Мектеп оқушылары және студенттер парламенттерінің қызметі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер 1. Мектеп оқушылары және студенттер парламенттерінің қызметі туралы осы ереже (бұдан әрі – Ереже) мектеп және студенттік өзін-өзі басқару органының – мектеп және студенттік парламенттің мақсатын, міндеттерін, құрылымын, қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін, құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
2. Мектеп оқушылары және студенттер парламенттері балалар мен жастардың маңызды мәселелерін шешуге, оның әлеуметтік белсенділігін дамытуға, әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған мектеп және студенттік өзін-өзі басқарудың бастамашыл, дербес, жауапты қоғамдық нысаны болып табылады.
3. Мектеп оқушылары және студенттік өзін-өзі басқару органы – мектеп және студенттік парламент (бұдан әрі – Парламент) білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттерінің бастамасы бойынша білім алушылардың мүдделерін білдіру үшін тұрақты жұмыс істейтін үйлестіруші орган ретінде құрылады және осы Ереже негізінде әрекет етеді.
4. Әрбір білім алушы осы Ережеге сәйкес Парламент активін сайлауға және оған сайлануға құқылы.
5. Парламенттің қызметі мен шешімдері білім беру ұйымының барлық білім алушыларына бағытталған және қолданылады.
6. Парламент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарын, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. Парламенттің мақсаты мен міндеттері 7. Парламент мақсаты: балалар мен жастардың табысты әлеуметтенуі және өзін-өзі тиімді жүзеге асыруы үшін жағдай жасау, сондай-ақ туындайтын мәселелерді білім алушылардың өз бетінше шешуі үшін мүмкіндіктер жасау.
8. Парламент міндеттері:
1) білім алушылардың шығармашылық белсенділігін және өз бетінше әрекет етуін іске асыру;
2) білім алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оның ішінде білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық және олардың мүдделерін қозғайтын өзге де мәселелерді шешуге көмек көрсету болып табылады;
3) білім беру ұйымының басшылығына білім беру және ғылыми міндеттерді шешуде, білім алушылардың бос уақыты мен тұрмысын ұйымдастыруда, салауатты өмір салтын насихаттауда көмек көрсету;
4) білім беру ұйымдарына білім беру және тәрбие процесі шеңберінде өткізілетін іс-шараларға көмек көрсету;
5) білім беру ұйымының рухы мен дәстүрлеріне патриоттық қатынас жасауға, білім алушылардың санасын және олардың өз білім деңгейіне талап етуін арттыруға, мүлікке ұқыпты қарауға тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүргізу;
6) білім алушыларды білім беру ұйымының қызметі туралы хабардар ету;
7) қазақстандық қоғамды дамытудың нақты күші және стратегиялық ресурсы ретінде балалар мен жастар туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға қатысу;
8) балалар мен жастардың қоғамдық маңызы бар бастамаларын іске асыруға көмек көрсету болып табылады.
9. Білім беру ұйымдарында Парламент қызметі өңір мен білім беру ұйымының ерекшелігін ескере отырып айқындалатын басқа да міндеттерді шешуге бағытталған.