тілдері (қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қарашай, балқар,
қырымшақ, құмық, сондай-ақ жартылай – өзбек, қырғыз т.б.) тобының пайда
болу, қалыптасу процестерін айқындай түсуге байланысты.
Міне, сондықтан да, қыпшақтануға арналып отырған бүгінгі ғылыми-
практикалық конференцияда тіл мәселелерін, атап айтқанда, қыпшақ
тілдерінің тағдырын тарихи тұрғыдан сөз етілуін, өз басым, орынды деп
білемін. Бұл тәрізді күрделі мәселені, әрине, бір бас қосумен шеше салуға
болмайды. Алайда, қыпшақтану проблемасын алғаш рет осылай кең түрде
сөз етіп, халықаралық деңгейде шешуге шақырып отырған Қазақстан
тарихшы-ғалымдарының бұл бастамасын құптамауға болмайды. Біле білсек,
қыпшақтанумен шұғылдану – қыпшақ әлемінің заңды қарашаңырағы
– Қазақстанның тарихи миссиясы, демек, қазақ ғалымдарының төл ісі,
перзенттік парызы.
Қыпшақтану проблемаларына байланысты әңгімеге шақырылып
отырған тілші ғалымның айтары да, әрине, тіл туралы болмақшы. Осыған
орай мен бір-ақ мәселеге, атап айтқанда, қыпшақ проблемасының
этнолингвистикалық фоны (негізі) жөнінде тоқталмақшымын.
Жұмыр жер бетін мекендейтін миллиондаған этностардың аз да емес,
көп те емес, шағын бір тобын түркі тілді, түрік нәсілді халықтар құрайды
десек, нақтылы сөз болып отырған қыпшақ әлемі, қыпшақ проблемасы сол
бір үлкен дүниенің көп проблемасының бір бөлшегі, тармағы ғана. Алайда,
түркітанудың бір құнарлы саласы ретінде ол өз алдына жеке-дара тұрған,
басқалардан бөлініп, томаға-тұйық жатқан дүние емес. Бұл – генеологиялық
(төркіні), этнологиялық (этностық болмысы), тарихи, географиялық,
этнолингвистикалық т.б. жағынан тамыры тым тереңде жатқан кең де күрделі
проблема.
Сондықтан да болар, қыпшақтанудың ең басты міндеттерінің бірі –
оның ар жағы жалпы алтайтану, бер жағы түркітану әлеміндегі адамзат
тарихының табиғи даму заңы еншілеп, меншіктеп берген орнын, тарау
шеңберін, даму кезеңдері мен деңгейін анықтап алу болса керек.
Бұл міндеттің бір саласы «тарихи қыпшақ тілі» мен «қыпшақ тілдерінің»
табиғатын зерделей түсіп, оның қойылып отырған жалпы проблемамызға
қатыстығын айқындау болса керек.
31
«Тарихи қыпшақ тілі» және «қыпшақ тобына жататын түркі
тілдері» (яғни «қыпшақ тілдері») деп отырғанымыз не? Түркітануда
«қыпшақ тілі» деген де, «қыпшақ тілдері» деген де ұғым бар. Бұл
заңды да. Өйткені белгілі бір этностың, не этностық тайпаның, ұлыстың
о баста бір-ақ тілі болған, себебі көп тілде, тіпті екі-үш тілді бірдей «ана
тілім» деп санайтын этнос бір тұтас, бір текті этнос бола алмайды. Бұл
– қоғам дамуының объективті заңдылығы. Осыған байланысты түркі
әлемінде кезінде «қыпшақ тілі» деген тіл болған деп есептесек, онда
біз бүгінгі таңда «қыпшақ тілдерінде» сөйлейтін этностардың (ұлыстар
мен халықтардың) қайсысы маңдайы жарқырап, «алғашқы қыпшақ
тілі» деген құрметті де тарихи мәртебеге, сондай-ақ оның «мұрагері»,
«жалғасы» деген атақтарға ие бола алады? Деген заңды сауалға да
жауап беруіміз қажет сияқты. Бұл мәселенің бір жағы. Оның екінші жағы
– бүгінде этнолингвистикалық факторға айналып отырған құбылыс –
өзіндік тарихын басынан кешіріп, өзінше өріс тауып, өзіндік үрдісімен
дамып, «дербестік» деңгейіне көтерілген қыпшақ тобындағы көптеген
(10-нан асады) этностардың өзара туыстығы, тілдік жақындығы...
Міне, осындай мәселелерге назар аудармай, оған жете мән
бермей, қыпшақ проблемасын жалпы түрде сөз ету – көлдің айдынын
қызықтап, оның терең түбінде тұнып жатқан «тұнбаларға», оның қойнау-
қолтықтарында қордаланып жатқан тарих құпияларына мен бермеумен
барабар.
Біз айтар әңгіменің бір түйіні, міне, осында. Оны зерделей түсіп,
зерттеудің тәсілі, жол-жорығы тағы бар. Енді осы мәселені өз білгенімізше
таратып, талдап көрейік.
1. Біздің байқауымызша: қыпшақтану саласында жемісті еңбек етіп
жүрген тамаша ғалымдардың іс әдістеріне тән және солай қалыптасқан
бір дәстүр: 1) өзі зерттеп отырған мәселені бір не екі қыпшақ этносының
шеңберімен ғана шектеп, қыпшақ әлеміндегі жалпы процестерге мән
бермеу; 2) тарихшысы қыпшақ тарихымен, этнолог – этнологиясымен,
географ – географиясымен, тілші – тілімен ғана бір жақты кету бар да,
оларды өзара байланыстыра қарау жоқ, не өте аз. Мәселен, араб, парсы
тілдеріндегі бұлақтар негізінде дүниеге келген Қазақстан ғалымдарының
(Б.Көмеков, Пищулина, М.Әбусейітова т.б.) тамаша зерттеулерін Еділ
бойын жайлаған қыпшақ тайпаларының тіліндегі ортақ лексикалық
қордың өзіндік ерекшеліктерін зерттеуші башқұрт, татар (T.Ғарипов,
Р.Ахметьянов т.б.) тіл мамандары біле бермейтін сияқты. Мұның ең
басты бір себебі – бұрынғы Советтік кеңістікте де, бүгінгі ТМД елдерінде
32
де қыпшақтану проблемасы әр жерде жеке сөз болды да, келелі де ортақ
бағдарлама бойынша барлық мамандарды қатыстыра отырып бір ортадан
басқарылып, ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілген емес.
2. «Қыпшақтану» проблемасына, ол күн тәртібіне қойыла қалған
күнде, тілші ғалымдардың қандай үлесі болуы мүмкін? Деген сұрақ та
қойылуы мүмкін ғой. Менімше, бұл салада қазақ тілші-ғалымдарының да
айтар пікірі, жазар ғылымы аз болмаса керек. Бізде тек Қазақстанда ғана
емес, одан тыс жерлерде де қыпшақ тіліне қатысты жазба ескерткіштерді
зерттеген қабілетті ғалымдар (Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Б.Сағындықов
т.б.) баршылық. Тек осыларды игілікті іске тартып, ұйымдастыра білуде.
3. «Қыпшақ» феноменінің түркі дүниесінде қашан, неден басталып,
немен біткенін, не бітуге тиістілігін өз басым «білемін» деп айта
алмаймын. Менің түсінігімде ол қазірше «басы жоқ, аяғы жоқ» проблема
болып көрінеді де тұрады.
Бұл проблеманың басқа жағын былай қойып, тек тілге қатысты
жағын ғана алып қарасақ та біз осы жағдайды көретін сияқтымыз.
Енді осы пікірімізді сәл таратыңқырап айтып көрейік. «Қыпшақтану
проблемасы ең алдымен қыпшақ этносына және оның тіліне байланысты»
деген логикалық тұжырымды мойындасақ, оның түркі (о баста – «түрк»,
орысшасы «тюрк») тілдер санатына жататынын да мойындағанымыз
жөн. Ал «түрк» («тюрк») деген атау түркітану ғылымында ресми түрде
алғаш («түрк бұдұным») Түрік қағанаты (V-X ғ.ғ.) дәуірінен бастап
түркі дүниесінде белгілі бола бастады. Алайда, бұл айтқаннан жалпы
түркі тілдес этностардың жер бетінде пайда болуы V ғасырдан басталды
деген ұғым-түсінік тумаса керек. Өйткені жер бетінде әр тілді этностар
қаншама көп болса да, олардың әрқайсысының дүниеге келуі сирек
кездесетін тарихи оқиға, ерекше құбылыс. Этностың пайда болуы туралы
Лев Гумилев былай деп жазады:
«Этнос – долгоидущий процесс, определяемый тремя параметрами:
пространственным (географическим ландшафтом), временным
(изменением пассионарности от рождения до распада через определенную
последовательность фаз) и контактным (взаимодействием с другими
этническими системами, которое называет смещение, нарушение
прямого процесса»
2
.
Жалпы «Түрк» этносы да, соның құрамдас бір бөлігі «қыпшақ»
этносы да осы тағдырды басынан кешіргені даусыз. Олай болса, «қыпшақ»
туралы айту үшін бер жағы – «түрк», ар жағы – «алтай» проблемасын
2 Гумилев Л. Меня называет евразийцем. Алма-Ата, 1991, с.5.
33
айтудың да қажеті бар сияқты. Өйткені «қыпшақ» феномені алдымен
«түрк» (тюрк), ал ол «алтай» феноменімен сабақтас екені белгілі.
«Алтай» атауы географиялық ұғым да, «қыпшақ» пенен «түрк»
(тюрк) этнонимдерінің тілдік табиғаты ғылымда осы күнге дейін айқын
емес. Оны біз акад. А.H.Кононовтың шолуынан айқын көреміз
3
.
Алтайтану (Алтаистика) ғылымы «түркі тілдерінің түп-төркіні алтай
тілдеріне» барып саятынын әлдеқашан дәлелдегені белгілі. Бұл теория
бойынша: өз алдына мемлекет құрып, тарихи аренаға V ғасырда шыға
бастаған түркі тайпалары өз тарихын тым арыдан (б.д.д. V ғ.) бастап, күні
бүгінге дейін үзілмей келе жатқан Алтай өңірінен тараған тектес, тілі ортақ,
салт-дәстүрі, тіршілік тәсілі бір халықтар деп қарайды. Алтай теориясы
ұлан-ғайыр бұл өлкеде тым ерте замандарда, тек түріктер ғана емес, басқа
да тектес бір-біріне ұқсас тайпалардың жасағандығын айта келіп, олар
бара-бара 5 түрлі: 1) түрік, 2) моңғол, 3) тұңғыс-манжұр, 4) жапон, 5) корей
– тілдері тобын қалыптастырғанын, бұл тілдердің басын қосып, ұйытқы
болып тұрған 10 шақты ортақ заңдылықтардың (жалғамалылық, үндестік
(сингармонизм), сөз басында 2 дауысты дыбыстың бірден келмеуі,
грамматикалық родтың жоқтығы т.т.) барлығын дәлелдеумен келеді
4
.
Түркі тілдерінің (демек, сол тілдерде сөйлеуші этностардың) Алтай
тобына енетін аталмыш тілдермен төркіні, тарихи құрылымы, географиясы
т.б. жағынан байланысын зерттеу жеке мәселе болса да, түркі>қыпшақ
проблемаларына алыста болса да қатысы бар екендігін ұмытпаған жөн.
