Жастық менің жаныма жыр байлады,
Жастық мені жалтартпай, шыңға айдады,
Жастық мені шыңдады, шынықтырды,
Жастық шіркін емірді шын ұқтырды.
Мұнда ж және ш дыбыстарынан басталатын бірқатар сөз шоғырланған. Екінші мысал Қуандық Шаңғытбаевтан:
Кімде жоқ кірбің көңіл, күрсін арман,
Кейде мен шығай маңып, үн шығарман.
Кей уақыт көңіл шіркін көкке шалқып,
Күндер көп күмбірлетіп, күй шығарған –
деп алынған өлең жолдары к және шдауыссыз дыбыстарынан басталатын сөздерді қатыстыру арқылы жасалған. Мұнда осы шумақтың әр тармағы к дыбысынан басталатын сөздермен келген. Өлеңнің жеке шумақтарының немесе кейбір шағын өлеңнің бірінші сөзі тұтасымен бір дыбыстан басталатын сөздерден құралатынына Абайдың інісі Оспанның өліміне шығарған “Жайнаған туың жығылмай” деп басталатын шағын өлеңін келтіруге болады. Бұл өлеңнің 16 тармағы (жолы) түгелімен ж дыбысымен келген сөздерден басталады:
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жаужүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің,
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
Мұнда ж дыбысы тек жол басындағы сөздерде ғана емес, тармақ ішіндегі сөздерде де келіп отырады: жайнаған туың жығылмай, жасқанып жаудан тығылмай, жасаулы жаудан бұрылмай т.т. Аллитерацияның құлаққа жағымды саздық қызметін мақал- мәтелдер де жақсы пайдаланады. Мысалы, “Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар” деген мақал қдыбысынан басталатын сөздерді шоғырлап, белгілі әсер беріп тұр. “Көппен көрген ұлы той” деген мәтелді елмен көрген, жұртпен көрген, халықпен көрген деп ауыстырып айтуға болмайды, өйткені мұнда көппен көрген деген сөздер аллитерацияны пайдаланғандықтан құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, еске сақтауға қолайлы мәтел болып тұр. Қазақтың атақты билерінің сөздері көбінесе аллитерациялы болып келеді. Мысалы, Төле би айтыпты деген сөздерден: “Батыр деген барақ ит, екі долы қатынның бірі табады, би деген бір бұлақ, қатынның ілуде бірі табады” деген шешендікте батыр, би деген сөздеріне б дыбысынан басталатын барақ, бұлақ деген теңеулер алынған. Осы құбылыс дауысты дыбыстарға қатысты болып келсе, ассонанс деп аталады. Бұл да қазақ тілінде орын алады. Бұған классикалық мысал ретінде Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деп басталатын өлеңін келтіруге болады. Мұнда өлеңнің әрбір тармағы е дыбысынан басталатын сөзбен келеді. Сондай-ақ, ақындар өлеңнің бір жолында біркелкі дауыстыдан басталатын сөздерді алу арқылы да ассонанс тәсілін қолданады. Мысалы, Фариза Оңғарсынованың:
Айналайын, ауылдың адамдары-ай,
Сендер барда бұзылар заман қалай? –
деген өлең жолдарында а дауысты дыбысымен ассонанс жасалып тұр. Аллитерация мен ассонанс құбылыстары тек үн сазын келтіру үшін ғана емес, айтылмақ ойға екпін түсіру, ақынның көңіл күйін білдіру сияқты стильдік қызмет те атқарады. Мысалы, Жамбылдың Алғадай деген баласы Ұлы Отан соғысында қаза тапқанын естігенде:
деп күңірену үстінде Алатауды айналсам, Алғадайым... Сарыарқаны сандалсам, саңлағымды...деп ассонанс пен аллитерация жасап, Алғадай, саңлақ создеріне екпін түсіріп, әке зарын мейлінше әсерлі етіп беріп тұр. Біркелкі дыбыстарды не буындарды таңдап, қатар тұрған сөздердің басында не ортасында келтіру айтылмақ ойға әсерлі оң беріп, образ жасауға да қатысады. Мысалы, Мұхтар Әуезов “Еңлік - Кебек” пьесасындағы Абызды сөйлеткенде: “Сыбдыр сөзбен шығарып сап, сынайын деп кепсің ғой, көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой” деп, с, к дыбыстарын ойнатады. Демек, бұл рөлді ойнаушы актер аллитерация жасап тұрған дыбыстарды ерекше мәнерлеп айтса, құба-құп болар еді. Екінші мысал: “Қарагөз” пьесасындағы Сырымның сүйген жары жынданып кеткен сәттегі ышқына күйінген образын беру үшін, оның монологіне с, здыбыстары бар сөздерді шоғырлап келтіреді: “Өсер.., өсер.., не өсер?. Тек зұлымдық өсер нөсер болып сенен. Сор өсер, ар өшер! Өскенде тек зар өсер сенің лағынет табаның астында!”. Мұнда да дыбыстардың айтылуы ерекше калыптасып, жай сөйлеу нормасынан өзгеше болуы керек, яғни с, з дыбыстарын өзге дыбыстардан бөліңкіреп айтқан абзал, сонда ыза, қайғы, зар буған кейіпкердің образы айқындала түседі. Сөйтіп, көркем әдебиет пен сахна өнері сөз сазына, сөздердің дыбысталу сипатына бейтарап емес екендігі байқалады. Сондықтан бұл жайтқа көркем әдебиетті оқытып үйрететін мектеп мұғалімдері мен сахна шеберлерін: актерлер мен әншілерді, көркем сөз айтушыларды тәрбиелейтін оқу орындарының ұстаздары мен режиссерлер назар аударулары шарт.
4. СӨЗ С АЗЫ НОРМАЛАРЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЖАЙЫ
Сөзді дыбыстау, яғни дұрыс айту нормалары барлық сәттерде бірдей, ешбір бұлжымайтын нәрсе емес. Жалпы ауызша сөйлеудің, яғни сөзді ауызша жеткізудің екі типі бар: бірі - сөздерді толық әуенмен (ғылымда ол “толық стиль” деп аталады) айту, екіншісі - әдеттегі сөйлесу әуенінде айту. Сөздерді толық әуенмен айтқанда, оларды нақпа-нақтап, бір-бірімен аса жымдастырмай, кейде сөз аяғын созып, әр сөзді тыңдаушыға мейлінше анық етіп жеткіземіз. Бұл әуен митинг сияқты аса көп жұрт жиналған жерлерде қолданылады, өйткені митингілерде мыңдаған адамға қарата айтылатын сөз өте маңызды болғандықтан, ол сөздің барша тыңдаушыға барынша түсінікті болып, мейлінше анық естілуі көзделеді. Сондай-ақ айтылмақ сөзді (ойды) тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиге немесе сол тілді әлі әбден меңгермеген өзге ұлт өкіліне түсінікті етіп білдіру үшін де толық айту мәнерін қолданамыз. Бірақ өомірде сөздерді толық айту мәнерінен гөрі сөйлесу әуені әлдеқайда жиі қолданылады. Бұл мәнерде сөздер аса шапшаң емес, бірқыдыру баяулата, бірақ дауыс ырғағы жағынан топтастырыла, бір-бірімен қиюластырыла айтылады. Театрларда, радио мен теледидарда, топ алдына айтылатын (оқылатын) лекция-баяндамаларда сөз айтудың осы әуені пайдаланылады. Сөйлесу мәнерінің өзі де біркелкі емес. Оның көтеріңкі, салтанатты үнмен және жай үнмен айтылуы бар. Салтанатты үнде кейбір сөздерді әдейі бөліп айту немесе созып айту, кейде тіпті толық әуенмен айтқандай, әрбір сөзді нақпа-нақтап дыбыстау орын алады. Мысалы, радио мен теледидардан берілетін мемлекеттік, халықаралық манызы аса зор ресми хабарлар көбінесе салтанатты әуенмен беріледі. Пьесаларда да белгілі