Күтілетін нәтижелер:
- түрлі тапсырмалар орындап бір-бірден сапта жүреді;
- жетекшінің ауысуымен; жай қарқында 1,5 минут ішінде; орташа жылдамдықпен 60 метрге жүгіреді;
- 20-25 см биіктіктен; орнынан 50 см-ден кем емес ұзындыққа; бір аяқпен шамамен 4-5 рет секіреді;
- заттардың арасымен доптарды домалату; оң және сол қолмен көлденең нысанаға (2-2,3м арақашықтықтан); тік нысанаға (нысана ортасының биіктігі 1,5 м) 1,5м арақашықтықтан дәлдеп лақтыру;
- 8 м дейінгі қашықтықта заттар арасымен тура бағыт бойынша төрт тағандап еңбектеу; 50 см жоғары көтерілген арқанның астынан оң және сол бүйірмен алға еңбектейді;
- гимнастикалық қабырға бойынша жоғары-төмен кезектескен қадаммен өрмелейді;
- тепе-теңдікті сақтай отырып, көлбеу тақтайда жоғары-төмен жүру және жүгіреді;
- сапта екеуден тұрып сапты қайтадан түзу; оңға, солға бұрылуды орындайды;
- бір бүйірге қарай музыкамен жүру,жұптармен айнала шеңбермен қозғалады.
Қимылдың негізгі түрлері
Үйретілген жаттығулар туралы білік пен дағдыларын бекіту және жетілдіру.
Жүру. Сапта бір-бірден, екеуден; аяқтың ұшымен, өкшемен, табанмен, табанның ішкі жағымен; тізені жоғары көтеріп; ұсақ және алшақ адымдап жүру. Қозғалыс бағытын өзгертіп жүру, жыланша ирелеңдеп жүру, алға, қосымша қадаммен алға, шет жағына жүру. Жүгірумен, секірумен, бағытты өзгертумен, қарқынмен жүру. Басқа қимылдармен кезектестіріп, белгі бойынша тоқтап жүру.
Жүгіру. Қалыпты, аяқтың ұшымен; тізені жоғары көтеріп; ұсақ және алшақ адыммен; сапта бір-бірден және жұппен; түрлі бағытта (шеңбер бойынша, жыланша ирелеңдеп, заттар арасымен), бытырап жүгіру. Жетекшінің ауысуымен, қарқынды жылдамдатып және ақырын жүгіру. Жай қарқында үздіксіз жүгіру; 40-60 метрге жүгіру. 5 метрден 3 рет жүгіру. Бірқалыпты жүгіруді (ырғақтылық) дамыту. Түрлі бағытта жүгіру, қағып алып жүгіру.
Секіру. Бір орында тұрып қос аяқпен секіру; алға ұмтыла секіру; бір орында тұрып оңға, солға бұрылып секіру; аяқты бірге, алшақ қойып, біреуін – алға, екіншісі – артқа қойып, бір орында тұрып секіру. Затты жанау арқылы орнынан жоғары секіру; биіктігі 5-10 см 2-3 заттың үстінен кезектесе секіру; 20-25 см биіктіктен секіру; орнынан 70 см-ден кем емес ұзындыққа секіру; бір орында тұрып ұзындыққа 4-6 сызықтың үстінен секіру (сызықтардың арақашықтығы 40-50 см). Бір аяқпен секіру. Қысқа секіртпемен секіру.
Дәлдеп лақтыру, қағып алу, лақтыру. Допты, құрсауды домалату. Допты бір-біріне төменнен лақтыру, басынан асыра лақтыру және оны қағып алу; допты қос қолымен басынан асыра және бір қолымен кедергі арқылы лақтыру (2 м арақашықтық). Допты жоғары лақтыру, еденге ұру және оны қос қолымен қағып алу; допты жерге ұру. Заттарды алысқа дәлдеп лақтыру (3,5-6,5 метрден кем емес); затты тігінен (нысана ортасының биіктігі 1,5 м) 1,5-2м арақашықтықтан және көлденеңінен (2-2,5 м арақашықтықта) оң, сол қолмен лақтыру.
Еңбектеу және өрмелеу. Көлденең және көлбеу орындықта төрттағандап еңбектеу. Гимнастикалық орындықта қолдарымен тартылу арқылы ішімен еңбектеу. Табан мен алақанға сүйеніп, төрт тағандап еңбектеу. 50 см жоғары көтерілген арқанның, доғаның, таяқтың астынан оң және сол бүйірмен алға еңбектеп кіру. Бөрене, гимнастикалық орындық арқылы еңбектеп өту. Гимнастикалық қабырға бойынша жоғары-төмен кезектескен қадаммен өрмелеу, оң аралықтан, сол аралыққа ауысу.
Тепе-теңдікті сақтау жаттығулары. Сызықтар арасымен (10 см арақашықтық); сызықпен; арқанмен (диаметрі 1,5 см); тақтаймен, гимнастикалық орындықпен, бөренемен жүру. Қырлы тақтаймен жүру; көлбеу тақтайда жоғары-төмен жүру және жүгіру. Бір-бірінен қашық қойылған үрленген 5-6 доп арқылы кезекпен, қолдың түрлі қалпымен аттап өту. Түрлі жағдайда тепе-теңдікті сақтау.
Сапқа тұру, сап құрылымын өзгертіп қайта тұру. Қатарға бір-бірден сапқа тұру. Қатарға екеуден, үшеуден тұрып сапты қайтадан құру; бағдар бойынша теңелу; оңға, солға, айналу бұрылыстар; ажырату және жақындату.
Музыкалық-ырғақтық жаттығулар. Музыкалық сүйемелдеуге сәйкес түрлі қарқында әртүрлі таныс дене жаттығуларын орындау. Жұптармен айнала шеңбермен қозғалу. Жұптармен айналу. Бір жағына жартылай бұрылу арқылы «серіппелі» жүрелеп отыру.
Балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіру.
Достарыңызбен бөлісу: |