Зерттеу жұмысының дереккөздері: Құлахмет Ғ. Үйірі жоқ көкжал. Роман. – Алматы: Өнер, 2001. – 240 б.
Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, 1979. – 240 б.
"Оспан батыр" Сейітхан Әбілқасымұлы «Тұран» баспасы , Алматы, 2010, 388 б.
Өзіндік жұмыстың құрылымы: Кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
II. НЕГІЗГІ БӨЛІМ 2.1.Аталған шығармалар бойынша көркемдік ерекшелігі
Қаламгердің шығарма жазудағы түпқазық нысанасы - айтарын бедерлі бейнемен, соны образ, жаңа жолмен жария ету. Әрі жазушы өз көкірегіндегі толған сезім мен сырды көптің көңіліне мейілінше әсерлі жеткізу жолында көркемдіктің сан алуан жолын іздейді, тынымсыз еңбектенеді. Бұл үшін жазушы көркемдік дейтін алып ғимараттың әр бөлшегін құрайтын әрбір деталь, түйіннің бәрі-бәріне де көңіл аударып, шеберлік жолындағы ең ұтымды жолын қарастырады, табады.
Қ. Қамбаров, С. Әбілқасымұлы, А. Алтай, Ғ. Құлахмет, Д. Амантай өз шығармаларында суреткерлік қасиеттерін қолдана отырып, яғни кейіпкер тұлғасын, өзіндік қөзқарастырын тереңдете түсетін психологиялық сараптауларды, деталь шындығын, өмір құбылысын суреттеудегі ықшамдылық, жинақылық, шешендік бәрі-бәрі ұштастыра келіп өзіне тән ерекшеліктерін танытатын белгілерге, фактілерге айналдыра алды.
Сейітхан Әбілқасымұлы – тілінде сурет бар шешен жазушы. Шығармасының идеясын жалаң жадағай, сылдыр сөйлемге құрамайды, керісінше айшықты сурет жасап, терең мағыналы, астарлы образбен жеткізіп отырады. Сондай бір шығармасының бірі «Оспан батыр» тарихи романы. “Оспан батыр” романы да аласапыран заманда атқа қонған ерлер өмірін суреттеуге арналған. Жазушы суреткердік қабілетін пайдалана отырып ел өмірінде болған оқиғалардың маңызды бір қиығын деталь ете отырып, соған бір ұлттың мінез-болмысын сіңіріп отыра бейнелейді.
Романның басты кейіпкері – Оспан батыр. Қаламгер Оспанның образын өміріндегі қызғылықты, шытырман оқиғалар арқылы аша түседі, оның мінезі мен ісі нақты, ойлы адам ретіндей бейнелейді. Мұнда Оспаннан басқа, Мәмей, Зуха, Сүлеймен, Ырысхан, Ноғайбай сынды кейіпкерлерде көрініс алаады, олар аса шытырман, қиын сәттерде сыналатын, дәуірлік ақиқаттың бетін ашуға септігін тигізеді.
Романға арқау болатын оқиғалар қазақтың бір бұтағы Абай Керей рулары ару Алтайдың өрдегі үзілер сілеміндегі қара Ертістің бастау алған тұсында өтеді. Жазушы тарихта болған оқиғаларды, оның қозғаушы күштерін саралап, сол оқиғалардың мәнін жан-жақты ашып көрсетуді нысанаға алғанына куә боламыз. [5]
Жазушушының суреткерлік қабілеті – көркем образ, бедерлі бейне жасаудан көріледі. Көркем ой – сом тұлғалы образ, айшықты астармен, әсерлі суретпен жеткізіледі. Осы көп-көп қырлар мен түрлердің ішінде жазушының шеберлігін сынайтын, суреткерлік деңгейін айқын танытатын түйіннің бірі – кейіпкердің образын оның бастан кешкен оқиғалары арқылы ашу, тұлғалау болып есептеледі.
Оспан батырдың бейнесін суреттеуін алғашқы беттерінде жазушы ерекше сомдайды. Ол Оспанның мінезін, сырт келбетін суреттеп емес, оның іс-қимылы арқылы көрсетеді. «.. Ауыл сыртынан тасыр-тұсыр дүбір естілді. Ол орнынан атып тұрды. Не болғанын аңғармай қалың дүбірге таңырқап тың тыңдап тұрғанда төменгі үйден шыға келген Қожыхан қарт: - Аттан, аттан! Жылқыларды ұры қуып барады – деді бажылдап». [1/5] Осы тұста қалың үйден атып шыққан адамдар, далаға шығып айғайлап аттанудан басқа ары бара алмайды. Көк құнына жүгіріп үлгерген тек Оспан ғана болатын. Бұл кезде Оспан 19 жастағы бозбала еді. Бұрын соңды бұндай жағдайға түсіп көрмеген Оспанның есінде тек талай шайқасқа қатысқан Әбубәкірдің айтқан амал-тәсілдері, оның ақыл-айласын қалт жебермей зердесіне ұстаған ол тым өжеттеніп алған. Осылайша, ұрыларға жеткен Оспанды жазушы осы бір оқиғаны бір бөлім ретінде қарастырып, өзінің суреткерлік қабілетін Оспан мен ұрылардың арасындағы іс-әрекеттерді бейнелеуде ашып көрсетеді.
«Қарсы құйындатқан Оспан тақай бере шоқпар сілтемек еді, үлгере алмады. Бұрын көтерілген қара дәудің сойылы төбесінен төніп келеді екен. ...басқа амалы қалмады. Қара дәудің бауырына кіре атының қабырғасын соға, жабыса жанасып, сүйкеніп өте шықты. ... Тістенген ол атының басын кері бұра бергені сол еді жайлаққа мінген ақ жейделінің ұшыратып тақап қалғанын көзі шалды. Тағы да зып беріп жанай өтіп барна жатқан оның шоқпары зілдей ауыр салмақпен тізесіне сарт еткенін аңғарып үлгерместен, аяғы қорғасындай ауырлап, аспан мен жер төңкеріле аударылып кеткендей басы зеңіп, көз алды бұлыңғырланып барып қараңғылана қалды. Қамшылар жағына ауып, атынан құлап бара жатқанын да сезе алмады қара дәу. Сойылсыз бос қалған қолымен басы салақтап барып кескен теректей құлап түсті». [1/8]
Міне осы үзіндіден жазушының әр көріністі, оқиғаны жай баяндамай, бейнелі сөзбен, оқиғаны қызық әрі өрбіте бейнелей отырып, он құбылтып, жүз түрлентіп, ойналақ салдыра жеткізуі еді.
Қанша дегенмен, жазушы роман басында қызықты, әрі шытырман оқиғалар көрініс алсада, шығарма бетін ауыстырып оқыған сайын тарихи сарынын, тарихы шындықты, қоғамның бейнесін, заман күйін өрбіте түсіп бейнелейді. Сондай кезеңдердің бірі 1938-1939 жыл еді. Бұл жылдың жағдайын жазушы романда былай көрсетеді. «Тарихқа әйгілі жосылтып қанды із қалдырған қара түнекті құйын 1938-1939 жылдары үдей түсіп, әр ұлт халқын түншықтыра тұқыртты. Сталин билік жүргізген қызыл жаһангер адамзат өркенінің биігін отап, асылын жойып, жасығын адамзат өркенінің биігін отап, асылын жойып, жасығын қалдырды. Қырғындаумен ырыс жиып, қанымен тояттады. Аш арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан ол қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп әспенсіп, астамдыққа басты. Бодамшыл, өркөкірек өктемдікпен билеп-төстеп Моңғолия мен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгелдеп, сығымдап қыса берді. Шығыс Түркістанды торлаған сол қара түнекті құйын күшті екпінмен тебітіп кіріп кеуледі. Есікті айқара ашқан Шинжаң жаңа өкіметінің бастығы қанішер Шың-Шысай мен с±ғынған Сталин бұрынғыдан арман құшақтасып, мәре-сәре болысты. Адамдардың басын допша домалату ойынын жалғастыру үдеді». [1/68]
Осылайша Сейітхан Әбілқасымұлының еңбегінің көрнектілігі – тарихи-әлеуметтік маңызды мәселені көтеруі екендігі шындық, алайда, жазушының суреткерлік қабілеті нені айтқанына қарап емес, қалай жеткізгенімен талданып таразыланады. Жазушы «Оспан батыр» еңбегінде халықтық тілдегі ұшан-теңіз мол қазынаны көркем туындысында шырайын ашар амалы ретінде жұмсаудың шебер жолын таба білді; әрі бұларды өзіндік қолтаңба мәнерін айқындайтын стилдік мақсатта кәдеге асырада алды. Оны жоғарыда көрсеткен үзіндіде Сталиннің саясатын суреттеуінен-ақ байқасақ болады, жазушы оны «арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан» дей келе, «қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп, әспенсіп, астамдыққа басты», - дейді. Бұл жерде қаламгер көркемдегін құралдарды қолдана отырып, ауыспалы мағынада сөздерді қолдану арқылы сол кездегі халықтың жағдайы мен Сталиннің іс-әрекетін үлкен сынға алады. Мәселен, «қанды қанжарын» деген сөзінің түпкі мағынасында, қаншама ел мен жерді өзінің қол астына алып, бейбіт елдің қанын төкседе, оған жеткіліксіз болды, осылайша ол бәрібір қанды қанжарын алып «адамдардың басын допша домалату ойынын жалғастыру үдеді» деп суреттейді.
Сейітхан Әбілқасымның “Оспан батыр” тарихи романы екі кітаптан тұрады. Романның бірінші кітабы “Жұлдыз” журналының 1994 жылғы № 10-12 сандарында, екінші кітабы “Жұлдыздың” 1996 жылғы № 1 санында жарияланған. Қазақ халқының өмірінде із қалдырған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын толымды көрсету, сол кезеңде өмір сүрген адамдар тағдырын сипаттау ілгерішіл тәсілдердің бірі десек, “Оспан батыр” романы да аласапыран заманда атқа қонған ерлер өмірін суреттеуге арналған. Мұндағы кейіпкерлер Оспан, Мәмей, Зуха, Сүлеймен, Ырысхан, Ноғайбай т.б. аса шытырман, қиын сәттерде сыналатын, дәуірлік ақиқаттың бетін ашуға септігін тигізеді.
Оспан батыр – романдағы ең қызықты тұлғалардың бірі. Оның өмірі қызғылықты, шытырман оқиғаларға толы және мінезі мен ісі нақты, ойлы адам ретінде көрінеді. Оспан сөзге сараң болғанмен, ой-өрісі кең, іштей толғанысы орамды, тиянақты, әр нәрсені жіті барлап, жете тұжырымдай білетін, ойын сыртқа шығарарда түйеден түскендей дүңк еткізіп қысқа қайратын, шорт мінезді жан ретінде көрінеді.
Романға арқау болатын оқиғалар қазақтың бір бұтағы Абай Керей рулары ару Алтайдың өрдегі үзілер сілеміндегі қара Ертістің бастау алған тұсында өтеді. Жазушы тарихта болған оқиғаларды, оның қозғаушы күштерін саралап, сол оқиғалардың мәнін жан-жақты ашып көрсетуді нысанаға алғанына куә боламыз.
Романның бесінші тарауында тәуелсіз елміз деген Шығыс Түркістан Сталин жіберген жендеттер мен жансыздардың қолына өткені жайлы, олардың зорлық әрекеттері едәуір орынды көрсетіледі:
“Тарихқа әйгілі жосылтып қанды із қалдырған қара түнекті құйын 1938-1939 жылдары үдей түсіп, әр ұлт халқын тұншықтыра тұқыртты. Сталин билік жүргізген Қызыл жауынгер, азамат өркенінің биігін отап, асылын жойып жасығын қалдырды. Қырғындаумен ырыс жиып, қанымен тояттады. Аш арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан ол, қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп әспенсіп, астамдыққа басты. Бодамшыл, өркөкірек өктемдікпен билеп-төстеп Моңғолия мен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгелдеп, сығымдап қыса берді. Шығыс Түркістанды торлаған сол қара түнекті құйын күшті екпінмен тебітіп кіріп кеуледі”. Осы қатыгез қастандықтан Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қырғыз, моңғол, Тарбағатай мен Баркөл бойындағы қазақтар да аман қалмағаны, керейдің ғұлама ақыны Ақыт, Халел тайжі, оның баласы Рахаттың айдауда кеткені, елдің еркіндігі табанға басылып, зомбылық халықтың кегін қоздырғанын автор нақты және дәлелдер келтіру арқылы жүзеге асырады.