бір жағдайға (ситуацияға) орай кейбірмонологтер немесе тіпті бір-екі ауыз сөз де көтеріңкі үнмен айтылуы мүмкін. Бірақ қай-қайсысында да тыңдаушыға түсінікті болып шығатын айқындықпен қатар, сөздердің сөйлеу актісіндегі бір-біріне ететін әсері, дыбыстардың бір-бірінің ыңғайына қарай үндесіп, үйлесіп айтылуы қатаң сақталуға тиіс. Бұл талап әншілер мен актерлерге, дикторлар мен комментаторларға, мұғалімдер мен лекторларға және жиын-жиналыстарда сөйлеушілерге, баяндамашыларға қойылады. Сөздердің бір-бірімен үндесетін дыбыстық заңдарының күші барлық жерде: күнделікті сөйлеу тәжірибесінде, мектеп оқушылары мен студенттердің сабақ үстіндегі сөйлегендерінде, беретін жауаптарында, драма, комедия, трагедия сияқты пьесаларда ойнағанда, тақпақ айтқанда, кинода, радио мен телехабарларда, жиналыстар мен митингілерде сөйлегенде бірдей болғанмен, әр жанрдың, тіпті бір жанрдағы әр шығарма түрінің, әр жағдайдағы сөйленген сөздің айтылу мәнерінде айырмашылықтар болады. Мысалы, сөз дыбыстарын “ойнатып” әрі белгілі бір өлшеммен жазылған, мақал, мәтел, фразеологизмдерге бай “Еңлік-Кебек”, “Қара Қыпшақ Қобыланды”, “Айман-Шолпан”, “Қарагөз” пьесалары (бәріде Мұхтар Әуезовтікі), Ғабит Мүсіреповтің “Ақан сері - Ақтоқты”, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” пьесалары, Қалижан Бекхожиннің “Ұлан асуы”, Тахауи Ахтановтың “Ант” драмасы, С. Сыматаевтың “Зар заман” пьсаларының сөздерін айту мен біздің күндеріміздің тақырыптарына арналған пьесалардың сөздерін айтудың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Алдыңғылардың тілі дыбыстар гармониясын (сазын) көбірек талап етеді, сөздің музыкалығын, әуезді болуын қалайды. Олардағы ырғақтық-мелодикалық топтардың өзі тілімізде әбден қалыптасқан, сөздері бір-бірімен ұйқас, өлшем дегендермен “цементтелген”, яғни жымдасқан, үндескен болып келеді. Мысалы, “Еңлік - Кебектегі” Көбей мен Еспембеттің айтысын алайық. Мұндағы курсивпен теріліп көрсетілген сөздердің айтылуына назар аударыңыз (жазуда бүкіл тексті мүмкіндігінше транскрипциялап көрсетуге тырыстық, дегенмен сөздердің сөйлеу актісіндегі дыбысталуын таңбалармен білдіру өте қиын, яғни транскрипцияда сөздің жазылуы мен айтылуы айна-қатесіз дәлме-дәл түсе бермейді): Еспембет. Тобұқтұ / шайалығығыңды ғылдыңба / білегі жұуандығыңды ғылдыңба / алалы жылқы / ақтылы ғойұн / жосұлтұб алдың // ата ғонұсұнан / іргесін аудардың / ай дер ажа / қой дер қожа / болған жоқ // жетіботұрған жесірімді / бір тентегің/ат сауұрұна салыб әкетіб отұр // ағайын // ұзұнда өштү / қысқада кектімессің // бітім сұрап / кісі салсам / бақайыңнан гелтірмейсің //. К ө б е й. Еспембет / кеден недем болт / кедергі недем болт / деб отұрсұң ... қой асығын / қолұңап / қолайыңа жақса / сақка ғой // саптайаққа / ас құйұп / сабынан /қарауұл ғарайтын болсаң / мем бійлік айтпайым//. Бұл үздіктердегі тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) мен мақал-мәтелдер курсивпен көрсетілді. Бұлар текстің белгілі бір өлшеммен, ырғақпен айтылуына жәрдемдесіп, айтысушы билер сөзін құлаққа жағымды сазбен жеткізеді. Тұтасынан өлеңмен, оның ішінде ақ өлеңмен де (ақ өлең дегеніміз ұйқасты, ырғақты сөз орайымен берілген мәтін) жазылған пьесалар тілінің музыкалылығы тіпті күшті болады. Ал жай диалогтермен берілген, яғни кейіпкерлерін әдеттегі ауызекі тілмен сөйлеткен пьесаларда бұл кейіпкерлер, сөз жоқ, Еспембетше, Абызша, Көбейше немесе Ақан сері мен Ақтоқтыша сөйлемейді. Әрине, қалыптағы тұрмысқа сай сөйлегенде де, мақал-мәтелдер мен айшықты сөз тіркестерін қолданамыз, бұл - пьесаларда да орын алады. Дегенмен Еспембеттің сөзі мен қазіргі бір инженердің немесе “қаладан келген қылжақпастың” сөзі ішінде мақал-мәтел, ырғақты тіркестер болғанмен, олардың сөздері дыбысталуы мен сазы жағынан бірдей айтылмайды. Бұдан өткен замандардағы кейіпкерлердің сөзін айту қиын, қазіргі адамдардың сөзін айту оңай деген тұжырым шықпайды: әңгіме кейіпкердің қай кездің адамы екендігінде емес, пьесаның жанрлық ерекшелігінде, қай стильде ұсынылғандығында. Романтикалық стиль көбінесе көтеріңкі сазбен, белгілі бір ырғақпен айтуды қалайды. Ал бүгінгі күнделікті өмір тақырыбына жазылған пьесалардағы кейіпкерлердің дені әдеттегі сөйлеу үнін ұстанады. Әрине, қазіргі сөйлеу тілімізде де белгілі нақышқа келтіре ерекше айтатын тұстар аз емес. Қысқасы, бұл айтылғандардан, актерлер сахна сөзінде өздері ойнайтын әр пьесаның жанрлық-стильдік сипатын, кейіпкердің образын қатты ескерулері қажет. Қай заманды суреттеген шығарма болмасын, қай тақырыпқа жазылған пьеса болмасын, қай жанрдағы өлең мен мәтін (тақпақ, терме т.т.) болмасын - барлығы да қазақ сахнасы мен киносынан, радиосы мен теледидарынан көркем сөздің құлаққа жағымды келіп, табиғи түрде айтылуы (дыбысталуы) талап етіледі. Сөзді дұрыс жазу (орфография) сияқты, дұрыс айту да (орфоэпия да) - әдеби тілдің бір қыры. Екеуінің де міндеті - тілді әркім өз қалауынша, өз білгенінше жұмсамай, оның көпшілікке ортақ барша заңдылықтарын сақтап пайдалану болып табылады. Ондай ортақтық пен ыңғайлылық үшін белгілі бір орфоэпиялық нормалардың болуы заңды да, міндетті де. Ол нормаларды қатаң сақтау, жетілдіру, орнықтыру - қазақ тілінде сөйлейтін барша жұрттың (әр адамның) борышы. Әсіресе бұл абыройлы міндет мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің, сахна қайраткерлері мен әншілердің, жиналыс, жиындарда шығып сөйлеушілердің, дикторлар мен жалпы радиодан, теледидардан сөйлеушілердің алдында тұрады. Бұлар тіл мәдениетінің бір ұшы - сөзді дұрыс айту заңдылықтарын (ережелерін) берік ұстанып, оларды қалың жұртшылыққа жаюшылар, орфоэпиялық нормалардың жоқтаушылары болулары тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңца бұл талап толық орындалып отырған жоқ. Сөзді (ойды) ауызша айтуда әрқилы себептерден болып жатқан қателіктер мен жайсыздықтар орын алып келеді. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні - қазақ тілінің дыбыс жүйесінің табиғи тәртібі болып саналатын үндестік заңдарын сақтамай, сөздерді қалай жазылса, солай оқу (айту) немесе сөздің жеке тұрғандағы тұлғасы қандай болса, сол күйінде айту қателігі. Мысалы, қ, к, п сияқты қатаң дыбыстарды қажет жерінде ұяңдатпай айту жиі ұшырасады. Соның салдарынан күңгөрүу, негерек, аздаңгейін, құрғол, ағала болып айтылуға тиіс сөздерді жазылуынша күнкөру, некерек, азданкейін, құрқол, ақала түрінде айтушылық етек алып барады (бұл сөздер бір ырғақпен айтылатын топтар болғандықтан, біріктіріп жаздық, әйтпесе олардың жазылуда күн көру, не керек, аздан кейін, құр қол, ақ ала болып, бөлек-бөлек таңбаланатыны аян). Сондай-ақ бәлгер, сәудегер, шәй, Жәмилә деп дыбысталуға тиіс сөздерді жазылуынша балгер, саудагер, шай, Жәмила деп айтушылық та жоқ емес. Бұл күнде сөз сазына қатысты қиындықтың көзге түсетін және бір тұсы - о, ө, е дауысты дыбыстарының қазақ сөзінің басында келгендегі айтылуы. Қазақ сөздерінің басындағы осы дыбыстардың алдында қосамжар у,й дыбыстары айтылуы керек болса, бұл заңдылықты сақтамай, сөздерді “орысша” айту байқалады: отан сөзінің қазақша айтылуы уотан болуы керек, ел сөзі орысша айтсак, эль, қазақша дұрыс айтар болсақ, йел. Сол сияқты сөз басында немесе бірінші буында келген о, ө, ұ, ү еріндік дыбыстарының келесі буындардағы ы, і, е деген езулік дауыстыларын өздеріне ұқсатып айтқызатыны да ескерілмей, сөздердің жазылуынша оқылуы орын алып келеді. Мысалы, құрұқ, күлүмгөз, күмүс деп айтылуға тиіс сөздерді құрық, күлімкөз, күміс деп айту әсіресе жастардың тілінде жиі кездеседі. Дикторлар мен хабар, концерт жүргізушілердің, оқушы жастардың сөз сазындағы тағы бір қатесі сөздердің ешбір дыбысын түсірмей, әр сөзді немесе біріккен сөз, қос сөздердің әр бөлігін (компонентін) бөліп-бөліп айтатын тұстарында көзге түседі (дәлірек айтсақ, құлаққа шалынады). Мысалы, Құрман ғазының күйі Сары арқа, Ықыластың күйі Кері толғау, Мұхиттың әні Кіші айдай деп, ән-күй аттарын (білдіріп тұрған екі сөздің әрқайсысын бөлек-бөлек айтатын конференсьелер мен дикторлар жоқ емес. Әрине, олардың бұл әрекеттегі ниеттері адал, өйткені бұл орайда шығарма аттарын тыңдаушыға анық етіп жеткізсем дегенді көздейтін болар. Бірақ сөздің түсінікті, анықтығы әр сөздің жеке-жеке айтылуынан шықпайды. Сондықтан жоғарғы ән-күй аттары қазақ құлағы кәнігі түрде қабылдайтын Сарарқа, Кертолғау, Кішайдай деген әуенде, яғни екі сөздің аралығындағы дауыстылардың бірінің “жұтылып” кеткен түрінде айтылуға тиіс, себебі Сарарқа атауы сары және арқа деген сөздердің жеке-жеке мағыналарынан хабар бермейді, екеуін қосып (тіркестіріп) айтудан жаңа сөз - жер атын білдіретін жалқы есім болып тұрғанын нысанаға алу қажет. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларының бұзылуына себеп болатын факторлардың және бірі - сөзді ауызша айтудағы жазба тілдің, жазудың ықпалы, яғни сөзді жазылуынша оқу дәстүрі. Әдеби тілді дамытуда, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде, лексика-грамматикалық және орфографиялық нормаларын қалыптастырып, көпшілікке жаюда жазудың рөлі зор екені мәлім. Жазу - бұл күнде әдебиеттің барлық түрін таратудың басты құралы. Осындай орны ерекше жазудың сөзді дұрыс айту саласына келгенде, ескеретін бір жайы бар. Ол - сөздің жазылуы оның дыбысталуымен, әсіресе сөйлеу актісінде айтылуымен әрдайым сайма-сай келе бермейтіндігі. Сөзді дұрыс жазу бар да, дұрыс айту бар, яғни сөздің орфографиялық нормалары бар да, орфоэпиялық нормалары бар. Бұл