2.2.1 Көз қосалқыларының өзгеруі. Көз қосалқыларына қабақтар, конъюнктива және жас бөлу мүшелері жатады. Терінің қартаюы салдарынан қабақтар жұқарады, серпімділігін жоғалтады, әжімдер байқалады, жоғарғы қабақтың терісі салбырап түседі, холестериннен тұратын (ксантелазмалар) сарғыш дақтар да байқалуы мүмкін. Көз саңылауы бұлшықеттің төмендеуі және леватордың әлсіреуінен жоғарғы қабақтың аздап түсуіне байланысты тарылады. Тері мен бұлшықеттің былжырауынан төменгі қабақ көз алмасуына толық жабыса алмайды да, конъюнктивальды қапшықтан шығатын көз жасының бөлінуін бұзады, нәтижесінде жас ағудың себебі болып табылады. Көз алмасы мен қабақ конъюнктивасы жұқарып, онда әктену мен гиалинді қалдықтар байқалуы мүмкін. Конъюнктиваның гиалинді түзілісі мөлдір қабығының ішкі қырындағы ісік тәріздес түзіліспен (пингвекула) бірге жүреді. Негізгі және қосымша көз жасы бездеріндегі атрофиялық үдерістер, соныме н бірге конъюнктивадағы бокал тәрізді жасушалардағы жас өндірілуінің төмендеуі нәтижесінде оның құрамы өзгереді және тұрақты прекорнеалды қабат түзу қабілеті төмендейді. Егер бұл үдерістер айқын болса, онда көз бұлдырауы, көзді ашып-жұмғаннан кейін басылатын көздің құрғауы мен бөгде заттың тұруы, көзбен жұмыс істеген кезде көздің тез талуы, конъюнктивалардың
гиперемиясы, прекорнеалды қабаттың толық емес және тез бұзылуымен сипатталатын «құрғақ көз» синдромы туындайды. Бұл белгілерді жою үшін «жасанды көз жасын» тағайындайды, ол прекорнеалды көз жасы қабатының буланып жойылуының алдын алатын, негізгі компоненті полимерден (жиі поливинилді спирт) тұрады.
2.2.2 Көздің өзгеруі. Инволюциялық-жастық өзгерістер мөлдірқабықты, көзбұршағын және шыны тәрізді дене мен торқабықты да қамтиды.
Мөлдірқабықтың өзгеруі. Мөлдірқабық қартайғанда өзінің құрылымы мен мөлдірлігін сақтайды, бірақ оның анықтығы төмендейді, эпителийлік жасушаның ісінуі нәтижесінде ол күңгірттенеді. Мөлдірқабықтың жасқа сай өзгерістерінің ең айқын көрінісі оның шеткері беткейінде қалыңдығы 1 мм-ге дейінгі сары сақина (arcus senilis) болып табылады. Қарттық доғаның түзілуі мөлдірқабық тініндегі липоидты жасушалардың жинақталуымен байланысты болады.