Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
332-бап. Ветеринарлық ережелердi және өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген ережелердiң бұзылуы 1. Ветеринарлық ережелердi бұзу iндеттерге немесе өзге де зардаптарға әкеп соқса, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген ережелердi бұзу, ауыр зардаптарға әкеп соқса, - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 333-бап. Суларды ластау, бiтеу немесе сарқу 1. Жер бетi немесе жер асты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерiн ластау, бiтеу, сарқу не олардың табиғи қасиеттерiн өзге де өзгертулер, егер осы әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірсе не келтіруі мүмкін болса немесе адам денсаулығына зиян келтірсе, - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қоршаған ортаға ірі зиян келтірген не келтіру қаупін төндірген, сол сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумағында жасалған дәл сол әрекеттер, - екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, қоршаған ортаға аса ірі зиян келтіруге не адам өлiмiне немесе адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.