екеуінің дәлме-дәл түсетін сәттері де аз емес. Мысалы, сөздердің қалай жазылса, солай оқылатын жерлері болады. Айталық, “кіндігімнің жас қаны тамған жері – аулым” деген өлең жолының бірер сөзінен (аулым - ауұлұм)басқасы осы жазылған түрінде айтылады. Мұнда дыбыстары бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі сәл өзгертетін орындар жоқ. Ал көптеген жағдайда сөздер жазылуынша айтылмайды (оқылмайды). Мысалы, Абайдың: Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай мен күн шағылса да -
деген өлең жолдарын дәл осылай жазылғанынша оқу (айту) өрескел қате болар еді, яғни “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюдің” орнына құлақты кесіп, түрпідей тиер еді. Мұнда дыбыстардың айтылуда бірін-бірі өз ыңғайына көндірген сәттері бар, сондықтан:
Жарқетпес / қарагөңүлүм/ неғылсада // Аспанда / айменеңгүн / шағылсада //- түрінде оқылып, жазылуы мен айтылуында айырмашылық болады. Бұл жерде сөздерді соңғы көрсетілгендей айтылуынша жазу қандай қате болса, жазылуынша оқу (айту) сондай қате болып шығады. Сөздерді жазылуынша оқудың өзі де себепсіз емес. Оны тек жауапсыздықтан немесе білместіктен деуге болмас. Радио мен теледидар тыңдаушыларына, оқушылар мен студенттерге, жиын-жиналыстарға қатысушылар сияқты қалың көпшілікке қарата айтылған сөздің неғұрлым түсінікті, айқын болуын діттейміз, ал сөздерді нақпа-нақтап жеке-жеке айтқанда, олар анығырақ естіледі де, түсініктірек болып шығады. Анығы-анық, бірақ бірді іздеп, екіншіні жоғалтып аламыз: анықтық бар, сөз сазы жоқ. Мұндайда ой болады және ол ойды білдіріп тұрған сөздер жеке-жеке түсінікті, анық болады, бірақ олардың бір-бірімен қиюласқан үйлесімі жоқ болып шығады. Бұл - сөздерді қазақша айту емес, қазақша тізбектеп өту болып шығады. Алдымызда тілдің өзі емес, фотосуреті көрсетілгендей әсер етеді, өйткені ғалымдардың біреуінің тауып айтқанындай, жазу - тілдің фотосуреті іспетті, ал нағыз тілдің өзі - оның сөйлеу барысындағы көрінісі. Кейбіреулер актер мен әншілердің, дикторлардың, оқушылардың және жалпы көпшіліктің ауызша тіліндегі жоғарыдағыдай қателіктерінің басты себебін қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктеріне байланыстырып, содан іздейтін сияқты. Бұл - дұрыс емес. Сөз жоқ, қазақ тілінің кейбір дыбыстарының айтылуына қатысты жер-жерге қарай ажыратылатын айырмашылықтары бар. Мысалы, әдеби тіліміздегі сөз басында келетін ш дыбысын ч етіп айту (чатақ, чын, чырақ), сөз ортасында келген нд дыбыстарының орнына ңл дыбыстарын айту (маңлай, таңлай, аңлау), сол сияқты сөз ішіндегі лдыбысын түсіріп айту (болмайды деудің орнына бомайды, келген жоқ деудің орнына кеген жоқ деу), сөзге рдыбысын қосып жіберу (жоңыршқа, меруерт), ждыбысының орнынайдыбысын айту (ойақ- бұяқ - ол жақ, бұл жақ деудің орнына) т.