Енді түркі тілдерінің өздеріне келсек, зерттеушілер (H.A.Баскаков т.б.)
олардың тарихи даму кезеңдерін: 1) Алтай дәуірі (б.д.д. ғасырлар), 2) Хун
дәуірі (V ғ.дейін), 3) Көне түркі дәуірі, 4) Орта ғасыр дәуірі немесе негізгі
түркі тайпаларының қалыптасу дәуірі деп, төрт кезеңге бөліп қарайды
5
.
Сол сияқты, түркі тілдері таралу шегіне қарай 6 ареалға топтастырылып
жүр: 1) Батыс аймақ (Европа, Балтық жағалауы), 2) Кавказ, 3) Еділ-
Жайық, 4) Орта Азия мен Қазақстан, 5) Сібір, 6) Орталық Азия.
Түркі тілдерінің жалпы саны: кейінгі зерттеулерге қарағанда
6
–
диалектілерін қоса есептегенде жалпы саны – 450-ден астам. Бұлардың
ішінде жеке-дара дербес тіл болып саналатыны – 60, олардың тірілерінің
саны – 35-те, өлісі – 25 тіл, ал бұлар іштей бірнеше топқа бөлінеді.
Қыпшақ тобына (жоғарыда көрсетілген) 10 тіл жатады. Бұл тілдердің
3 Кононов А.Н. Опыт анализа термина «турк»// «Советская этнография», 1949, №7, C.
40-47
4 Алтайская семья языков и ее изучение. M., 1981, C.109.
5 Баскаков H.A. Введение в изучение тюркских языков. M., 1969, C.148.
6 Языки мира // Тюркские языки. M., 1997.
34
бәрі бүгіндегі тірі тілдер, дербес халықтардың тілі. Бұлардың табиғатына тән
ерекшеліктер де ортақ әрі бір-біріне жақын. Демек, сан жағынан да (шамамен
40 миллиондай), таралу ареалы жағынан да бүгінгі түркі тілдер ішіндегі
ең ірісі де, қолданысы кеңі де, сан жағынан ең көбі де қыпшақ тобындағы
тілдер болып саналады. Яғни этносқа тән Л.Гумилев айтқан үш фактордың
(уақыт, кеңістік, контактылық) үшеуі қыпшақ тілдеріне тән болған. Соның
нәтижесінде орта ғасырдың өзінде-ақ Еуразияның кең жазирасында, Дешт-й
Қыпшақ даласында «қыпшақ» феномені ұйытқы болып, этногенетикалық,
этнолингвистикалық, этнографиялық, этносаяси зор қауым қалыптасты.
Ол қауымды тілшілер «Қыпшақ тілі қауымы» («Кыпчакская языковая
общность») деп атайды
7
. Бұл қауымның аумағына түркі тайпалары бірден
емес, біртіндеп, бірінен кейін бірі, өзара іштей жақындасып барып енгені
белгілі. Мәселен, қыпшақ тобына жататын тілдердің көпшілігі түркі тілдер
картасында Батыс хун тармағынан табылып, олардың өздері алдымен үш
топқа – 1) Қыпшақ-бұлғар тобына (оған татар, башқұрт тілдері жатады),
2) Қыпшақ-ноғай тобына (қазақ, қарақалпақ, ноғай т.б. тілдер) және 3)
Қыпшақ-половец тобына (қарашай, балқар, қарайым, қырымтатар, половец
– «Кодекс Куманикус» ескерткішінің тілі т.б.) – жіктеліп барып, кейін тілдік
одақ құрғаны белгілі. Айта кету керек: орта ғасырдағы «Қыпшақ тілдері
қауымдастығы» өзінің тарихи миссиясын тамаша атқарған болатын. Қыпшақ
тобына жататын 10-шақты тілдердің ортақ тілдік заңдылықтар негізінде
өзара жақындаса түсуі, міне, осының нәтижесі болса керек. Осы ортақ
заңдылықтардың бәрі де бүгінде бір тұтас, монолит тілдер санатына жататын
қазақ тілінің бойынан табылуы да оның кезінде сол қауымдастыққа ұйытқы
болуынан деп қараған жөн. Қыпшақтардың бір кезде дәуірлеп жасаған
жазира даласының қара шаңырағының мұрагері де сол қазақтар (Мағжан).
«Қыпшақ» атанған тайпа, не тайпалар бірлестігі, одағының жеке топтары
кезінде басқа этнос, ұлыс, халықтардың қалыптасуынан қалыптасқаны
белгілі. «Қыпшақ тілдері» деген ұғымның шығуы осыған байланысты. Ал
«тарихи қыпшақ тілін» «Кодекс Куманикус» тілі иелеріне қатысты айтуға
болатын сияқты (бұл зерттеле түсуге тиісті пікір).
Cонымен, қорыта келгенде айтарымыз: қыпшақ әлемінің ірге тасының
бір тағаны – қыпшақ тобын құрайтын тілдер тарихы, қыпшақтану
проблемасының сусындайтын көп бұлақтарының бірегей бір бұлағы,
қыпшақ қасиетін толық бойына сіңірген, көне де байырғы, таза да тұтас, бай
да құнарлы рухани көзі қазақ тілі болатынына кепілдік бере аламыз.
ҚР БҒМ ҰҒА-ның Хабарлары. 2002. № 3. 13-18 б.
7 Қайдаров Ә. Қазақ тілі // Қазақстан тарихы. Алматы, 1998. 2 т.