1940 жылдары Ноғайбай бастаған ұлт азаттық көтерілісшілер мен Қытай армиясы арасындағы шайқастар жиілей түсіп, ұзақ жылдар бойында зорлық-зомбылық езгісі, ауыр алман салықтан аттап, ұлтты құрту жолындағы ашылған аран, осындай ерлік күреске байлатқаны суреттеле отырып, сол кезеңде өмір сүрген адамдар мінез-құлқына тарихи нақты, шынайы сипат дарыта баяндалады.
“Оспан батыр” романындағы Оспанның портреттік сипаттамасын бергенде жазушы тек жансыз сыртқы пішінін суреттеумен шектелмей, қаһарманның ішкі дүниесін, дара мінездік тұлғаларын, рухани эволюциясын жинақтап сомдайды.
“Оспанның ерекше бір қасиеті - өте қарапайым, кішіпейіл, өзін жоғары ұстамайды, қаршадайынан қара табан кедей болып өскендігі ме бұлданып, бәлсіну, шендену пиғылы онда болған емес. Соғыс кезінде де қол астындағы сарбаздарға қатал ескертіп әмір бергенімен, өзі солардың алдыңғы қатарында жүреді. Көбінде асқан ерлік көрсетіп, атай салып жападан жалғыз жау шебін бұзатын кездері жиі кезігеді”. Мінезіндегі қарапайымдылық пен батырлығын ұштастыра келіп, жазушы персонаждың пайдасына шешіп бергенін көреміз.
Романның соңында қазақтың дәстүрлі өлшемдері бойынша Оспан батырды ақ биенің саумалына шомылдырып, хан сайлаудағы болжымас ережелер орындалмағаны, жазда Алтай жайлауына барған соң барлығы атқарылатынын айтып алдаусыратқан маршал Чайбалсан бастаған топ өз істерін ат үсті тындырғаны баяндалады. Роман соңында “Уақыттық үкімет” бастығына Оспан, штаб бастығы болып Нұрғожа, Оспанның орынбасары болып Дәлелхан белгіленген.
Қорыта айтқанда, жазушы Сейтхан Әбілқасымның “Оспан батыр” романы белгілі өмір шындығын көркемдікпен игеріп, таныған, әлеуметтік ортаның шындығын көркейтіп жеткізген шығарма деуге болады.
«Үйірі жоқ көкжал» шығармасындағы автордың суреткерлігі, ерекшелігі қолданыстары
Кейіпкердің сезім тебіреністерімен толғанған сəттеріндегі бет-əлпетінің, көз жанарларының ерекше əсерлі сипатта болатынына маңындағылардың да айрықша ықыласпен қарайтыны – өмірлік шындық. Көркем шығармалардағы кейіпкерлердің сыртқы кескін-келбеттері мен тебіреністерді тоғысқан сəтіндегі хал-ахуалын шынайылықпен бейнелеу əсерлі.
Мысалы, Ғ. Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романындағы кейіпкер Балтакескеннің гитараға қосылып əн айтқандағы əуез бен бет-əлпет кұбылыстарының поэтикалық тұтастығын көреміз: «Алты шектен майда қоңыр мұңды əуен ыршып шықты. Сым пернелерден сорғалаған өксікті сөз жүрек қылын тербеп, жанды ұйытып баурап барады... Ащы айғайы, шырылдаған белбеуі жоқ əуезді үн құлаққа жағымды, жұмсақ екен. Өмірге деген махаббат пен сағыныш кана əн құдіретін мойындата алады. Айқасқан қара кірпіктері əлгінде ғана жалт-жұлт еткен жанарды жұрт назарынан көлегейлеп жасырып қалған. Жан қиналысын, жүрек зарын басқаларға көрсеткісі келмеген сияқты. Бурыл кірген бұйра кекілі тершіген маңдайына жабысқан кесек пішінді сұлу жүзді Балтакескенге əйелдер қызыға, еркектер жағы қызғана қарады. Қараған сайын, əркім көңіл естелігін ойша парақтайды» [1, 34-б.].
