Табиғи-климаттық факторлар кез-келген географиялық ендікте ашық аспан астында жұмыс істеген кездегі өндірістік ортаның міндетті құрамдастарының бірі болып табылады. Микроклиматтық жағдайлар жабық бөлмелерде жергілікті жердің климаттық жағдайларына ғана емес, сондай-ақ, өндірістік үрдістің сипатына да байланысты болады, яғни өндірістік үрдіс сипатымен байланысты факторлар болып табылады. Мәселен, бірқатар өндірістер (металлургия зауыттарының илемдеу (жұқарту), домна цехтары, машина жасау зауыттарының құю, термиялық цехтары және басқалары) ауаның жоғары температурасымен және қыздырылған қондырғылардан, металдардан, пештерден (ыстық цехтар) бөлінетін үлкен жылу сәулеленумен ерекшеленеді..
Керісінше, кеме жасауда, сыра қайнату зауыттарында, тоңазытқыш жайларында (суық цехтар) ауа температурасы тек қыста ғана емес, сондай-ақ жаз мезгілінде де төмен, тіпті нөлден төмен болуы да мүмкін.
Еңбек іс әрекеттерін орындай отырып, жұмысшылар тек өндірістік орта факторларының әсеріне ғана емес, сонымен бірге орындалатын жұмыстың сипатына, ұзақтығы мен қарқындылығына, оның ұйымдастырылыуына байланысты еңбек үрдісі факторларының әсеріне де ұшырайды. Еңбек үрдісінің факторларына жататындар:
- статикалық және динамикалық шамадан артық жүктемелер (ауыр заттарды көтеру және тасу, мәжбүрлі дене қалпы, жүкті көтеріп тұруда, статикалық күш салу, кеңістікте қозғалу және т.б.);
- жүйкелік-психикалық жүктемелер: интеллектуалдық (ой жұмысындағы зорлануы), сенсорлық (анализаторлардың зорлануы), эмоционалдық;
- еңбектің бір сарындылығы;
- гиподинамия;
- жекелеген мүшелер мен жүйелердің (дыбыс байламдарының, қан айналу, тыныс алу жүйелерінің және т.б.) зорлануы;
- физиологиялыққа сай емес күн тәртібі (жұмыс күнінің ұзаруы, үзілістердің қысқартылуы немесе болмауы, түн мезгілінде ауысымдармен жұмыстың ретсіз ауысуы).
Осы факторлардың әсерімен еңбек әрекетінің ауырлығы мен кауіртілігі анықталады. Еңбек ауырлығы басым тірек-қимыл аппаратына және ағзаның іс әрекетін қамтамасыз ететін функционалдық жүйелерге (жүрек-тамыр, тыныс алу және басқа) түсетін жүктемелерді көрсетеді. Еңбек кауіртілігі негізінен орталық жүйке жүйесіне, сезім мүшелеріне, жұмысшының эмоционалдық сферасына түсетін жүктемемен сипатталады.
Өндірістік орта мен еңбек үрдісінің факторларын біріктіріп өндірістік факторлар немесе еңбек жағдайлары деп атайды. Өндірістік факторларды зияндыжәне қауіпті факторларға бөледі. Жұмысшының денсаулығына қолайсыз әсері еңбекке қабілеттіліктің төмендеуімен, кәсіптік аурулар мен уланулардың дамуымен, жәй патологиялардың дамуы және күшеюінің жиіленуімен, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуімен, ұрпақтарының денсаулығының бұзылуымен білінетін факторларды зиянды факторлар деп айтады. Қауіпті факторлар деп, денсаулықтың жедел бұзылуын, тіпті, адамның өлімін де туғызуы мүмкін, зиянды факторларды атайды.
Барлық зиянды факторларды, басқаша айтқанда, кәсіптік зияндылықтар деп айтады, ал олардың адам ағзасына тек сол факторлардың әсерімен немесе олардың басым әсер етуі нәтижесінде пайда болатын ауруларды - кәсіптік аурулар деп атайды. Бұл кезде кәсіптік аурулардың екі тобын ажыратады. Бірінші топқа, сол ауруларға тән белгілердің дамуындағы басты немесе жетекші рөл тек бір ғана өндірістік факторға тиесілі болатын аурулар жатады. Мұндай кәсіптік ауруларға мысалы, діріл ауруын, силикозды, сынаптық улануды жатқызуға болады. Мысалы, силикоз тек бос күйіндегі кремний қос тотығы бар шаңмен тыныс алғанда, сынаптан улану – тек сынап қосылыстары әсер еткенде ғана дамиды. Екінші топқа әр түрлі факторлардың әсерінен пайда болатын, бірақ, нақты жағдайларда аурудың дамуында өндірістік ортаның белгілі бір факторымен себептік байланысы дәлелденген, аурулар жатады. Мұндай ауруларға мақта шаңымен байланысы болған жұмысшыларда дамыған кәсіптік бронх демікпесін, туберкулезбен ауратын жануарлармен жұмыс істеген мал дәрігерлерінің кәсіптік туберкулезін және де басқаларды жатқызуға болады.