35
Түркітанудың жаңа көкжиектері
Барша адамзат баласына қызмет ететін сан алуан ғылымдардың
алыс-жақын мақсаты ортақ болғанымен‚ алдына қойған нысаны мен
даму барысы әр алуан болса керек. Сол ғылымдардың ішінде алдына
қойған мақсаты игі‚ жер бетінде ерте жаралып‚ құнарлы құрылық
саналатын Еуропа мен Азияның сайын даласына кеңінен тарап‚ адамзат
өркениетіне өз үлесін еселеп қосып келе жатқан түркі тілдес халықтардың
болмысын зерттеп‚ зерделеуші және бұл үрдісінде көп табысқа ие болған
нағыз адами ғылымдардың бірегейі – түркітанудың дүниеге келгеніне
де‚ міне‚ талай ғасыр өтті. Оның жаңаланып‚ жаңғырып‚ шарықтау
шегіне жеткен үкілі кезеңдері де‚ тағдырдың тәлкегіне ұшырап‚ тынысы
тарылған‚ мешеу дамыған дәуірлері де аз болған жоқ. Қалай болғанда
да‚ отандық түркітану ғылымы өзінің ұзын сонар үрдісін бір сәт те
тоқтатып‚ тоқыраған емес. Өйткені бұл ғылымның артында жалпы саны
150 миллионнан астам‚ тірісі мен өлісін қоса есептегенде 60 шақты
ірілі-ұсақты тілде сөйлеген және сөйлейтін‚ «түркі әлемі» деп аталып
келген іргелі қауым тұр. Міне‚ сол қауымның алдағы дәуірде жаңаланып‚
жаңғырып‚ өркениет өріне көтерілетін жаңа бір дәуірі‚ арайлап атқан таң
мен ал қызыл боп батқан күн шұғыласынан оның кең жатқан көгілдір
көкжиегінің нышаны байқалатын сияқты. Ғалымдардың жобалауына
қарағанда‚ міне‚ сол алдымыздағы ХХI ғасыр аталмыш түркі дүниесін
тереңнен танып‚ тексерудің тарихын айғақтап‚ оның өркениеті мен
мәдениетіне қосқан қомақты үлесі мен әлі де қосары мол Түркітану
ғылымының да өсіп‚ өркендейтін үкілі кезеңі болмақшы.
Үстіміздегі 2001 жылдың 23-24 қарашасында елбасымыз Нұрсұлтан
Назарбаевтың өз аузымен «Рухани астана» деп аталған қасиетті Түркістан
қаласында болып өткен Қазақстанның тәуелсіздігі мен Қ.А.Яссауи
атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуының
10 жылдығына арналып өткізілген «Қазақстан 10 жыл ішінде:
экономиканың‚ білім және ғылымның өзекті мәселелері» атты
Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның күн тәртібіне қойып‚
кең түрде пікір алысқан және күрделі шешім қабылданған мәселелердің
біріне біз сөз еткелі отырған түркітанудың да келелі проблемалары
жатады.
Айта кететін бір жағдай: біріншіден‚ Түркі дүниесінің 5 тәуелсіз
мемлекет пен 7 автономиялық республикасынан келген мемлекет және
қоғам қайраткерлері‚ ірі-ірі ғалымдар мен білім саласының мамандары
36
қатынасқан бұл конференцияны шын мәнісіндегі халықаралық құрылтай
(форум), ғылыми-теориялық мәні зор келелі бас қосу деп атай аламыз;
екіншіден‚ конференцияның үш ғасыр бойы қазақ Мемлекетінің астанасы
болған‚ 1500 жылдық тойын өткізіп‚ жаңғырып‚ жаңалана бастаған‚ ірі
оқу-білім ордасына айналған‚ ислам дінін уағыздаған ойшыл да ақын
бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан қасиетті Түркістан
жерінде‚ екі үлкен мемлекеттің Қазақстан мен Түркияның ортақ білім
ордасы – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
құзырында өткізілуі – бәрі-бәрі бұл құрылтайға халықаралық сипат
қана емес‚ тарихи мән берген сияқты. Үшіншіден‚ бұл конференцияны
өткізуге Қазақстан және Түркия үкіметінің ерекше мән беруі; (мәселен‚
ҚР Премьер-министрінің орынбасары‚ проф. И.Н.Тасмағамбетовтің
баяндамасының қойылуы; өкінішке орай‚ ол белгілі себептермен
конференцияға келе алмай қалды; Облыс әкімі Б.Сапарбаев мырзаның
конференцияға қатысып‚ сөз сөйлеуі т.т.; сондай-ақ конференцияны өз
деңгейінде өткізілуі университеттің жаңа президенті академик‚ проф.
О.С.Сәбден мырзаға да‚ университеттің өкілетті кеңес төрағасы проф.
Н.К.Зейбек мырзаға да‚ сондай-ақ жалпы ұйымдастыру Комиссия
мүшелеріне де үлкен сын болатын. Бұл сыннан олар мүдірмей өтті деп
ойлаймын. Өзі басқарып‚ оның қоғамдық өміріне белсене араласып
отырған Түркістан қаласының әкімі Ө.Әметов мырза да осы бір дүбірлі
жиынның дәл ортасында жүрді. Бұл‚ әрине‚ қуанышты жағдай.
Бұл айтып отырғаным әдеттегі қонақ білдірер «сарт мезірет» емес.
Менің бұл жолы көргенім – Түркістан өңіріндегі өркендей бастаған
өркениетті өзгерістердің бірі‚ оны рухани‚ мәдени өміріміздің жаңа бір
бетбұрысы ма деп қалдым.
