2. СӨЗ САЗЫ, ЯҒНИ СӨЗДІ ДҰРЫС АЙТУ (ДЫБЫСТАУ) ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ
С ө з сазыдегеніміз - сөйлеу үстінде (актісінде) сөздердің дұрыс айтылып, құлаққа жағымды естілуі. Ал сөздерді дұрыс айту дегеніміз тілдің табиғи дыбыс заңдылықтарын сақтау болып табылады. Қазақ тілінің, өзге де ұлттық әдеби тілдер сияқты, екшеліп, қырланған, тұрақталған, жалпыға ортақ заңдылықтары, яғни нормалары бар. Ол заңдылықтардың бір бөлегі сөздерді дұрыс таңдап, орнымен жұмсауға қатысты болып келеді, оны лексикалық нормалар деп. атаймыз, енді бір саласы сөздерді бір-бірімен дүрыс байланыстырып, сөйлемдерді құрастыра білуге қатысты болып келеді, оны грамматикалық нормалар дейміз. Дұрыс жазу заңдылықтарын орфографиялық нормалар, ал дұрыс айту (дыбыстау) заңдылықтарын о р ф о э п и ялық нормалар деп атаймыз. Бұлар ғылымдағы атаулар. Соңғы орфоэпиялық нормалар деп отырғанымыз жоғарыда айтылған “сөз сазы” деген ұғымға қатысты. Бұл нормалардың барлығының да тіл үшін бір-бірінен артық-кемі жоқ, маңызы бірдей. Сауатты, мәдениетті адам үшін дұрыс сөйлеп, қатесіз жазу қандай міндет болса, сөздерді дұрыс айтуы (дыбыстауы) сондай шарт. Бұл нормаларды берік сақтап, іс жүзінде ұстана білу “тіл мәдениеті” деген үлкен бір әлеуметтік мәні бар құбылысқа, талапқа барып тіреледі. Осыдан барып “тіл мәдениеті” дегеннің ішінен “ауызша сөйлеу мәдениеті” деген саланы бөліп әңгіме етуге болады. Алдымен, ауызша сөйлеу мәдениеті мен сөйлеу техникасы дегендер бір нәрсе емес екенін ескеру қажет. Сөйлеу техникасы сөйлеушінің, яғни актердің, диктордың, мінбеден сөйлейтін шешеннің, кафедрадан сөйлейтін мұғалімнің өз даусын меңгеруіне байланысты сөз болады. Адамның өз даусын меңгеруі оның тынысына, сөйлеу мүшелерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу шапшаңдығына (темпоритмге), паузаға, дикцияға байланысты болады. Біздің әңгімеміздің өзегі сөйлеу техникасы емес, сөз сазы, яғни сөйлеу мәдениеті. Сөйлеу мәдениеті дегеніміз ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар, өзіне тән нормаларды сақтауы болып табылады. Бұл нормаларға сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібі жатады. Сөздің сазын келтіріп айту әсіресе шаршы топ алдына шыққандарға қойылады. Шаршы топ алдында сөйлеушілердің өзі біркелкі болмайды. Жиналыстарда ойын ауызша білдіретіндер мен жазып алып оқып беретіндер, спектакльдерде ойнайтын актерлар мен табан аузында репортаж жүргізетін журналистер, комментаторлар, дикторлар мен интервью берушілер, әрине, бірдей емес. Бірқатары жазылғанды оқитындар болса, енді бірқатары табан аузында ауызша сөйлейтіндер. Бірақ барлығы да топ алдында шығатындар болғандықтан, олардың ауызша сөйлеу нормаларын, оның ішінде орфоэпиялық заңдылықтарды сақтаулары қатаң талап етіледі. Әдетте актер жазылған пьесаның сөздерін айтады, диктор жазылған материалды оқиды, лекторлар көбінесе жазылған текске қарап сөйлейді. Демек, олар әдеби тілде дайындалған сөзді ауызша айтып жеткізушілер ғана сияқты. Сырт қарағанда, бұларға тіл мәдениеті жөнінен көп салмақ түспейтін тәрізді болып көрінеді. Ал шындығында тілге қатысты ең үлкен талаптың бірі осыларға қойылады. Өйткені сөйлеу мәдениетінің бір шарты жазылған материалды немесе айтылмақ ойды дауыс ырғағын дұрыс келтіріп, табиғи түрде оқып немесе айтып беру, яғни