2.2 Жер сілкінісімен туындайтын төтенше жағдайлар
Жер сілкінісі - қаһарлы кездейсоқ құбылыс. Жер сілкінісі кенеттен және қас-қағым сәтте өтеді. Жер сілкінісі бұл жер қыртысында немесе мантияның үстіңгі бөлігінде кенеттен болған қозғалыс пен жарылыс нәтижесінде пайда болады және елеулі ауытқулар түрінде үлкен қашықтыққа таралатын жер асты дүмпуі мен жер бетінің қозғалысы.
Жер қыртысының тектоникалық қозғалысын тудыратын жер сілкінісі барсында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, көпірлер, су арналары, тоғандар мен басқа да инженерлік ғимараттар, су құбырлары, кталдауация, электр және байланыс жүйелері зақымданады. Тау жыныстарынан тастар құлайды, адамдарды үрей билейді. Су асты және су жағалауындағы жер сілкінісі кезінде теңіз түбінің қозғалысы нәтижесінде теңіздің гравитациялық толқындарынан цунами пайда болады, құрылықта үлкен бүлінушіліктер орын алады.
Жер сілкінісін сейсмология ғылымы зерттейді. Оның туындауына және дамуына байланысты құбылыстарды сейсмикалық құбылыстар деп атайды. Жер сілкінісі жанартаулық, денудациялық және тектоникалық болып бөлінеді.
Жанартаулық жер сілкінісі қазіргі жанартаулар әрекет ететін аудандарда дамыған.
Денудациялық жер сілкінісі таулы аудандардағы тау жынысы массаларының шатқалдарға құлауынан, жер асты қуыстары мен карст үңгірлерінің опырылуынан және ірі жылжымалардың ықпалынан туындайды.
Тектоникалық жер сілкінісі литосфераның жекелеген блоктары өзара қозғалысқа келгенде, Жер қойнауында ұзақ уақыт бойы жинақталған механикалық энергияның қысқа мерзімде шұғыл босанып шығуына байланысты болады. Мұндай жер сілкінісі - Жер қыртысында ұзынынан созылған жарылымдар жасайды. Жарылым қанаттары лездік жылдамдықпен ығысуына байланысты, босанып шыққан энергия серпімді тербелістер, яғни сейсмикалық толқындар түрінде жан-жаққа таралады. Бұл толқындар қума, көлденең және беттік толқындар болып үшке бөлінеді.
Сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тау жыныстарының құрамына, құрылымына және физикалық жағдайына байланысты болады. Сейсмикалық толқындарды туындатушы жарылымдардың ұзындығы бірнеше км-ден (1966 жылғы Ташкент жер сілкінісінде – 8 км) жүздеген км-ге (1960 жылғы Чилидегі жер сілкінісі) дейін жетеді. 1957 жылғы Гоби Алтайындағы жер сілкінісінде жалпы ұзындығы 700 км жарылымдар жүйесі пайда болған.
Қума толқындардың таралу жылдамдығы 5-6 км/с, көлденең толқындарда 3-4 км/с.
Жер қыртысында немесе мантияның жоғары бөлігіндегі тау жыныстарының лездік қозғалысқа келуінен жер асты соққысы туындаған орынды жер сілкінісінің ошағы, ошақтың тереңдіктегі орнын гипоцентр, Жер бетіндегі проекциясында орналасқан ауданды эпицентр деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |