§ 52. Дәйексөз тырнақшаға алынады (II тарау, § 117-ты қараңыз). Алынған дәйексөз бірнеше азатжолдан құралған болса, әр азат жол бөлек-бөлек тырнақшаға алынбайды. Тырнақша дәйексөздің басталған жерінен ашылып, біткен жерінен бір-ақ жабылады. § 53. Шығарманың ішінде келтірілген үлкенді-кішілі хаттар тырнақшаға алынады (II тарау, § 117-ты қараңыз). Кейде тырнақша хаттың әрбір азатжол сайын ашылып отырады да, ең соңынан барып бір-ақ жабылады. Бұл - өте сирек қолданылатын ереже. Мысалы, С.Мұқановтың “Ботагөз” романындағы Асқардың, Кенжетайдың хаттары: «Ботагөз!.. Амантайі.. Екеуіңнің аттарыңды қағазға түсіргеннен кейін, аяғына не сөз қосарымды білмей, бірнеше минут дағдарып отырмын»... “Сен берген аманатты Сағит қолыма тапсырды...(осылай кете береді де, тырнақша ең соңғы Омбы 1919 жыл 6 каңтар дегеннен кейін жабылады.) § 54.Диалог емес төл сөз тырнақшаға алынады (II тарау, § 117-ты қараңыз). § 55. Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тізбектері, сондай-ақ әріптер, буындар тырнақшаға алынады: Енді “шұбар” деген сөзге “жаман” қосылып, “Жаман шұбар” аталу тарихынан (С.Мұқанов) “Жаз шықты” деген сөйлемнің бастауышы - “жаз”. Дауысты “а” дыбысы - жуан дыбыс. “Ат” - көп мағыналы сөз. “Тарақ” деген сөздегі “та” буыны - ашық буын.