Балалардың денсаулығын нығайту және қорғау – әрбір қоғамның маңызды медициналық–әлеуметтік мәселесі. Қазіргі кездегі медицинаның алға қойған мақсатты бағыттарындағы өзекті мәселелердің бірі ел болашағы жалпы халықтың денсаулығы. Денсаулық көрсеткішінің негізі – өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау және қоғамда дені сау бала тәрбиелеуде елеулі үлес қосу.
Балалар денсаулығының қалыптасуына әсер ететін көп факторлардың ішіндегі маңыздыларының бірі сыртқы қоршаған ортаның әсері. Қазіргі заманда дамыған елдердің көбінде экологиялық жағдайдың қиындағаны байқалады, әсіресе халық тығыз орналасқан ірі қалаларда бұл мәселе айқын көрініс табуда. Бұл бүкіл әлемнің назарын аударып, алаңдатып отырған ең күрделі мәселеге айналуда.
Адам баласының денсаулығына аса қауіп төндіретін сыртқы ортаны ластаушылар қатарына биологиялық әсер ету өрісі кең, ауыр металдар жатады.
Соңғы жылдары экологиялық бағытта көптеген зерттеулер жүргізілуде, зерттеушілер қатарында тек гигиенисттер ғана емес медиктер де, тіпті басқа сала мамандары да бар. Бірақ, бұл зерттеу жұмыстарының барлығы да қоршаған ортаның ластануы адам денсаулығына кері әсерін тигізеді деп бір қорытынды тұжырымдайды.
Соңғы 10 жыл ішінде балалар денсаулығының айқын нашарлауы байқалуда (физикалық және биологиялық дамудың децелерациясы, жүйке-психикалық статустың бұзылысы, мүгедектік деңгейі, нозологиялық түрлерімен топтарына байланысты аурушаңдық көрсеткіштерінің өсуі тіркеледі). Осыған байланысты заманауи ақпаратты-диагностикалық, емдік, сауықтыру және алдын алу технологияларын енгізу және жасау маңыздылығы туындап отыр.
Экологиялық педиатрия дені сау және ауру бала туралы қазіргі ғылымның бір саласы ретінде баланың қалыпты өсіп дамуына және оның денсаулық жағдайына сыртқы ортаның жағымсыз факторларының әсерлерін зерттейді. Сыртқы ортаның жағымсыз факторлары категориясына биосфераның химиялық агенттері – ксенобиотиктермен антропогендік ластануы жатады.
Антропогенді сипаттағы экологиялық факторлар адамзаттың репродуктивтік денсаулығына кері әсерін тигізеді, оның көрінісі соңғы жылдары түсік тастау, өлі туу, бедеулік, әртүрлі туа пайда болған ақаулықтардың көбеюі, перинатальдық және жас нәрестелер өлімі, балалар өлім деңгейінің жоғарылауы.
Екіншіден, ағзаның иммундық-биологиялық резистенттілігін әлсіретіп, екіншілік иммунтапшылық жағдайлардың дамуына, әртүрлі жұқпалы аурулардың көбеюіне және онкопатология даму қаупін жоғарлатып, иммундық жүйенің бақылаушы қасиетін төмендетеді және потенциальді қатерлі соматикалық жасушалар саны өседі.
Үшіншіден, аллергиялық аурулар, парааллергиялық реакциялар, жалған аллергиялар саны, сонымен қатар аутоиммундық патологиялар едәуір өсуде, бұл өз кезегінде тек иммунтапшылық жағдайдың дамуына ғана емес созылмалы және қайталамалы патологиялық үрдістердің жиілеуіне әсер етеді.
Төртіншіден, мутацияда көбейіп, соның салдарынан хромосомды аномалиясы бар балалар көптеп кездесуде.
Ксенобиотиктер әсерінен балалар аурушаңдығы мен өлім көрсеткіштерінің өсуі, жалпы экологиялық дезадаптация синдромының қалыптасуы, химиялық жоғары сезімталдық және сенсибилизация, сирек-созылмалы улану көрсеткіштері өсуі байқалуда. Олардың туа пайда болған ақаулықтардың көбеюіне, балалардың жүйке-психикалық дамуының бұзылыстарына, аллергиялық және созылмалы соматикалық аурулардың көбеюіне тікелей әсері анықталған.
