(Қасым Аманжолов)
§14. Қысаң ы, і дыбыстары көптеген үш буынды сөздердің ортаңғы буындарында көмескілеу естіледі, бірақ олардың түсірілмей сақталып айтылғаны жөн (емледе де көбінесе ы, і әріптері сақталып жазылады). Мысалы: ықылас, жапырақ, топырақ, тебіренді, күңіренді.
Ал өлеңдерде буын санына қарай мұндай сөздерде дыбыстарды түсіріп те айтуға болады. Мысалы:
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай,
Қайыршы шал - кемпірдей түсі кетіп.
Жапырағынан айырылған ағаш, қурай, -
деген Абайдың шумағында соңғы тармақтағы жапырақ, айырылған, сөздері жапрағынан, айрылған болып айтылуы керек, өйткені өлең жолы 11 буынды болу үшін жап-ра-ғы-нан 4 буын болып, ай-рыл-ған 3 буын, а-ғаш, қу-рай 4 буын болып айтылуы қажет.
Мына өлең шумақтарындағы курсивпен терілген сөздердің дұрыс оқылуын (айтылуын) көрсетіңдер және себебін айтыңдар.
Қалдың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
(Абай)
Уа дариға, алтын бесік - туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гор.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
(Қасым Аманжолов)
Әлі есімде бұлтсыз әлем аспаны,
Арман бізді алға апарып тастады.
Қара шашың мойныма оралып,
Жерге тамған мөлдір көздің жастары.
(Н. Әлімқұлов)
§15. Бір ырғақтық топта айтылатын сөздердің алдыңғысы дауысты дыбысқа аяқталса, екіншісі дауысты дыбыстан басталса, қатар келген екі дауыстының біреуі (алдыңғысы) “жұтылып” кетеді де, бір ғана дауысты айтылады. Мысалы, торы ат, қара ала, келе алмадым, барып па еді, Қараадыр, Сарыөзек, айта-айта сияқты сөздер торат, қарала, келалмадым, барыппедің, қарадыр, сарөзек, айтайта деп айтылады. Бұл заңға біріккен сөздер де, жеке сөздер де, сөз бен шылаулар да, қос сөздер де бағынады.
Қазақ тілінің бұл орфоэпиялық заңдылығын ақындар шебер пайдаланады, яғни жазуда буын саны артық шықса да, айтуда (оқуда) дәл шығатын болғандықтан, сөздерді ақындар еркін қолданады. Мысалы:
3 4 4
Бі-лек-тей / ар-қа-сын-да / өр-ген-бұ-рұм /
4 4
Шол-пұ-сұ / сыл-дыр-ға-ғып / жүр-са-қы-рын /
3 4
Кәм-шәт-бө-рүк / ақ-та-мақ / қа-ра-қас-ты /
4 3 4
Сұ-лүу-ғыз-дың / кө-рүп-пең / мұн-дай-тү-рүн //
Мұнда жүрсе ақырын, көріп пе ең деген сөздері бар жолдар жазылуда 12 буын болғанмен, айтылуда жүрсақырын, көріппең болып кірігетіндіктен, өлең өлшеміне ешбір нұқсан келтірмей тұр.
Қатар тұрған сөздердің кез келгенінің екі аралығындағы дауыстылар бірін-бірі “жұта” бермейді. Егер ондай екі сөз екі ырғақтық топта тұрса, аралық дауыстылар өз орындарында анық айтылады:
Аласыз / қара гөзү / айнадайын /
Жүрекке / ыстықтійіп / салғансайынт /
Үлбүрөген / ағетті / ашығжүздү /
Тісәдемі / көріппең / қыздыңжайын //
(Абай)
Мұнда көзі айнадайын, жүрекке ыстық, етті ашық деген сөздер қатар тұрғанмен, екі аралықтарындағы дауыстылар кірікпейді, өйткені бұлар әр бөлек ырғақтық топта тұр.
Осы ережені ескеріп, мына өлең шумақтарын ырғақтық топтарға бөліп, дұрыс айтып көріңдер. Дауысты дыбыстардың кірігетін және кірікпейтін жерлерін дәлелдеңдер.
Жас қыз бен жас бәйтерек - бәрі бірдей,
Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?
Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы
Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.
(Абай)
Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын,
Ән мен күй, өлең, сені қоя алмаспын.
Тірлікте тербелейін, тебіренейін,
Бір күні кетсем ұйықтап оянбаспын.
(Қ. Аманжолов)
Жел желпиді кейде есіп,
Көк жайлауда жатырмын.
Жұлдыздармен сөйлесіп,
Астында аспан-шатырдың.
(С. Мәуленов)
Ұшады аққу көлден байпаңдаған,
Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған.
Су құйып сырлы аяққа тұндырғандай,
Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.
Достарыңызбен бөлісу: |