Анықтауыш пен анықталғыштан тұратын топтардың барлығының бірдей айтылуы мен жазылуы бұлайша алшақтана бермейді. Мысалы, алтын сағат, ағаш қасық, бұран бел, жомарт адам, арық кой деген топтар қалай жазылса, солай айтылады, өйткені бұлардағы сөздердің бір-біріне тигізетін әсерінде дыбыстық өзгерістер болатын сәттер жоқ. 2. Т о л ы қ т а у ы ш пен баяндауыш, бастауыш пен баяндауыш, пысықтауыш пен баяндауыш араларына сөз түсірмей қатар келсе, жай хабарлау ретіндегі сөйлемдерде олар бір деммен айтылады. Мысалы, Біз үйге кеттік деген сөйлем Біз/үйгөгеттікболып айтылады. Сол сияқты Жолаушы тез келді дегенді Жолаушы / тезгелдідеп айту керек. Мұндағы үйге, тез деген сөздер толықтауыш, пысықтауыштар да, кетті, келді дегендер баяндауыштар. Сондықтан тезгелді, үйгөгеттік болып үндесіп айтылады. Кейде баяндауышқа логикалық екпін түсіру керек болады. Ондайда баяндауыш дауыс ырғағы жағынан дара айтылады да, алдыңғы сөзбен үндеспейді. Мысалы, “Еңлік - Кебек” пъесасында Кебек елден пана таба алмай, тау кезіп, тас кешіп кететінін білдіріп: “Ал / біз / кеттік!” дейді. Мұнда кеттік сөзіне ой екпіні түсу керек, сондықтан бастауыш, баяндауыштар қатар тұрғанмен, кеттік сөзі ырғақтық топқа кірмейді, демек, басқы дыбысы ұяңдамайды. Тағы бір мысалға мына екі сөйлемді салыстырайық: Меңгөрдім / ұзұнғайың / құлағанын // (Абай). Мен қазақпын / мың өліп / мың тірілген // (Ж.Молдағалиев). Алғашқы өлең жолында бастауыш пен баяндауыш үндесіп айтылады (меңгөрдім), өйткені мұнда көрдім сөзіне ой екпіні түсіп тұрған жоқ, ал соңғы өлең жолында мен / қазақпын деген бастауыш пен баяндауыш екі бөлікте айтылуға тиіс, өйткені ой екпіні өзге ұлт емес, қазақпын дегенге түсіп тұр, сондықтан меңғазақпын деп үндестірмей, мен қазақпын деп оқыған дұрыс. 3. Қазақ тілінде фраза мен идиом деп аталатын қалыптасқан тұрақты тіркестер бар, олардың копшілігі екі-үш созден тұрады. Бұлар да бір деммен дыбысталатын тұтастық кұрап, жымдасып, кірігіп айтылады. Мысалы:
Жазылуы
ашық ауыз көз көрім (жер) қарға адым қас пен көздің арасында қырғи қабақ
Айтылуы
ашығауұз көзгөрүм қарғадым қаспеңгөздүң арасында қырғиғабақ
Әрине, тұрақты тіркестердің барлығы айтылуда бұлайша дыбыстық өзгеріске ұшырай бермейді. Мысалы, ат ізін салмады, таң сыз берді, ауа жайылды деген сияқтылар жазылған күйінше айтылады, өйткені бұларда да компонентгер арасындағы дыбыстық ықпал өзгеріс туғызбайды. 4. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана іс-әрекет атауын білдіретін күрделі етістік дегендер болады, олар да бір ырғақпен айтылады.