Балалар халықтың ең әлсіз тұсы, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайлары әсеріне сезімтал «қауіп тобы» болып саналады. Себебі оларда өсіп, даму үрдісі әлі аяқталмаған, зат алмасу үрдістері жоғары және қалыптасып келе жатқан иммундық жүйе сыртқы ортаның кез келген әсеріне сезімтал болып келеді.
Ғалымдардың есептеулері бойынша адамдардың денсаулық жағдайы 50-52%-ы – өмір сүру салтына, 20-25%-ы – тұқым қуалау факторларына, 18-20%-ы – қоршаған орта жағдайларына, ал 7-12% ғана денсаулық сақтау саласының қызмет деңгейіне байланысты болады.
Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем алдында экология мәселелері тұр. Адам ақыл-ойының нәтижесі алып ракеталар, атом станциялары, зауыттар, т.б. ғылыми прогресс жетістіктерімен өмірімізді байыта, жеңілдете түсумен қатар адамзат денсаулығына қауіп-қатер туғызуда. Осының бәрі экологиялық сананың жеткіліксіздігінен, адамдардың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жете сезінбеуінен болып отыр. Адам өміріне экологиялық зардаптардың әсер ете бастауы, олардың қоршаған ортаға аяусыз қарауының салдары.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын дүние жүзінде шамамен 500 мың адам пестицидтермен уланады және оның 5 мыңы өліммен аяқталады. Мұндай құбылыстар әдетте «үшінші әлем» елдерінде жиі кездеседі. АҚІІІ-пен салыстырғанда бұл елдерде улану 13 есе артық.
Американ ғалымдарының мәліметтері бойынша барлық қатерлі ісік ауруларының 90%-ы қоршаған ортаның қолайсыз әсеріне байланысты. ФРГ-де соңғы 10 жылда қатерлі ісікпен ауыратындардың үлесі ер кісілерде 15-тен 23%-ға дейін, ал әйелдерде 17-ден 25%-ға дейін артқан. Аурулар өнеркәсіп дамыған және ластанған аудандарда жиі кездеседі.
Ауыр металлдардың (қорғасын, кадмий) ағзада көп жиналуы қан түзу үрдісін әлсіретіп, ОЖЖ-нің дамуын баяулатады, бүйрек және сүйектің зақымдануына әкеледі. Әртүрлі қолайсыз экологиялық факторлардың едәуір әсер етуінің нәтижесінде, соның ішінде бірінші кезекте сапасыз судың жүкті әйел мен жас нәрестелерге әсері олардың басқа кезде мобильді және мықты болып келетін эндокриндік, иммундық, қан түзу жүйесі және басқада жүйелерін зақымдайды. Ағзаның осы жүйелерінің қызметі көрсеткіштерін экологиялық жағдайдың қолайсыз әсері маркері ретінде алып қарастыруға болады, бұлардың ақпараттылығы дамудың имплантация алды, интраимплатациялық және соңғы имплантациялық кезеңдерінде тіпті айқын болады.
Қазіргі кездегі қала — күрделі әлеуметтік-экономикалық ағза. Ол демографиялық, экономикалық-географиялық, инженерлік-құрылыс, сәулеттік факторлардың әсерінен, қоршаған экономикалық кеңістік пен табиғи ортаның алуан түрлі өзара әсерлері нәтижесінде қалыптасады. Қала адамның өмірінің басты сапа көрсеткіші – оның денсаулығына қолайсыз әсер етеді. Атмосфераның, судың, азық-түлік өнімдерінің, күнделікті қажетті заттардың өнеркәсіп пен транспорттың қалдықтарымен ластануы, электромагниттік өріс, вибрация, шу, ауаның дезионизациялануы, тұрмыстың химияландырылуы, шектен тыс көп ақпараттың ағыны, уақыттың жетіспеушілігі, гиподинамия, дұрыс тамақтанбау, зиянды әрекеттердің кеңінен таралуы – осылардың барлығы қосылып адамның денсаулығын нашарлатады.
Адамның денсаулығының төмендеуін, ауруға шалдығуын ағзаның ортаға толық бейімделе алмауы мен қолайсыз әсерлерге берген теріс жауабы ретінде қарастыру керек. Антропогенді факторлар бұрын болмаған, жаңа техногенді ауруларды туғызуда.
Денсаулыққа сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық жағдайлардың әсері артып отыр. Табиғи және физико-химиялық тұрғыдан алғанда таза орта болса да, қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай ауру мен өлімнің артуына әкелетінін өмір көрсетіп отыр. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы адамның психологиялық күйі мен стресстік құбылыстар арқылы әсер етеді.