сөз сазын келтіріп дыбыстау болса, бұлардан сол талап етіледі. Сөздің жеке тұрғандағы дыбысталуы мен сөйлеу үстіндегі айтылуы әрдайым бірдей болып келмейді. Сол сияқты сөздердің жазылған түрі мен оның оқылуы да үнемі бірдей түсе бермейді. Сөйлеу үстінде немесе жазылғанды оқып беру процесінде сөздер бір-бірімен “тіл табысып”, үндесіп, үйлесіп жатады. Сол үйлесімдік үшін сөздердің кейбіреулері бір-екі дыбысын “сындыруға”, өзгертуге, кейде тіпті жоғалтуға дейін барады. Мұндай үйлесімдік - қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи заңдылықтары. Әрбір тілдің озіне ғана тән дыбысталу ерекшеліктері - сол тілді өзге туыс тілдерден бөлек дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі. Ол ерекшеліктер сақталмаса, сол тілдің табиғатына нұқсан келді деген сөз. Мысалы, алдыңғы сөз а, е,ы, і сияқты дауысты дыбыстарға аяқталып тұрса немесе р, л, з, й, үнді у (тау, бау деген сөздердегі) дыбыстарына аяқталған болса, дауыс ырғағы жағынан сол сөзбен тұтасып айтылатын келесі сөздің басқы қ, к дыбыстары ұяңдап, ғ, г дыбыстарына алмасады. Мысалы, бала кезде, келе қалды, күні кеше, кез келген, бұл күндері, қол қойды, қаз-қатар, ай қабақ деп жазылған сөздер балагезде, келеғалды, күнүгеше, кезгелген, бұлгүндөрі, қолғойдұ, қазғатар, айғабақ болып айтылуға тиіс. Біріккен сөздердің ішінде де аралық дыбыстары жоғарыдағы көрсетілген түрде келгендері осылайша “сындырылып”, яғни қ, к дыбыстары ұяңдап айтылады. Сондықтан Меңдікыз, Талдықорған, Жезқазған, Жаңақорған, өнеркәсіп, бірқатар, қылқалам түрінде жазылатын біріккен сөздер Меңдіғыз, Талдығорған, Жезғазған, Жаңағорған, өнөркәсіп, бірғатар,қылғалам болып айтылуы керек. Сөздер аралығындағы бұл дыбыстар керісінше орналасқан жағдайда да, яғни алғашқы сөз қ, к, п дыбыстарына аяқталып, бір ырғақпен айтылатын келесі сөз дауысты дыбыстардан басталса, бұл дауыстылар алдыңғы қатаң дыбыстарды “сындырып”, жұмсартады, яғни ұяндатып жібереді. Мысалы, шекара, көк ала, көкөніс, қарап отыр, сатып алдым сияқты сөздер шегара, көгала, көгөнүс, қаработұр, сатыбалдым болып айтылуы - заңдылық. Мектепте қазақ тілі бағдарламасының фонетика, грамматика салаларынан “қазақ тілінің үндестік заңдары” деген тақырып өтіледі. Тіл білімінде “үндестік заңы” дегеннің баламасы ретінде “сингармонизм” деген термин қолданылады. Әдетге дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігі жағынан қосымшаларды өзіне үйлестіруін “сингармонизм” деп атап келдік. Ал шындығында сингармонизм тек дауыстылардың үндесуі емес, сөзді құрап тұрған барлық дыбыстардың біркелкі не жуан, не жіңішке болып үндесуі екенін соңғы кездердегі зерттеулер баса айтады1. Оның үстіне бұл үндестік қазақтың төл сөздеріне және ертеректе енген кірме сөздерге, олардың бір буынды түрлеріне де, көп буындыларына да тән екендігі көрсетіледі2, яғни сөздің қалай таңбаланғанына қарамастан, ішінде жуан-жіңішке дауысты дыбыс әріптері жазылғанмен, тұтасымен не жуан, не жіңішке дыбысталуы тиіс деп танылуы қажет. Мысалы, кітап, күмән, кінә деп жазылған сөздердегі дыбыстар кітәп, күмән, кінә түрінде үндессе, біраз,бірақ, қауіп, қазір сияқты сөздер тұтасымен жуан айтылып, олардағы дыбыстар быраз, бырақ, қауып, қазыр (немесе кәзір) болып үндеседі. Міне, осы сияқты сингармонизм заңы жазудың ыңғайымен, яғнибір соз ішінде жуан