Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының әскер бөлiмдерi мен олардың бейбiт және соғыс уақытындағы мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының әскер бөлiмдерi бейбiт және соғыс уақытында төтенше жағдайлардың қаупi төнген және туындаған кезде республиканың халқын, шаруашылық жүргiзу объектiлерiн және аумақтарын қорғауға арналған.
Уәкілетті органға ведомстволық бағынысты Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн құру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметіне берiледi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн жасақтау, жарақтандыру және қолдануға әзiрлiкте ұстау жөнiнде шаралар қолданады.
2. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнiң негiзгi мiндеттерi:
1) бейбiт уақытта:
- құтқару жұмыстарын жүргiзуге адам құрамын жан-жақты дайындау мен оны аттестациялауды ұйымдастыру;
- iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу және зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге жан-жақты көмек көрсету;
- төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларға қатысу;
- Қазақстан Республикасы тиiстi келісімдер жасасқан шет мемлекеттердiң аумақтарында төтенше жағдайлар болған кезде құтқару жұмыстарына қатысу;
- iзгiлiк көмек ретiнде төтенше жағдайлар аймағына әкелiнетiн жүктерге iлесе жүру және оларды күзету;
- мобилизациялық өрiстетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне келтiру жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
- бейбiт және соғыс уақытында Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн кеңiнен өрiстетуге, құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге арналған қару-жарақты, техниканы, басқа да материалдық-техникалық құралдарды жинақтау, сақтау және дер кезiнде жаңартып отыру.
2) соғыс уақытында:
- зақымдану ошақтары мен залалдану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
- зақымдану ошақтарында, залалдану және топан су басқан аймақтарда құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар жүргiзу;
- халық пен шаруашылық жүргiзу объектiлерiне эвакуация жүргiзуге қатысу;
- халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерiн қалпына келтiру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге қатысу, аэродромдарды, жолдарды, өткелдердi және тыл инфрақұрылымының басқа да маңызды элементтерiн қалпына келтiруге байланысты аумақтық қорғаныстың жекелеген мiндеттерiн орындау.
3. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн бейбiт уақытта қолдануды Қазақстан Республикасы Үкіметі белгiлеген тәртiппен уәкілетті органның басшысы жүзеге асырады.
Азаматтық қорғаныстың тұрақты дайындықтағы әскер бөлiмдерi техникамен және жабдықпен жарақтандырылуға және зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшiн дереу қолдануға әзiр болуға тиiс.
4. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн жасақтау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының әскери бөлiмдерi азаматтық қызметкерлермен де жасақталады. Азаматтық қызметкерлер атқаратын лауазымдардың штат санын, тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен жалпы сан шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.
5. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн мобилизациялық өрiстету үшiн штатқа сәйкес техника, қару-жарақ, материалдық және техникалық құралдардың қорлары құрылады және күтiп ұсталады.
Азаматтық қорғаныс құрамалары, олардың мақсаты мен құру тәртібі
1. Азаматтық қорғаныс құрамалары бейбiт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар қатерi төнгенде және туындағанда авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған.
Азаматтық қорғаныс құрамалары ұйымдарда, аудандарда, қалаларда, облыстарда құрылып, объектiлiк және аумақтық құрамалар болып бөлiнедi.
Объектiлiк құрамалар ұйымдарда, тұрғылықты жерлер бойынша құрылады және әдетте солардың мүдделерi үшiн пайдаланылады. Төтенше жағдайларды жою басшысының шешiмi бойынша объектiлiк құрамалар тиiстi аумақтардың мүдделерiн көздейтiн мiндеттер орындауға тартылуы жұмылдырылуы мүмкiн.
Аумақтық құрамалар аудандарда, қалаларда, облыстарда құрылады және тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтарына бағынады. Ұйымдар аумақтық құрамалар құруға негiз болады.
Азаматтық қорғаныс құрамаларының құрамы мен саны алдағы авариялық-құтқару жұмыстарының болжамдық есептерi мен көлемiнiң негiзiнде айқындалады.
Қазақстан Республикасының жер сiлкiнiсi болып тұратын аймақтары үшiн Азаматтық қорғаныс құрамалары халықтың 10 адамына кемiнде бiр құтқарушы; су тасқындары, өрт пен басқа да ықтимал қауiп-қатерлерге ұшырайтын өнеркәсiп аймақтары мен аумақтары үшiн халықтың 15-20 адамына бiр құтқарушыдан келетiндей есеппен әзiрленедi.
Азаматтық қорғаныс құрамалары құрылатын ұйымдардың басшылары олардың кәсiби даярлығына, осы заманғы техникамен, жабдықпен басқа да материалдық құралдармен жарақтандырылуына және тұрақты әзiрлiкте болуына дербес жауапты болады.
2. Азаматтық қорғаныс құрамаларының негiзгi түрлерi:
1) құтқару құрамалары зардап шеккендердi барлауға, iздеуге және үйiндiлерден шығарып алуға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған және олар аралас құтқару жасақтарынан (командаларынан), құтқару командаларынан (топтарынан), адамдарды iздеу командаларынан (топтарынан), барлау топтарынан, буындарынан және басқалардан жинақталады.
2) инженерлiк құрамалар инженерлiк барлау жүргiзуге, үйiндiлерде жүргiн жолдар, соқпақ жолдар салуға, жолдар мен көпiрлердi, оның iшiнде су тосқауылдары арқылы салынған өткелдердi қалпына келтiруге және оларды жүрiп-тұра алатындай жағдайда күтiп ұстауға, жарылыс жұмыстарын жүргiзуге, қираған құрылыстарды аршып алуға және бүлiнiс аудандарында басқа да инженерлiк жұмыстарды жүргiзуге арналған және инженерлiк командалардан, жол-көпiр командаларынан (топтарынан), жарылыс жұмыстары топтарынан, инженерлiк барлау топтарынан (буындарынан) және басқалардан тұрады.
Инженерлiк құрамалар шешiлетiн мiндеттердiң ерекшелiгiне қарай жұмыстарды дербес орындауды қамтамасыз ететiндей техникамен және жабдықпен жасақталуға тиiс.
3) Азаматтық қорғаныс қызметiнiң құрамалары халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге, авариялық-құтқару және шұғыл-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, құтқару құрамаларын күшейтуге және олардың iс-қимылын жан-жақты қамтамасыз етуге арналған және медицина, байланыс, қоғамдық тәртiптi қорғау, өртке қарсы, авариялық-техникалық, материалдық жағынан қамтамасыз ету, көлiк, жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау және басқа да құрамалар болып бөлiнедi.
3. Жедел-құтқару жасақтары iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзуге және зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге арналған.
Жедел-құтқару жасақтары жоғары дәрежелi әзiрлiктегi құрамалар және олар Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен құрылады.
4. Азаматтық қорғаныс құрамаларына I, II, III топтардағы мүгедектерден, жүктi әйелдерден, сегiз жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерден және соғыс уақытында - жұмылдыру нұсқамасы бар әскери міндетті адамдардан басқа еңбекке жарамды жастағы ерлер мен әйелдер алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |