Қар басу - атмосфералық қатты жауын-шашынның бір түрі. Жоғары биіктіктегі бұлттарда ылғалдың артықшылығынан және ауа температурасының кенеттен төмендеуінен жерге түсетін қар.
Қардың қарқынды жаууы ТЖ туындау себепшісі болуы мүмкін, мысалы: жолдағы көк тайғақ, транспорт жолдарының бөгелуі, қардың ауырлығынан құрылыс нысандарының, бағандардың қирауы, қар көшкінінің туындауы, адамдардың жарақат алуы немесе қаза табуы. Қардың жаууы ауа температурасының төмендеуімен байланысты.
Қар - атмосферадан түсетін әр түрлі пішінді ұлпа мұз кристалдары түріндегі жауын-шашын. Су буының сублимациясы нәтижесінде өте шағын (0,1 -0,2 мм) кристалдар үлкейіп қар жұлдызшаларына айналады.
Атмосферадағы турбуленттік қозғалыстың салдарынан ауадағы қардың жеке жұлдызшалары бір-бірімен ұйыса бірігеді, яғни жерге жапалақ қар (диам. 8-10 мм) жауады. Ауа температурасы 0°С-тан төмендегенде бұлттардан жауады. Қоңыржай ендіктерден бастап солтүстіктің және оңтүстіктің жоғары ендіктеріне қарай жайласқан аймақтарда қардың көп түсуі нен Жердің қар жамылғысы пайда болады.
Қазақстан аймағында қар қазан-қараша айларынан бастап (қиыр оңтүстігіндегі жазық өңірлерін қоспағанда) түседі; қар жамылғысының қалыңдығы солтүстік облыстарда 25-30 см, оңтүстігіндегі жазық жерлерінде 10 см-дей; Жетісу (Жоңғар) Алатауында және Алтайдың батыс беткейінде 60 см-ге жетеді. Өскемен, Петропавл, Қостанай қалаларының төңірегінде қар 150-165 күндей (республикадағы ең ұзақ мерзім), Қызылорда, Шымкент атыраптарында 49-61 күндей (ең қысқа мерзімі) жатады.
Бұршақ - мұздың кішкентай бөлшектері түріндегі атмосфералық жауын-шашын.
Бұршақ өлшемдері кішкене бұршақтардан құстың жұмыртқасындай ірілікте болады. Кейде бұршақтың өлшемдері 30см дейін жетіп, салмағы 1-2 кг болады [10]. Бұршақ жыл мезгілінің жылы уақытында жауады. Оның түзілуі жауынды бұлттарда жүретін атмосфералық үрдістермен байланысты. Ауа ағымы су тамшыларын салқын бұлттарға айдап әкелуі нәтижесінде, су қатып бұршаққа айналады. Белгілі-бір салмаққа жеткен бұршақ жерге түсе бастайды.
Бұршақтар өсімдіктер үшін қауіпті болып келеді. Ол бүкіл егістік алқабын жойып жіберуі де мүмкін. Тіпті адамдардың да бұршақтан қаза тапқан оқиғалары белгілі. Сенімді орынға жасырыну, негізгі профилактикалық іс-шаралардың бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |