Қазақстан республикасы мәдениет, АҚпарат және қОҒамдық келісім министрлігі


ІV Тарау СӨЗ САЗЫ (Сөзді дұрыс айту нормалары)



бет65/143
Дата11.10.2024
өлшемі0,95 Mb.
#147744
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   143
Байланысты:
Қазақ аныктагыш

ІV Тарау


СӨЗ САЗЫ
(Сөзді дұрыс айту нормалары)

1. ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ АУЫЗША ТҮРІ


ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ӨРІСІ
Бұл күнде қазақ тілі білім мен ғылымның, әдебиет пен мәдениеттің, әлеуметтік-саяси өмір мен өндірістік-шаруашылық тірліктің, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің барлық саласына қызмет ететін жоғары сатыда дамыған әдеби тілге айналып отыр. Ол - мемлекеттік дәреже (статус) алған ұлттық тіл. Ұлттық әдеби тіл болғандықтан, қазіргі қазақ тілі - қоғамның барлық мүшелеріне бірдей және Қазақстан жерінің бүкіл аймағында біркелкі қолданылатын, сондай-ақ қазақ жерінен тыс өлкелерді мекендеген қазақтар үшін де дағдылы тіл, яғни баршаға ортақ жазу, сөйлеу тәжірибесі бар тіл.
Мемлекеттік тіл дәрежесі қазақ әдеби тілінің бүгінгі қоғамға қызмет ету өрісін кеңейте түсті: бұл күнде қазақ тілі - ең алдымен, оқу-ағарту, тәрбие құралы,одан соң сан салада дамып, жоғары деңгейге көтерілген ұлттық көркем әдебиетт і ң т і л і, мазмұны мен мақсаты түрлене түскен баспасөзд і ң т і л і, енді өрістей түскен ғылым т і л і, республика қолданатын з а ң д а р мен ресми іс қағаздары ті- лі, театрлар мен радионың тілі, кино мен теледидардың тілі.
Сонымен қатар, әрине, қазіргі қазақ тілі - бүгінгі адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өзара ұғынысатын а у ы з ш а сөйлеу тілі мен ауызекі сөйлесу тілі. Қысқасы, қазақ тілі - бұл күнде республикамыздағы 7-8 миллионға жуық, ал жалпы дүние жүзіндегі 10 миллионнан асатын қ а з а қ халқының ана тілі.
Әдетте ұлттық әдеби тілдер қоғамға жазба және ауызша түрде қызмет етеді. Жазба әдеби тіл жазба әдебиеттің өмір сүруі мен дамуына, оның түрлері мен өрісіне байланысты болғандықтан, ол көркем сөз (көркем әдебиет) пен баспасөзде, ғылым сөзі мен оқу-тәрбие сөзінде, ресми құжаттар мен кеңсе-іс қағаздары тілінде көрініс табады. Қазіргі күнде бұлардың кеңінен өріс ала бастауы жазба тілдің әр саладағы (стильдегі) заңдылықтарын орнықтырып, оның әлеуметтік қызмет ету пәрменін күшейтіп отыр. Бұдан біз жазба әдеби тілдің қоғам өміріндегі ролі мен маңызы зор екенін аңғарамыз.
Ал әдеби тілдің ауызша түрдегі қызметі бүгінгі қазақ қоғамының тіршілік-тынысы үшін бұдан еш кем емес деп тану керек. Өйткені мұның да қолданылар өрісі кеңейе бастады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуы әр алуан жиын, жиналыс, мәслихаттардың қазақ тілінде жүргізілуіне жол ашты; саясат, ғылым, өнер, шаруашылық т.б. тақырыптарына арналған лекция-әңгімелердің қазақ тілінде кеңірек өткізілуін күн тәртібіне қойды; балабақшаларда қазақ бүлдіршіндерін ана тілінде тәрбиелеуді қолға алуға мүмкіндік берді; қазақ мектептерінің көбейіп, оларда оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілінде жүргізуге, жоғары оқу орындарының барлық факультеттерінде дерлік (әзірге тіпті түгел болмай, көпшілігінде-ақ болсын) қазақ бөлімдері ашылып, оларда білім-ғылымның көптеген салаларынан қазақ тілінде лекциялар оқылып, сабақ жүргізілуіне кеңінен жол ашты; радио мен теледидардан қазақ тілінде берілетін хабарлар сағаты көбейіп, бұл каналдар бойынша қазақша сөйлейтіндердің жиірек көріне бастауын, ұлттық сахна өнерінің түр-түрінің дамуын қамтамасыз етті. Осылардың баршасы қазақ тілінің ауызша түрін, яғни ауызша қолданылуын, айтылмақ ойды ауызша түрде білдіру тәжірибесін жандандырды.
Бұлардың ішінде радио, теледидар, театр, киноның орындары айрықша, өйткені бұлар ең кемі жүздеген, әйтпесе мыңдаған, кейде тіпті жүз мыңдаған адамдарды қамтиды. Сахнадан айтылатын сөзді бір спектакльдің өзінде жүздеген адам естиді, бір концертте айтылған ән мен көркем сөзді де жүздеген, кейде мыңдаған адам тыңдайды. Ал радио мен теледидардан және қазақша дыбысталған кинодан ауызша айтылған сөзді мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар есітіп, тамашалайды. Демек, жазба тіл сияқты, ауызша тілдің де қоғамдағы орны зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Мемлекеттік ұлттық тілдің баршаға ортақтығы осы тілді қолдануда белгілі бір зандылықтардың, яғни нормалардың болуын талап етеді. Тілдік нормалар оның барлық қаттауында: сөздік саласында (лексикасында), грамматикасында, дыбыстар жүйесінде, стильдік-көркемдік тәсілдерінде болуы шарт. Норма сондай-ақ тілдің қолданылу түрлерінде де, яғни жазба және ауызща түрде қызмет ету барысында да орын алуы қажет. Сондықтан ана тіліміздің жазба түрімен қатар, ауызша түріне қойылатын талаптардың да күшейе түсуі заңды.
Демек, қазақ әдеби тілінің барша заңдылықтарын, оның ішінде ауызша сөйлеу, әсіресе шаршы топ алдында сөз айту нормаларын бұзбай, дұрыс пайдалануда, тек пайдалану ғана емес, ол нормаларды көпшілікке үйретіп, таратуда, орнықтырып, бекітуде балабақша тәрбиешілерінен бастап, мектеп мұғалімдерінің, институт, университет оқытушыларымен қатар, қазақ сахна қайраткерлерінің, радио, теледидар дикторлары мен хабар жүргізушілерінің, әншілер мен эстрада шеберлерінің міндеттері мен қызметтері орасан зор екенін айту керек. Әрине, ана тілін игеру, оны дұрыс жұмсай білу отбасынан, баланың ата-анасы мен айналасындағы үлкендерден басталуы керек екендігі - даусыз ақиқат.
Тәрбиешілер мен мұғалімдер - жас өспірімдерді тек тәрбиелеп, білім берушілер ғана емес, сонымен қатар тіл үйретушілер, тілдің байлығы мен әсемдігін бала бойына сіңірушілер. Ал актерлар мен әншілер - халыққа тек өнер көрсетіп, эстетикалық ләззат берушілер ғана емес, сонымен қатар ана тілінің құдіретін танытушылар. Дикторлар мен комментаторлар - радио мен теледидардан тек әр алуан хабар берушілер ғана емес, сонымен қатар сөзді дұрыс айта білуді, дұрыс дыбыстай білуді үйрететін ұстаздар болуға тиіс. Демек, бұл топтардың әрқайсысының төл қызметтерімен қатар, тілге қатысты міндеттерінің де әлеуметтік мәні бар екенін жеке-жеке баса айту қажет.
Бұл жұмыстағы негізгі тақырып қазақ сөзін д ұ р ы с айту заңдылықтары жайында болғандықтан, аталған топтардың жалпы тілге қатысты оны үйрету, сөздік байлығын молықтыру, грамматикалық тұлға-тәсілдерді дұрыс қолдана білуге баулу, ана тіліміздің көркемдік-бейнелеуіш құралдарын игерту сияқты мәселелерін емес, тек қана қазақша сөйлегенде (не дауыстап оқығанда) сөздерді табиғи түрде дұрыс дыбыстай білуге қатысты жайттарға ғана назар аударамыз.
Ең алдымен, баланың тілі үй ішінде, отбасында шығады, демек, баланы ана тіліне баулуда, онын ішінде сөздерді дұрыс дыбыстай білуге үйрететін тұңғыш ұстазы - ата-анасы және үй ішіндегі өзге де үлкендер екені мәлім. Сөйлеу үстінде сөздерді бір-бірімен жымдастыра, үйлестіре айта білуге, қазақ тілінің өзіне тән дыбыс заңдылықтарын сақтап сөйлеуге баулуда балаға ертегі, әңгімелер айтудың мәні зор. Үлкендер ертегі, әңгімелерді баппен мәнерлеп, яғни үндестік заңдарын сақтап, сөздерді қиюластырып айтуға мейлінше көңіл қоюлары қажет. Сірә, өсіп келе жатқан баланың таным-білімдік талабы мен психологиясына әңгіме, ертегілердің мазмұны ғана емес, оның тіліндегі үннің құлаққа жағымды, музыкалылығы да қатты әсер ететін сияқты. Баланың өлең сөзге кұштарлығының сыры осында жатады. Үн (дыбыс) гармониясы - адамның жан дүниесі қажет ететін заңдылықтардың бірі. Сондықтан жас балаға тек прозамен ұсынылған әңгіме, ертегілерді емес, өздеріне арналған өлеңдерді оқып беруге ұмтылу керек. Ол өлеңдерді балалар жатқа айтқанда, сөздерін дұрыс дыбыстауына назар аударып, қате тұстарын түзетіп отыруды қазақ ата-аналары мен өзге үлкендері де дағдыға айналдырса. Шынына келсек, отбасылық тәрбиенің осы түрі бізде айтарлықтай емес екенін мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалардың сөйлеу тәжірибесінен аңғарамыз. Сірә, үй ішінде баланың сөзді қалай айтуына зер салып, түзетіп отыру машығы бізде жоққа тән.
Айталық, бала өзінің құрбысын “қалқан құлақ” деп мазақтағанда, әр сөздің жеке-жеке күйіндегіше екінші сөзді қ дыбысынан бастап, алдыңғы сөзді н дыбысына аяқтап, қалқанқұлақ, қалқанқұлақ деп жатса, “жоқ, балам, сен оны құлағы үшін мазақтама, ал мазақтайды екенсің, онда қалқанқұлақ деме, бұл сөзді сен қалқаңғұлақ деп айт” деген сияқты түзету жасап жатпайтын тәріздіміз.
Әрине, ол үшін қазақ тіліндегі сөздердің дыбыстары бір-бірімен қиюласып, үндесіп айтылатын заңдылықтарын алдымен ересектердің, ата-аналардың өздері жақсы білулері керек (бұл құрал сондықтан осы мақсатты әтеуге арналады).
Осы талаптар балабақша тәрбиешілеріне де қойылады. Олардың “мәнерлеп оқу” сияқты тәрбие сағаттарында көңілді тек оқып беруге ғана аудармай, сол оқыған мәтіндегі сөздердің дұрыс айтылуына зер қою абзал. Бүлдіршіндерге өлең-тақпақ айтқызғанда, олардың тек тілі келмейтін дыбыстарын түзету емес, ең алдымен, сөздерді қиюластырмай, бөлек-бөлек айтулары сияқты қателіктеріне де көңіл аудару қажет. Бүгінгі қала балалары әр нәрсеге үйренуді отбасынан гөрі балабақшалардан бастайды, өйткені ата-аналардың көбі жұмыс істейді, олардың кешкі екі-үш сағат баламен бірге болған уақыттары күн ұзаққа балабақшада өткізген тәрбие-сабақпен теңесе алмайды. Оның үстіне, жоғарыда айттық, әзірге біздің жас ата-аналарымыздың, оның ішінде әсіресе қала тұрғындарының өздері қазақ тілінің сөзді дұрыс айту нормаларын, ғылыми тілмен айтқанда, орфоэпиялық ережелерін жақсы білмейтіндіктерін ескеру қажет. Сол себептен ана тілімізді үйретуде алғашқы үлкен жүк балабақша тәрбиешілеріне түседі.
Бұл орайда балабақша тәрбиесіне ұсынылатын оқу-методикалық құралдарда қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтарына арнайы назар аударылса, тіпті бүлдіршіндерге арналған кейбір өлеңдердің дұрыс айтылу (оқылу) үлгісін қоса көрсетіп отырсақ, артық болмас еді. Мысалы, балабақшаларда оқуға арналған бір жинақта (“Оқып, ойнап ән шырқайық”, 1983) берілген “Бұл қалай?” деген 8 жолдық өлеңнің мәтіні мынау:


Аппақ гүлден
Қызыл алма өседі.
Қара бұлттан
От шығады деседі.
Аппақ гүлден
Ақ бұлт неге өнбейді?
Бұлт ішінде
От қалайша сөнбейді?


Жазуда осылай берілген бұл өлеңді тәрбиеші балаларға былайша оқып беруі керек:
Әппақ гүлден
Қызыл алма өсөді.
Қара бұлттан
От шығады деседі.
Әппақ гүлдөн
Ақ бұлт неге өмбөйді?
Бұлт ішінде
От қалайша сөмбөйді?


Осылайша оқығанда ғана өлең құлаққа жағымды, тілге (айтуға) жеңіл болып шығады. Мұны бүлдіршіндер жаттап алғанда, жазылуынша емес, осылайша оқылуынша жаттауға тиіс. Бұл мәтінде еріндік дыбыстардың үндесуіне және б дыбысынан бұрын тұрған н дыбысының м болып айтылатындығына (өсөді, өмбөйді, сөмбөйді) көңіл бөлінеді.
Тағы бір мысал. 5-6 жастағы балаларға арнап, Тұманбай Молдағалиевтың “Көл” деген шағын өлеңі ұсынылған, оны балалар былайша айтып жаттаса:


Жатыр әсем көл тұнұп,


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   143




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет