Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
303-бап. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе оларға ұқсас заттарды тұтынуға көндiру 1. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе оларға ұқсас заттарды тұтынуға көндiру - төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзету жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекетті: а) адамдар тобы алдын ала сөз байласып; б) бірнеше рет жасаса, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттерді: а) көрiнеу кәмелетке толмағанға не екi немесе одан да көп адамға қатысты; б) күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы; в) қылмыстық топ жасаса, - мүлкі тәркіленіп жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, - мүлкi тәркiленiп он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады. 304-бап. Құрамында есiрткi заттар бар өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз өсiру 1. Өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сорттарын өсiру, - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобы алдын ала сөз байласып; б) бірнеше рет; в) ірі мөлшерде жасалса, - үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.