т. осы тәрізді құбылыстар Қазақстанның белгілі бір өлкесі тұрғындарының сөйлеу тілінде кездесетін ерекшеліктері. Жергілікті ерекшеліктерге қарай екі түрлі дыбысталатын едәуір сөздердің әдеби варианты бұл күнде бірқыдыру тұрақталып, нормаға айналды. Мысалы, маңдай (маңлай емес), таңдай (таңлай емес), ие (еге емес). Бұл көрсетілгендердің жақша ішіндегі варианттарын жазушы өз кейіпкерлерінің тіліне әдейі келтіргенде ғана солай айтып, өзге жағдайда әдеби нормасымен айту қажет. Бір жақсысы - актерлер мен әншілердің, дикторлардың сөздерінде әркімнің өз ортасында (отбасында, аулында) сөйлеп үйренгендағдысына тартып, әдеби нормадан ауытқушылық аса көп байқалмайды, тіпті жоққа тән. Мұндай ауытқушылық көбінесе қарапайым адамдардың өзара сөйлескендегі күнделікті тәжірибесінде байқалады. Сірә, сөздерді дыбыстауға келгенде, көпшілік алдында сөйленетін тұстарда диалектілік ерекшеліктердің көп байқалмай отырғаны жазуға байланысты болар: әдетте жазба дүние әдеби норманы сақтайды. Демек, таңдай, жоңышқа, бұ жақ, о жақ деп жазылған дүниені осы түрінде айту - сөзді жоғарыда өзіміз қате деп көрсеткен жазылуынша оқу дегеннің көрінісі. Бұл жерде жазылуынша оқудың зияны емес, пайдасы тиіп тұр. Бірақ, әрине, оған қарап, сөздерді жазылуынша оқу пайдалы деген қорытынды шығаруға болмайды: жергілікті сөздер әдеби нормадағы сөздердің ішінде теңіздегі тамшыдай ғана, теңізге зиянды нәрсені тамшыға тигізетін пайда басып кетпейді. Қазіргі кезде кездесетін орфоэпиялық қателер осылар ғана емес, өзге тұстарда да бары даусыз. Сөзді дұрыс дыбыстауда бұл сияқты бүрыстықтардың орын алу себебі неде деп іздесек, олардың бірнешеу екенін көреміз. Ең бастысы және ең қауіптісі, әдетке айналғаны - тілге, оның қолданылу мәдениетіне деген жауапсыздық, немқұрайдылық көзқарастың орын алып отырғандығы, екіншісі - қалың жұртшылыққа тіл нормаларын үйретудің, тіл мәдениетіне баулудың әлсіз, жүйесіз болып келгендігі. Әсіресе қазақша сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс қиюластырып, ана тіліміздің табиғи дыбыс заңдарына бағындырып айту нормаларын үйрету сияқты іс-әрекеттердің мектептерден бастап, барлық ортада, оның ішінде радио, теледидар, театр, сахна өнері сияқты ауызша тілді кеңінен пайдаланатын жерлерде мардымсыз жүргізіліп жатқандығы. Бұл ретте орфоэпиялық анықтама құралдардың: сөз сазы ережелерінің, орфоэпиялық сөздіктердің және өзге де толып жатқан көмекші материалдардың өте аздығы, бірді-екілі мұндай құралдардың бір басылымынан екіншісіне дейін ондаған жылдардың отіп жатқандығын баса айтуға болады. Мысалы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тарапынан ұсынылған “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі” (авторы - Қ.Неталиева, жауапты редакторы - М.Балақаев) 1977 жылы бір-ақ рет жарық көрді. М.Дүйсебаеваның мектеп оқушыларына арналған “Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі” 1981 жылы шықты. Сөзді дұрыс айту ережелері берілген құрал (“Сөз сазы”, авторы - Р.Сыздықова) “Ғылым” баспасынан 1983, 1995 жылдары бар-жоғы 1000 дана болып жарияланды. Демек, бұл құралдардың шыққанына он жылдан астам уақыт өтіп бара жатқаны - сөз, сөйлеу мәдениетімізді көтеруге сеп болып отырған жоқ. Ана тіліміздің ауызша қызмет ету өрісі кеңейіп, оған үлкен әлеуметтік мән беріліп жатқан бұл күндерде сөз сазына арналған мұндай анықтама құралдардың түрлерін көбейту және мол тиражбен жиі-жиі жарыққа шығару қажеттігі туып отыр. Осы кітап - сол қажетгікті өтеудің бір ғана құралы.