да, жіңішке де дауыстылардың жазылғанына қарай, өзінің табиғи түрде айтылуын бұзып жіберетін фактісі байқалады. Мұндайда дыбыстау автоматизмінен гөрі, сөзді “ойланып” айту жүзеге асады: қа+зір, бір+аз, бі+рақ. Қазақ тіліндегі сөздер сингармониялық тембріне қарай жалпы төрт түрде үндеседі: олар жуан, жіңішке, еріндік, езулік. Жоғарыда көрсеткеніміз - жуан-жіңішкелікке қарай үндесу, ал еріндік-езулік дыбыстардың бір-біріне ықпалына қарай болатын гармония ерін үндестігі деп аталады. Сөз басында немесе сөздің бірінші буынында келген о, о, ұ, ү еріндік дауыстылары сол сөздің ішіндегі өзінен кейінгі буындарда жазылған ы, і, е дауыстыларын өздеріне үндес етіп айтқызады. Мысалы: күмүс (жазылуы: күміс), кұлұн (жазылуы: құлын), үйрөнүу (жазылуы: үйрену).Үндесудің бұл түрі де жазудың әсерімен бұзылып, еріндік, езулік дауысты дыбыстар аралас айтылатын фактілері бар. Айталық, құрұқ, күлүмгөз, өлөң, өнөр, өсүм деп дыбысталуға тиісті сөздерді құрық, күлімкөз, өлэң немесе өлең, өнэр, өнер, өсім деп айту жиі кездеседі. Тек үндестік заңдары бойынша емес, қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтары өзге сәттерде де орын алады. Мысалы, бір әуенмен (ырғақпен) айтылатын екі сөздің арасындағы (алдыңғы сөздің соңғы дыбысы мен келесі сөздің басқа дыбысы) дауыстылардың бірі “жұтылып” кетеді, дәлірек айтсақ, соңғысы алдыңғысын “жұтып” қояды. Мысалы, Сары арқа деген екі сөз бір әуенмен, яғни қосылып айтылуға тиіс, сондықтан оның дұрыс дыбысталуы - сарарқа. Сол сияқты келе алмады деген күрделі етістік те бір әуенмен айтылатын сөздерден тұрады, оның да орфоэпиялық суреті - келалмады болу керек. Бұлардың екеуінде де алдыңғы сөздің соңғы дауыстысы “түсіп қалып”, аралық тұста соңғы сөздің алғашқы дауыстысымен екі сөз қосылып айтылады. Сөздердің жазылған түрі мен (графемамен) дыбысталу (айтылу) сазы бірдей бола бермейтіндігі иәрпімен келген сөздерде до к«м и түседі. Анығында бұл бір таңбамен ый, ій деген дыбыстар қосындысы (тіркесі) таңбаланады: сипат - айтылуда: сыйпат, сиыр - айтылуда: сыйыр, шикі - айтылуда: шіикі, ақ тиін - айтылуда: ақ тійін. Жеке айтқанда итаңбасын жіңішке дыбыстаймыз. Екі-үш (көп) буынды сөздерде келген (жазылған) и әрпін жуан не жіңішке дыбыстау оңай, ол сол сөздегі өзге дауыстылардың ыңғайымен айтылады. Мысалы, бір тиын (ақша) дегенде, и-ді сөз ішіндегі ы-ға қарай жуан айтамыз: тыйын, ақ тиін дегенде келесі буындағы і жіңішке дауыстыға қарай ій етіп айтамыз: тійін. Ал бір буынды сөздерде жазылған и әрпін айтуда қиындық тууы мүмкін. Мысалы, ми деп жазылған сөз мый ма әлде мій ме? Мұндайда осы сөзге іштей қосымша жалған көріп, егер ол жуан жалғанса (мыйы+ма қонбайды, мый+ы жоқ дегендер сияқты) мыйдеп айту керек болады. Сондықтан жазылуына қарап, и дыбысының жіңішкелігін еске алып, мій деп айтуға болмайды. Сол сияқты бидай деп жазылған сөздің алғашқы буынын жіңішке (бій), соңғысын жуан (дай) дыбыстау қазақ тілінік дыбыс әуеніне қайшы келеді, бұл сөздегі би буыны таза быйда емес, сондықтан болар, айтылуда бұл сөз көбінесе бұйдай түрінде келеді. Әрине, қазіргі жазуымызда бір әріппен әрі жуан, әрі жіңішке дыбыстар қосындысын таңбалау ұтымды болмай шықты. Әсіресе сөзді буындауда, соған қарай дұрыс тасымалдауда қиындық пайда болып отыр. Қазақ тілінің буындау тәртібі (заңы) бойынша екінші, үшінші