Атмосфералық ауаның және тұрғын ғимараттардағы ауаның ластануына байланысты бронх демікпесінің таралуын зерттеген кезде ауру ағымының ауырлағандығы мен аурудың балаларда жиі кездесе бастағандығын анықтаған: 7 жасқа дейінгі балаларда – 55,3%, 1 жасқа дейінгі балаларда – 26,7% кездеседі. Аурудың ауыр ағымы 55,2% ауруда анықталған болса, соның негізгі бөлігін балалар құраған (36,6%).
Балалар аурушаңдығын зерттеген кезде тыныс алу ағзалары аурулары ластанған аумақтарда тұратын балалар арасында 2-2,5 есеге дейін жиі кездесетіндігі белгілі болған. Халықтың аурушаңдығы мен қоршаған ортаның сапасы арасында корреляциялық байланыстылық анықталған.
Қоршаған ортаның қорғасынмен ластануынан денсаулыққа төнетін қауіпті бағалаудың әдістемелік ерекшеліктерін ескере отырып, ресейлік ғалымдар қорғасынмен ластану қаупі бар деген аймақта 124 баланың қан сынамасын жасау арқылы зерттеу жүргізген. Қан құрамында қорғасынның үлес салмағы 10 мкг/дл –ден артық балалар 48%-ды құраған. Қауіп факторын бағалау нәтижесі балаларда аурулардың дамуы және олардың психикалық дамуының тежелуі мүмкін екендігін растайды.
Қорғасынның құрамы атмосфералық ауада жоғары болған жағдайда экологиялық жағдайдан қалыптасар аурушаңдық деңгейі болжамы ауру түрлеріне қарай мынадай: 1000 балаға шаққанда қатерлі ісік бойынша – 0,85, перинатальды кезеңде пайда болатын ақаулықтар – 11,9, жүйке жүйесі және сезім мүшелері аурулары бойынша – 84,5, қан және қантүзу ағзалары аурулары – 4,2 құрайды. Бұл қазіргі кездегі тіршілік ортасының басқа зиянды факторлары әсер етпеген жағдайдағы экологиялық қолайсыз аймақтардағы аурушаңдық деңгейінен 2-4,5 есе аз.
Жан жақты зерттеулер нәтижесі экологиялық қолайсыз жағдайлар «жаңа аурулар» туғызып ғана қоймай, экологияға байланысты дамитын аурулар тобының өсуіне ықпал ететіндігін дәлелдеген. Қоршаған ортаны ластаушы заттардың негізгі бөлігі түсті және қара металлургия, жылу энергетика, мұнайгаз өнеркәсіптері және әсери-өндірістік кешендерден түседі. Өндіріс қалдықтарын тазартатын қондырғылардың тиімсіздігінен қала және өндірістер мен өнеркәсіптер маңындағы атмосфералық ауаның ластануына әкеліп соғуда. Республикамыздың 15 қаласында ластану деңгейі белгіленген шектеулі мөлшерден 2,5 есе жоғары (Темирбеков Ж.Т., «Институциональное усиление для УР РК» Бағдарламасының ұлттық эксперті, 2002 ж.). Ең жоғарғы ластану деңгейі Өскемен қаласында (АЛИ=17,8), Лениногорск, Шымкент, Ақтөбеде (АЛИ=10,0) және Алматыда (АЛИ=9,0) болды. Ауа бассейнінің автокөлік түтіні арқылы ластануы 10% жетсе, Алматыда бұл көрсеткіш жалпы қалалық қалдықтардың 90% -ын құрайды.
Экологиялық дағдарыстағы аймақтарда тұрақты тұратын балалар өз қатарластарынан дене дамуы жағынан артта қалады. Қыздардың бойының өсуінің артта қалуы 31,1% болса, ұлдардың бойының қалыс қалуы 31,5%-ды құрайды. Балалардың жартысынан көбінде салмақтыңда қалыс қалуы байқалалады (54,8-52,2%).
Ересектерге қарағанда сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына балалар ағзасы сезімтал келеді, бұл балаларда ағзалар мен жүйелердің функционалдық мүмкіншіліктері мен ағзаның қорғаныс қабілетінің төмендеуімен көрінеді.
Экологиялық қолайсыз аймақтарда тұратын балаларда ұзақ уақыт латентті симптомсыз ақаулықтардың дамуы ақыры олардың дене даму көрсеткіштерінің өзгерістеріне, бейімделу мүмкіндіктері мен ой өрісі даму мүмкіндіктерінің тежелуіне әкеледі. Балалар ағзасы үнемі өсу мен даму үрдістерімен сипатталатындықтан олардың сыртқы ортаның әртүрлі әсерлеріне, тіпті аз ғана өзгеріскеде көбірек шалдыққыш болады.
