3. СӨЗ САЗЫНЬІҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ПЕН
ӨНЕРДЕГІ МАҢЫЗЫ
Сөз сазы дегеніміз сөйлеу актісінде сөз ішіндегі немесе сөз аралығындағы дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі өз ыңғайына иіп айтылуы болса, ол, бір жағынан, сөйлеу мүшелерінің жұмысын жеңілдетуге, әр алуан кедергіні кемітуге ұмтылуын көздейді, екінші жағынан, сөз сазы айтылған сөздің тыңдаушы құлағына жұмсақ тиіп, сөзге әуенді үн береді.
Тілдің мұндай үйлесімді үндестігін және құлаққа жағымды әуенділігін өлең тілі шебер пайдаланады. Мысалы, өлең жолдарындағы сөздердің буындарын жеке-жеке санағанда, сол өлеңге тиісті өлшемнен артық шығуы мүмкін, бірақ айтылуда дыбыстар үндестігіне сай, өлеңнің әр жолының (тармағының) дәл 7-8 немесе 11 буын болып шығатыны еске алынады, я болмаса, керісінше, кейбір сөздерге артық буын қосылып айтылатыны ескеріледі. Айталық, Біржан салдың “Жанбота” деген өлеңі 11 буынды өлшеммен құрылған. Оның:
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің –
деген жолдарындағы сөздерді жеке-жеке алып
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
буындап санасақ: Жан-бо-та о-сы ма е-ді өл-ген же-рім болып 12 буын шығады. Ал айтылуда ортадағы сөздер осымеді болып ма деген буынның соңғы дауыстысы мен одан кейін келген еді сөзінің басқы дауыстысы кірігіп, ма-е-ді деген үш буынның орнына ме-ді болып екі буын айтылғандықтан, осы өлеңнің өлшеміне сай 11 буын шығады. Бір ырғақпен айтылатын сөздердің аралығындағы екі дауыстының бірі “жұтылып”, өлең өлшемі дәл шығатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мысалы, Абайдың:
Аласы аз, қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын -
деген өлең жолдарының алғашқысы жазуда 12 буын болғанмен, алдыңғы сөздің соңғы ы дыбысы мен келесі сөздің басқы а дыбысы кірігіп, аласаз болып айтылады да, өлең өлшемі дұрыс шығады, Өлең жолдарындағы бір ырғақты сөздердің арасындағы екі дауыстының бірі әрдайым “жұтыла” бермейді: егер буын саны дәл келсе, мұндай екі сөз бірінің соңы, екіншісінің басындағы дауыстыны кіріктірмей, олар сақталып айтылады. Мысалы, Абайдың:
Жаздың көркі енеді жыл құсымен
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен –
деген өлең жолдарындағы көркі енеді деген сөздер қатар тұрғанмен бірінші (көркі) сөздің соңғы дауыстысы да, екінші (енеді) сөздің басқы дауыстысы да жеке-жеке айтылады, өйткені өлеңнің бұл тармағы осы тұрысында 11 буынды, оларды кіріктіріп айтса, 10 буын болып, өлеңнің өлшемі де, ырғағы да бұзылады.
Кейде өлшемге қажет буын саны жетпей тұрса, “жедел жәрдемге” ы, і дыбыстары “шақырылады”. Мысалы:
Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес -
деген өлеңдегі бірінші тармақтың жолдарын жазылуы бойынша санасақ, 10 буын, сондықтан бұл өлең айтылуда: ба-йа-на-уыл ба-сы- нан бұ-лыт кет-пес болып, бұлт сөзі бұлыт болып дыбысталады. Бұл - алдыңғы екі дауыстының біреуінің “жұтылып” кетуіне қатысты құбылысқа қарағанда әлдеқайда сиректеу кездеседі, дегенмен қазақ өлеңінің сазында орын алатынын айтуға болады.
Қазақ поэзиясы ассонанс пен аллитерация деп аталатын дыбыстар біркелкілігінен туатын құбылысты да стильдік мақсатпен кеңінен пайдаланады. Өлең жолдарында немесе қатар келген сөздердің басында, мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестерде, монологтерде, мақала, кітап, т.б. аттарында, газет-журналдардың айдарларында немесе тақырып аттарында, қысқасы, текст ішіндегі сөздер біркелкі немесе бір-біріне жуық (мысалы: т-д, б-п, с-з сияқты дыбыстар) дауыссыздардан басталып келсе, ол аллитерация деп аталады. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың “Жастық” атты өлеңінің мына шумағына назар аударалық:
Достарыңызбен бөлісу: |