешкен. Кейде олардың қыстаулары Алтай, Тарбағатай сияқты биік таулармен сілемдесіп жаткан аса биік емес, қары аз Қаратауда болатын. Жартылай көшпелілікпен айналысқан көшпелілер қыстау маңындағы ұсақ өзен, бұлақтардың жағасына егін салатын. Олардың негізгі дақылдары: тары, арпа, бидай. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпаларда қой, жылқымен қатар сиыр малы да өсірілді.
Орта ғасырларда Ертіс бойы мен Жетісудағы отырықшы қоныстарда, кішігірім қалаларда суармалы егіншілік болған. Жартылай көшпелілерде егіншілік, отырықшылықтың белгілі бір нышаны болғанымен, негізгі шаруашылығы — мал бағу, ал тұрмысы көшпелілікке бейім болды.
Отырықшы мал шаруашылығы Оңтүстік Қазақстандағы, Сыр, Шу, Талас, Арыс өзендері бойында, Қаратаудың оңтүстік беткейінде қалыптасып, таралды. Оларда мал шаруашылығымен қатар суармалы егіс, жауын суымен шығатын егіншілік жақсы дамыды. Соғды мен Ферғананың отырықшы мәдениетіне бұл елдердің көршілес жатуы оларда ертеде-ақ отырықшы мәдениеттің пайда болуына әсерін тигізді. Сақ заманының өзінде Оңтүстікте Шырық-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды сияқты бекіністі қалашықтар қалыптасты.
Отырықшы мал шаруашылығының қалыптасуы, әсіресе б.з.д. 1-мыңжылдықтың бас кезіне дәл келеді, осы кезде бұрынғы көшпелі, жартылай көшпелі мал бағушы қауымдастық біртіндеп отырықшылыққа көшуге айналды. Осы кезден бастап, бұдан кейінгі ерте орта ғасырлар дәуірінде бұл аймақтарда үлкен отырықшы қоныстар мен қалалар қалыптаса бастады. Дегенмен осы қоныстар мен қалалардың сыртында, маңайында жартылай көшпелі, отырықшы малшы қауымдар аз болған жоқ.
Жоғарыда біз сипаттап жазған мал шаруашылығының үш түрі, олардың таралған аймақтары жөніндегі пікірлерді жалпылау, топтау түріндегі тұжырымдар деп түсінген жөн. Әйтпесе мал шаруашылығы мен көшпеліліктің осы аталған түрлерінің арасында талай араласқұралас нүсқалары да болған. Мал шаруашылығының аталған түрлері белгілі бір аймақтарда таралды десек, мұны да белгілі бір шарттылықпен түсіну керек. Мұнда біз белгілі бір аймақтарға көбірек төн мал шаруашылығы түрлерін атадық. Әйтпесе жартылай көшпелі мал шаруашылығы Жетісу мен Шығыс Қазақстаннан басқа Батыс, Солтүстік Қазақстанның кейбір аудандарында да дамыған. Мысалы, б. з. д. 1-мыңжылдықтың екінші жартысында батыс өңірлерде өмір сүрген сарматтар өздерінің қыстауларының маңында қималап немесе шатыршалап ірі зираттар, мінәжат жасайтын орындар салған (Бесоба, Сынтас). Есіл бойындағы б.з.д. VIII—II ғасырларға жататын, адам үзак мекендеген Боркы, Қарлыға, Кеңөткөл қоныстарын зерттеу Солтүстік Қазақстанды мекендеген кейбір тайпалардың жартылай отырықшылық өмір кешкенін көрсетеді. Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде де тіпті орта ғасырлардың соңына дейін жартылай көшпелілік болғанын дәлелдейтін деректер бар.
Жартылай көшпелілік Оңтүстік Қазақстанда да біршама таралған. "Ұйғарақ пен Төгіскенді қалдырған сақ тайпалары жартылай көшпелі болған" деген пікір бар. Ал енді нағыз көшпелі шаруашылық үлгісі ретінде есептелетін адайлардың өзінің Жем бойындағы бөліктері отырықшы болған, ірі қара малын өсірген екен.
Көшпеліліктің біз атаған үш түрі бірінен соң бірі келмеген, әр заманда, әр аймақта көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы мал шаруашылықтары қатар өмір сүрген.
Орта ғасырларда Оңтүстік Қазақстанда қала мәдениеті жақсы дамып, халықтың көпшілігі отырықшылыққа айналды. Бұл жағдай Жетісудың да біраз аумағына таралды. Монғол шапқыншылығынан кейін Оңтүстік Қазақстанда қола мәдениеті, отырықшы егіншілер экономикасы күйреген кезде, бұл өңірде де жартылай көшпелі мал шаруашылығы қайтадан жаңа қарқынмен дамыды.
XVII—XVIII ғасырлардағы шығыста жоңғарлармен, батыста қалмақтармен соғыс қазақ халқының шаруашылығына өз әсерін тигізді. Көші-қон жолдары, бағыттары өзгерді, жайылым бірде тарылып, бірде кеңіді, мал басы азайды. Жоғарыда келтірілген екі мысал этносаяси жағдайлар халықтың шаруашылық құрылымының, бағытының өзгеруіне әкелетіндігін көрсетеді.