Ұқсастыру (аналогия) – объектілердің бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға мүмкіндік беретін таным әдісі. Басқаша айтқанда, аналогия ғылымның бір саласындағы қатынастардың оның екінші саласына транспозициялануы.
Эксперименттік-эмпирикалық зерттеу (грек сөзі «empeiria» – тәжірибе) дегеніміз – педагогикалық заңдылықтарды тәжірибеде, іс жүзінде қолдану.
Эмпирикалық зерттеу әдістерінің түрлері:
Бақылау-зерттеу: тікелей, жанама, тұтас, ашық, жабық, үзік, үздіксіз, дискретті, моногрфиялық, бір бағытты;
Сұрақ-жауап әдістері: әңгіме-сұхбат, сұхбат-әңгіме, сауалнама (анкета); интервью; тест жүргізу; педагогикалық құжаттармен танысу; оқушылардың жазбаша, шығармашылық, графикалық жұмыстарын тексеру.
Өлшеу әдістері: шкалалау, кесінділер алу, тест алу.
Мәліметтерді өңдеу әдістері: математикалық, статистикалық, графикалық, таблицалық.
Бағалау әдістері: рейтинг, педагогикалық консилиум.
Практикаға нәтижені ендіру әдістері: эксперимент, тәжірибелік оқыту, жаппай ендіру (42-сурет).
Нақты мәліметтерді жинақтау әдістері:
Бақылау – заттар мен құбылыстарды мақсатты зерттеу, мағлұматтарды іріктеп жинау, көзбен көргенді сезім мүшелерімен қабылдау және санада бұл ақпаратқа талдау жасау, зерттеу объектісінің сыртқы жақтары, қасиеттері мен белгілері туралы мәлімет алу.
Тікелей бақылау. Зерттеуші-мұғалім оқу-тәрбие жұмысының тікелей басшысы, сонымен қатар ол тікелей куәгер бола тұрып бейтарап адам және зерттеу мүшесі ретінде зерттеушілер тобына кірген кезде тікелей бақылау жүзеге асырылады.
Жанама бақылау. Тікелей бақылауды толықтырады және зерттеушімен бірге оның бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін өкілдер арқылы жүзеге асады. Зерттеуші біреу туралы немесе бір нәрсе туралы жанама деректер алады.
Үздіксіз бақылау. Оқыту процесін, екі-үш оқушының сабақтағы, ойындағы, сыныптан тыс, мектептен тыс мінез-құлқын зерттеуге қолданылады.
Жасырын бақылау. Тұйық теледидар желісі және сынып бөлмелерінде телекамералары бар мектептерде жүргізіледі. Сабақты жасырын бақылап-зерттеу оқушылардың танымдық іс-әрекетінің және мұғаліммен ара-қатынасы туралы шынайы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Жасырын бақылап зерттеу зерттеушіге құнды мәліметтер береді, оқушылар өздерін бақылап отырғанын көрсе өздерін басқаша ұстайды.
Дискретті (үзік-үзік) бақылау. Объектіні ұзақ уақыт бақылайтын кезде қолданылады. Бақылап-зерттеу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін – жарты жыл немесе бір жыл. Бақылап-зерттеу белгілі бір уақытта үзіліп, кейін қайтадан жалғастырылады.
Ізденісті бақылау. Көп деректер арасынан зерттеуші өзіне керек деректер мен құбылыстарды іздеген кезде қолданылады. Мұндай бақылау көп уақыт пен зерттеушіге тиянақты талдау жұмысын талап етеді.
Сұхбат-әңгіме. Сұхбат зерттеушінің жоғары кәсібилігін және жеткілікті тәжірибесін қажет етеді. Сұхбаттың мақсаты – сұхбаттасушылардың міндеттері мен мәселелері арқылы ішкі және сыртқы байланыстарының ерекшеліктерін зерттеу.
Достарыңызбен бөлісу: |