Барлық кәсіптік ауруларды этиологиялық белгілері бойынша келесі топтарға бөледі:
1. Химиялық факторлардың әсерінен болатын аурулар: жедел және созылмалы уланулар, қатерлі ісіктер, аллергоздар, тері зақымдалулары.
2. Физикалық факторлардың әсерінен болатын аурулар: шу және діріл аурулары, жедел және созылмалы сәуле ауруы, катаракта, дененің қатты қызуы мен қатты салқындауы және басқалары.
3. Өнеркәсіптік аэрозольдердің әсерінен пайда болатын аурулар: шаң бронхиттері, пневмокониоздар, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары және басқалар.
4. Еңбек үрдісі факторларының әсерінен туатын аурулар: қимыл үйлесімі бұзылатын невроздар, моно- және полинейропатиялар, радикулиттер, бурситтер, аяқ көк тамырларының варикозды кеңеюлері, күшейе түсетін алыстан көрмеушілік, ларингиттер және басқалары.
5. Биологиялық факторлардың әсерінен пайда болатын аурулар: әр түрлі инфекциялар мен паразиттік инвазиялар, саңырауқұлақтар тудыратын зақымданулар және басқалар.
Пайда болу уақытына байланысты кәсіптік аурулар мен уланулар жедел және созылмалы болуы мүмкін.
Өндірістік факторлардың өте үлкен концентрацияларында немесе деңгейлерінде бір рет әсер еткеннен кейін немесе бір ауысым ішінде бірнеше мәрте әсер еткеннен кейін дамитын аурулар жедел кәсіптік аурулар деп аталады. Жедел кәсіби аурулар, мысалы, қандай да бір өнеркәсіптік удан улану, адам денсаулығының ауыр бұзылуларына және жиі өлім жағдайларына алып келуі мүмкін. Созылмалы кәсіптік аурулар зиянды фактордың жедел әсерінің салдарын тудыратын концентрациялары мен деңгейлерінен едәуір аз, бірақ рұқсат етілгенінен жоғары концентрациялар мен деңгейлерінде көп рет ұзақ әсер етуі кезінде дамиды.
Өндірістік факторлар тек кәсіптік аурулар дамуының себебі болып ғана қоймайды, сондай-ақ, кең таралған, көп этиологиялы аурулар болып табылатын, гипертония ауру, жүректің ишемия ауруы, невроздар, баспа, мойын-иық және бел-сегізкөз радикулиттері және басқалар сияқты кәсіппен байланысты аурулар деп аталатын аурулардың пайда болуына немесе дамуына себепші болуы мүмкін.
Мұндай аурулармен аурушаңдық қолайсыз еңбек жағдайларында жоғарылайды және зиянды заттармен байланысы жоқ кәсіптік топтардағы аурушандығынан асып түседі. Мәселен, қорғасын өндірісінде жұмыс істейтіндерде артериалды гипертензия, атеросклероздық өзгерістер жиі кездеседі, осыған байланысты пайда болатын еңбекке жарамсыздық жағдайларының жиілігі мен ұзақтығы жоғары болып келеді. Берілген жағдайда қорғасынға тән спецификалық синдромдар дамымайды, бірақ кәсіптік емес аурулардың пайда болуына, ағымы мен ақырына анық әсері көрінеді.
Қолайсыз өндірістік факторлар бұрыннан бар аурулардың ағымын ауырлатуы мүмкін. Мысалы, поллинозбен ауыратын адамда мақта шаңымен, басқа да өсімдік тектес аллергендермен, тітіркендіргіш әсерлі заттармен байланыста болып жұмыс істегенде, аурудың маусымдық қозу кезеңдері жиілейді және ұзарады, жиі бронх демікпесіне ауысатын бронхоспастикалық құбылыстар қосылады.
Зиянды факторлардың әсеріне бала жаста және жастық кезеңде, сонымен қатар, әйел адамдарда, әсіресе жүктілік және бала емізу кезеңіндерінде, сезімталдығы жоғары болады. Кәсіптік зияндылықтар әдетте адамның өзі қолдан жасаған факторлар болып табылады, және олардың көбіне ағзада қорғанудың адекватты бейімделу механизмдері жеткілікті мөлшерде қалыптаспаған. Олардың кейбіреулерінен (мысалы, иондаушы сәулеленулерден) туындаған қауіп туралы дабыл қағатын рецепторлар немесе мүшелер жоқ. Қолайсыз әсер тек фактормен қатынаста болған сәтте ғана емес, сондай-ақ, онымен қатынасты тоқтатқаннан кейін ұзақ уақыт өткеннен сон немесе осы адамның ұрпақтарында байқалуы мүмкін (ұзақ уақыттан кейінгі салдарлар). Көптеген өндірістік факторлар канцерогенді, мутагенді және эмбриотропты эффектілер туғызуы мүмкін.
Жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, кәсіптік және кәсіппен байланысты аурулардың пайда болуын болдырмау, кәсіптік емес аурулардың ағымының ауырлауының және ұзақ уақыттан кейінпайда болатынсалдарлары дамуының алдын алу үшін, қауіпсіз еңбек жағдайларынжасау қажет. Олар, жұмыс істеушілерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері болмаған жағдайда немесе олардың деңгейі гигиеналық нормативтерден аспағанда ғана, қауіпсіз болып табылады.