Әңгіменің негізгі желісі – осы конференциядан туындаған ойлар мен
конференция қабылдаған шешімдер. Қазақта: «Алыс сапар да алғашқы
қадамнан басталады» деген сөз бар ғой. Біздің пайымдауымызша‚
осы конференция барысында және ол қабылдаған ұсыныс-шешімдерде
түркітану ғылымының кейбір жаңа белестері мен көгілдір көкжиектері
де байқалып қалған сияқты. Конференция соңында бірауыздан ресми
қабылданған шешімде түркологиялық зерттеу саласында жақын
жылдарда жүзеге асырылуға тиіс міндеттері ретінде ұсынылған
шаралардың кейбіреулері мыналар:
«1. Әлемдік түркологияның тіл‚ әдебиет‚ тарих және басқа
гуманитарлық салалары бойынша нәтижелерін жинақтай отырып‚ оның
жаңа дәуірге лайықты басым бағыттарын анықтау»...
37
«4. Университетте қазақ‚ түрік‚ орыс және ағылшын тілдерінде
шығарылатын халықаралық «Түркология» журналын 2-3 айда бір рет
шығару ісін қолға алу»...
«6. Түркі халықтары тілдеріндегі бір буынды ортақ түбірлердің
(моносиллабтардың) академиялық нұсқа корпусын жасау»...
«7. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
құзырында құрылған Түркологиялық ғылыми-зерттеу институтының
ғылыми-техникалық базасын дамыта түсіп‚ соның негізінде
Халықаралық түркологиялық музей-кесене құру шараларын
қарастыру» т.б.
Ұсынылған шаралардың ішінен бөліп алып‚ қарастырғалы
отырған бұл мәселелердің біразы конференцияға қатысып‚ арнайы
баяндама жасаған біздің өз ұсынысымыз болғандықтан‚ әңгімені
естіген және түркітану мәселесімен қызығатын жұртшылыққа да және
осы мәселелерді түбінде жүзеге асыратын Университет құзырындағы
Түркология ғылыми-зерттеу институты ұжымына да түсінікті болу үшін
біз оларды сәл кеңінен қарастырып өз ойымызды ортаға салып‚ талдап-
таратып айтуды жөн көрдік.
1-тармақ бойынша. Әлемдік түркітануды дамыту – бүгінгі саналы
ұрпақтың‚ зиялы қауым‚ мамандардың ардақты борышы болмақшы.
Түркі әлемінің бай да асыл рухани‚ мәдени мұраларын түгел қамтып‚
жаңғыртып‚ жаңалап‚ қалпына келтіру‚ ұрпаққа оның тұтастығын‚
ауқымдылығын‚ мән-мәнісін таныту‚ уағыздау‚ паш ету бүгінгі
түркі қауымының ХХI ғасырдағы алдында тұрған ең абзал‚ инсани
парыздарының бірі болмақшы.
Алтай аймағындағы бір ұядан біздің есімізде жоқ сонау бір ерте
заманда түлеп ұшқан бес алып қыран құстан тарап‚ бес тайпа ел болып‚
өз алдына мемлекет құрып‚ кең әлемде өсіп-өнген түркі‚ монғол‚
тұңғыс-манжұр‚ жапон‚ корей халықтарының ең үлкені де‚ ұлығы да
түркілер саналады. Ғасырлар бойы ғалымдардың басын ауыртып келген
алтай жобасы мен түркітану тарихы жер жүзі ғалымдары‚ соның ішінде
Түркітану отаны Ресей ғалымдары қаншама атсалысып келе жатса да‚
мәселенің бәрі түгел шешілді‚ айғақталды деп айту қиын. Бірақ бұл салада
аса мол‚ қымбат деректер жинақталды. Ал‚ басталған игілікті істермен
қатар‚ аяқталмаған‚ тіпті қолға да алынбаған істер қаншама? Сондықтан
да‚ Конференция шешімінің 1-тармақтағы нұсқау өте дұрыс көрсетілген
деп білеміз. «Гуманитарлық сала бойынша зерттеу нәтижелерін жинақтай
отырып‚ оның жаңа дәуірге (әрі замана талабына... – Ә.Қ.) лайықты
38
паритетті бағыттарын анықтау» деген ұсыныс‚ менің пайымдауым
бойынша‚ түркітанушы ғалымдардың мойнына көп міндет артатын
сияқты. Егер бұл игілікті идеяларды орындауға қажетті қаржы‚ мамандар
табылса және ұйымдастырушы Орталықтың ісі жолға қойылса‚ Отандық
түркітану ғылымында басталып‚ қалыптасқан дәстүрді жалғастырып‚
түркі халықтарының рухани өміріне қатысы бар ең қажетті бір топ іс-
шараларды жүзеге асыруға да болар еді.
Мәселен‚ Отандық түркітану саласында күні бүгінге дейін атқарылған
кешенді (комплексті) істердің біріне профессор Васильевтің Орхон-
енисей жазба ескерткіштерінің бұрын-соңды табылған нұсқаларының
корпусын (жиынтығын) жатқызуға болады. Қазақстан (Астанаға)
жеріне Тасмағамбетов Иманғали мырзаның қызу араласуымен әкелінген
Күлтегін ескерткішінің құрметіне байланысты өткізілген Халықаралық
түркітану конференциясы (18-19 мамыр 2001ж.) қаулысында да
профессор Васильев бастаған зерттеуді түркі әлеміне тән басқа да жазба
ескерткіштер (көне ұйғыр‚ әрмен‚ араб т.б.) бойынша жалғастыру қажет
делінген. Бұл Қазақстан жерінде болашақта өз жалғасын табатын іргелі
істердің бір бастамасы болмақшы.
Дәл осындай басым бағытта жүргізілуге тиіс келелі зерттеулердің
енді бір саласына Орталық және Орта Азия‚ Шығыс Еуропа мен Жақын
Шығыс халықтарына ортақ орта ғасыр жазба ескерткіштері нұсқаларын
қайта қарап‚ жаңғыртып‚ топтама жинақ ретіндегі сериясын басып
шығаруды жатқызуға болар еді. Бұл‚ әрине‚ ұлан-ғайыр мол жұмыс.