Жазылуы
ала келді келе алмады бармап па еді айтып берді оқып отыр
Айтылуы
алагелді келалмады бармаппеді айтыпперді оқыботұр
Күрделі етістіктердің басым көпшілігі бір деммен айтылғандарымен, дыбыстық өзгеріске ұшырамайды, өйткені бұлардың сөз аралығында үндестік заңдарына қарай дыбыс икемделуі жоқ. Мысалы, келе жатыр, бара бер, айтып қой деген сияқты күрделі сөздер жазылған түрінше айтылады. Күрделі етістіктердің екінші бір тобы пайда көрді, қол қойды, жүрек жалғады, көз көрген, доп ойнады, асық атты, еске алды, қайқаң қақты сияқты есім мен етістіктен тұратындар болып келеді. Олар да топ құрап, бір ырғақпен айтылады. Жоғарғы мысалдардың айтылуы былайша болады: пайдагөрдү, қолғойдұ, жүрөгжалғады, көзгөргөн, добойнады, асығатты, ескалды, қайқаңғақты. 5. Ол, бұл, сол, не деген есімдіктерменкелген тіркестер де ырғағы жағынан біртұтас болып айтылады. Мысалы: солгезде, бұлгүндері, бүлғалада, олғыз, негерек, негеремет, неғылсаң оғыл.Бұлардың жазылуы: сол кезде, бұл күндері, бұл қалада, ол қыз, не керек, не керемет, не қылсаң о қыл 6. О, а, я, есияқты одағайларменкелген қаратпа сөздер бір дауыс ырғағымен айтылады да, қаратпа сөз қ, к дыбыстарынан басталып тұрса, бұл дыбыстар ғ, г болып айтылады. Мысалы:
Жазылуы
а құдай о керемет я қызым
Айтылуы
ағұдай огеремет йағызым
7. Біріккен создер де бір ырғақтық топ құрайды. Олар қалай жазылған күнде де (түбірлерін сақтап немесе сақтамай) бір- біріне үйлесіп, үндестік заңдарына бағына айтылады. Мысалы:
Жазылуы
Айтылуы
шекара
шегара
күздігүні
күздүгүнү
Жезқазған
Жезғазған
Сарыарқа
Сарарқа
Өнеркәсіп
өнергәсіп
кәсіподақ
кәсібодақ
жанкүйерлер
жангүйөрлер
орынбасар
орұмбасар
дүйсенбі
дүйсөмбі
өгізшағала
өгүшшағала
ақиық (қыран)
ағыйық
8. Қос сөздердің сыңарлары да бір деммен үйлесе, үндесе айтылады. Олар көбінесе түбірі сақталып, дефиспен жазылады.
9. Күн күркіреу, қой қоздау, аяқ аттау, жүрек жалғау, көзі күлімдеу сияқты бір сыңары з а т е с і м, екіншісі е т і с т і к болып келетін тіркестер де бір-бірімен үндесіп, бір тыныспен айтылады: күңгүркүрөу, қойғоздау, айағаттау, жүрөгжалғау, көзгүлүмдеу. Ауа райын хабарлайтын дикторлар “бүгүн пәлен жерде жаңбыр жауұп күңгүркүрөйт”деп айтулары керек (күн күркірейді емес). 10. Бала кезі, жаз күндері, жан құштары, Алматы қаласы, Байқал көлі, аяк алысы, көңіл қошы, күннің көзі сияқты бір сыңары тәуелдік жалғаулы сөз болып келген тіркестер де бір ырғақпен үндесіп айтылады: балагезі, жазгүндөрі, жаңғұштары, Алматығаласы, Байкалгөлү, айағалысы, көңүлғошұ, күннүңғөзү. 11 Негізгі сөз бен соған қатысты шылау сездер, көмекші есімдер (қасында, ішінде, үстінде т.б.) бір ырғақпен айтылады. Шылаулардың басым көпшілігі (соң, шейін, дейін, туралы, шақты, сайын, басқа, бөтен, тым, таман, ма/ме, ша/ше т.б.) алдыңғы сөзбен бір топ құрағанымен, араларында дыбыстық өзгерістер болмайды: аздан соң, үйге дейін, саясат туралы, он шақты, барған сайын, бала ма, қыз ба. Дыбыстық өзгеріс қ, кдыбыстарынан басталатын шылаулар және көмекші есімдер мен дауысты дыбысқа немесе з, л, р, н, м, у, й, ң дыбыстарына аяқталған сөздердің арасында болады. Ол шылаулар: қарай, кейін, қарсы, қасында. Мысалы, жазылуы: кешке қарай, түстен кейін, жазға қарсы, үйдің қасында, айтылуы: кешкеғарай, түстеңгейін, жазғағарсы, үйдүңғасында. 12. Әр, кей, бір, ешдеген сөздермен келген тіркестер немесе біріккен тұлғалар бір деммен кірігіп айтылады. Мысалы: әрғашан, әрғалай, әргүнү, әрғайдан, кейгүнү, кейгезде, біргезде, біргүнү, ешпір. Бұлардың жазылуы: әрқашан, әрқалай, әр күні, әр қайдан, кей күні, кей кезде, кей күні, бір кезде, бір күні, ешбір. 13. Кім, не, қайда, қай, қалай, қайсы сияқты сұрау есімдікт е р і өздеріне қатысты (өздерінен кейін тұрған) сөздермен бір топ құрайды: қайдагеттің/ баламау //. Жазуда: қайда кеттің, баламау?Нездейсін / көңлүм / нездейсің //.Жазуда: Не іздейсің, көңілім, не іздейсің ? Кім, неесімдіктерінің септеулі түрлері де (кімнің, кімге, кімді, кімнен, кіммен, ненің, неге, нені, неден, немен) өзінен кейінгі сөзбен бір ырғақты топ құрап айтылады. Мысалы: Бұл / кімніңғолү ?Жазуда: Бұл - кімнің қолы?Немеңгелдің?Жазуда: Немен келдің? Кім, не, қайсы, қалайсияқты сөоздер мынау, ол, бұл деген есімдіктерден кейін келіп тіркескенде де, бір ырғақпен айтылады: мынауыңгім, мыналаргім, бұлғайсың, мұнұңғалай, бұлғалай т.т. Бұлардың жазылуы: мынау кім, мынауың кім, бұл қайсың, мұның қалай, бұл қалай. 14. Екі-үш сөзден қаралып бір ғана түсті білдіретін к ү р д е л і сын есімдер және екі сөзден құралып бір санды білдіретін күрделі сан есімдер бір ырғақтық топ құрайды: ал қызыл (айтылуы: алғызыл), ал күрең (алгүрөң), қара ала (қарала), қара көк (қарагөк), қара күрең (қарагүрөң), он бір (омбір), жиырма алты (жермалты), он бес (омбес), қырық алты (қырығалты). Бұл жерде біз мысалға дыбыстық өзгеріске ұшырап айтылатындарын ғана келтірдік, ал күрделі сын есімдер мен күрделі сан есімдердің басым көпшілігі бір ырғақтық топ құрап айтылғандығымен, сөз аралығында дыбыстық өзгеріс болмайтындары қалай жазылса, солай оқылады. Мысалы: ақ сары, қызыл ала, ақ құба, құла жирен, он екі, он алты, қырық төрт, елу бес дегендер осы жазылған түрінше айтылады. 15. Екі сөзден құралып, бір заттың, бір құбылыстың, бір іс- қимылдың атын білдіретін (атайтын) күрделі атаулар бір ырғақпен айтылады: Мысалы: ортан қол (айтылуы: ортаңғол), асық жілік (асығжілік), токішек (тоғішек), қой қора (қойғора), қонақ үй (қонағүй), ақ жауын (ағжауұн), тас жол (ташшол), тоқым қағар (тоқұмғағар). Сөйтіп, ырғақтық топ құрайтындар жекежай тіркестерболып та (қалқан құлақ, тас жол, Байқал көлі, оқып отыр, көк ала), фраза, идиомдар сияқты тұрақты тіркестер болып та (ашық ауыз, құр қол, қас пен көздің арасында), біріккен сөздер болып та (кәсіподақ, шекара, Жаңақорған), қос сөздер болып та (қолма-қол, қилы-қилы), мәнді сөз бен шылау, одағайлар тіркесі болып та (о керемет, үйге қарай, желге қарсы)келе береді. Сөздерді дұрыс дыбыстаудың киын жерлері (қате кетеді-ау дейтін тұстар) тек жоғарыда көрсетілгендей, екі (кейде үш) сөздің аралығында ғана емес, бір сөздің ішінде де жиі кездеседі. Олар сөз түбіріне әр түрлі қосымшалар жалғаған тұстарда байқалады. Мысалы: түн+гі, қашан+ғы, түн+ге, қашан+ға, орыс+ша, жаз+са, жұмыс+шы, көн+бе+ді, көр+ін+ген деген сөздер айтылуда түңгү, қашаңғы, түңгө, қашаңға, орұшша, жасса, жұмұшшы, көмбөді, көрүнген болып дыбысталады. Дыбыстардың бір-біріне тигізетін ықпалы әсіресе біріккен сөздер (бірігіп жазылатын) мен қос сөздердің (дефис арқылы