Романдардағы портреттік бейнелеулер кейіпкерлердің уақыт пен кеңістіктегі сан алуан оқиғалар үстіндегі көңіл-күй құбылыстарымен, толғаныстарымен, тебіреністерімен тұтаса өрілуімен ерекшеленеді. Кейіпкерлердің портреттері жан əлемі сезім құбылыстарының тоғыса тұтасқан жағдайы роман композициясындағы көркемдік шешім шынайылығын дəйектейді. Қазіргі қазақ романдарындағы кейіпкер портреттерін бейнелеуде қаламгерлер кезеңдерге сəйкес өмірлік шыңдыктың реалистік болмысын негізге алады. Көркемдік жинақтаумен сомдалған кейіпкерлер тарихи кезеңдер шындығына сəйкес мінез-құлық психологиясын таныта алады.
Кейіпкерлерді қоғамдықəлеуметтік, тұрмыстық қарым-қатынастардағы қақтығыстар, қайшылықтар, тартыстар арасында даралауда каламгерлер көп дауысты, сан сарынды құбылыстар, ықпалдар түйісіндегі портреттік бейнелеулерді жазады. Бұл – адам жан əлемі мен сыртқы келбет, іс-əрекет сабақтастығын танытудағы кешенді сипатты бейнелеу тəсілі. Бұл орайда, академик Р. Бердібаевтың қазақ тарихы романдарындағы портреттік бейнелеуге байланысты пікірінің дəйектілігіне сүйенеміз: «Əдебиет тəжірибесі портрет жасаудың аса күрделі міндет екенін көрсетеді. Адамның түртұлғасын сурет суретшіше айнытпай көшіру қиын болмағанмен, сол келбетті автордың немесе өзге кейіпкерлердің көзімен жəне нақтылы ситуациялар үстінде беру оңай емес. Портрет жеке өзіндік мақсат ретінде алынса, оның оқушыға əсері шамалы, келер-кетері жок əшекей секілді болады да қалады. Ал көркемдік шындық мұраты белгілі қаһарман пішінін жанды əрекет, қозғалыс кезінде айқындалуын талап етеді. Демек, реалистік əдебиетте портреттің өзінен кейіпкердің мінезіндегі елеулі белгілер аңғарылып отыруы лазым» [2, 85-86 бб.].
Зерттеуші осы пікірін өрбіте отырып, «Абай жолы» роман-эпопиясындағы портреттік бейнелеудің төрт түрлі болып қолданылғанын көрсеткен: «Кейде автор қаһарманның сырт келбетін неғұрлым толық келтірсе, енді бір тұста адамның бірер белгісін атап өтумен шектеледі. ... Қаһарманның бет-жүзіндегі, денесіндегі ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату суреткердің қалыптастырған тамаша өнегесі. Сондай-ақ адам портретін түрлі жағдайда қайталай, əрбір қырынан толықтыра отыру тұлғаның дамуын елестететін өте ұтымды əдіс болғанын көреміз» [2, 86-б.].
Атап айтқанда, романдардағы кейіпкер портреті бейнеленуі тарихи шындық поэтикасы жүйесіндегі реалистік жəне психологиялық көркемдік ерекшеліктердің эстетикалық əсерлілігін күшейте түседі шығарма шынайылығы осындай, көркемдік тəсілдер арқылы ғана орындалады. Көркем шығармалардағы өмірлік шындықты көркемдік жинақтаудың поэтикалық заңдылықтарына орай бейнелеуде қаламгерлер адамдардың қоршаған жаратылыс тіршілік көріністерімен, құбылыстарымен тығыз сабақтастығын негізге алады. Əдебиет – ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі əрі үндес, əрі өзгеше заттар мен құбылыстардың, көріністердің, қасиеттердің, т.б. ерекшеліктердің жиынтығынан құралатын сансыз ұғымдардың кешенді болмысын қамтитын күрделі өнер түрі.