Бұлар әр кезде‚ әр түрлі (шетел‚ Ресей‚ түркі аймақтарындағы жергілікті)
мамандар тарапынан зерттеліп‚ әр түрлі ғылыми деңгейде жарияланып‚
бірақ әлі күнге дейін басы бір жерге қосылып‚ түркі әлеміне тән бай
рухани мұра екендігі танытылмай келе жатқан мол қазына. Егер Қазақстан
мен Түркия мемлекеті және ірілі-кішілі 30-ға жуық түркі халықтары бір
бағыт‚ бағдарламаға ұйымдасып‚ тізе қосып‚ бірігіп әрекеттенсе‚ бұл
салада да адамзат өркениетіне қосатын үлесі мол болмақшы.
Мен бұл салада істеуге тиісті ұлан-ғайыр істің алғашқы қадамы
ретінде бастауға‚ серия ретінде баспаға дайындап‚ шығаруға болатын
Орта Азия мен Қазақстан халықтарына ортақ орта ғасырлық бір шоғыр
жазба ескерткіштерді атағым келеді. Олар – түркітану әлемінде аты әйгілі‚
өзінің барша саналы өмірін орта ғасыр түркі жазба мұраларының тілін‚
тарихын зерттеумен өткізген‚ олардың біразын жарияласа да‚ біразын
көзі тірісінде жариялап үлгіре алмаған‚ ұлы Мұхтар Әуезовпен Семейде
бірге оқыған жерлесіміз‚ бүгінде марқұм филология ғылымдарының
39
докторы‚ профессор Әмір Нәжіпұлы Нәжіптің артында қалған‚ өмірінің
соңғы сәтінде аманат етіп бізге (осы мақала авторына) тастап кеткен бай
мұрасы. Олар Махмұт Қашғари‚ Қожа Ахмет Яссауи‚ Жүсіп Баласағұни‚
Ахмет Йгуники‚ Хорезми‚ Сейф Сараи‚ Рабғузи‚ Құтба‚ Сaғди‚ Бүрханаддин
Севаси сияқты әлем руханиятына баға жетпес үлес қосқан түркі ойшылдары‚
ғұлама ғалым‚ ұлағатты ұстаздар болатын.
Міне‚ осы асыл дүниелердің ғалым Әмір Нәжіп зерттеп‚ зерделеген
нұсқалары мен транслитерацияланып‚ орысшаға аударылған‚ жеке-жеке
очерк ретінде жазылған қолжазбалары біздің қолымызда сақтаулы. Әр
түрлі себептерге‚ әсіресе қаржы мәселесіне‚ байланысты тоқтап қалған
бұл жұмысты қайта қолға алу‚ яғни қолжазбаларды қажетті деректермен
толықтырып‚ түп нұсқамен тағы бір рет салыстырып шығып‚ жүйелеп‚
баспаға дайындау‚ «Түркі халықтарының рухани мұрасы» деген атпен
(зерттеу‚ текст‚ сөздік ретінде) серия түрінде жариялау түркітану ғылымының
жаңғыру дәуіріндегі зор міндеттерінің бірі болса керек деп ойлаймыз.
4-тармақ бойынша. Түркітану ғылымының өзіне ғана еншілес одақтық
ғылыми журналдың «Советская тюркология» деген атпен Баку қаласында
шыға бастағанына‚ міне‚ 30 жылдан астам уақыт өтті. Советтер одағы
ыдырағаннан кейін ол журнал біраз тоқтап қалып‚ «Түркология» деген
атпенен халықаралық басылым болып қайта шыға бастады‚ бірақ бұрынғыдай
емес‚ таралымы аз‚ көтеріп жүрген мәселелері аймақ‚ өлке тілдерімен ғана
шектеулі. Біз осы журналдардың екеуінің де редакция алқасында болдық.
Сондықтан да‚ «Советская тюркология» журналы кезінде бүкіл түркі
әлемінің рухани өмірін айғақтаушы‚ жер жүзіндегі түрколог ғалымдардың
ой-санасын тоғыстырып‚ сараптап өткізіп‚ даму үрдісін‚ ортақ мақсатын
бағдарлаушы бір орталыққа айналғанын мойындауымыз керек. Дегенмен‚
еліміздегі тоталитарлық жүйе талабына байланысты түркітану ғылымының
теориялық мәселелері көбірек көтеріліп‚ журналда түркі әлемінің тегі бір‚
бір тұтас өзіндік мол дүниесі көп айтыла бермейтін.
Түркия елінде түркологиялық бағытта шығатын журналдар да бар:
мәселен‚ «Түріксой» тарапынан шығарылатын «Түрік дүниесі» (түрікше
аты: Anayurttan Atayurda. Türk dünyasi), «Шығыс Түркістан» (түрікше
аты: «Dodu Türkistan»); «Түрік елі» (түрікше: «Turk eli») т.б. Түрік әлемі
туралы көптеген ғылыми‚ саяси-әлеуметтік мағлұматтар беретін бұл тәрізді
журналдар мен тұрақты жинақтар жалпы түрік әлеміне таралуы‚ тек түрік
тілінде ғана шыққандықтан шектелген‚ оларды елдің бәрі біле бермейді.
Міне, осы бір объективті жағдайларды ескере отырып‚ Халықаралық
қазақ-түрік университеті құзырындағы Түркітану институты (орталығы)
40
тарапынан‚ қаулы бойынша‚ «Түркология» (дұрысы – «Түркітану») атты
журнал шығарылатын болса‚ ол‚ біріншіден‚ халықаралық мәртебеге ие
болуы шарт және төрт (қазақ‚ түрік‚ орыс‚ ағылшын) тілде бірдей дәлме-
дәл қайталанып‚ алдыңғы бір-екі жыл ішінде-екі айда бір‚ одан соң –
үш айда бір номерден шығып‚ жер жүзіне‚ әсіресе барша түркі әлеміне‚
түгел таратылатын болса ғана конференцияда көтерілген бұл игілікті
идеяның орындалғаны.