буындар еш уақыт дауысты дыбыстан басталмауы керек, тек дауыссыздан немесе үнді (сонор) у, й дыбыстарынан басталуы тиіс: қа-ла-лық (қал-ал-ық емес), та-уық (тау-ық емес), қа-йық (қай-ық. емес). Мұны бүдан 80-90 жыл бұрын Ахмет Байтұрсынов жақсы көрсетіп, айтып берген-ді1. Ал қазіргі емлеміз бойынша сиыр, қиыр, тиын, тиін, тиіс деген сөздерді қалай буындаймыз? Дұрыс буындалуы: сы-йыр, қы-йыр, ты-йын, ті-йін болуы керек. Ол үшін сыйыр, қыйыр, тыйын, тійін деп жазылуы керек еді. Идыбысының бір буынды сөздерде жуан не жіңішке айтылуының (яғни бұл әріптің ыйнемесе ійдеген дыбыстар қосындысын таңбалауының) сөз мағынасын айыруда үлкен мәні бар. Сол себептен қазіргі емле ережелерімізде ескерту (ауытқу) ретінде тый/ти, сый/си деген сөздерді осы көрсетілген түрінде жазылады деп көрсетіп келеміз. Қалған тұлғалардың бәрінде и әрпі жуан дыбыстың да, жіңішке дыбыстың да таңбасы болып жазылатындықтан, бұл әріппен келген сөздерді дұрыс айтуда ұқыптылық қажет. Сөз сазына келгенде, мәселе тек үндестік заңдарымен немесе дыбыстар кірігуі (жұтылуы) сияқты құбылыстармен шектелмейді. Ғылыми тұрғыдан келгенде, шешіліп (зерттеліп) жатқан, әлі де қарастырыла түсуге тиісті мәселелер аз емес. Әсіресе тіл-тілдің дыбыстар жүйесін машинаға салып бақылау барысында оны құлақпен есітіп қана талдау әдісі толымсыз екендігі айқындалып отыр. Мамандардың айтуына қарағанда, эксперименттік-фонетикалық әдіс дыбыстаудың құлаққа естілмейтін нәзік сәттерін тануға мүмкіндік береді, осының нәтижесінде құлақпен тыңдағанда тұтас дүние болып естілетін кейбір дыбыстар артикуляция (айтылуы) жағынан бірнеше элементтен тұратындығы байқалады екен1. Сөздің жеке тұрғандағы дыбыстық құрылымы мен фразадағы құрылымында айтарлықтай өзгешелік бар екендігі тек қазақ тілі бойынша емес, өзге тілдердің материалдары бойынша да дәлелденуде. Зерттеуші Мұхаметжан Исаев қазақ тілінде сөздердің сөйлем ішінде орналасуы (айналасы) олардағы дауыстылардың айтылуына әсер етеді дейді2. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеуде дифтонгоидтық деп аталатын құбылысқа ерекше назар аударылады. Бұл - е, о, ө сияқты дауыстылардың алдында й, у деген қосамжар дыбыстардың айтылуы (естілуі). Әдетте мектеп оқулықтары мен орфоэпиялық ережелерімізде е, о, ө дауыстыларының қосарланып дыбысталуы, яғни олардың алдында й, у қосамжар элементгерінің айқын байқалатын жері сөздің басында келуі деп айтылып жүр. Ал қазақ фонетикасын эксперименттік әдіспен зерттеуші маман Ә.Жүнісбековтың көрсетуі бойынша е дыбысынын дифтонгоидтық сипаты дауыссыздан кейін тұрғанда едәуір әлсірейтіндігімен, мүлде жойылып кетпейді екен3 , яғни бес, бет, бер сияқты сөздердің айтылуында да е дыбысы э-ге жуықтап емес, алдынан сәл й қосамжар элементі қатысатындығы машинаның (эксперименттің) көрсетуінен ғана байқалмайды, тіпті ауызша айту мен құлақпен естуде де байқалады. Мысалы, орыс тіліндегі бес (жын, сиқыршы) сөзі мен қазақ тіліндегі бес (сан) сөзін әр тілдің өз орфоэпиялық заңымен дұрыс айтып көріңіз. Зерттеушілер аталған дыбыстың дифтонгоидтык сипаты орыс тіліне қарағанда, әлдеқайда күшті болғандықтан, қазақ тіліндегі е дыбысымен келген кейбір есімдерді орысша таңбалауда оның естілуіндегі дифтонгоидтік сазы (йе болып айтылуы) әсер етіп, е-мен жазылуға тиісті тұстарында и әрпі жазылып кеткенін көрсетеді. Мысалы, Алматы маңындағы үстіне тау құлап, жоғалып кеткен Есік көлін Иссык деп, Шелек деген жер атауын Чилик деп жазылып жүргенін білеміз1. Қосамжар дыбыстар көрінісі, яғни протеза құбылысы ы, і қысаң дауыстыларының жазылу-жазылмау, соған орай айтылу-айтылмау мәселесін де қамтиды. Бұл мәселеге арнайы назар аударған зерттеушілер (Ш.