Түсінік хат
«Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» орта білім берудің мақсаты – алған білімінің, кәсіби дағдыларының негізінде өмірдің өзгермелі жағдайларында еркін бағдарлай алатын, өзінің білімін дамытуға, сол алған білімі арқылы өз мүмкіндіктерін іске асыруға және адамгершілік тұрғыда өз бетінше дұрыс, жауапты шешім қабылдауға қабілетті тұлға қалыптастыру екендігі көрсетілген. Ұлттық деңгейде қойылған мақсатты жүзеге асыруда географиялық білімнің алатын рөлі зор.
Қазіргі кезде елдер арасында әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар қарқынды дамуда. Сондықтан да мектеп оқушыларының дүние жүзі елдерінің табиғаты мен шаруашылығы жөнінде білім негіздерін қалыптастыратын пән ретінде географияның маңызы артады.
География ғылымының қазіргі кезде баяндауышы – энциклопедиялық ілімнен конструктивті ғылымға айналғаны бәрімізге мәлім. Географияның заманға сай міндеті «адам-табиғат-шаруашылық-қоршаған орта» жүйесінде пайда болған қарама-қайшылықтарды шешу. Демек, географиялық білім әр түрлі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді шешу үшін үлкен әсерін тигізеді.
Қазір дүние жүзі елдері өзара байланысты және тәуелді бола түсуде. Бұл жағдайда географияның алдында барған сайын жаңа әрі аса жауапты міндеттер тұр: соның бірі – мемлекеттердің интеграциялық процеске ұмтылуы.
Сондықтан да қазіргі кезде әрбір оқушы өз елінің тарихы,
табиғаты, экономикасы мен экологиясын біліп қана қоймай, дүние жүзі елдерінің тарихы мен табиғаты, экономикасы мен экологиясы, халықаралық байланыстары
туралы да білулері керек, өйткені олар келешекте әлемнің көптеген елдерінде қызмет ететін болады. Міне осы тұрғыдан да Елтану курсының маңызы зор.
Білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде Елтанудың тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық рөлі зор.
Елтану бұл – Еуразия материгіндігі
мемлекеттердің тарихы, табиғаты, халқы, экономикасы т.б туралы қызықты мәліметтермен таныстыратын курс болып табылады.
Курс халықаралық қатынас, әлемдік экономика, елтану,
аймақтану, мәдениеттану, саясаттану, өнер, тарих, туризм сияқты мамандықтарды қалаған оқушыларға бағыт-бағдар, көмек береді.