6-тармақ бойынша: «Тегі бір түркі тілдерінің – түбірі де бір» деген
идеяны біздің көптен бері-ақ айтып‚ оны іс жүзінде дәлелдеудің қам-
қаракетін жасап жүргенімізді біраз жұрт біледі. Олай дейтін себебіміз:
жалғамалы (агглютинативті) түркі тілдері үшін түбір (сөз) проблемасы
күрделі проблема және оны тиянақты зерттеу түркі тілдерінің баршасын
(тірісі – 35-тей‚ өлісі – 25-тей) түгел қамтып‚ негізгі сөздік қорының
ұйытқысы саналатын‚ бір буынды ілкі түбірлердің тамырын тап басып‚
індете терең қарастыруды әрбір тілдің өз маманын қатыстырып‚ талдап-
тарату арқылы төркінін анықтауды талап етеді. Біздің көптен бері
шұғылданып жүрген бұл проблема төңірегінде бүгінде өзіндік зерттеу
дәстүрі бар бір ғылыми мектеп қалыптасып келе жатқан сияқты. Бүгінде‚
қазақ‚ қырғыз‚ татар‚ башқұрт‚ хакас‚ қарашай‚ балқар‚ түрік‚ ұйғыр‚
шуаш т.б. түркі тілдеріндегі бір буынды түбірлердің (С‚ ГС‚ ГСС‚ СГ‚
СГС‚ СГСС) табиғатын зерттеуші бір топ ғалымдардың (Ә.Қайдар‚
К.Мұсаев‚ Е.Қажыбеков‚ К.Ш.Хұсайынов‚ А.Ғ.Шайқұлов‚ Ж.Манкеева‚
Б.Сағындықов‚ Ч.Дыйханова‚ Е.Г.Васильева‚ А.Кызласов‚ М.Ескеева‚
Қ.Аронов‚ Э.Әзербаев т.б.) арнайы еңбектері жарық көріп‚ бұл
құбылыстың ауқымы айқындала бастады.
Түркі тілдерінің негізін құрушы көне де байырғы бір буынды ортақ
түбірлер онша көп те емес. Олардың бір сыпырасы атамзаманнан келе
жатқан түркі тілдерінің өз табиғатына ғана тән төл ілкі түбірлер болса‚
олардың біразы эволюциялық даму салдарынан бір тілде мағынасы
айқын болса‚ екінші бір тілде мағынасы күңгірттеніп‚ не «өлі» түбірге
айналып үлгерген‚ бір түбірлердің шығу тегі тіпті алтай тобына жататын
моңғол‚ тұңғыс-манжұр‚ жапон‚ корей т.б. тілдермен төркіндес болып
келсе‚ енді біреулері көршілес тұрған басқа жүйедегі тілдерден еніп‚
етене сіңісіп кеткен ауыс-түйістер болып келеді. Мәселен‚ қазақ тілі
бойынша біздің бір арнайы зерттеуімізде («Структура односложных
корней и основ в казахском языке». Алма-Ата‚ «Наука», 1986, стр. 183-
311) айқындалған бір буынды түбірлердің (моносиллабтардың) жалпы
саны 2704 бірлік (единица) деп көрсетіледі. Оның тең жартысы (1352)
41
жеке-дара қолданылатын‚ бірқатары басқа тілдерден де табылатын‚
бір-бірімен тұлғалық ұқсастығы бар‚ не фонетикалық вариант түрінде
кездесетін ортақ‚ әрі мағыналас‚ не синкретикалық түбірлер.
Қандай болмасын‚ бүгінгі түркі тілдерінің тектестігі де‚ бір-бірінен
жақын-алыстығы да‚ сайып келгенде‚ міне осы ортақ бір буынды түбір
қорында сақталады. Сондықтан да‚ алтай теориясы тұрғысынан да‚
түркітану тұрғысынан да бұл тілдердің төркінін айқындау сан ғасыр
бойы қалыптасқан негізгі сөздік қор ұйытқысы осы бір буынды түбірлер
негізінде жүзеге асырылмақшы. Әрбір тілде қалыптасқан лексикалық
байлық‚ әдетте‚ екі үлкен арна бойынша – біреуі осы ортақ түбірлер
негізінде туындап‚ толассыз толығу арқылы болса‚ екіншісі көрші т.б.
тілдерден жоқ сөздерді қабылдау арқылы жүзеге асады.
Конференция тұғырынан ұсынылып‚ оның шешіміне еніп отырған
шаралардың бірі – «Түркі халықтары тіліндегі бір буынды ортақ
түбірлердің (моносиллабтардың) академиялық нұсқа корпусын жасау»
болса‚ оны орындау – ғасырлар бойы зерттеліп‚ зерделеніп келе жатқан
«түркі тілдері» деп аталатын сирек құбылыстың мызғымас‚ берік
іргетасын қалау болып саналады. О бастағы Алтайдағы алтын ұясынан
түлеп ұшқан 5 алып құстың біреуін‚ бейнелі түрде‚ «түрік тілінің
құдіреті» деп санасақ‚ сол бүгінде өніп-өсіп 150 млн. адам сөйлейтін
туыстас көп тіл болып‚ түркі әлеміне кең тарап отыр. Олардың бір-
бірімен етене жақын жүріп‚ ұқсастығын сақтағандары да‚ қиян көшіп‚
шет жайлап‚ арасы алыстап кеткендері де бар. Түркі халықтарының
басып өткен қат-қабат‚ қарбалас ғұмыры‚ аласапыран тарихы осы
құбылыстардың айғағы болса‚ ал Конференция ұсынып отырған іс-
шаралар‚ сайып келгенде‚ «тегі бір түркі тілдерінің – түбірі де бір» деген
идеяны дәлелдеу жолындағы игілікті әрекеттердің бірегейі болмақшы.