Сарыбаев, Б.Қалиев, С.Кеңесбаев, И.Ұйықбаев т.б.) қолданылып жүрген емле ережелерімізде сөз ішінде және сөз басында ы, і әріптерінің жазылу-жазылмауында қайшылықтар бар екенін айтады. Шынындада солай. Әрине, сөздің жазылуы, яғни орфография ережелері - өз алдына бөлек дүние, бірақ біз әңгіме өзегі етіп отырған сөз сазына, яғни орфоэпияға қатысы зор, әсері бар мәселе. Сондықтан емле заңдылықтарының бірізді болып келуі сөздерді дұрыс дыбыстауға жәрдемін тигізеді. Дегенмен сөз сазының, яғни графема мен фонеманың әрдайым үйлес келе бермейтіндігі белгілі, сондықтан қалай жазылса, солай оқу мүмкін емес болады. Қазіргі емле ережесі бойынша сахна, рахмет, ресми сияқты бес-он сөздің екі буынының ортасына ы, і әріптерін кірістірмей жазып жүрміз. Сондай-ақ ерін, орын, халық, ауыл, әріп, көрік, құлық сияқты создерге -ым, -ың, -ы (-ім, -ің,-і) деген тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, екінші буындағы ы,і дыбыстары “сусып түсіп қалады” деп, олардың таңбаларын жазбаймыз: орным, орның, орны, халқы, халқымыз, аулым, аулың, әрпі, көркі, құлқы (мінез-құлқы) т.т. Ал осыған ұқсас екінші буыны ы, і дыбыстарымен келетін сөздердің енді бір тобында тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, ы, іәріптерін түсірмей жазып жүрміз: дауыл - дауылы, қайыс - қайысы, бауыр - бауыры, ойын - ойыны, құйын - құйыны. Екінші буыны ы, ідыбыстарымен келетін сөздер қ, ксияқты қатаң дыбыстарға аяқталған болса және тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, бұл қатаң дыбыстар ұяндап кететін болса, ол күнде ы, і дыбыстары түсірілмейтіндігі тіпті даусыз: қайық - қайығы, түлік - түлігі, қорық - қорығы, көрік - ұстаның көрігі, қалып (форма) - қалыбы. Мұндай сөздерге тәуелдік жалғаулары жалғанғанда, олардың соңғы қатаң дыбысы ұяңдамаса, ы, і әріптерін түсіріп жазамыз: “әдемі жүз, шырай” мағынасындағы көрік сөзі тәуелденгенде, көркім, көркің, көркі болады, “мінез-құлық” дегендегі құлық сөзі кұлқы болып тәуелденеді де, құлақтың құлығы дегендегі құлық сөзі құлығы болып өзгереді. Дауысты дыбыстарға аяқталатын сөздерге дауыстыдан тұратын немесе дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, я болмаса дауыстыдан басталатын сөз тіркес құрай ұласа айтылғанда, қысаң ұ, ідыбыстары айтуда да, кейде жазуда да түсіп қалады: жеті+еу - жетеу, қара+ағаш - қарағаш, сары+алтын - саралтын (айтылуы). Осы реттегі қысаң ы, ідыбыстары түсіріліп не сақталып жазылатынсөздердің қай-қайсысын айтуда да біздің “сусып түсіп қалады” деп жүрген құбылысымыз абсолюттік емес, яғни сөздің айтылуында ы, і дыбыстары мүлде “ғайып” болмайды, олардың сарқыншағы сақталады. Атап айтсақ, ерні, халқы, ауру, уақтылы, қаупі, ойна депжазылған сөздер (айтылар-айтылмас, естілер-естілмес ілеспе-протезалық ы, і дыбыстарын жақша ішіне алып таңбаласақ) ер[і]ні, хал[ы]қы, ау[ы]ру, уақ[ы]тылы, қау[ы]пы, ой[ы]на болып айтылады. Тіпті Сарағаш, Сарөзек, саралтын сияқты ыдыбысы мүлде “жұтылып” кететін