Ашық (асық) - ғашық, құдай - құдая, заман - замана сияқты параллельдерді ақындар буын санының артық-кемі қажет болған сәттерде кезек таңдап қолдана береді. Олар сол қолданылған түрінде айтылады (дыбысталады). Мысалы, Абай:
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да –
дегенінде асық вариантын алады, өйткені дауыстыдан басталған асық сөзі алдындағы сөздің соңғы буынымен кірігіп, сор-ла-сық түрінде үш буын құрайды, егер ғашық вариантын алса сор-лы ға- шық болып 4 буын болып кетер еді де, 11 буынды тармақтың өлең өлшемі дұрыс шықпас еді. Ал өзге сәттерде Абай “ғашыктың тілі - тілсіз тіл” немесе “сен шошыдың ғашығыңнан” деп ғашық вариантын жұмсайды. Міне, бұл тәрізді бір сөздің белгілі бір мақсатпен әдейі қолданылған екі вариантының екеуі де әдеби нормаға жататындықтан, олардың айтылуы да екі түрлі (яғни қалай берілсе, сол түрінде) болуы керек.
§31. Бір сөздің екі түрлі дыбысталып айтылатындарының ішінде жергілікті ерекшеліктеріне (диалектизмдерге) қатыстыларын жоғарғы көрсетілген вариантты сөздермен шатастырмау керек. Яғни көптеген сөздердің әр жерде әр түрлі дыбыстық өзгерісі болғанмен, әдеби тілдегі түрінше айту - орфоэпиялық норма болады. Мысалы: маңдай - маңлай, шаңырақ - шаңғырақ, киіз - кигіз, ие - еге (үйдің иесі), шатақ - чатақ, саяқты - сиықты, аула - әулі, жоңышқа - жоңырышқа, қабырға - қабыртқа, жоқ - джоқ, масқара - машқара, бес тиын - беш тиын, ас пісті - ас пысты, мысық - мышық, балалар - баладар сияқты параллель сөздердің алдыңғы сыңарлары әдеби норма да, екіншілері - жергілікті (диалектілік) варианттары. Бұлардың айтылуында әдеби нормадағы тұлғасын ұстау қажет. Олай дейтін себебіміз - кейде автордың не кітап, журнал шығарушылардың салақтығынан я болмаса білместігінен кейбір сөздердің әдеби варианты емес, жергілікті қолданыстағы тұлғасы жазылып кетеді. Мұндайда сөзді түзетіп оқыған (айтқан) абзал. Ал пьесаларда немесе фельетон, сықақ әңгімелерде автор сөздің жергілікті не қарапайым сөйлеу тіліндегі варианттарын әдейі берсе, оларды, әрине, сол берілген тұлғасында айту (оқу) керек екендігі белгілі.
§32. Қазақ тілінде одағай сөздер де дыбыстық, тұлғалық варианттары бар сөздер тобына жатады. Бірақ бұлардың барлығында қалай берілсе (жазылса), солай айтуға (оқуға) болады. Мысалы: япырау - япырмау - ойпырмау - ойпырмай - ойпырым; ойбой - ойбай, ах - аһ - еһ - ех, аһ-аһ - еһ-еһ, аха-қа - еһе-һе, уа -уау -уай, па - паһ, бәлі - пәләй, әй - ей, астапыралла - астағыпыралла т.б. Жалпы одағай дегендер - дыбысталуы жағынан өте құбылмалы тұлғалар. Сондықтан жазушы өзінің қалауынша бір одағайды бірнеше түрлі құбылтып, қатарлап, дыбыстарын созып бере береді. Мысалы: Ә-ә, солай де! Ой-қой, дүние-ай! Бәрекелді-і, жігіт-ақ екен! Паһ- паһ-паһ, мьша сұлудың кербезін-ай! Осы сөйлемдерді: Е, солай-де! Ой, дүние-ай! Бәрекелді, жігіт-ақ екен! Паһ, мына сұлудың кербезін-ай! деп те беруі мүмкін. Одағайлар адамның түрлі сезім дүниесін білдіретін ишараттар болғандықтан, актер немесе фельетон оқушы пьесалардағы, сықақ- фельетондардағы одағайларды өзгертіп, бірінің орнына екіншісін айтпағанмен, образдың ыңғайына қарай, дыбыстарын созып немесе келте қайырып, бір одағайды екі-үш рет кайталап немесе бір-ақ рет айтып дегендей, құбылтуына болады. Мысалы, пьесадағы снтуацияға қарай: жә, болды! түрінде де, жә-жә-жә, болды! түрінде де айтылуы мүмкін. Алғашқысында өктем бұйырып, тұжыртып тастау реңкі болса, одағайды екі-үш қайталап айтуда сәл өзгеше реңк пайда болады.
§33. Кейбір етістіктердің толық және ықшам варианттары, сондай-ақ олардың қосымшалы, шылаулы қолданыстарының да түрлері жарыса келе береді. Олар сол қолданылған түрінде, ықшам да, толық та айтылады. Мысалы, келіп қалды, болып отыр деген тұлғалар кеп қалды, боп отыр түрінде келуі мүмкін. Сондай-ақ барамын, келемін, айтамын деген тұлғалар барам, келем, айтам түрінде айтыла береді. Барғаннан соң, келгеннен соң деген тұлғалар қысқарып, барған соң, келген соң түрінде, тіпті одан ары ықшамдалып, барғасын, келгесін түрінде де айтылуы жиі ұшырайды. Немесе барғанмын, келгенміндегендерді ақын, жазушы не драматург барғамын, келгемін тұлғасында қолдануы да әбден ықтимал. Едім, едің деген етістік тұлғалары ем, ең түрінде, бармаймын, алмаймын деген тұлғалар барман, алман түрінде ықшамдалып келе береді. Ықшам тұлғалар әсіресе поэзияда кобірек ұшырасады. Мұндайда тұлғаларды қалай берілсе (ықшам не толық), солай айту керек. Кеп, барам, барғасын, барғамын деп жазылғанды келіп, барамын, барғаннан соң, барғанмын деп айтуға (оқуға) болмайды немесе керісінше: толық түрінде беріліп тұрса, оны қысқартып айтуға болмайды.
Осы ережеге байланысты сөздерді тауып, мына үзінді шумақтарды дұрыс оқып (айтып) көріңдер.
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын, Түбін ойлап уайым жеп айтқамын. Ақылдылар арланып, ұялған соң, Ойланып, түзеле ме деп айтқамын. (Абай)
Сен үшін әлі босқа жанам, күйем, Көңіліңе қайырым салсын мейірімді ием, Өзің біл танам десең уағдадан, Өмірімше ұмытпаймын, мен шын сүйем.