Ағартушығалым Ахмет Байтұрсынов та «Əдебиет танытқыш» кітабында көркем əдебиет шығармаларында дəстүрлі негіз болған жаратылыс құбылыстарының адамдардың санасында сəулеленуі туралы ғылыми тұжырымдарын жасаған еді: «... ол күндегі адам табиғатқа қожалық қыла алмаған табиғат сырын біле алмаған. Табиғат күшінің көбі бір керемет болып көрініп, дүние неше түрлі құдайлардың, перілердің, періштелердің, жындардың быжынап жатқан ордасы, ұясы секілді көрініп, көңіліне қорқыныш кіргізген себепті алғашқы адамдар табиғат алдында қол қусырып, кұлдық қып, бас ұрумен болған. Күркіреген күннің, дүрілдеген желдің, бұрқыраған дауылдың, зырқыраған құйынның əрқайсысының істеуші иесі бар, құдайы бар деп ойлаған. Күлімдеп күнде көз салып, күйін-жайын көріп, жарық беріп жадыратып, жылылық беріп маужыратып, мəз қылып отыратын «Күн құдайды» қара əбілет басып қараңғыласа қауіптенген, қайғырған, бір дүрбелеңге ұшырады деп білген. Қыс деген əбілет келгенде, Күннің күші азайып, ауырғандай болып əлсірейді. Дүниедегі нəрсенің бəрі қысылады: мұздайды, қатады. Түсі қашып, өлік сияқты жатады. Күн жазыла бастағанда, жаз болады: бəрі жадырайды, жазылады, көгереді, көркейеді» [3, 410-б.].
Қазақ əдебиеті тарихындағы көркем шығармаларда адам мен табиғат құбылыстарының егізделе тоғыса, тұтаса бейнеленуінде А. Байтұрсынов бағалаған адамзат-ұрпақтарына ортақ дүниетаным негіздерінің арқау болғандығы ақиқат. Қазіргі қазақ романдарында табиғаттағы пейзаждық бейнелеулер мол орын алатынын байқаймыз. Кейіпкерлердің іс-əрекетін, жан əлемін тіршілік қозғалыстарымен тығыз байланыстылық жағдайында бейнелеуде күнделікті тіршілік қозғалыстары жүйесіндегі əртүрлі іс-əрекеттер, мінез-құлық дағдылары, қоршаған қоғамдық-əлеуметтік ортамен, жаратылыс кұбылыстарымен қарым-қатынастары, т.б. – саналуан тұрмыстық мəселелер романтикалық жəне реалистік көркемдік əдістер сабақтастығымен қамтылады. Көркем шығармалардағы пейзаждық бейнелеулер – автордың идеялық желілі ойларының көріністері. Уақыт пен кеңістіктегі өмірлік шындықты адамдар тағдырларының, оқиғалардың қамтылуымен танытуда пейзаждық көріністер кейіпкерлердің жан дүниесіндегі жəне тұрмыстағы жағдайлармен егізделген қалпымен ерекшеленеді. Шығарманың идеялық бағдарына алынған көркемдік ойлау аясында табиғат көріністері мен адамнан да басқа тіршілік иелері қимыл-əрекеттері тұтастығымен берілетін бейнелеулерде кездеседі.
Бұл орайда, қазақ жəне əлем əдебиеттеріндегі анималистік шығармаларда (хайуанаттарды бейнелеу) табиғат құбылыстары мен төрт түлік мал, аңдар, құстар, жəндіктер, т.б. осындай тұтастықпен бейнеленуі – классикалық үрдіс. Д. Лондонның «Ақ азу», М. Əуезовтің «Көксерек» повестерінде, Ш. Айтматовтың «Жампида» романында, Г. Триопольскийдің «Қара құлақ ақ Бим», Д. Рамазанның «Көкжал» жəне т.б. туындыларында осындай бейнелеулер бар. Қазақ əдебиеті шығармаларындағы көркемдік шешім жүйесінің қазіргі жалғастығын біз жазушы Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романынан көреміз. Романның композициясы да осындай поэтикалық бейнелеудің нақты көрсеткішіндей болып аталыпты: «Бөрі бауыр дүние», «Жалғыз бөлтірік», «Үйірі жоқ көкжал». Романның тақырыптық-идеялық, сюжеттіккомпозициялық желісіне алынған өзекті мəселе – XX ғасырдың 90-жылдарынан басталған Қазақстанның тұрмыстық-əлеуметтік қоғамдық тіршілігі. Романның «Жалғыз бөлтірік» атты 1-бөлімінің басталу бетіндегі мынадай авторлық-эпикалық баяндау – өмірлік шындық көрінісі: «Соңғы үш-төрт жылда Алматы ғана емес, адамдар да өзгерген. Тер мен темекінің күлісі иісі, əтірдің жұпары араласқан қапырық ауа қолқасын қапқан жүргіншілердің өз уайымдары өзінде. Қатулы қабақ, тұнжыраған пішіндердің ұқсастығы сондай, нарық заманы бəрінің маңдайына тауқымет мөрін басып қойғандай. Кəрі-жасының жүзінің арты өкініш, алды үмітсіз, өмірдің көлеңкесі көрінеді. Қала тұрғыны мен ауыл адамын киімінен емес, сөзінен ажыратасың. Үкіметті сыбаса – қала тұрғыны, əкімді боқтаса – ауыл қазағы. Ашынған елдің тілі де ащы» [1, 30-31-бб.].