жазылатын) аясында өте=мөте сезіледі, өйткені біріккен сөздер әрдайым бір ырғақпен айтылады. Мысалы, мына сөздер: шек ара, алма-кезек, қара күйе деп бөлек-бөлек айтылмайды, шегара, алмагезек, қарагүйө болып бір ғана тыныспен (ырғақпен), бір деммен айтылады. Осы себептен де біріккен сөздер мен қос сөздерді айтуда кететін қателіктер бірден көзге түсіп тұрады (дәлірек айтсақ, құлаққа жайсыз естіліп тұрады). Қазақ тілінде кісі аттары, жер-су аттары, аң-құс, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, өсімдік атаулары және термин сөздер көбінесе біріккен сөз болып келеді. Мысалы: Кісі аттары. Жазылуы: Досжан, Сәтбай, Құланбай, Болатбек, Маржанқыз.Айтылуы:Дошшаи, Сәтпай, Құламбай, Болатпек, Маржаңғыз. Қазақ тілінің ең соңғы редакцияланған (түзетілген) емле ережелері бойынша кісі аттарының көпшілігі кіріккен күйінде естілуінше жазылады. Мысалы, Сатыбалды (Сатыпалды емес), Дәметкен (Дәмееткен емес), Ұлбосын (Ұлболсын емес), Айғыз (Айқыземес) Нұрғожа (Нұрқожа емес), Амангелді (Аманкелді емес), Қарагөз (Қаракөземес). Жер-су аттары. Жазылуы: Жезқазған, Талдықорған, Еңбекшіқазақ, Жаманқала, Ешкіөлмес, Қараөткел, Қараой, Жылыой. Айтылуы:Жезғазған, Талдығорған, Еңбекшіғазақ, Жамаңғала, Ешкөлмес, Қарой, Жылой. Аң-құс, жәндік, өсімдік атаулары. Жазылуы: қарақұрт, кәріқыз(өсімдік), алақоржын(тышқан),ақиық(қыран), бірқазан(құс),өгізшағала(құс),қозықұйрық(өсімдік),қарақұс(құс),жыланқияқ(өсімдік) т.т. Бұлардың айтылуы:қарағұрт, кәріғыз, алағоржұн, ағыйық, бірғазан, өгүшшағала, қозғұйрұқ, қарағұс, жылаңғыйақ. Терминдер.Жазылуы: өнеркәсіп, кәсіподақ, қолөнер, үшбұрыш, төртбұрыш т.б. Олардың айтылуы: өнергәсіп, кәсібодақ, қолөнөр, ұшпұрұш, төртпұрұш (бұл мысалдар тек қана айтылуда дыбыстық өзгерістерге ұшырайтын сөздер, ал біріккен сөзден тұратын адам, жер-су аттары, өсімдік, аң-құс атаулары мен терминдердің ішінде жазылуынша айтылатын, яғни үндестік заңдарына сай өзгеріс болмайтындары ете көп. Мәселен: Ақтай, Ұлдай, Қызылорда, аққу, бұзаубас (құрт), қолжазба т.т. Қос сөздер де әрдайым бір ырғақпен, бір деммен айтылады да, ондағы сыңарлар бір-біріне үндесіп, қиюласып жатады. Мысалы, айтылуда: алмагезек, қолмағол, көзбөгөз, қойаңғолтұқ, келдігетті, істүссүз, құбағұп, қыйлығыйлы, күмбөгүн т.т. Бұлардың жазылуы: алма- кезек, қолма-қол, көзбе-көз, қоян-қолтық., келді-кетті, іс-түссіз, құба- құп, қилы-қилы, күнбе-күн. Әсіресе қ, кдыбыстарынан басталатын сөздің араларына ба/бе, ма/ме, па/пе дәнекерін салып қайталап жасалатын түрлерінің (қолма-қол, көзбе-көз, қарама-қарсы), екінші компонент! (сыңары) ұяңдап айтылатынын (қолмағол, көзбөгөз, қарама- ғарсы) қатты ескеру керек. Сөздерді дұрыс айтуда көңіл аударатын келесі үлкен мәселе - орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша дыбысталу жайы. Мектептен бастап үйретіліп келген қағида бойынша орыс тілінен енген кірме сөздер қазақша сөйлеуде екі топқа бөлініп айтылуға тиіс: бірінші топқа ертеректе еніп қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес өзгеріп қалыптасқан сөздер, сол “қазақыланған” қалпынша айтылатын сөздер кіреді. Мысалы, шай, самаурын, сиса, сәтен, бәтес, бақал, жәрмеңке, жәшік сияқты “тұрмыстық” зат атаулары мен облыс, болыс, шен, кеңсе, сот, газет сияқты дерексіз есімдер орыс тіліндегідей чай, самовар, ситец, сатин, батист, бакалея, ярмарка, ящик, канцелярия, суд, газета болып айтылмай, жоғарыда жазылып көрсетілгеніндей, қазақша түрінде айтылады. Бұл сөздер сан жағынан аса көп емес, сондықтан олардың емле сөздіктерінде ұсынылған қалыптарынша айту іс жүзінде көп қайшылық келтіріп келе жатқан жоқ. Екінші топқа қазақ тіліне соңғы 50-60 жылда жүздеп-мыңдап енген, көбінесе ғылыми терминдер болып келетін сөздер жатады. Емле ережелерінде бұларды сол орыс тіліндегі қалпынша жазу ұсынылды да, олар қазақша сөйлеу актісінде жазылған түрінде айтылатын болды. Бұл ереже түрінде қатаң ескертілмесе де, сөйлеу тәжірибемізде біршама орнығып, қалыптасты. Бұған радио мен теледидар дикторларының сөздері, мектеп пен жоғарғы оку орындарындағы мұғалімдер мен шәкірттердің сөйлеу мәнері дәлел. Көптеген тілдердің тәжірибесінде шеттен енетін сөздер сол сөздерді қабылдаған тілдің фонетикалық заңдарына икемделіп, өзгеріп айтылады және сол өзгерген түрінде жазылады. Бұл - тіл табиғатына тән ортақ заңдылықтардың бірі. Осыған қарамастан, 1940 жылдардан бастап орыс жазуы - кириллицаны қабылдаған бірқатар түркі халықтарының тілдерінде орыс тілінен соңғы кезеңдерде енген сөздерді сол тілдегі қалпынша жазып, жазылған түрінше айту тәжірибесі орын алды. Бұған, сөз жоқ, кейде жұқалап, кейде ашық жүргізілген орыстандыру саясаты басты себепкер болды, яғни орыс графикасына көшуіміз де, міндетті түрде орыс тілін екінші тіл ретінде мектептен бастап үйрену қажеттігі де, жоғары оқу орындарында білім алудың негізі орыс тілінде жүргізілуі де - баршасы орыс тілінен енген сөздерді “бас аяғы бүтін” күйінде орысша тұлғалауға, орысша айтуға итермеледі. Тіл табиғатына қайшы келетін бұл тәртіп нормаға айналды. Орыс тілін де едәуір жақсы меңгерген бүгінгі орта және жас буын қазақтарды бұл құбылыс көп қинамайтыны белгілі, дегенмен соңғы жылдарда шет тілдік сөздерді ана тіліміздің дыбыс заңдарына үйлестірмей айту мен жазудың тіл табиғатына қайшы келіп тұрғаны жайында әңгіме жиі көтеріле бастады, тіпті бес-он сөзді қазақша сындырып жазып, сол жазу арқылы оларды қазақша дұрыс айтудың үлгілері деп көрсетіле бастады. Мысалы: завод, машина, станция, кило деп жазылып, осы жазылуы бойынша айтылып келген он шақты сөз зауыт, машине, станса (бұл сөзді қазақша дұрыс жазсақ және дұрыс айтсақ, ыстанса болуы керек), килә/келі / кілә деген тұлғаларда көрінді. Әрине, бұл сөздерді “қазақшалау” қиынға түспейді, өйткені бұлар ғылыми термин емес, зат атаулары және олар күнделікті өмірде ауызша сөйлеу тілінде де жиі қолданылатын сөздер, сондықтан олар бұрынғы қамыт, доға, қарындаш, сіріңке сияқты сөздердің қатарында сап түзей салады. Қазіргі жаппай сауатты, орыс тілін де меңгерген қазақтар сөйлеу актісінде завод, машина, станция, кило деп айтулары жиірек кездесуі мүмкін болса да, бұларды “қазақы” тұлғада ұсыну осы принципті дұрыс деп санаудың үлгісі ретінде орын алып отыр деуге болады. Бірақ, сөз жоқ, кірме сөздердің қазақы тұлғасында қолданылу принципінің дұрыстығына, оны әлеуметтік пікірдің қолдап отырғанына қарамастан, жүздеген, мындаған кірме сөздер мен шетжұрттық жалқы есімдердің (адам аты-жөндері мен жер-су атауларының) басым көпшілігі әлі де орысша тұлғасында жазылып, айтылып отыр. Мұның да еркімізден тыс бірнеше объективті себептері бар. Ол себептердің бірі - соңғы жарты ғасыр бойы қалыптасқан тілдік тәжірибемізді, яғни лексикалық, емлелік, орфоэпиялық нормаларды күрт бұзу - шым-шытырық, бейберекеттікке, сауатсыздыққа ұшырататын қаупі болса, екіншісі - ғылым салаларының басым көпшілігінің орыс тіліндегі әдебиетпен байланысты екендігінде және әлі де көп уақыт бұл іліктестік үзіле қоймайтындығында, сондықтан математика, физика, химия, астрономия, геология сияқты көптеген салалардың мамандарына орыс, қазақ тілдерінде бір тектес (тұлғалас) терминдерді пайдалану қолайлы екендігін ескеру қажет сияқты. Бұл екі себептің ішінде әсіресе дәстүр факторыүлкен рөл атқарады: тіл тәжірибесінде ұзақ уақыт бойы әлеуметтік қолданыста болған сөз немесе жазу үлгісі, я болмаса сөзді айту дағдысы келе-келе бұрыс болса да, нормаға айналады да, одан теп-тез ажырау мүмкін болмай қалады. Айталық, араққа қарсы күрес науқаны жанданған кезде орысша “трезвость” деген ұғымның қазақша “салауаттылық ” деген баламасы дәл де, сәтті де емес болғанымен, әдеттегі дәстүріміз бойынша осы ұғымда салауаттылық сөзін күнделікті баспасөз беттерінде үзбестен қайталап жаза берген соң, радио мен теледидардан ауыз жаппай айта берген соң, ол дағдыға айналды. Екінші мысал. Адам аты-жөндеріне келгенде, оларды екі дауыссыз дыбыстан бастап жазу атақты жазушы Ғабдол Сылановтың фамилиясын Сланов деп жазудан басталып, бұл күнде Смаханов, Смайылов, Спатаев деп жазу етек алып кетті, дағдыға айналып бара жатыр, бірақ ол дағды нормаға ауыспауға тиіс, өйткені емле ережесі мұны мүлде көтермейді. Үшінші мысал. Әр түрлі себептермен сөздерді жазылуынша немесе жеке тұрғандағы тұлғасынша айтудың дағдыға айналу қаупі туып отыр. Бұл өте қате дағдыны нормаға айналдырмау үшін күрес - осы құралдың басты мақсаты. Демек, тіл тәжірибесіндегі дағдымен күресудің оңай еместігін байқаймыз. Әрине, дағдылардың баршасы теріс, қатеден бола бермейді. Осы себептен ондаған жылдар бойы кірме сөздерді орысша жазып, орысша айту көпшілік дағдысына айналғандықтан және ол дағды ресми норма ретінде қалыптастырылғандықтан, мұны бір сәтте өзгерту мүмкін еместігін сеземіз. Сондықтан тұлғасы өзгертілмей енген кірме сөздер орысша тұлғаланғанмен, орфоэпиялық нормаға келгенде оларды тек қана орыс тіліндегідей етіп айту шарт емес деуге болады, яғни химия, физика, электр, автобус, академия, ассоциация, брокер, валюта, глобус деген сөздерді орысша дыбыстауынша айтуға да болады, қазақыландырып, кыймыйа, еліктір, әкедемие, бірөкер, гылобұс деп айтсаңыз да еркіңіз, қайткенде да бұларды сөйлеу актісінде не таза орысша түрінде айту керек, не барлығын қазақыландырып айту керек деген орфоэпиялық қағида ұсынбаймыз. Егер қазақ жазуы өзгеріп (айталық,- латын жазуын қабылдап), кірме сөздердің жазудағы тұлғасы өзгертіліп, ұсынылып жатса, сол өзгеріп жазылған түрінде немесе соған жақындатылып дыбыстау норма болмақ. Ал “орыс жазуын” қолданып отырған қазіргі күндерімізде орыс тілінен енген орыстың өз сөздері мен халықаралық термин сөздерді орыс тілі орфоэпиялық нормасы бойынша да, қазақша “сындырып” та айтуға (дыбыстауға) болады деген “екіұдай” қағида ұсынуға тура келеді.