Әбу Ханифаның өмірбаяны Әбу Ханифаның әкесі де, анасы да өте тақуа адамдар болған. Әкесі Сәбит жас жігіт кезінде арықтағы сумен ағып бара жатқан алманы бір тістеп жегені үшін бағбаннан кешірім сұрап, кешірімін алу үшін оның қол астында қызмет етеді. Осындай тақуалығы үшін бағбан оған өмірінде ешқашан ұят нәрселерге қарамаған, ұят және балағат сөздерді естімеген, Алла тыйым салған нәрселерді ұстамаған, бұзық жерлерге бармаған, жаман сөз сөйлемеген тақуа қызын әйелдікке береді. Осындай тақуа отбасынан һижраның 80-інші жылы (миләди 699 жылы) Ирактың Куфа қаласында атағы бүкіл әлемге әйгілі ғалым Әбу Ханифа дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған шын аты-жөні – Нұғман ибн Сәбит Зута ибн Мах әл-Куфи. Оның білімділігі мен парасаттылығын құрметтеп, халық «Әбу Ханифа», «Имам Ағзам» (Ұлық Имам) деп атаған.Ханифа бала кезінен-ақ сөзге шешен, өте зерек және ақылды болған. Ел ауызында оның бала кезінде Алланың бар екендігіне сенбейтін бір дінсіз философпен айтысып, оны сөзбен жеңгені туралы әңгіме күні бүгінге дейін айтылып келеді. «Әбу Ханифа» деген сөз тікелей – «Ханифаның әкесі» деп аударылатын болса да, шын мәнінде бұл оның шын аты емес. Өйткені, оның Ханифа атты баласы болмаған. Бұл жерде «әбу» деген сөз – «басшысы, жетекшісі» деген мағынада, ал «ханифа» деген сөз – «хақ жол, тура жол» мағынасында қолданылып, «Әбу Ханифа» – «хақ жолдың басшысы, тура жолдың жетекшісі» деген ұғымды білдіріп тұр.Әбу Ханифаның әкесі Сәбит жібек мата сататын саудагер болған. Әке жолымен ол да мата сататын дүкен ашып, саудамен айналысқан. Ғылыммен айналысып жүрген кезінде де Әбу Ханифа саудасын тастамай, тіршіліктегі ризығын содан тауып отырған. Ол жастайынан Құран, хадис, араб тілі мен әдебиетін оқып үйреніп, көп нәрседен хабардар болса да, мешітке жамағатпен бірге бес уақыт намаз оқу үшін баратын. Ол тек 22 жасында ғана терең ислами білім алуға бел буады.Оның ғылымға шындап бет бұруына сол заманның атақты ғалымы Шағби ﴾р.а.﴿ себепкер болады. Шағби ﴾р.а.﴿ – Куфадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі атақты төрт Ислам ғұламаларының бірі еді. Ол Әбу Ханифаға: «Уақытыңды босқа өткізбей, ғалымдардың дәрісханаларына қатысып, сабақ оқы» – деп кеңес береді.Әбу Ханифа Куфада 18 жыл Шағби ﴾р.а.﴿ мен Хаммад ибн Сүлеймен ﴾р.а.﴿ сияқты сол заманның атақты ғұламаларынан кәлам, хадис, фикһ (құқық), қырағат салалары бойынша терең білім алады. Әбу Ханифа Әнас ибн Малик, Абдулла ибн Ауф, Сәһл ибн Саһд, Әбу Туфайл деген сахабалардан дәріс алғандықтан, Ислам әлемінде «табиғин» мәртебе-сінде танылды.
Куфадағы оқу-ағарту орталығының жетекшісі, ұстазы Хаммад ибн Сүлеймен ﴾р.а.﴿ қайтыс болғаннан кейін, Әбу Ханифа оның орнын басып, осы орталықта 30 жыл ұстаз болып еңбек етеді. Осылайша, оның мектебі Куфадағы атақты оқу орнына айналады. Оның өзі сол заманның ең атақты, білімді, беделді ғалымы дәрежесіне көтеріледі. Әбу Ханифаға Ирактан, Хорасаннан, Йеменнен, Арабстаннан, т.б. жерлерден келіп, білім алған шәкірттерінің саны 4000-нан асатын.