1.1. Адам өмірінде үнемі әр түрлі физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік қоршаған орта факторларының әсеріне ұшырайды. Қоршаған ортаның факторларының зиянды әсерінің алдын алудың бірнеше принципиальді тәсілдері бар:
Өндірісті толық тоқтату.
Шығарыстардың қоршаған ортаға түсуіне тыйым салу.
Зиянды факторды улылығы аз, зиянсыз факторлармен алмастыру.
Қоршаған орта объектілеріндегі зиянды заттардың мөлшерін және олардың әсер ету деңгейін шектеу (регламинтация) Профилактика стратегиясы зерттелетін фактордың адам ағзасына және оның ұрпағына жуық арадағы және кейінгі қатерлі әсерін талдауды талап етеді.
Гигиеналық нормалау – адам ағзасына қоршаған ортаның зиянды факторларының зиянсыз деңгейлерін заңды түрде бекіту: Химиялық факторлардың рұқсат шеткі концентрациялары (РШК), физикалық факторлардың рұқсат шеткі деңгейлері (РШД) Көп түрлі физикалық факторлардың рұқсатты деңгейлерін белгілеу мақсатында кең көлемді зерттеулер жүргізілді:
Иондық сәулелену
Шу
Діріл
Иондалмайтын электромагнитті сәулелену (ультрокүлгін, инфроқызыл, лазер, микротолқынды, радиожиілікті, төмен жиіліктегі).
Еңбек гигиенасында физикалық еңбектің ауырлығын гигиеналық нормалау принциптері негізделген (физикалық динамикалық жүктеме, көтеретін және тасымалданатын жүктің ауырлығы, жұмыс қалпы, дененің иілуі, кеңістікте қозғалу), еңбектің қиындығы. Химиялық қосылыстардың РШК мен физикалық факторлардың РШД бірқатар халықаралық ұйымдар бекітеді: халықаралық еңбекті ұйымдастыру (МОТ), Бүкіләлемдік денсаулықты ұйымдастыру (ВОЗ).
Гигиеналық нормативтерді негіздеудің жалпы қабылданған принциптері бар.
Бірінші орында гигиеналық нормативтердің мемлекеттік сипаты және барлық ұйымдар мен жеке тұлғалардың оларды сақтау міндеті.
Гигиеналық нормалаудың екінші принципі – зиянды факторлардың пайда болуынан бұрын гигиеналық нормативтерді бекіту.
Гигиеналық нормалауда экономикалық немесе технологиялық емес, ал медико-биологиялық критерилерге көп көңіл береді. Зиянсыздық принципі, медико-биологиялық көрсеткіштердің приматы гигиеналық нормативтерді бекітуде оның профилактикалық бағышталуын қамтамасыз етіп, технологиялық процесстерді жетілдіру үшін приоритетті бағытты анықтауға мүмкіндік береді. Гигиеналық нормалау қоршаған ортаның нақты бір объектісіне және экспозицияланатын контигентке байланысты әрқашан дифференцияланады.
Судың, топырақтың, азық өнімдерінің физико-химиялық қасиеттерінің өзгергіштігімен және спецификалығына және ағзаға әсер ету ерекшелігіне байланысты гигиеналық нормативтер әр объектіге жеке бекітіледі – бұл санитарлы қорғау объектілерін бөлу принципі. Химиялық қосылыстар тікелей емес жанама түрде де әсер етуі мүмкін. Бұл зерттелетін фактордың барлық қолайсыз әсерлерінің комплексін есепке алу принципі:
Органолептикалық көрсеткіштерге әсер ету
Рефлеторлық әсер
Жалпы санитарлық көрсеткіштерге әсер ету
Бір ортадан екінші ортаға миграциялау мүмкіндігі
Санитарлы тұрмыстық әсер
Адам ағзасына әсер ету
Гигиенада зиянды әсер табалдырығы деп ол әсер еткенде ағзада физиологиялық реакциялар шегінен шығатын өзгерістер немесе жасырын патология дамитын сыртқы орта объектісіндегі зиянды заттың минимальді концентрациясын түсінеді. Қалыпты мен патология арасындағы эффектіні табалдырық деп санайды.
Достарыңызбен бөлісу: |