Романның жəне оның бөлімдері тақырыптарының да «Көкжал» атауымен берілуінде символдық-мегзеулік мағына негіз етіп алынған секілді. Адамгершілік пен имандылық, адалдық пен арамдық, мəрттік пен ездік, мейрімділік пен қатыгездік, жомарттық пен сараңдык жəне т.б. бір-біріне мүлдем карама-қайшы касиеттер қақтығысқан жаңа кезеңдегі адам тағдыры романның идеялык-поэтикалық сипатын құрайды. Алғашқы «Бөрі бауыр дуние» экспозициясының да романның мазмұны мен пішініндегі уақыт шындығына поэтикалық мегзеулі баламалау тұрғысында жарылғаны аңғарылады: «1) Кілт; 2) Ақсұр қаншық; 3) Ақшулан; 4) Шолақ бөрі; 5) Бөрі бауыр дүние» [1, 3-29-бб.].
Романның осы алғашқы мегзеу-балама бөлімінде каскырлар (Ақсұр қаншық, Ата бөрі, анасын талап жеген Ақшулан арлан) тағдыры кезеңдерінің, адамзат қоғамы өзгерістерімен, құбылыстарымен жеке адамдар тағдырларымен егізделе, мегзеле баламаланып алынғанын аңғарамыз. Мысалы, қаншық қасқырды да, бөлтіріктерін де ашкөз арланнан құтқарған, тамақ əкеліп тойындырған Ата бөрінің табиғат аясындағы тұлғасын бейнелеу аркылы қаламгер байырғы шешімімен Бөрілі Байрақты қазақ рухының мəңгілік сарынын, тағылымын елестеткендей əсер аламыз. Мысалы: «Бір кезде жұлдыз жамыраған аспанда Ай туды. Қарауытқан құба жондардың иір-иір сұлбасы айшықтанып, түнгі дала аппақ нұрға шомылған. Туған айдың толықсыған буы, шалқыған лебі ме, шөптің басын толкындатып қырдың қоңыр самалы есті. Ата бөрі Айға қарап ұлыды. Топ-толық дөңгелек Айға бұл да көзін тіккен. Адымын ұзатпай алқымдаған əлсіздігі аяқ астынан ғайып болған. Тынысы кеңейіп, көкірегі ашылып, əлдебір мұң, зардан ада мадақ, қанды қыздырып, қайсар рухты оятатын тектің ұраны көмейін бүлкілдетті. Ата бөрінің ұлыған үні күндізгіден өзгеше еді. Аспандағы Айдың нұры мен қырдағы бөрінің көзі шағылысып, шамырқанған атой жырынан түнгі тымық ауа шыңылдап, тербеліске түсті» [1, 6-б.].
Жазушы Ғ.Құлахмет романының көркемдік шындық поэтикасы аясынды алынған қасқырлар мен табиғаттағы Күн, Ай, дала көріністері тұтастық өріліммен бейнеленіп, жалпы тіршілік қозғалыстарындағы тектес, үндес болмыс шындығын аңғартады. Ғарыштық кеңістіктегі тіршілік мүшелері іс-əрекеттеріндегі, тұрпаттарындағы үндестіктердің де, өзгешеліктердің де өзара сабақтаса жүріп жататын заңдылығын қаламгерлер эпикалық туындылардың мазмұны мен пішінінде басты назарға алады. Сөз арқауындағы романның аталған бөлімінде арлан Шолақ пен Ақсұр қаншық екеуінің табиғат көріністерімен сабақтасқан тұрпаттарын бейнелеудің поэтикалық мағыналары тіршілік иелерінің бəріне ортақ заңдылықтар тағылымын мегзейді: «Түнгі аспанның жұлдыздар жымыңдаған төрінен Ай көрінді. Толықсып туған Ай. Қар тозаңындай қырық кұбылған күміс сəулесі түнгі даланың көркін ашты. Шолақ ұлыды. Апан аузындағы Ақсұр қаншық та үн қосып, тау мен даланың тымық ауасына толқын діріл араласты. Бірақ, бұл жорық жыры емес еді. Əуені ұқсас болғанымен əуезі басқаша. Бірі қою, бірі нəзік. Табиғаты тылсым тұз тағысының төбе тағысының құйқаны, шымырлатар шері, зары Тəңірінің түнгі шырағы Айға карай талпынды. Жерге түспей, тау мен қырқаға асылмай шырқау биікке барып сіңіп жатыр. Ай нұрының тамшысы көкбөрі ұрпағының жалт-жұлт еткен көзінде тамады. Ішін тартып солықтаған түн патшалығына тіл біткен. Түрленген. Кемі толып, толғаны кемерінен асып шүпілдеген шабытты шақтың шашыраған шоққа күйдірмейтін шарбат, лəззатын тек ғана жан сезініп тəн білер» [1, 13-14-б.].
«Үйірі жоқ көкжал» романының негізгі кейіпкерлерінің (Теңіз Медетов, Мақат Назарұлы, Балатакескен Халықов, Михаил Иманбаев, Мария Араловна, Жұман Ақбергенов, Эдуард Георгиевич Ли, Кенбай Қосаев) сюжеттік-композициялық желідегі эпикалық-баяндау, диалог, монолог, пейзаждықпсихологиялық егіздеу, т.б. көркемдік тəсілдермен дараланған тұлғаларынан қазіргі уақыт адамдарының тарихи шындықпен бейнеленуін танимыз. Романның экспозициялық бөлігіндегі қасқырлар мен қазіргі адамдар тұлғалары арасындағы баламалы мегзеулердің поэтикалык мағыналары да тарихи шындық үндестігімен аңғартылған. Халық тағдыры – жеке адамдардың, отбасылардың əрі үндес, əрі өзгеше жан əлемімен ісəрекеттерінен құралатын əлеуметтік құбылыс. Табиғат құбылыстарын адамдар тағдырларымен поэтикалық баламалы тұтастықпен бейнелеу арқылы қаламгерлер өмірлік шындыққа негізделген романтикалық жəне реалистік көркемдік əдістер бірлігімен орындалатын шығармашылық шешім шынайылығын белгілейді. Профессор С. Негимов көркем шығармалардағы табиғат көріністері мен адамдар тағдырлары бейнеленуіндегі осындай поэтикалық тұтастықтың көркемдік мəнін атап көрсеткен: «Жазушы əдеби шығармада көркем ойлаудың ажары ретінде, жаны есебінде, образдық метафоралық жүйесінің арқауы сипатында табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады. ...Суреткер табиғаттың алуан-алуан кескін-келбетін кейіпкер басындағы қуанышты, шаттықты, я болмаса, шерлі, мұңлы, күйлерге ыңғайлап отырады. Көркем пейзаж жасау суреткердің дүниетанымының кеңдігіне, рухани жəне материалдық мəдениеттерді жете білуіне, бір-біріне жақындамайтын тегі басқа тірлігі оқшау құбылыстарды орайластырып, жымдастыруға, алыс ұғым-түсініктерді бір-бірімен шебер қиюластыруға саяды» [4, 163- 164-бб.].
Демек, қазіргі қазақ романдарындағы халық, жеке тұлға тағдыры мен табиғатты тұтастыра бейнелеу арқылы тіршілік əлемнің күрделі психологиялық-философиялык сипаты эстетикалық таныммен жан-жакты таныла түседі.