сөздердің өзін дыбыстауда да оның “ілеспе” түрі (орысша: призвук) сақталады: Сар[ы]өзек, Сар[ы]ағаш, сар[ы]алтын. Егер (бұл сөздерде ы, і қысаң дыбыстары мүлде “жұтылып” (сусып, жоғалып) кеткен болса, ер//ні (осылайша екі бөліп айтып көріңіз), хал/ /қы, Сар//ағаш, сар//алтын деп айтылуға тиіс болар еді. Л, р әріптерінен басталып жазылып жүрген сөздердегі сөз басындағы ілеспе (немесе қосамжар) ы, і дыбыстары да назар аударады. Бұл күнде лақ, рет, рас, ру, лас, лек деп жазып жүрген сөздеріміз бір кездерде ылақ, ірет, ырыс, ұру, ылас, ілек түрінде жазылып жүрді. Бұлайша жазудың шынында да қисыны бар еді, өйткені осы сөздердің алдында айтылуда ілеспе ы, і дыбыстарының бары даусыз. Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, рдыбысы түркі сөздерінің басында келмейді. Көне түркі ескерткіштері тілінде кездесетін р-дан басталатын 50 шақты сөздің бәрі араб, парсы, санскрит тілдерінен енген кірме сөздер екендігі көрінеді1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде (3-басылым, 1988) және осы “Анықтағышта” ұсынылған орфографиялық сөздікте р әрпінен басталып жазылып берілген сөздердің барлығы дерлік кірме тұлғалар, басым көпшілігі радар, радио, ракета, ревизор, рельс сияқты орыс тілі арқылы енген сөздер, қалғандары разы, рақым, рақат, рәсуа, рия сияқты араб, парсы сөздері, тек ру, рет, рас, рай тәрізді 5-6 тұлға ғана ұру, ірет, ырас, ырай деген төл сөздердің жоғарғы топқа қолдан жетелеп әкеп қосылғандары. Бұлардың барлығында, тіпті орыс тілі арқылы енген радио, рельс, роман сияқты сөздердің өзін қазақша сөйлеу актісінде айтуда сөз басындағы р дыбысының алдында ілеспе ы, ідыбыстары орын алады. Л-дан бастап жазып жүрген сөздеріміз де осы сияқты: көбі кірме сөздер (лаборант, лазер, лексика), ал араб, парсы тілдерінен еніп “қазақыланып кеткен” немесе қазақтың төл сөзі деп табылатын тұлғалардың да жазылуы қолдан жасалынды, сондықтан айтылуда ылай, ылақ, ылау болып айтылады. Бұл топтағы лүп, лүпіл, лық (толы), лып-лып сияқты ү, ы, ідыбыстарымен буын құрайтын сөздердің басындағы ілеспе дауыстылардың айтылу (естілу) сапасы (күші) алдыңғы топтан төмендеу екенін жай құлақпен де байқаймыз. Сөздің жазылуы мен айтылуына келгенде, қайшылығы көрініп, біраз пікір таласын туғызып келе жатқан тұстың бірі - ж, ш дыбыстарынан кейінгі а, ә дыбыстарының орфограммасы мен орфоэпиясы. Тек қазақ тілі емес, жалпы түркі тілдерін зерттеген мамандар сөз басындағы ш, ж (дж) мен й дыбыстарының ортасында келген а дыбысы жіңішке айтылатындығын көрсетеді1. Қазақ тілінде де солай: шай, жай және жай буынынан басталатын көп буынды жайғасу, жайдақ, жайдарлы, жайнақы, жайнаң т.б. сияқты сөздер шәй, жәй, жәйдақ, жәйдарлы...болып айтылады, ал шай, жай деген бір буынды сөздерге қосымша жуан жалғанады: шәй+ға кел (шәй+ге кел емес), жәй+ы+ң+а қара (жәйіңе қара емес). Жай дегеннен басталатын көп буынды сөздердің барлығы да жуан сөздер, яғни екінші, үшінші... буындары а, ы жуан дауыстыларымен келеді. Осы зандылықты ескеріп, емле сөздігінде шай, жай деген бір буынды сөздерді жуан а дыбыс әрпімен жазу ұсынылған. Соған қарамастан, айтылу (естілу) заңдылығына қарай осы сөздер жеке бір буынды болып тұрғанда, кейде тіпті оларға жуан қосымшалар жалғанып тұрған күннің өзінде шәй, жәй, жәйдан-жәй, жәйғасу деп жазу жиі кездеседі. Сингармонизм заңы бойынша сөз тұтас не жуан, не жіңішке айтылуға тиіс болса, қазақ тілінде мұндай үндестік қатардың көрнекті түрде бұзылатын тұсы осы жерде тәрізді. Мысалы жайдақ шам деп жазылғанды жәйдақ шам деп айтамыз, ал үндестік заңы бойынша бұл сөз не жайдақ, не жәйдек болып дыбысталуы қажет қой. Қазақ сөздерінде сөз басында немесе ішінде келген ж дыбысының айтылуында да ескеретін жайт бар. Экспериментгік байқау қазақ әдеби тіл нормасында ж дыбысының таза аффрикат дж түрінде айтылмағанымен, ж-ның алдында өте әлсіз ілеспе д жаңғырығының барын айтады. Таза аффрикат дж қазақ тілінде диалектілік ерекшелік ретінде көрсетіледі. Бұл жөнінде кеңінен талданған еңбектер бар2. Мысалы, қарақалпақтар арасында тұратын қазақтар сөз басында келген ждыбысын дж деп айтатындығын (джоқ, джігіт, джантақ) көрсетеді. Бұл ерекшелік Қазақстанның оңтүстігіндегі кейбір аудандардағы қазақтар тілінде де ұшырайтындығы тіркелген. Мысалы, зерттеуші О.Нақысбеков Шу ауданындағы қазақтар тілінде дж аффрикат джайлау, джауын, джүлде сияқты сөздердің басында аіітылса, олжа, болджау сияқты сөздердің ортасында қолданылатынын көрсетеді. Бұл құбылыс Сарысу ауданы тұрғындарында (С.Омарбеков), Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Семей облыстарының кейбір аудандарындағы, Монғолиядағы қазақтар тілінде де байқалады (Ж.Досқараев). Ал әдеби тіліміздің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздің басындағы да, ортасындағы да ж дыбысы таза, айқын дыбысталатын дж аффрикаты болып емес, жалаң ж(тіпті алдында өте әлсіз джаңғырығы болған күннің өзінде де) дыбысы болып айтылуға тиіс, яғни ж-ның алдынан жоғарыда көрсетілген жергілікті жердегідей д қосалқы дыбысы айқын айтылмайды. Қазақ тіліндегі шдыбысынан басталатын сөздердің ч-мен айтылуы (чал, чатақ, чырақ) да осы іспеттес: ол да диалектілік ерекшелік. Сөз басында ч дыбысын айту Қазақстанның шығыс, оңтүстік- шығыс өңірі мен Монғолия, Шыңжан өлкелеріндегі қазақтардың сөйлеу тілінде орын алады. Ал әдеби тіл нормасы бойынша қазақ сөздері тек шдыбысымен айтылады: шал, шатақ, шырақ. Сөз ортсында және соңында келген шдыбысының осы түрінде айтылуында тіпті дау жоқ: ақша (ақча емес), қанша (қанча емес), қалаш (қалач емес), күш (күч емес). Бұл заңдылық тіпті жергілікті жерлерде сөз басында ч-мен сөйлейтіндердің тіліне де тән. Сөз сазын, орфоэпиялық норманы әңгіме еткенде, қазақтың өз тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес, тек кірме сөздерде жазылатын в, ф, х, һ, ц таңбаларын дыбыстау жайына тоқтауға тура келеді. Бұлардың ішінде һтаңбасы тек араб, парсы тілдерінен енген сөздерде ғана, ал х, фәріптері араб, парсы тілдері мен орыс тілі арқылы енген сөздерде жазылып жүрсе, в, ч, ц, щ-мен тек орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздер мен орыстың өз сөздерінде жазылады. Бұл сөздерді, әсіресе орыс тілі арқылы енгендерді қазақ тілінде негізінен сол әріптер белгілеп тұрған дыбыстарды өзгертпей айтқан жөн: вагон (бәгөн емес), факультет (пэкүлтет емес), химия (қимия емес), гауһар (гауқар немесе гаухар емес), цирк (сирк емес): щ әрпімен келген сөз қай тілдің сөзі болса да ш дыбысымен айтылады: училишше (училище), ашшы (ащы), тұшшы (тұщы).Сөйлеу үстінде һ, х дыбыстарымен келген араб, парсы сөздері қазақша қдыбысына жуық айтылу фактісі жиірек кездеседі, бұл да қате емес, біріншіден, оның себебі бұл дауыссыздардың қазақ тіліне тән емес екендігінде болса, екіншіден, һ, х дыбысты көптеген араб, парсы сөздерінің ертеректе енген не қ-мен айтылып кеткендігіне немесе олардың түсіп қалу дәстүріне байланысты. Мысалы, хаким сөзі әкім болып, һәр сөзі әр, һәм шылауы әм, рахим сөзі рақым, Зухра жалқы есім Зура (Зәуре), Зере түрінде қалыптасқаны бұл күнде тарихи дәстүрмен Ахмет, Мұхит, сахна деп жазып жүрген сөздерді Ақымет, Мұқыйт, сақына деп айтуға ерік береді. Демек, сөздің жазылуы мен айтылуы үнемі бірдей түсе бермейді екен, яғни сөз қалай таңбаланса, сол таңбаларды ғана сақтап айту әрдайым шарт та емес, мүмкін де емес. Әрине, қазақ тілінде жазылуы бойынша айтылатын сөздер де аз емес. Мысалы, ара, ала, алау, аламан, алмақ, алғы, алғашқы деген сияқты сөздердің жеке тұрғандағы айтылуы олардың таңбалауымен бірдей. Міне, қазақ тіліндегі сөз сазының басты-басты құбылыстары жайында жалпы таныстыруды осымен аяқтауға болады. Әрине, бұл жерде біз қазақ орфоэпиялық заңдылықтарын бастан-аяқ түгел баяндап отырған жоқпыз, өйткені бұл заңдылықтардың норма ретіндегі көрінісі осы кітапта ережелер түрінде түгелге жуық ұсынылады. Мұнда көзделген мақсат - тілдің сөздік қазынасы (лексикасы), грамматикасы, дыбыстық жүйесі (фонетикасы), жазу жүйесі (орфографиясы) салаларында өздеріне тән заңдылықтары болатыны сияқты, сөздерді дұрыс айтудын да, дұрыс дыбыстаудың да (орфоэпияның да) табиғи тәртібі, нормалары болатындығына назар аударту. Өзге салаларға қарағанда орфоэпия мәселелері назарға кешеңдеп ілініп отыр. Оның да себептері бар. Тіл-тілдің қай-қайсысында да орфоэпиялық нормаларды арнайы сөз ету, яғни оларды көрсету, зерттеу, реттеу кешеңдеп қолға алынады, өйткені ұлттық әдеби тіл әбден қалыптасып, барлық адамдарға, тіл қолданысының барлық саласында, сол ұлт мекендеген барлық өлкеге ортақ, бірдей болған күнде ғана сол тілде ауызша дұрыс сөйлеудің нормасы, оның ішінде орфоэпия тәртіптері баршаға түгел міндетгі сипат алады. Қазақ тілінің сөз сазының орфоэпиялық жүйесін арнайы сөз ету кейін, үстіміздегі ғасырдың 60-70 - жылдарынан бастап қолға алынды. А.Байтұрсынұлы атындағы академиялық Тіл білімі институты 60-жылдардың соңғы кезінде “Тіл мәдениеті” деген бөлім ашып, белгілі ғалым М.Балақаев қазақ тілінің сөз мәдениетін, орфографиясы мен орфоэпиясын зерттеуге басшылық етті, өзі де “Қазақ тілінің мәдениеті” (1971), “Қазақ әдеби тілі және оның нормалары” (1984) атты еңбектерді жарыққа шығарды, бөлім қызметкері Қ.Неталиева “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін” құрастырып, ол 1977 жылы жұртшылық қолына тиді. М.Дүйсебаева “Қазақ әдеби тілі орффоэпиясының кейбір мәселелері” атты еңбегін 1973 жылы ұсынды, мектепке арналған “Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі” (1981) шықты. 1983 ж. және 1995ж. біз “Сөз сазы” (сөзді дұрыс айту нормалары) атты арнайы кітапша шығарып, оны мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, сахна қайраткерлері мен радио, теледидар дикторларына, комментатор мен журналистерге нақты құрал ретінде ұсындық. Онда тұңғыш рет қазақ тілінің орфоэпиялық ережелері берілді. Бұл ережелер қолданбалылық (практикалық) мақсатта түзілді, сондықтан көрсетілген қағидаларды жаттықтыратын мысалдар мен тапсырмалар беріліп отырды .