7-тармақ бойынша пікірлерім: «Халықаралық түркітану музей-
кесене құру» идеясы дәл бүгін емес‚ бұрыннан келе жатқан‚ көптеген
ұлт азаматтарының басын ауыртып‚ жүрегін сыздатып келе жатқан асыл
арман. Шынында да‚ тарих пен аңыздарға сенсек‚ бүгінгі түркі халықтары
жаратылысынан Еуразияның ұлан-ғайыр кең даласында бытырап өскен
бытыраңқы ел емес еді. Түркі тайпаларының өз өлкелерінде мамыражай
бейбіт өмірін алғаш бұзып – батысқа қарай қоныс аударып (б.д.д. 1
ғасырда) үдере көшкен қалың ғұн тайпаларының «ұлы күші» болды. Осы
әрекетіне байланысты түркі тайпалары да Еуразияның төрінен етегіне
дейін жайылып‚ жалпақ даланың жанға жайлы өлкелерін жайланып
тарап кетті. Бір кезде қыпшақ‚ үйсін‚ қаңлы тайпалары мен қатар жасаған
42
шуаштар Еділ бойымен өрлеп‚ Ресейдің төсіне барып орналасты.
Сахалардың біразы бүгінгі жеріне Сыр бойынан көшіп барса‚ Кіші Азия
түріктерінің көбісі өздерін Қазақстаннан барғанын мойындайды.
Осындай бір тарихи себептермен өрісін кеңейтіп‚ өзінше өмір
сүре бастаған түркі тайпалары енді кең түркі әлемінде дамып өсудің
өзіндік жолын тапты. Тілі өзгерді‚ діні өзгерді‚ салт-дәстүрі өзгерді...
бірақ біржола, түгел өзгеріп кеткен жоқ. Баршаға ортақ түрік болмысы
сақталды; тегі бір тілдің түбірлері сақталды‚ әдет-ғұрып‚ салт-сананың
түріктік ұйытқысы сақталды‚ түрік этносына тән рух‚ менталитет
сақталды т.т. Олардың музыкасында да‚ әнінде де ортақ сарын бар; сонау
бір өтіп кеткен көне өмірдің нышандарын әр түріктің бойынан байқауға
болады.
Қысқасы‚ түркі халықтарының осы бір ортақ мұрасын тұтас
бір жерге жинап‚ рухани‚ материалдық мәдениетінің байырғы
нұсқаларын бір орынға топтастыру‚ жалпы түркі этносы туралы жер
жүзі түркологтарының ғасырлар бойы зерттеп келе жатқан ғылыми-
этнографиялық деректерін бір ортаға жинап‚ ең алдымен басы қосылмай
келе жатқан сол түркі халықтардың өздеріне таныстыру‚ түркі әлемінің
өзіндік өркениетін барша әлемге паш етуге бағышталған түріктану
мұражайын құру көптен бері-ақ саналы азаматтардың асыл арманы
болып келеді.
Міне‚ осындай бір игілікті істі этникалық‚ географиялық‚ діни‚
мәдени‚ моральдық‚ экономикалық т.б. тұрғыдан бүкіл түркі әлеміне
рухани орталық болып саналып отырған Түркістан қаласында жүзеге
асырудың бір оңтайлы сәті келіп тұрған сияқты.
Түркологиялық мұражай құру‚ әрине‚ барша түркі халықтардың
өкілдері қатысып‚ ақылдаса‚ кеңесе отырып‚ мемлекеттер ара келісім
бойынша шешілетін мәселе. Дегенмен‚ осы мәселенің ұйымдастырылуына
байланысты бір-екі нақтылы ұсынысымызды айта кетудің артықтығы
болмаса керек. Олар: 1. Түркологиялық мұражай құруға байланысты ең
алдымен оның ғылыми-практикалық тұжырымдамасы мен бағдарламасын
жасау үшін мамандардан арнайы комиссия құру керек.
2. Мұражайдың орны анықталып‚ онда орнатылуға тиісті арнайы
ғимараттың‚ сәулеттік-құрылыстық жоспары‚ керекті қаржы‚ оны бөлетін
бұлақ көздері айқындалуы керек.
3. Бұл жай этнографиялық мұражай ғана емес‚ кесенелі рухани‚ мәдени‚
ғылыми орталық: онда түркі халықтарына қатысты барша деректер мен зат-
бұйымдардың (киім-кешек‚ саз аспаптары‚ үй мен үй жиһаздары‚ ер-тұрман‚
43
аңшылық-саяткерлік жабдықтары‚ ас-тамақ аспаптары т.б.) көрнекі үлгі-
нұсқалары т.б. көрсетілуі керек.
4. Түркі әлемі туралы жер жүзінде жазылған әдебиеттің баршасы
жиналып‚ компьютерлік жүйемен реттеліп‚ өте зор кітапхана жасалуын
ойластыру керек.
Айта берсек‚ бұл тәрізді «керектер» көп-ақ.
Қысқасы‚ «Түркітану мұражайына» бір келіп қайтқан адам (түркі
бауырларымыз) түркі әлемін түгел араламаса да‚ аралағандай болып‚ оның
бай мұрасын өз көзімен көріп‚ өз қолымен ұстағандай әсерленіп‚ өзінше
ғибрат алып‚ ұлттық сезімі оянып‚ жан дүниесі өзгеріп қайтатын орын болуы
керек.
Иншалла‚ осындай жақсы күндерді көруге бұйырсын!
А.Ясауи университетінің Хабаршысы. 2002. №1. 3-8 б.
Достарыңызбен бөлісу: |